Жақын күндерде еліміз Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтпек. Әрине, бұл мерзім тарих «доңғалағы» үшін аса көп уақыт емес. Десек те, 20 жыл – тәуелсіздіктің буыны қатып, оның қалыптасып, мемлекеттің келешек бағыт-бағдарын, саяси философиясын айқындау үшін жеткілікті кезең.
«Тәуелсіздік алғалы бері неге қол жеткіздік? Саясат, экономика, әлеумет, өнер мен ғылым, әдебиет пен мәдениет саласында қандай жетістіктерге ие болдық? Мемлекетіміз қай бағытта және қалай дамып келеді? Елдің ертеңі қандай болмақ? Енді 20, 30 не 40 жылдан соң қандай өзгерістер орын алмақ?» деген сауалдар әркімді мазалайды. Бұған бірлесе жауап іздейтін кез жетті.
Халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар», дей отырып, бірліктің қаншалықты маңызды екендігін ғана айтып қоймай, ол болмаған жағдайда қаншалықты қауіпті екенін де меңзеген. Расында да мынау біздің сілкіністерге толы заманымызда бірліксіз алға жылжу тіпті мүмкін емес.
Сол себепті біздің ел үшін бірлік ерекше қастерлі ұғым. Өзімізге белгілі, біз бірліктің арқасында алаңсыз жұмыс істеп, алғашқы қиын-қыстау кезеңді артқа тастауға қол жеткіздік. Тәуелсіздік орнығуының ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен елдің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық жанжал мен қоғамның бөлінуіне жол берілген жоқ. Және бұл үдеріске өз елінің, ұлтының тағдырына алаңдайтын азаматтардың әрқайсысы үлес қосты, қосып келеді де. Ең бастысы, тәуелсіздікті баянды етудің алғышартты жасалды, демографиялық жағынан халқымыздың саны ұлғайды. Ал біз қазақтар саны 40 пайызға жетер-жетпес болғанда тәуелсіздік декларациясын жариялаған халық едік. Оған жеткізген тағдырға әлі де қарыздармыз.
Сондықтан, тәуелсіздігімізді жариялаған және өз мемлекеттілігімізді қалыптастырған алғашқы кезеңдерде біздің басты міндетіміз – этносаралық төзімділік пен келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болды. Ал ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттарға негізделген Ұлт бірлігіне жету мақсаты тұрды. Осылайша, «Қазақстанның Ұлт бірлігі Доктринасы» өмірге келді. Доктринаның қажеттілігі, сөйтіп, өмірдің өзінен, ғасырлардың көзінен, тағдырымыздың шешуші бір кезінен, яғни тарих логикасынан туындаған еді. «Өйткені, бірліксіз – ұлт жоқ, ұлтсыз – мемлекет жоқ. Ал мемлекетсіз болашақ жоқ» делінген аталмыш құжатта.
Сонымен, Қазақстанның Ұлт бірлігінің қағидаттары қандай? Біріншіден, «Қазақстан Республикасы қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттілігінің құқықтық, тарихи жалғыз дара мұрагері және оның саяси, мемлекеттік құрылымының табиғи жалғасы болып табылады. «Тәуелсіздік пен байырғы қазақ жерінде құрылған мемлекеттілігімізді дамыту – біздің басты құндылығымыз болып табылады», деп атап көрсетілген Елбасы мақұлдаған құжатта. Екіншіден, біздің ұлттық бірлігіміз, барлық Қазақстан азаматтарының тағдырының ортақтығына негізделген. Ол ортақ тағдыр баршамыздың ортақ таңдауымыздың арқасында келді. Және ең аяулы сезімдердің бірі отандастық сезіміне бөледі. «Себебі, біздің ортақ еліміз, ортақ отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тарихи тағдырымыздың ортақтығын түсіну және осы таңдауды түйсіне білу – елдің барша азаматын біріктіретін ең басты негіз» делінген Доктринада. Яғни, Елі бірдің – тағдыры бір деп түйіндеуге болады. Бұл Қазақстанды «елім, отаным» деп танитын, мемлекеттік тілді мойындап, заң дәстүрін қадірлеп-қастерлейтін азаматтың бұл елмен тағдыры да бір деген сөз. Үшіншіден, ол мүмкіндіктер теңдігі қағидаты. Демек, қоғамның барлық азаматтарына мемлекет тарапынан бірдей тең, әрі әділетті мүмкіндік жасалуы тиіс. Бұл «қағидат – этностық, болмаса басқа да шыққан тегіне, діни ұстанымына және әлеуметтік жағдайына қарамай барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру» деп атап көрсетілген аталмыш құжатта. Төртіншіден, қай ұлтты болса да ұйытатын, біртұтастыққа біріктіре алатын күш – ол Рухани бастау. Себебі, халықтың рухы күшті болған сайын, оның мемлекеттілігінің де болашағы арта түседі.
Ұлттық рух қай халықтың болса да оның өзіндік санасының негізі саналады, мыңдаған жылдық дәстүрге, құндылықтар мен мәдениетке, тілге сүйенеді. Олай болса, біздің де тіліміз, дәстүрлі құндылықтар мен қайталанбас төл мәдениетіміз халқымызға жүздеген жылдар бойы демеу болды, оны құрып кетуден аман сақтап қалды. Сондықтан да ұлттық мәдениетімізді дамыту, дәстүр мен тілді жаңғырту, әрі қолдану аясын кеңейту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту – мемлекетіміздің ең маңызды міндеттерінің бірі.
Тәуелсіздікті қашанда қорғауға тиіспіз. Оған барлық азаматтардың қауқары мен әлеуеті, нәтижелі әрекеті керек.
Досмұхамет НҰР – АХМЕТ, Түркі академиясының бірінші вице-президенті, философия ғылымдарының докторы.