«Егемен Қазақстан» газетінің халық көңілінен шығатын елдік мәселелерді үнемі көтеріп, құзырлы органдар тарапынан оңтайлы шешім шығарылуына ықпал етіп жүргеніне ризашылық білдіре отырып, ес білгелі осы басылымды оқып келе жатқан көне оқырмандардың бірі екенімді айтқым келеді.
Газеттің үстіміздегі жылдың 16 ақпан күнгі нөмірінде жарияланған «Темір жол тауқыметін тартып отыр» атты мақаласына байланысты қолыма қалам алуға тура келді. Өйткені мен де Арал қаласында тұрамын. Соңғы кездері өзімнің және кішкентай немеремнің науқастануына байланысты Астана қаласына үш рет әрі-бері қатынауыма тура келді. Әлі де болса күрделі ота жасатып жатқан немереме бірнеше рет барып-қайтуға тура келетін жайы бар. Сол сапарларда екі арадағы темір жол қатынасына байланысты шешімін таппай отырған күрмеулі мәселелерді бастан кешіріп біраз қиыншылық көрдім. Сондықтан темір жол қатынасына айтылған сын-ескертпелер дұрыс. Ал менің айтарым, Қызылорда (бүкіл батыс беткейдегі деуге болады) жағынан төте әрі қысқа жол болып табылатын «Қызылорда – Жезқазған» пойызына байланысты жүру кестесі дұрыс шешілуге тиіс. Нақтыласам, Сексеуіл стансасынан шыққан пойыз Жезқазған стансасына барған соң 4 сағат аялдайды. Сосын әрі қарай «Жезқазған – Астана» пойызына отыруға тура келеді. Кері қайтар жолда да осыған ұқсас тауқымет. Астанадан келетін пойыз Жезқазғанда енді 14 сағатқа жуық аялдайды, сосын барып Қызылорда пойызына отыруға тура келеді. Пойыз күнара жүреді. Жезқазған вокзалында жолаушыларға жасалған жағдай сын көтермейді. Вокзал суық, қонақүй жоқ, кішкентай балалары бар аналар, мүгедектер үшін арнаулы бөлме қарастырылмаған. Сондай-ақ Арал теңізі, Абай сияқты халық көп мінетін стансаларда пойыз 5 минут қана тұрады. Сол себепті жұрт түсіп-мінуге де үлгермей жатады. Әсіресе, автожол қатынасы жарамсыз болғандықтан халқы көп Абай елді мекенінің адамдары қалаға баруы үшін пойызға көп мінеді, әр рейсте 50-70 адамға дейін отырып жатады. Абай вокзалында перрон салынбаған, адамдар биіктігі 1,5-2 метр вагон тамбурларынан әрең түсіп-мініп жатады.
Екі пойыз да «Марал Нұр» фирмасының жеке меншігінде. Осы мәселені қайта қарап, жолаушылардың жағдайы үшін екі пойызды біріктіруге, немесе аялдайтын уақытын қысқартып үш-төрт вагонды келесі пойызға тіркеп жіберіп отыруға болмас па? Бұл – қалың көпшіліктің тілегі.
Мақаладағы «Бұл проблеманың нақты қашан шешілетіні белгісіз» деуі көпшілікті алаңдатады. Сөз жоқ, Елбасымыздың қолдауымен Сексеуілден Жезқазғанға дейінгі аралықта темір жол салынуы ел экономикасы үшін де, республиканың екі қиырындағы халық тасымалы үшін де маңызы зор. Десе де барды базарлап, қолдағы мүмкіндікті халықтың көңілінен шығатындай етіп ұйымдастыра білген дұрыс шығар.
Үргенішбай ҚУАТОВ,
зейнеткер
Қызылорда облысы,
Арал ауданы,
Тоқабай ауылы