Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасын оқымай ер жеткен бала жоқ шығар. Бәрі оқыды! Әрқайсысының ішінде бір-бір Қожа өмір сүріп, сол аяулы бейненің күні бүгінге дейін балғын күніміздің бейкүнә белгісіндей боп көңіл түкпірінде жасырынып, жадымызда мәңгілікке жатталып қалғаны тағы ақиқат. Иә, бәріміз Қожа болдық!
Қанша буын жеткіншекті ізгілікке тәрбиелеген сол тентек Қожаның дәл қазір де осы бір миссиядан титтей жырақ кетпей, керісінше, қайырымды істердің «басы-қасында жүруі» қуантты. Біздің сөз етпегіміз – Астана қаласы Жастар театры сахнасында қойылған «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» спектаклі жайында. Аталмыш қойылым арқылы театр ұжымы арнайы акция ұйымдастырып, бір күндік табысын толығымен медициналық көмекке мұқтаж балдырғандардың еміне аударды.
Балалардың сүйікті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесінің желісі негізінде сахналық нұсқасын жасап, көрерменге ұсынған режиссер Нұрқанат Жақыпбай бұл туындысында негізгі нысанаға ностальгия, яғни сағыныш жанрын алыпты. Бас кейіпкер – сол баяғы өзімізге етене таныс Қожа. Қойылымның негізгі идеясы Қожаның Жанарға деген алғашқы пәк махаббаты аясынан өрбиді. Спектакль әсерлі лирикалық әуен аясында көңіл түкпіріндегі балалық шаққа, бала махаббатқа деген аяулы сезім – сағыныш сазын жыр етеді.
Қойылымның көркемдік қуатын байытып, сағыныш сезімін сәулелендіріп, спектакльге сұлулық үстеп тұрған негізгі бейнелеуші құрал – ән. Яғни спектакльдің басым бөлігінде ән шырқалады. Бұл – режиссердің өзіндік қолтаңбасы. Ұлы ақын Абайдан бастап, 60-70 жылдардағы белгілі халық композиторларының әндерін қойылымның негізгі лейтмотиві етіп алған суреткер, осы арқылы әр көрерменнің көңіл түкпірінде бұғып жатқан аяулы армандары мен мөлдір мұңына ортақтасады, жүректеріне жол тауып, өткен күндер мен бүгінгінің арасына сағыныштан бой көтерер сезім көпірін орнатуға талпынады. Сағыныш, алғашқы махаббатты аңсау, ностальгияға құрылған аталмыш қойылым көпшілік көрермен тарапынан зор ықыласқа ие болып, астаналық Жастар театры сахнасында үздіксіз қойылып келе жатқан репертуардағы сұранысқа ие спектакльдердің санатында.
Расымен де, барлығымыз бала болдық, әрқайсымыздың ішімізде бұғып жатқан бір-бір Қожа бар. Қожа болып ойнадық, Қожа болып ойландық, Қожа болып өкпеледік, Қожа болып қуандық, Қожа болып ғашық болдық... Сондықтан да бұл шығарма әрбіріміз үшін ыстық. Балалық шағымыздың балғын сәттеріндей аяулы. Мұны режиссер де жақсы түсінеді және ол сезімді барынша нәзік иірімдерге құрып, ностальгиялық ноталарда бедерлеуге тырысады. Сол себепті де сахнаға бір емес, бірнеше Қожаны шығарады. Әр Қожа – жекелей ерекшелік иесі бола тұра, бірі бастаған әңгімені екіншісі іліп әкете жүріп, Қожаның біртұтас мінез табиғатын тудырады. Дәурен Серғазин, Бекжан Керімбаев, Азамат Есқұлов, Ербол Тілеукенов, Мейірғат Амангелдин, Шыңғыс Жақыпбай сынды актерлер алдыңғы планға кезек-кезек шығады және шығармадағы Қожаның өзімен-өзі сөйлесіп, өзіне-өзі кейитіні сияқты, бір-бірімен тілдеседі. Сөйтіп жармақ кейіпке түскен актерлер сахнада Қожаның сан түрлі мінезін мозайкаша құрастырып, мүсіндеп шықса, ендігі бір сәтте Қожа жайлы қызықты әңгімені баяндап отырған әңгімешіге де ауысып жүре береді.
Спектакльде Қожадан бөлек, есте қалатын ерекше бейне – актер Нұрлыбек Төлегеннің кейіптеуіндегі Сұлтан рөлі. Сахнагердің Сұлтан бейнесін сараптаудағы мінез ерекшеліктері, кейіпкерін комедиялық планда көрсетудегі сәтті шешімдері көңілге құрмет орнықтырады. Сол секілді Жанар – Ғазиза Мұқан, Қаламқас Мелисова, Жантас – Жандәулет Батай мен Нұрбек Әділбек, Милат – Айнұр Рахипова, әже – Махаббат Мадғұлова, Жұмағұл – Елдос Шәйкенов, Дәулет – Дәурен Серғазин мен Айсұлтан Жәлиев, Майқанова апай – Диана Смағұлова сынды сахнагерлер ойыны да өз ерекшеліктерімен әдемі әсер сыйлады.
Қойылымдағы оқиғаны әнмен ұтымды әрлеу және формалық ізденудегі тосын тапқырлықтармен қатар, режиссер еңбегінің тағы бір есте қалған тұсы – сценография. Мұнда ауыз толтырып айтарлық декорация жоқтың қасы. Режиссер арнайы сценограф маманның көмегіне жүгінуді қажет деп санамапты. Бірақ бұдан қойылымның көркемдік сапасы әсте төмен түскен жоқ, керісінше, өзге сахналық туындыларға ұқсамайтын өзіндік ерекшелікті еншілегенін байқауға болады. Сахналық безендірудегі сырғымалы кішкене үйлер, ат есебіндегі жылжымалы ұзын орындық – спектакльге ерекше дем беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Сырғымалы тақта мен жылжымалы парталар, сыңғырлаған қоңырау үні – барлығы да аса иланымды әрі ұтымды шыққанын атап өткіміз келеді.
Осындай ерекшеліктері арқылы көңіл түкпіріне берік бекіген қойылым көрерменін де бейжай қалдырмады. Әрқайсысы өзінің балдәурен балалық шағына естен кетпес саяхат жасап, ұмытылмас әсермен театрдан тарқасты.
Назерке ЖҰМАБАЙ, «Егемен Қазақстан»