«Төр» әдеби клубының кезекті отырысында ақындар Талғат Ешенұлы мен Қалқаман Сариннің өлеңдері талқыланып, оқырмандардың қаламгер шығармашылықтарына көзқарастары айтылды. Жастардың бастамаларына тілекші болып жүретін жазушы Роза Мұқанова және елордамыздағы жас қаламгерлер мен студенттер қатысқан жиында екі ақынның өлеңдері туралы әртүрлі пікір айтылды.
Роза Мұқанова: «Мен өзім үшін Талғат Ешенұлы деген ақынды аштым. Өз ақынымды таптым. Оның өлеңдері төгіліп түседі. «Іңірдегі көлеңкең де әдемі», «Мен терезеден жұмақты көрдім» деген өлеңдерінде ырыққа көнбейтін еркіндігіне тәнті болдым. Ал Қалқаман Саринді бұрыннан тұрақты оқып, өлеңдері туралы пікірімді өзіне де айтып жүрмін. Қалыптасқан өзінің өрнегін тапқан ақын. Ырғақты бұзбайды. Десе де, мен танитын Қалқаманның қалам деңгейінен төмен де өлеңдері бар. Мысалы, «Домбыра» деген өлеңі» деген секілді ойларын ашық ортаға салып, екі ақынның Әдебиет порталына жарияланған топтамаларынан мысал келтіріп сөйледі.
Талғат Ешенұлы қазақ лирикасына жаңа поэтика әкелген ақын. Оның өлеңдерінде интеллект бар, жан бар. Поэзиясының лирикалық кейіпкері тек өзі емес, керісінше, өзін өлеңінен оқшау ұстауға тырысатындай, өзінен гөрі қоғам көңіл күйін көбірек жырлағысы келетіндей көрінеді бізге. Мәселен «Бауырға хат», «Алматы. Теміржол вокзалы» өлеңдерінде уақыттың күйі, заманның зары жатқандай. Ақынның өзінен гөрі қоғамның хәлі, көңілі бар. Бір-екі жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан топтамасында қалалық болған қазақтың психологиясын жазып еді. Ендігі қазақ ауылдан гөрі қаланы аңсап, сағынып тұратын жан.
Бәлкім, өзін жазудан қашатындықтан да қолына сирек қалам алатын шығар.
Қалқаман Сариннің өлеңдері біркелкі. Жинақы, жақсы. Бірақ осы біркелкі жазу ақынның өзін жалықтырмай ма? Тұрсынжан Шапай айтқан бір сөз бар еді. Ылғи жақсы өлеңнен әдебиетке қаншалықты үлес қосылады, жаңа ойы болмаса деген пікірге саятын. Қалқаман Сариннің өлеңдерін оқып отырып, біз де осы ойға тоқтағандай болдық. Және ақынның ән мәтіндерін жазатындығы да жиында сөз болып, бәлкім, сол да ақынның поэзиясына өз ықпалын тигізіп отырған шығар деген де ойлар айтылды.
Талғамда талас жоқ, я талғамға талас керек деп айтып жатады. Әркім шамасы жеткен жеріне дейін пікірін айтады. Бірде біліп, бірде білмей. Кімнің пікірі болса да, өмір сүруге хақылы. Жеке бастың емес, әдебиеттің сөзі айтылса – құрметке лайық. Жиынның толық мәтінін және видеотаспасын Әдебиет порталынан оқи аласыздар.
Кез келген әдеби талқының түп негізінде қаламгер шығармашылығының жалпы палитрасына ой жүгіртіп, жақсылығын екшеп, кемшілігін ескеріп айтатын жанашыр сөз жатады. Бұндай басқосуларда ақын-жазушының келбеті толық көрінбесе де, негізгі ерекшеліктері байқалып, оқырман қауымның жеке пікірлері айтылады. Әрине әртүрлі деңгейлі оқырман жиналатын отырыстарда талдау да кәсіби деңгейде болмайды. Және пікір айтушылар да арнайы дайындықпен келмесе, жалпылама сөзден аспаған қарапайым түйіндер көрініс табады. Бұл бір жағы өздерін әдеби ортаның өкілі санайтын қауымның әдеби дайындығы жоқтығынан болатын құбылыс. Ақындыққа, жазушылыққа бір кісідей таласы бар адамдардың талқылау жиындарға келмеуі, я дайындықсыз келулері қазіргі кездегі «дауыл алдындағы тыныштық» деп бағаланған осы сәттегі күйімізге мүлде қарама-қайшы дүние. Өйткені дауыл алдындағы тыныштықтың дайындығы зор болады. Пікірі, ойы, талғамы болады. Ал ойсыз, пікірсіз, құр мақтау мен дабыраға бой алдырған «тыныштық» дауылдан түк хабар бермейді. Өздері туралы айтылса, жазылса, талқыланса дейтін топтың өзгелер туралы айтуға, талқылауға құлықсыздықтары тоқмейілсуден, «оның шығармашылығы туралы пікір айтатындай, өлең-әңгімелері талқыланатындай ол кім еді деген» деген өзімшілдіктен басқа не болуы мүмкін деп ойлайсың. Шығарма талдау да, талантты тану да қиын. Әдеби клубтардың мақсаты талантты ашу емес, әдебиетті насихаттау болса да, ұйымдастырып отырған шағын талқылауларда аз да болса жанашыр сөз айтылса деп ойлайсың. Ол жоқ жерде, өсу жоқ.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»