• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2011

Ақкөлде тіршілік бар «Гәккулеткен!»

300 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.

 Төменде Ақмола облысы, Ақкөл ауданынан фоторепортаж беріліп отыр.

Ақкөл – ақшағалалы көлдің ғана емес, тіршілік атаулының тұтқасына баланған ақ тілектердің айдынын әспеттейтін қас­терлі ұғым. Жақсылықтың жетегіндегі ба­ба­ларымыз ну қарағайлы, сұлу қайыңды, мөлтілдеген мөлдір көлі бар осынау өңірді Ақкөл атаған екен. Қайтерсің, көп жылдар аудан атауы Алексеевка болып ақтаң­дақ­танып тұрды. Тәуелсіздігіміздің арқасында Ақкөліміз қайта оралды. Ауданның арғы-бергі тарихын, жетістіктерін жіпке тізіп бітіре алмаспыз. Бір білеріміз, бұл өлкенің әні мен сәніне, «гәккулеткен» тіршілігіне қол соқпайтын адам жоқ. Өмір әнін шығарушы да, шырқаушы да, абыройын асқақтатушы да қарапайым әрі жайдарман көңілдегі – ақкөлдіктер. Бүгінгі Қазақстанның күре жолы – «Астана-Бурабай» алты жолақты автобаны­ның бойындағы Ақкөл қаласына Халық қаһарманы, армия генералы, Тәуелсіз еліміз­дің тұ­ң­ғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұр­мағамбетов атындағы салтанатты көше­мен кіріп келгенде бойыңызды ұлты­мыз­дың ғаламат рух қуаты биіктетіп, жаныңыз жадырап сала беретіні хақ. Гене­рал­дардың ең жоғары шеніндегі Сағадат ағамыз осын­да туған! Ел қуанышына үнемі ортақтасып жүреді. Жалпы, Ақкөл Тәуелсіздігіміздің ғақлия тарауларына өзіндік таңба қалдырып келе жатқан құт мекен десе болғандай. Мұнда «Қазсат» жүйесіндегі ғарыштық басқару орталығы орналасқан. Мұнда тарихи қысқы Азияданың үш дүркін жеңімпазы Александр Червяков тұрады. Осы қарашаның орта шенінде тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбас­шы­сы Н.Ә.Назарбаевпен 20 жылдық мерей­тойымыздың құрметіне өткізілген тікелей телебаянда Ақмола облысы бойынша Азат ауылындағы заманалық «SC Food» ЖШС экс­порт­тық бағыттағы ет өндірісі кешенінің таныстырылымы өткізілді. Алысқа құлаш сермеген ауылға мемлекеттің қолдауымен АҚШ-тан 539 құнажын, Австралиядан 407 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Дәл осындай жоба «Новорыбинский К» ЖШС-інде де жүзеге асырылуда. Шаруашылық әу бас­та француз селекциясындағы «Обрак» тұ­қымды 347 бас ірі қара сатып алса, алдағы кезде оның саны 3-4 мыңға жетеді деп жоспарлануда. Осы орайда, ата-бабаларымыз мал­дың басын санамаған дегенді басшылыққа алғанменен, Арқа төсіндегі Қараөзек ауылын­да 11 түйенің маң-маң басып жүргені талай жайдан дерек береді деп ойлаймыз. Негізінде ауыл шаруашылығы экономи­ка­мыз­­дың тұрақты да табысты, басым ба­ғыт­­тағы саласы екендігін қайталап жат­пайық. Ақкөлдік диқандар биыл 124 мың гектар егістіктің жалпы түсімін 176 мың тон­наға жеткізді. Бұл былтырғы көрсеткіш­тен 2,2 есе артық. Гектар берекесін 20 центнерден асырғандар табыс көзін ылғал сақтағыш технологиямен байланыстырады. Биыл 113 мың гектарды қамтыған озық әдістің арқа­сында ақкөлдіктер барлық шығындардың 3 есе азайғандығын есептеп отыр. Бұл ауданда кембағал, кемтармын деп ай­та­тындар некен саяқ. «Қой үстіне бозтор­ғай жұ­мыртқаламаса да» Тәуелсіз елдің азаматы әр­қашан алдын ойлайтынын бағамдаймыз. Осы ауданның әкімі Асқарбек Үйсінбаев бұған дейін Бұланды ауданын басқарғанында аудан орта­лы­ғында қазақ мектебі жоқ еді, оны ашты. Ақ­көлге келсе тағы да сол жағдай. Оны да ашты. Ақкөл әлі де алда бола беретініне сенімдіміз.   Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК.