«Алтын алмастың» алғашқы өнімі
Мойынқұм ауданындағы Ақбақай кен орнындағы «Алтын алмас» фабрикасы» компаниясы салтанатты жағдайда іске қосылғалы бері бірер айдың жүзі болды. Жобаның басталуына «телекөпір» арқылы Мемлекет басшысы сәт сапар тіледі. Өйткені, өткен жылдың қыркүйегінде облысқа келген сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақбақайдан салынатын жаңа алтын шығару фабрикасының құрылыс жобасын мақұлдаған болатын. Ал біз бұл заманауи жобаны 9 айда аяқтадық. Жобаның құны 100 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл қыруар қаржының 55 миллионы – фабриканы модернизациялауға және 50 миллионы – кен орнын ашу мен өңдеу жұмыстарына жұмсалды. Жобаны қаржыландыруға тәуекел еткен Еуразиялық банкке алғысымыз шексіз. «Ақбақай кластері» деп аталатын шикізат базасының алдын ала жасалған құны 100 тоннаға жуық «асыл темірден» тұрады. Бұл кенді аймақта «Ақбақаймен» бірге «Светинское», «Бескемпір» және «Карьерное» деп аталатын кен орындары да қатар орналасқан. Кәсіпорынды қайта түлету осы кен орындарын игеру үшін экономикалық және инфрақұрылымдық тірек болып табылмақ. Сондықтан, аталмыш компания Думан-Шуақ кен орнының байлығын игеру құқын қолға алуға да талпыныс жасауда. Бұрынғы комбинаттың инемен құдық қазғандай тірлігіне қарағанда қайта түлеген зауыттан жаңа серпілісті анық байқауға болады. Мысалы, бұрын бір жылда 240 тонна шикізат өңделсе, қазір оның орнына 1 миллион тонна шикізат өңделуде. Қалдық та аз. Нәтижесінде жылына 2,8-3 тонна алтын өндіруге толық негіз бар. Зауыттың зәру құрал-жабдықтары осы салаға ертеден бейімделген Ресей мен Оңтүстік Африка елдерінен алынған. Шахта жұмысына Канада еліндегі алтын кеніштерінде қолданылатын бұрғылау машинасы жегілген. Бұл – алтын өндірудегі ең соңғы әлемдік әдістер. Зауыттағы жаңа технологияның арқасында, айталық, металлургиялық өнім дайындаудағы аса жоғары бөлістер жасалып, бұрын шығарылып келген флотоконцентраттардың орнына ендігі кезекте өте сапалы Доре кесекті алтыны шығарыла бастаған.Дияр ҚАНАШЕВ, «Алтын алмас» АҚ-тың басқарма бастығы.
Дерек пен дәйек Кен орны негізі 5 тік құлайтын (Басты, Түкен, т. б.) және 9 көлбеу жатқан желілерден тұрады. Желілердің ұзындығы 250 метрден 600 метрге дейін қалыңдығы 1,5 сантиметрен 2 метрге жетеді. * * * Мойынқұм өңіріндегі алтын өндіретін ірі кен орнына өнер десе ішкен асын жерге қоятын ұлтжанды геолог Д. Дүйсенбеков 1968 жылы «Ақбақай» деген халық әнінің атын қойыпты. * * * Кентас 900-1300 метр тереңдікке дейін таралған. Кен түзілу процесі габбропорфирит және ашафит дайқалары жыныстарды жарып шыққаннан кейін, алтын сүрмелі минералданумен аяқталған. * * * Кен Қызылжар интрузивті кешенінің ішінде және девон жанартау тастекті шөгінді жыныстарының бойында қалыптасқан. * * * Кен орнында алтынның 4 түрі кездеседі: 1) арсенопирит минералы бойындағы ұнтақ диспересті алтын; 2) кварцтағы сеппе, ұя, желі түрінде шоғырланған бос алтын (өлшемдері 0,01-0,1мм.-ден бірнеше мм.-ге дейін); 3) кварц-карбонатты желілердегі түйіршік және қабыршақ түріндегі алтын; 4) гипергендік процеспен байланысты қабыршақты және дендритті алтын. Алтынның орташа мөлшері жер бетінде жақын аралықта аса жоғары – 60 – 109г/т, ал 500-600 м. тереңдікте 7-10 г/т-ға дейін төмендейді дейді энциклопедия мәліметі. * * * Ақбақай кластері шикізат базасының алдын-ала жасалған бағасы 100 тоннаға жуық асыл металдан тұрады. * * * Аймақта Ақбақай, Светинское, Бескемпір, Карьерное кен орындары орналасқан. * * * Қазақстан аймақтарында негізгі алтын кенішін қайта түлету келешекте жергілікті кен орындарының өнімділігін 10 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын жыл сайын 2,8 тонна алтын шығаруға жағдай жасайды. * * * Жоба мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 2011 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүзеге асырылған үш жобаның бірі. * * * «Алтыналмас» зауыты өңір экономикасын дамытуға қомақты үлес қосып, облыс бюджетіне жыл сайын 15 млн. АҚШ долларына жуық кіріс әкеледі дейді мамандар. Кенттің ажары ашылып келеді Ақбақай кентінде әлеуметтік түйінді мәселелер де оң шешімін таба бастады. Кеншілер көмегінің арқасында ауыл оқушылары бүгінде жаңа мектепте білім алуда. Мектеп жанынан спортқа құштар оқушылар үшін бокс секциясы ашылған. Ал ауыл тұрғындары үшін монша салынып, тәртіп сақшыларының мекемесі күрделі жөндеуден өткізілген. Зауыт жұмысшыларының қатары аудан тұрғындарымен толығып келеді. Кеніште бүгінде 450 жаңа жұмыс орны ашылған. «Сарыбұлақ-2» жер асты су көзінен 75 километрлік су құбыры тартылуда. Бұл құрылыс жұмысы жыл аяғына дейін аяқталып, алдағы уақытта ауыл тұрғындары мен зауыт жұмысшылары қажетті таза ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілетін болмақ. Әбдіғали ӘБДІРАЗАҚОВ, Ақбақай кенттік округінің әкімі. Бір жылда 3 тонна алтын! Біздің фабриканың жұмысшылары өткен айда 90 килограмм өнім шығарды. Ал жылына 3 тонна алтын өндіреміз. Бұл жаңа жоба бойынша қол жеткен жетістік. «Алмақтың да салмағы бар» дейді халық. Фабрикамыз жылына 3 миллиард теңге көлемінде салық төлейді. Фабрикадағы орташа айлық 90 мың теңгені құрайды. Жұмысшылардың 258-і жергілікті тұрғындар. Жұмысшылардың барлығына арнайы киім мен тамақ тегін беріледі. Ақбақай кенті тұрғындары ішетін таза ауыз суды кәсіпорын сатып алып береді. Бүгінде кентті абаттандыру жұмыстары қолға алынып, түрлі мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылуда. Надежда ШАДРИНА, аппаратшы. Айқарма бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.