• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2018

Сот шешімі анық жазылуы тиіс

1487 рет
көрсетілді

Еліміздің Жоғарғы сотында Жақып Асановтың төрағалық етуі­­мен сот органының кезекті жалпы отырысы болды. Төра­ға­­ның хабарлағанындай, бұл жалпы отырыстың ерек­­шелігі оның жұмысы онлайн режімінде интернеттен көр­сетілді.

Отырыста бір мәселе – Жоғар­ғы соттың «Сот шеші­мі туралы» нормативтік қаулы­сы­на (НҚ) өзгерістер мен то­лық­тыру­лар талқыланды. Сол толық­тыру­ларға қатысты ойын НҚ жобасын ұсынған Жоғар­ғы соттың судьясы Айгүл Са­парова: «Сот шешімі берілген талап арыздың жауабын қамтып қана қоймай, оған қойыла­тын талаптарды сақтай отырып жасалғаны өте маңызды. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, біз әр сот шешімі туралы олай айта алмаймыз», деп сабақтады. Жал­пы байқар болсақ, Жоғарғы сот жүргізіп жатқан «Сапалы нә­тиже» жобасы аясында бі­рін­ші сатыдағы соттардың 300 ше­ші­мінің әрбір үшеуі ұсынылған талаптарға не нысаны бойынша, не мазмұны бойынша сәйкес кел­мейтінін көрсеткен екен. Сот актілері түсініксіз, көңіл­ге қон­байды дейді. Аталған шешім­дердің көбінде тіпті іс үшін түк қатысы жоқ артық ақпарат, дауға қатысы жоқ заңнан қай­талаулар, дәйексөздер өріп жүр­ген көрінеді. Ол неге керек?

Сондықтан отырыста қа­былданған шешімнің уәж­дерін дұрыс көрсетудің маңыз­­ды­лы­ғына және сот актісінің құры­лымына қойылатын талап­тардың сақталуына баса назар аударылды. НҚ сот актісін компьютерде дайындау кезінде бірыңғай қаріппен жүргізу, оның көлемі, баяндаудың өзге де сипаттамалары тура­лы талап­тар қамтылады. Осы талап­­­тар­ды қамтығанда ғана «Электрондық құжат және элект­рондық цифрлы қолтаңба туралы» Қазақстан Респуб­ли­ка­сы заңының сақ­талуы да қам­тамасыз етіледі деп түйінделді.

Ал Жоғарғы соттың судьясы Нұрия Сисенова сот актісі қабылданған шешімнің мәнін түсіндіруі және оның негіз­ді­лігін уәжді түрде сенімді дә­лел­­деуі керек екенін атап көр­сетті. Өйткені аталған НҚ-ға то­л­ық­тыру енгізілген және сот­тың қабылданған шешімі­нің мә­нін, уәждерін және құқық­тық салдарын түсіндіру міндеті қарас­тырылған. Демек көрсетіл­ген әрекеттер сот актісінің маз­мұнын дұрыс түсінуге мүм­кіндік береді.

Сол сияқты Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Арман Жүкенов те сөз сөйлеп, НҚ бірінші сатыдағы соттар үшін дұрыс, сауатты әрі логикалық сараланған сот актісін жазуда бағыт-бағдар болады деп атады. «НҚ-ның ұсынылып отырған редакция­сы соттарға түпкілікті ше­шім­дерді құрастыру кезін­де көр­сет­ілген әдістемені пай­дала­нуға мүмкіндік береді. Осын­дай сот актісі, сөзсіз, про­­цес­ке қатысушылардың жә­не жоғарғы сатыдағы судья­лар­дың түсінуіне оңай болады. Шешімді құрастырудың жаңар­тылған форматы азамат­тардың сотқа сенімдері дең­гейін арттыруға қосымша негіз болады», деді.

Осылайша, жалпы отырысқа қатысушылар НҚ жобасын талқылап, оған ұсыныстар мен ес­кертулер енгізді. Ол редак­ция­лық жұмыстардан кейін кезекті бір жалпы отырыста түпкілікті бекітілмек. Ал отырыс жұмысына Жоғарғы сот судьялары, ғылыми-консуль­тат­ив­тік кеңес мүшелері, Конс­титуциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Әділет және Ішкі істер министр­лік­терінің, Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП, «GRATA» және «KazBar» заң­герлер қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»