2016 жылы облыс аумағында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ертіс өзені арқылы «Орталық-Шығыс» автожол дәлізінің бір бөлігі саналатын алып көпір салынды. «ҚазАвтожол» АҚ-тың жергілікті филиалының мәліметінше, бұл жобаның құны – 53 млрд 808 миллион теңге. Көпірдің ұзындығы – 12,3 шақырым. Құрылысты «ҚазДорСтрой» ЖШС жүргізген-ді.
Жыл сайын қардың еруі, тасқын су басу қаупі ерте көктемнен-ақ халықты үрейлендіре бастайды. Қазіргі Өскемендегі, Аягөздегі жағдай осының дәлелі. Біздің өңірде де еріген қар суының молаюына, Бұқтырмадан судың босатылуына ауылдар алаңдаулы. Тасқын судың әлегін жыл сайын көретін өңірдегі Ақтоғай, Баянауыл, Май, Павлодар, Лебяжі аудандарының қатарына қазір Ақсу қаласының Ертіс өзені жағалауындағы кенті де қосылды.
Ертіс өзеніне салынған жаңа көпір жағдайына келсек, қазір осы мәселе жөнінде төтенше жағдайлар бөлімдері, жол, қала басшылығы «бәрі жақсы» деген бір-ақ ауыз сөз айтады. Бірақ пайдалануға берілгенімен түйінді мәселе әлі аз емес сияқты. Көктемгі су тасқыны, қардың, мұздың еруі деген табиғи жайларды көпір жобасын сызғандар ескермеген көрінеді. Ертіс өзені жағасында орналасқан Ақсу қаласы шетіндегі Ақсу кентінде тұратын тұрғындар бұл мәселені біледі. Көпір құрылысы басталысымен-ақ дабыл қаққан. 2016 жылы қаладағы Царев, К.Маркс, Ақсу кентіндегі Чапаев, Набережный көшелерінде үйлерді су басып қалды. Кентте төтенше жағдай жарияланып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Жұрт су қайдан келді деп аң-таң. Жыл сайын сәуірде Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларынан Ертіс өзеніне су жіберіледі. Бір айға жалғасатын су жіберу барысын құтқару қызметі мен су шаруашылығы су жағалаудағы тұрғын үйлерге жайылып кетпеу үшін үнемі бақылауға алады. Мәселенің мәнісіне келсек, үйлерді су басқан себебі «Астана – Павлодар – Өскемен» автобан жолының құрылысын жүргізіп жатқан «Қаздорстрой» ЖШС-ның жұмысшылары жолдың әр жерінен су өткізетін құбырлар, яғни су деңгейін реттейтін гидравликалық құрылғыларды орнатпаған көрінеді. Республикалық жол Ақсу кенті мен Қарабай ауылы арасындағы аумақты алып жатыр. Ертістен жайылған су жаңа салынған жолдан өте алмай, кенттің су астында қалғаны содан. Басқа амалдары қалмаған төтенше жағдай жөніндегі департамент мамандары жаңа жасалып жатқан жол құрылысын бұзып, суды жайылымға қарай бұрып жібереді.
Ал «ҚазАвтоЖол» АҚ-тың мердігер компаниясы болса қала әкімдігі мен департаментке «басты жобада құбыр өткізгіштер салу көрсетілмеген, бұзылған жолды өз қаражаттарыңа қалпына келтіріңдер» деп отыр. Суды бұрып жібермегенде тасқын су ауылдарға келер еді. Жол, көпір құрылысының жобасын жасаған кезде «ҚазАвтоЖол» АҚ Ақсу қаласы әкімдігінің ұсыныс-пікірлерін назарға алғанда, кент, қала, ауылдар тасқын су өтінде қалмас та еді. Тұрғындар болса, үйлерінің су басуын көпір құрылысындағы қателіктер салдарынан көреді.
– Өңірдегі республикалық маңызы бар жолдарда биыл қауіп жоқ, 641 жасанды құбыр тазаланыпты. Ал «Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ульянов» тас жолында тасқын су қазір жасанды су құбырлары арқылы өтуде. Қараащы, Теңдік, Ақмектеп ауылдарына, Қарағанды облысынан келетін тасқын су бөгеттерін бақылап қайттық, қауіп жоқ екеніне көзіміз жетті. Павлодар – Успенка – РФ шекарасы, Мойылды су құбырына орташа жөндеу жасалған, қазір еріген су толығымен өтуде. Жаңа салынған көпір бойынша ешқандай қауіп төнбеуі тиіс, осы жол бойындағы барлық су құбырлары тазаланған, ең негізгі шандор құбыры қазір ашық тұр, – дейді Қайрат Кәрібаев.
Мәселенің мәнісіне келсек, су өткізгіш құбыр 2016 жылдары ашылмады. «ҚазАвтоЖол» АҚ жаңа көпірдің құрылысы толық аяқталған жоқ, шандор құбырын ашуға болмайды деп рұқсат бермеді, бірақ Ақсу кенті су тасқыны астында қалып бара жатқан соң облыстық әкімдік шандор құбыры шлюзін ашыңдар деп жергілікті филиалға ұсыныс жасайды. Көпір салатын әуел бастағы жобада болмаған бұл жұмыс ескерілмеген соң, бір аш, бір жап деп, екі ортада су тасқынының ішінде кент тұрғындары қала берді.
Жергілікті төтенше жағдайлар департаменті биыл кенттегі жеке үйлерге көктемгі тасқыннан келер қауіп жоқ дейді. Жуырда облыс әкімнің орынбасары Ұлан Жазылбек жаңа көпір жанындағы су өткізгіш құбыр мәселесіне орай кент жанында жиын өткізіп, шандор құбырының су тасқыны біткенше ашық болуын қадағалауды тапсырыпты. Кенттің жанынан биіктігі 1,5-2 метр және ұзындығы 600 метрге жететін топырақ үйіндісі салынып, бұрынғы дамбамен қосылды. Гидротехникалық құрылымның құрылысы Набережный көшесіндегі тұрғындар наразылығынан соң қолға алынған-ды. Қала әкімдігі тұрғындарға ескерту жұмыстарын да жүргізуде. Су келіп қалса,тұрғындарды басқа жаққа жедел көшіру қажет.
Облыс әкімі Болат Бақауов жуырда әкімдік отырысында қала әкімі Н.Дычкоға «Жыл сайын су астында қалатын Ақмола облысы Атбасар ауданындағы 1800-ден астам тұрғынды өзге өңірге көшіру туралы мәселе қаралуда. Ал біз болсақ, Ақсудың бірнеше үй қоныстандыру мәселесін шеше алмай отырмыз. Қалай болғанда да тұрғындар тілегін ескере отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек», деді.
Бірақ кент тұрғындарының үйлерін тастап, ешқайда көшкісі жоқ. Қала әкімінің айтуынша, бұл жөніндегі келіссөздер де нәтиже берер емес. Әрине тұрғындардың кінәсі жоқ, егер құрылысы әу бастан дұрыс жобаланса, жаңа көпірдің болашағы да жарқын болар еді.
Көктемгі су тасқынының алдын алудамыз деп облыстық төтенше жағдайлар департаменті де абыр-сабыр. Жаңа көпірге жақын орналасқан Кенжекөл ауылында «Көктем-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізуде. Тасқын кезінде өңірдегі орын алуы мүмкін төтенше жағдайға республикалық бюджеттен 1 млрд 52 млн теңгедей қаржы да алдын-ала қарастырылыпты. Облыс орталығына қарасты Кенжекөл ауылында ұзындығы 1,2 шақырым, биіктігі 2 метр болатын дамба салынып, ұзындығы 700 метрлік су бөгеті жасалды. Көпір демекші, пайдалануға берілген осы жаңа көпірде су деңгейін көрсететін арнайы құрылғы орнату жұмыстары жүргізілмек.
Ал Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтің айтуынша, биыл жылдағыдай ауылдарға қар суынан келер қауіп жоқ. Былтыр су басқан Көкдомбақ пен Жаңажолға апарар жолдар жөнделіпті. Қараащы ауылында су тарту арнасы салынды. Көктемде Қараащы мен Теңдік ауылына келетін су Ащысу өзенінің арнасына барып құйылады. Ауылдарға қазір қауіп жоқ дегенмен де, қардың толық еруі мен көршілес өңірдегі су қоймаларындағы су мөлшерінің артуы сақтық шараларын қажет етері сөзсіз. Алдыңғы жылдары тасқын Ащысу өзенінің көпірін, ауданның 15-тен астам ауыл жолдарын бұзып өткені де есімізде. Көпірсіз қалған Сәтбаев атындағы, Теңдік, Ұзынбұлақ ауылдарының тұрғындары жолдың бейнетін көрді. Қарағандының Қаратоқа бөгеті аумағынан ағатын қар суы Баянауылдың ауылдарына, ал, Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан келетін су өңірдегі Ақтоғай ауданының ауылдарына қауіп төндіретіні белгілі.
Баянауылға дейін және одан әрі қарай баратын республикалық маңыздағы Қалқаман – Майқайың – Баянауыл – Ульянов – Керней – Қарағанды бағытындағы жолды жыл сайын су басады. Өңірдегі республикалық маңыздағы жолдардың көптеген бөліктері тозған. Павлодар – Баянауыл бағытындағы жол жыл сайын тасқын судың зардабын көруде. Қазір Майқайың кентінде су қоймасын салу керек дегенде сөз шықты. Аудан әкімінің айтуынша, Қалқаман – Баянауыл жолын қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлініпті. Республикалық маңызы бар Қалқаман –Қарағанды тас жолына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Былтыр «Қазавтожол» АҚ-тың жергілікті филиалының хабарынша, республикалық маңыздағы Ленин- Ақсу – Көктөбе – Ақжар – Курчатов, Павлодар – Успенка ауданы Ресей шекарасына дейінгі жолдарда бір емес, бірнеше рет су жүріп өтті. Ақсу – Дегелең бойындағы темір жол бойын су басқаны, пойыздардың уақытша Ресей жолына қосылғаны да осы республикалық маңыздағы Ленин – Ақсу – Көктөбе – Ақжар – Курчатов бағытындағы жолды су басуынан туындағаны белгілі.
Биылғы көтемде не болары тағы белгісіз. Республикалық жолдарды жылда тасқын судың басып кетуінің, жол апатының алдын алу үшін бұл жолдарды күтуді кәсіпкерлерге беру жөнінде Инвестициялар және даму министрлігіне ұсыныс жасалмақ та болды. Өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардағы учаскелер шарт бойынша «Uniserv» ЖШС, «Дена Рахсаз Контракшн» АҚ ЗТ, «Ақ-Жол» ЖШС, «Автодорсервис» ЖШС, «АБК Автодор НС» ЖШС және «Павлодаржолдары» ЖШС сияқты мердігерлерге бекітілген. Бірақ жолдардың сапасына жергілікті жұрт наразы. Жұртшылық «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ жергілікті филиалынан нақты әрекет, жауапкершілік, талап пен тәртіпке сай жұмыс күтуде.
Сондықтан жергілікті төтенше жағдайлар жөніндегі депармент қазір өңірдегі автомобиль жолдарының 42 бөлігін, темір жолдың 1 бөлігін, 57 ауылды қатаң бақылауға алыпты. 41 ауылды су басу қаупі бар болса, 16 ауылды су босату барысында Ертіс өзенінің деңгейі көтерілуі кезінде су басуы мүмкін. Қалалар мен аудандарда 36,5 мың құм толы қап, 18,6 мың тонна инертті материал, 203 тонна жанар-жағармай дайындалыпты. Тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 78 келісімшарт және кептелістер пайда болған жағдайда жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін 4 келісімшарт жасалған. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары жоғарыда аудан әкімі қауіп жоқ деген Баянауылдың Теңдік және Қараащы ауылдарында, Ақсу қаласы, облыс орталығына қарасты Кенжекөл ауылы, Ленин кентінде тасқынға тосқын шараларына дайындық жүргізуде. Су тасқыны жағдайына орай қажетті күштер мен құралдардың есебі жүргізілді, 412 техника бірлігі, 29 жүзу құралы және 1 мың 164 адам дайын. Қалалық және аудандық әкімдіктер бюджет қаржысынан су тасқыны төтенше жағдайлары қорына деп 954,3 миллион теңге қарастырыпты.
Бет қатталып жатқанда:
Облыс әкімі Болат Бақауов таяуда Баянауыл ауданындағы су басу қаупі бар ауылдарды аралап көрді. Қарағандының Ақжар бөгетінің жағдайымен, Қараащы ауылында жүргізіліп жатқан су тасқынына қарсы іс-шаралармен танысты. Ащысу өзені арқылы өтетін көпір мен былтырғы су тасқынынан кейін қалпына келтірілген жол учаскелерін де қарап шықты.
Аудандағы Теңдік, Қараащы ауылдарында, облыс орталығына қарасты Кенжекөл және Ленин кенттерінде, Ақсу қаласында жалпы ұзындығы 7,35 шақырым үйінділер жасалды.
Жаңа көпір маңындағы автомобиль жолдарының шайылып кетуінің алдын алу үшін және автокөліктердің үзіліссіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында жол қызметтері наурыз айының соңына дейін су өткізетін 1310 құбырды тазарту және ашу жұмыстарын аяқтайтын болады. Су тасқыны жағдайын жоюға арналған арнайы күш пен құралдар тобы белгіленді. Оған 600 техника, жүзу құралдары мен 1827 адам жұмылдырылған.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы