• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Наурыз, 2018

Қара алтын нарығын қандай өзгерістер күтеді?

451 рет
көрсетілді

Әлемдегі мұнай нарығы биылғы жылы да басты назардағы тақы­рыптардың бірі болып тұр. Brent маркалы мұнай бағасы 60 доллардан жоғарылай ма, әлде арзандай ма? Болжамдар сан түрлі.

Citigroup сарапшылары Brent маркалы мұнайдың бағасы бірінші тоқсанда барреліне 65 дол­лар болса, екінші тоқсанда 58 долларға дейін төмендеуі мүм­кін деген-ді. Бұл межені қор қыс­қа мерзімді уақытқа жоспар­лап отырғандығын Bloom­berg агенттігі қостайды. Ал BMI таратқан ақпаратта ағым­дағы жылы мұнай бағасы 65-57 доллар аралығында сақтала­тын­дығы айтылған.

Goldman Sachs сарапшыларының болжамына сенсек, ұзақ мерзімді келісімшарттардың азаюы алпауыт мұнай өн­ді­рушілердің көлемді шектен тыс ұлғайтуымен байланыс­ты. Bloomberg агенттігі 2018 жыл­дың мұнай бағасына тікелей әсер ететін факторды да атап көр­сетті. Агенттік алдымен АҚШ бұл жолы тақтатас мұнайын жет­кізуде рекордтық көр­сет­кіш орна­тып, таңғалдырарлық өсім көр­сетуі бек мүмкін екендігін назар­ға алды.

Айта кетерлігі, Ливиядағы құбыр жарылысынан кейін Brent маркалы мұнай бағасы 66 доллардан асып жығылса, бұл ретте, техастық WTI маркалы мұ­най 60 доллардан төмен болып отыр. Агенттік екі марканың ара­сындағы айырмашылық екі жылға жалғасуы мүмкін дей­ді. Лондондық Matilda Capital хедж-фондының негізін қалау­шы Ричард Фаллартон болса биылғы жылдың бірінші жарты­жылдығында тақтатас мұнайы мен канадалық мұнайдың үлесі артса, ОПЕК өндірісті қыстартуы ықтимал деп санайды. Соңғы үш жылда мұнай бағасы ең төменгі деңгейге дейін құлдырады. Ал биылға ОПЕК-тің болжамы мен пайымының етек-жеңі екшеленіп қойылған.

Соңғы уақытта геосаяси жағдайға байланысты шикізат бағасының құбылуынан пайда көру мақсатында қорлар құнды қағаз (опцион) сатып алумен айналысуда. Жыл басындағы Brent маркалы мұнайына опциондар 100 доллардан келген. Агенттік бұл жолы да Венесуэла, Иран және Сауд Арабиясы мұнай бағасына тікелей әсер ететін елдер екендігін жазыпты. Биыл әлем бойынша мұнайға деген сұраныс тәулігіне 98,63 млн баррель болуы ықтимал. Оның ішінде ОПЕК мемлекеттері тәулігіне 30 мың баррель шикізат өндірсе, ұйымға мүше емес мемлекеттер қара алтынға деген сұранысты тәулігіне 59,53 млн баррельге дейін арттырмақ. Негізгі сұраныс Қытай, Үндістан, Азия елдері мен Оңтүстік және Солтүстік Америка тарапынан болып отыр.

Айта кетерлігі, Barclays сарап­шы­лары Венесуэлада өн­діріс тәулігіне 1,6 млн баррель­ге дейін кемитіндігін, тіпті жыл соңында бұл баға 1 млн-ға дейін төмен­дейтіндігін жеткізген еді.

Своптық жүйенің түйткілі де бар

Осыдан үш жыл бұрын мұнай бағасы күрт арзандап кеткен тұста ОПЕК пен басқа да мұнай экспорттаушы мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан да мұнай өндіру көлемін шектегені белгілі. Ал былтыр «Қашаған» кен орны іске қосылғаннан кейін Қазақстан мұнай өндіру көл­емін біршама арттырмақ. Осын­дай жағдайда, яғни өндіру көле­мінің артуы кезеңінде, мұнай экспорттаудың дәстүрлі жолдарымен қатар, жаңа баламалы жолдар да қарастырылуы шарт. Осы жерде Қазақстан үшін Иран мемлекетінің мұнайды шикізат алмасу, яғни своп жолымен экспорттау мүмкіндігін қайта бастау ұсынысы маңызды болып тұр.

Айта кетерлігі, сегіз жыл­дық үзілістен кейін Иран своп жүйесі арқылы Каспий теңізін­дегі мұнай саудасын қайта бас­таған. Бүгінде Каспий маңы елдері – Түрікменстан мен Қазақ­станнан мұнай жеткі­зілуде. Атап өтілгендей, Иран көрші елдермен мұнай бойынша своп-операцияларды қайта жаңғыртқан 2017 жылдың тамызынан бері своп арқылы 2,2 млн баррель мұнай алған. Қара ал­тын Нека қаласындағы Солтүс­тік терминалынан жеткізілген. Иран мұнай терминал­дары ком­паниясы Каспий теңізімен алған шикізатты Тегеран мен Тебриздегі мұнай өңдеу зауыттарына жөнелтеді.

Своптық жүйе арқылы қан­дай ұтымды тұстарды бас­шы­лыққа алуға болады? Иран­ға бұл тұста қандай пайда бар? Осы сынды белі бүкір сұрақ­тар­­дың жауабын экономика ғы­лым­­­дарының кандидаты Са­пар­бай Досжанұлы айқындап берді.

– Қазақстан Респуб­лика­сы­ның валюталық ресурстарының негізігі бөлігі мұнай-газ өнім­дерінің экспортынан түседі. Жалпы, экспорттық әлеуеттің 60-65 пайызын мұнай-газ өнім­дері құрайды. Соңғы жыл­дардағы шикізат өндірудің ең жоғары көрсеткіші ретінде 2014 жылғы көрсетілген 82 млн тонна деп есептесек, осы көлемнің тек 14 млн тоннаға жуығын ғана өзімізде қайта өңдеп, ал 67-68 млн тонна мұнайды таза экспорттаймыз. Ал өндірісті арттыруда своптық жүйенің ұтымды тұстары баршылық.

Иран мемлекетінің ұсыны­сы­ның мазмұны мынадай, Қазақстан мұнайды танкерлермен Каспий теңізі арқылы Иранның солтүстігінде орналас­қан Нека портына жеткізеді. Ол жерден мұнай Тегеран және Тебризге, яғни Иранның сол­түс­тігінде орналасқан мұна­йды қайта өңдеу зауыттарына жі­беріледі. Ал Қазақстанға Иран­­ның мұнай кеніштері орн­алас­қан Парсы шығанағында өн­дірілген мұнай беріледі. Бұл мұ­найды Қазақстан Үндістан және Африканың шығыс жа­ғын­да ор­на­ласқан мемлекет­тер­ге экспорттауына мүмкін­дік туады,– дейді экономист С.Досжанұлы.

 Бұл ұсыныстың Қазақстан үшін тиімділігін ол ең алдымен мұнай экспорттаудың жаңа бағытының ашылуымен түсін­діреді. Яғни тасымалдауды әр­тараптандыру саясатын қол­дану мүмкін болып отыр.

– Қазіргі таңда Қазақстан дәс­түрлі экспорттау жолдарын қолданып келеді. Біріншіден, Ресейдің Новороссийск қаласы, екіншіден, Қытай және Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты. Түркияда орналасқан Джей­хан порты арқылы Еуропаға мұнайды экспорттау жақсы бағыт болғанымен, үш мемлекет арқы­лы өткен құбыр жолының өзіндік қиын­дықтары да бар. Бұл ретте танкерге бір рет жүктеу орнына Бакуде бір, Джейханда екі рет жүктеу шығындары да бар. Ал Новороссийск мен Қытай бағыты сенімді экспорттау жолы болып отыр.

Мұнай свопының тағы да бір тиім­ділігі – тасымалдау шы­ғындарының азаюы. Біздің теңіз және мұхит тасымалдау жолдарынан алыс, географиялық тиімсіз орналасқандығымыздан, Иран тікелей Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік береді.

Иранмен своп арқылы мұнай экспорттаудың өзіндік қиын­шылықтары да жоқ емес. Бірін­шіден, Иран да Ресей сияқты АҚШ пен Еуропа елдерінің санк­циясы астында. Ал біздегі негізгі мұнай өндірушілер Батыс ком­паниялары. Олар Иран арқы­лы жұмыс істеуге онша­лық­ты құлықты болмауы да мүмкін. Екін­ші­ден, Қазақстанда өндіріліп жатқан мұнайға инвестиция жасаған компаниялар, негізінен өз елдеріне экс­порт жасайды. Яғни сатып алушылары жеткілікті. Ал тек «ҚазМұнайГаз» АҚ өнді­ріп жат­қан мұнайды Иранға экс­порттағаннан, өз мұнайы­мыз­ды қайта өңдеу зауытына шикізат ретінде пайдалану тиімді болмақ. Үшіншіден, Парсы шығанағындағы өте ши­леніскен геосаяси жағдай мен бәсекелестікті де ескеру керек болады. Бұл баға саясатына қиындық тудыруы мүмкін. Мә­се­лен, экспортты сақтандыру шы­ғынының ұлғаюы ықтимал, – деді экономист.

Жалпы, своп операциялары әлемде кең қоланылғанымен, көп жағдайларда бұл геосаяси шешімдердің құралына айналып тұрғандығын айтқан Сапарбай Досжанұлы бұл мәсе­лені біздегі жағ­даймен сәй­кес­т­ендірді. Қазақстан үшін Пав­лодар МӨЗ-іне Ресей мұ­найын қолданған тиімді. Деген­­мен ұзақ стра­тегиялық тұрақ­ты­лық­ты қамтамасыз ету үшін біз бұл зауытқа өз мұнайымызды жет­кізу жолын қарастыруды ұмыт­пауымыз керек. Бұл мәселе газ­бен солтүс­тік өңірлерді қам­та­масыз ету кезінде айқын бай­қалды. Аста­наға Орынбор газын алып келу экономикалық жағынан тиімді болатын, бірақ баға мен сенімді қамтамасыз ету мәселесі басқа ел қолында болады. Украина мысалы көптің көзін ашты. Қаншалық шығынды болмасын, бәрібір өз газымызды Астанаға және басқа да солтүс­тік өңірлерге жеткізу қа­жет­­ті­гін түсіндік. Дәл солай Иранмен мұ­най алмасу үрдісін де терең тал­даулар жасай отырып шешім қабылдау қажет, деді сарапшы.

Биылғы меже – 87 млн тонна

Таяуда Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанда 2018 жылғы мұнай өндіру көлемі 87 млн тонна болатынды­ған айтқан. Өткен жылы 86,2 млн тонна мұнай өндіріліп, өсім 2016 жылғы деңгейден 105 па­йызға жоғарылаған. 2017 жыл­дың мұнай өндіру көлемінің өсі­мі «Қашаған», «Теңіз» және «Қарашығанақ» кен орын­дарын­дағы тұрақты еселенумен тығыз байланысты. Ал биылғы жылы да негізгі өсім «Қашаған» есебінен болады деп күтілуде. «Қашағаннан» мұнай өндіру жоспары 11 млн тон­наны құрайды. Есесіне Қызыл­орда мен Ақтөбе облыс­тарындағы кеніштерде өндіріс көлемі төмендеуі мүмкін. Оған аталған кен орындарының табиғи тозуы мен әзірлемелер кезеңінің кеш басталуы себеп. Айта кетерлігі, 2017 жылы Қазақ­стан 26,6 млрд долларға мұ­най сатқан. Шетелдерге сатыл­ған мұнай көлемі 2016 жыл­мен салыстырғанда былтыр 37,8 пайызға өскен.

Статистика комитеті мәлі­мет­тері бойынша, бүгінде Қазақ­стан мұнайын ең көп сатып алушы Италия болып отыр. Бұл ел өткен жылы Қазақстаннан 8,4 млрд долларға мұнай алған және Италияға экспорт бір жылда 21,3 пайызға өскен. Бұл тізімнің қатарында Голландия (3,6 млрд доллар), Швейцария (2,6 млрд доллар), Франция (2,8 млрд доллар), Испания (1,4 млрд доллар), Грекия (799,6 млн доллар), Румыния (878,7 млн доллар), Қытай (853,4 млн доллар), Португалия (595,9 млн доллар), Хорватия (288,7 млн доллар), Корея (955,9 млн доллар) және Үндістан (619 млн доллар) бар.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес, төртінші мұнай өң­деу зауытының құрылы­сы­на қатысты мәселе пысық­та­лып жатыр. Энергетика ми­нистр­лігінің басшылы­ғымен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2018 жылдың екінші жартыжыл­дығында төртінші мұнай өңдеу зауытының алдын ала техникалық-экономикалық не­гіз­­демесін әзірлемек. Сол уақытта құ­ры­­лыстың жүргізілу мүмкіндігі, орналасатын орны және зауыттың қуаты туралы нақ­ты шешім қабылданады. Ар­найы жүр­гізілген сарап­таманың қорытындысы бойынша, бензинге 2021-2023 жылдар аралығында, дизель отынына 2023 жылы және авиакеросинге 2026 жылдан кейін тапшылық болмайды деп күтілуде.

Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»