Алматыда Патриоттар партиясының ХІ съезі болып өтті. Онда аталған саяси бірлестіктің сайлауалды тұғырнамасы бірауыздан қолдау тапты. Форум дәстүр бойынша жаңа мүшелерге партия билеттерін салтанатты түрде тапсыруымен басталды. Онда қазақстандық танымал тай боксының шеберлерімен қатар, жас спортшылар да өз өнерлерін ортаға салды. Сөз ретінде съезге делегаттар еліміздің барлық өңірлерінен келгенін айта кетейік.
Партия төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Ғани Қасымов өзінің баяндамасында патриоттар өздерінің алдына қойып отырған жақын жылдардағы басты мақсат ел азаматтарының сапалық тұрғыдан жаңа өмір деңгейіне өтуі болып табылатынын атап көрсетті. Тәуелсіздіктің 20 жылында Отанымыз әлеуметтік-экономикалық дамуда үлкен табыстарға қол жеткізіп, өзінің әлемдік аренадағы беделін бекемдей түсті. Newsweek журналының нұсқасы бойынша өткен жылы Қазақстан «Әлемнің озық елдері» тізімінде 61-ші орынға тұрақтаған.
Ғ.Қасымовтың айтуынша, бұл еркін көрсеткіш білім беру, денсаулық сақтау, өмір сапасы, экономика дамуы, саяси ахуал, тұрғындардың жаппай сауаттылығы сияқты рейтингтерден тұрады. Бірқатар позициялар бойынша біздің еліміз қазірдің өзінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 мемлекетінің қатарына кіріп үлгерген. Халықаралық резервтер деңгейі жөнінен де осыны айтуға болады.
Форумда атап көрсетілгеніндей, партия қызметінің маңызды бағыты ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жүзеге асыру бойынша жасалатын жұмыстар болады. Олардың арасында экономиканы жаңғыртудың ұлттық жобалары, отбасы мен баланы қолдау, адам әлеуетін ашу бар. Таяудағы бес жылда, деп есептейді делегаттар, Қазақстанның экономикасы азаматтар табысын 20 пайызға арттыруға қабілетті. Парламентке сайланатын депутаттар бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақыларын жоғарылатуға, аз қамтамасыз етілгендерге, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларына мемлекеттік қолдауды күшейтуге дәйектілікпен қол жеткізуге ұмтылатын болады.
Сонымен қатар, тұрғындар үшін әлеуметтік қызмет көрсетудің жоғары сапасын қамтамасыз ету, жас отбасыларына әркез назар аударып отыру, жаңа жұмыс орындарын құрып, шағын бизнесті дамыту арқылы жұмыссыздық деңгейін азайту да айтарлықтай маңызды.
Қазақстанның Кеден одағы мен Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруі жөніндегі Мемлекет басшысының біртұтас стратегиялық саясатын қолдай отырып, форумға қатысушылар мұны азаматтардың жоғары сапалы тауарларға қол жеткізуінің, қызмет көрсетулер мен отандық өнімнің халықаралық рыноктарға шығуы есебінен азаматтардың өмір сапасын жоғарылатудың аса маңызды факторларының бірі ретінде қарастырды.
Съезде саяси жүйені жаңғырту мәселесіне де баса назар аударылды. Ғ.Қасымовтың пікірінше, жоғары ұйымдастырушылық жұмыс пен саяси бірлестіктің барлық мүшелерінің жоғары белсенділігі нәтижесінде Патриоттар партиясы Парламент Мәжілісінен бірқатар орынға қол жеткізіп, өзінің фракциясын құруға қабілетті. Сондықтан партия төрағасы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы науқаны кезінде бірқатар міндеттер қойды.
Съезд қорытындысында сайлауалды саяси тұғырнама бекітіліп, партиядан Парламент депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың тізімі нақтыланды.
– Біз қазір сайлау тактикасын ойластыруымыз қажет. Әрбір партия ұйымы қандай ұйымдастырушылық әлеуетке, материалдық ресурстарға және мүмкіндіктерге ие екенін анықтауға тиіспіз. Шешінген судан тайынбас деген, сондықтан жеңіске ұмтылатын боламыз, – деді Патриоттар партиясының көшбасшысы Ғ.Қасымов.
Осы арада еске сала кететін болсақ, 2004 және 2007 жылдардағы Мәжіліс сайлауларында Патриоттар партиясы сәйкесінше 0,55 және 0,78 пайыз дауыс жинаған болатын. Ғ.Қасымов осы жолы қажетті дауыс алатындарына сенімді.
«Егемен-ақпарат».