Шығыс Қазақстанда тасқынның екінші кезеңі басталғандай. Қарғын су өңір тұрғындарын әбігерге салуы тоқтатар емес. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі кеше құтқарушылар бір күнде 42 адамды қауіпсіз жерге көшіргенін хабарлады.
«Ұлан ауданының Таврия ауылында 20-дан астам адам мектепке уақытша көшірілсе, Өскемен қаласында 19 адам «Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына, тағы 5 адам Н.Крупская атындағы интернатқа орналастырылды. Эвакуацияланғандардың арасында зардап шеккендер жоқ. Адамдарға ыстық тамақ беріліп, психологиялық көмек көрсетілді», - дейді департаменттің баспасөз қызметінің маманы Анатасия Скляр.
Департамент таратқан соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта облыста 27 үй және 131 аула маңындағы аумақты еріген қар суы басқан. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, аудандық ТЖ қызметкерлері және Шығыс өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасақтары Глубокое, Шемонаиха, Ұлан аудандары, Өскемен және Риддер қалаларында су сору, құм қаптар төсеу жұмыстарын жүргізуде.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы
Суреттер облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен алынды