• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2011

Бас редактор Нұрлан ОРАЗАЛИН: «Тамыры терең, рухы биік болсын!»

456 рет
көрсетілді

Алғашқы нөмірі жарық көр­ге­ніне 75 жыл толып отырған га­зеттің осы мерекелік нөмірінде басылымның сол кездегі бас редакторы Нұрлан Ораза­лин­нің жоғарыдағыдай атпен ма­қа­ласы беріліпті. «Уақыттан ғұ­зырлы да құдіретті күш­тің жоғын жер басып жүр­ген жұмыр басты пенде әл­де­қашан мойындаған. Оның тізгініне ілігіп, жетегіне жүрмейтін нәрсе жоқ. Жасару, жаңғыру, алмасу секілді табиғат-ананың мәң­гілік мінезін аңғартар құ­былыстар сол уақыттың арқасында жүзеге асады» деп бастапты мақаласын Нұрлан ағамыз. Мұнан кейін өз сөзін оқырманына бүкпесіз ай­тып келе жатқан аға ба­сы­лымның бастау-бұла­ғын­да Ахмет Байтұрсынов, Сә­кен Сейфуллин, Тұрар Рыс­құлов, Смағұл Садуақасов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Бернияз Күлеев, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ғаббас Тоқжанов, Мұхтар Әуезов, Ға­бит Мүсірепов, Жүсіпбек Ай­мауы­тов, Сәбит Мұқанов секілді ұлтымыздың, рухани көші­міз­дің басшылары,  күрделі за­ман­ның ұлы тұлғалары тұруы­ның өзі ұлттық баспасөздің абы­ройы мен беделінің қан­ша­лық зор болғанын көрсе­те­тін­ді­гін айтып өтіпті. «Қазақ елі үшін қай кезде де елі мен жерінің тұ­тастығын қызғыштай қорғау мә­селесі күн тәртібінен түсіп көр­ген жоқ. Бұдан ауыр да күрделі мәселелер болған да емес» дей келе аты бірнеше мәрте өзгерген басылымның бұл мә­селе ұлы міндеті екендігіне және ол міндеттің өзгермей­тін­дігіне тоқталған. Иығында осы­мен қатар парыз бен жігер-на­мы­сы қалғыңқырап кеткен ха­лықтың рухын ояту міндеті қа­тар тұрған басылымның алды­нан аз кедергілер ұшы­ра­с­па­ғандығын, оның ең ауыры өмір мен қоғам тіршілігін саяси би­лік­тің – тоталитарлық құры­лым­ның «көзжұмбай» сыңар­езу боданына байлап-матап қойып, өз дегенін істеткен, мил­лиондарды рухани құлдыққа салып келген «большевизм дәуі­ріне» байланысты болған­ды­ғын айтыпты. Газеттің  осы кездегі қызметі жай­ын­да баяндай келе: «Бұл орайда, басы­лымның биікке шыққан сәті де, күйікке батқан кезі де көп. Шындыққа шыр­қырап ара түскісі келген редактор­ла­ры­мыз Сәкен, Тұрар, Смағұл, Ғаббастардың өмірі қалай аяқталғаны ел жадында. Әрі-бері­ден соң жұмыр басты пенденің жаңыл­май­ты­ны кемде-кем. Қи­ын, күр­делі кезеңнен сү­рінбей өтер болса, құ­діреті күшті жара­тушы ғана өтер. Газетті шы­ғарып отырғандар құдай емес, қатардағы жұмыр бас­ты пенделер... Ендеше, ба­сылым та­рихының қайсы бір ке­зең­деріне бағаны ойла­нып, тол­ғанып айтқанымыз жөн» депті. «Төрткүл дүниеден сұрап алған тәуелсіздігіміздің тамыры терең, рухы биік болсын! Азат елдің амандығы мен ынты­мағын тілейік! «Егемен Қазақ­стан» елге қызмет етсін!» деп мақаласын аяқтапты.