Президент өзінің Үндеуінде бес бастама бойынша нақты-нақты көрсеткіштерді көрсете отырып, орын алып отырған мәселелерді жою бағытында жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
Юрий КУСТАДИНЧЕВ, «Возрождение» болгар этно-мәдени қоғамының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты:
Астананы газдандыру мәселесі баяғыдан бері айтылып келе жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған газдандыру жөніндегі жаңа бастама дер кезінде көтерілді. Республикадағы экологиялық жағдайды жақсартудың маңызы зор екені белгілі. Осыған байланысты елде «жасыл» технологияны қолдану қажет. Ал Астананы газдандыру Сарыарқаны көмірдің түтінінен тазартып, ауаны ластанудан сақтайды.
Бұл жобаның қымбат әрі қиын екенін түсіну қажет. Тапсырманың орындалу мерзімі бір жарым жыл деп бекітілді. Бұл мерзімде қаншалықты үміт ақталатынын уақыт көрсетеді. Елбасы көтерген бастаманы орындауға білек сыбана құлшынып отырғандар жетерлік екеніне сенімдімін. Сарыарқаны газдандырудың әсері экологияны және экономиканы ілгерілетуге елеулі үлес қосады. Осы орайда, қаржы бөлуге ерекше көңіл бөліп, оны бақылауды күшейту керек.
Атырау облысы
Байғабыл МАЙКОТОВ, «Павлодар облысының Ауған соғысы ардагерлері және мүгедектері» ҚБ төрағасы:
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына жасалған сәтті қадам деп есептеймін. Біз Ауған соғысының ардагерлері, Елбасы бастамаларын Қазақстан халқының жағдайын жақсартуға бағытталған оңды шешім деп қабылдадық.
Атап айтқанда, отандастарымызға несиемен үй алу айтарлықтай жеңілдегелі тұр. Мәселен, 2017 жылы пайдалануға берілген пәтер саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Енді мемлекет бұл жетістіктермен шектелмей, қазақстандық әрбір азаматтың ақылға сыятын ақыға үйлі болуына мүмкіндік туып отыр.
Сондай-ақ салық жүктемесін жеңілдету арқылы жалақысы төмен адамдардың еңбекақысының көтерілуіне әсерін тигізеді. Бұл бастама күнкөрісі төмен отбасыларға демеу болары анық.
Оқу гранттарының қосымша 20 мыңға көбейтілуі, оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болуы мемлекетке қажетті мамандардың тапшылығын жоюға себепкер болады. Оның үстіне мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде студенттер жатақханаларын салу міндеті нақтыланғандығы көңілімізден шықты.
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында шағын несиелердің көлемі 2 есеге артады, бұл қамқорлықтың шапағаты ауылдық елді мекендерге де тиеріне кәміл сенемін. Ал газдандырудың бірегей жобасы еліміздің орталық және солтүстік өңірлеріндегі миллиондаған тұтынушының тіршілігіне оң өзгеріс әкелері сөзсіз.
Дениз ЖАМАЛОВА, Қазақстан дүнгендері жастар қанатының төрағасы:
Бірінші бастама – баспана алудың мүмкіндігін кеңейту. Осыған байланысты «7 – 20 – 25» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасының қолжетімділігін арттыруға тапсырма берілді. Пайыздық көрсеткіш екі есеге азайып, алғашқы жарна 20 пайызға дейін түсіп, несиелеу мерзімі 25 жылға ұзартылды. Жастарға бұл бастама ұнауы тиіс деп есептеймін, өйткені осындай жағдайдың арқасында баспана алу мәселесі жеңілдейді. Елбасы өз сөздерінің бірінде жастардың өмірлік мұратына қол жеткізу үшін мемлекет сапалы біліммен, жұмыспен және баспанамен қамтамасыз ете отырып, қолдан келгеннің бәрін жасайтынын мәлімдеген болатын. Сондықтан Президент ұсынған жаңа бастаманың жастарға қаншалықты қажет екені айтпаса да түсінікті.
Елбасы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық жүктемені он есеге азайтуға тапсырма берді. Бұл аз жалақы алатындардың еңбекақысын көбейтеді.
Сонымен қатар жоғары оқу орындарына қосымша 20 мың мемлекеттік грант бөлу жөнінде міндеттеме жүктеді. Бұл өз кезегінде елдің дамуына өлшеусіз үлес қосатын маман иелерін әзірлеп шығуға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, 20 мың гранттың 11 мыңы техникалық салаларға бөлінеді. Мұның себебі – төртінші экономикалық революция. Мемлекеттің жастарға қолдауын 75 мың орындық жатақханалар салу жөніндегі тапсырмадан да байқауға болады. Осы орайда Елбасына өз атымнан зор алғыс айтқым келеді.
Табылды Әміров, Мұнайлы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Бес бастама – бұл қазіргі күнде ел экономикасының дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, білімді кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды нұсқап тұрған бағдар. Бұл бастамалардың қай-қайсысын алып қарасақ та қазіргі уақыттағы өте өзекті мәселелердің қатарынан.
Біріншіден – жас отбасылардың тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктерін еселей түседі, екіншіден – төмен жалақы алатын адамдарға айтарлықтай жеңілдік жасайды, үшінші бастама – жастардың білім алуына жасалған тағы да бір игі іс, төртінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталса, бесіншіден – Маңғыстау үшін басым бағытқа ие болмаса да, Қазақстан атты ұлан-ғайыр еліміздің өзге облыстары үшін де, экология жанашырлары үшін де өте жақсы жаңалық.
Президент осылайша халықтың әл-ауқатын аттырудың нақты тетігін халықтың көрсетті.
Маңғыстау облысы