Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы болып өтті. Кезекті селекторлық отырыстың басты жаңалығы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын жоғары мемлекеттік марапат – «Халық қаһарманы» атағына ұсыну болды. Үкімет басшысы тарапынан жасалған ұсынысты Әділет министрі Рашид Түсіпбеков «Мемлекеттік наградалар туралы» Заңға тиісті толықтырулар енгізу туралы баяндамасында оқып берді.
«Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов тұңғыш Президентімізге заңды негізде «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса берілетін «Халық қаһарманы» атағын беру бойынша «ҚР Тұңғыш Президенті» және «Ұлт Көшбасшысы» туралы конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жасады. «Бұл тәуелсіз Қазақстанның уығы қаланып, дамуы барысында атқарған Елбасының тарихи рөліне байланысты. Ұлт көшбасшысының қажымас қайраты мен қызметінің арқасында Қазақстан өзін халықаралық аренада тәуелсіз, мықты экономикалық ел ретінде қалыптастырды», делінген Кәрім Мәсімовтің үндеуінде. Үкімет басшысы құжатқа қол қоя отырып, бұл мен қол қойған ең маңызды құжат, деп атап өтті. Үкімет мүшелері Заң жобасын бірауыздан мақұлдап, Парламент Сенаты депутаттарының қарауына жолдады.
Селекторлық отырыста бұдан өзге үш мәселе күн тәртібіне қойылды. Алдымен Үкімет мүшелері энергия тиімділігі жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады. Құжатты Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Тілеушин таныстырды. Энергия тиімділігі әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің дамуының негізі екендігін баса айтып өткен ол, Қазақстанда да бұл тұрғыда ауқымды әлеует барлығын жеткізді. Вице-министрдің айтуынша, энергияны көп пайдаланатын салалардың бірі – өнеркәсіптік өндіріс саласы. Энергия тұтынудың 70 пайызынан астамы осы сала үлесінде. Атап айтқанда, бүгінде еліміздегі 15 ірі кәсіпорын 30 пайыздан астам электр энергиясын тұтынатын көрінеді. «Олардың қатарында «Ақсу ферроқорытпа зауыты», «Арселор Миттал Теміртау», Қазақстан электролиз зауыты» сияқты кәсіпорындар бар. Энергия тұтынудағы негізгі мәселелерді түсіну және әлеуеттерді анықтау үшін, шетелдік және отандық сараптамалық ұйымдарды тарта отырып «Ақсу ферроқорытпа зауыты», «Петропавл ауыр машина зауыты» және тағы басқа бірқатар кәсіпорындарда энергоаудит жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша энергия үнемдеудің мол әлеуеті анықталды, деді Қаныш Тілеушин. Энергия тиімділігі жөніндегі кешенді жоспар Қазақстанға жыл сайын 200 млрд.теңге үнемдеуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ энергияны үнемді пайдалану бойынша алдымен өндіріс саласына энергоменеджмент жүйесін енгізу арқылы энергия тұтынуды төмендетуге, содан кейін ғана тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және бюджеттік секторға екпін түсірілмек. Жоспардағы тағы бір пункт тұрғындармен міндетті жұмыс жүргізу болып табылады. Үкімет энергоресурсты тұтынушылар арасында саналы және рационалды қолдану туралы ой қалыптастырып, басқа қарым-қатынас түзуді алға қойып отыр.
Бұдан өзге «2011-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды жүзеге асыру туралы қаулы мақұлданды. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, биылғы жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Бюджет кодексі талаптарына сәйкес жасалған қаулы жобасы 2012 жылға арналған республикалық бюджетте қарастырылған шығыстарды уақытында орындау мақсатында мемлекеттік органдарға арналған тапсырмаларды қамтиды.
«Бұл облыстық бюджеттерге, Астана мен Алматы қалаларының бюджеттеріне мақсатты ағымдық трансферттердің сомасын бөлу, «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары бойынша қаражаттарды бөлу, өңірлерді дамыту, сумен жабдықтау бойынша бюджеттік бағдарламаны Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігіне беруге байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің шығыстарын түзету, мемлекеттік міндетті тапсырмалар тізімі, басымдықты инвестициялар тізімі», – деді Б.Жәмішев.
Үкімет отырысындағы қаралған соңғы заң жобасын Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов таныстырды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне елімізде қор нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – ел азаматтарын жетекші отандық компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігімен қамтамасыз ету, Қазақстанның ірі компанияларының ашықтығын, тиімділігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыру және жалпы алғанда ішкі қор нарығын дамытуға мүмкіндік беру мақсатында «Халықтық IPO» бағдарламасын бастау үшін қолданыстағы заңмен сәйкестендіру. Заң жобасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске және еліміздің 6 заңына, «Көлік туралы», «Темір жол көлігі туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы», «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді, деді ол.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске енгізілетін толықтыру жыл сайын инвестор-жеке тұлға салық органдарына белгіленген мерзімде салық есептілігін табыс етпесе салынатын әкімшілік айыппұлға байланысты. Ұсынылатын өзгеріс айыппұл мөлшерін 1 АЕК-ке дейін азайту жолымен инвесторлар-жеке тұлғаларға «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде инвестицияларды одан әрі тартымды етуге бағытталған. Сонымен қатар, Заң жобасында «Қазақстан Темір жолы» ҰК, «ҚазМұнайГаз» ҰК мен «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-тарының акцияларын орналастыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беру мақсатында «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Темір жол көлігі туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл ретте, компаниялардың акцияларының бақылау пакеті мемлекетте қалады.
«Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заңға ұлттық басқарушы холдингке тиесілі тікелей немесе жанама түрдегі акциялардың бақылау пакетін, эмитентті шетелдiк жеке және/немесе заңды тұлғаларға, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарға сатуға тыйым салуды көздейтін толықтыру енгізіледі. Бұл шектеу тек бастапқы орналастыру және «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады, сондықтан Қазақстанның инвестициялық имиджіне кері әсерін тигізбейді. «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңының қолданыстағы редакциясына енгізілетін өзгеріс «жария компанияда» бос айналысқа салынған жай акциялар саны 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл ретте, әрбір акционер бес пайыздан аспайтын жай акцияларды иеленуі тиіс. Осылайша, «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» компаниялар тобы акционерлік қоғамдарға немесе жалпы эмитенттерге көзделетін талаптармен салыстырғанда, корпоративтік басқаруға аса қатаң талаптарын сақтауға міндетті болады. «Халықтық IPO» бағдарламасына кандидат-компанияның акцияларының бағасы, саны, оларды орналастыру құрылымы туралы шешім «Самұрық-Қазына» АҚ-тың директорлар кеңесімен мақұлданатыны және кейіннен заңнамамен белгіленген тәртіпте ел Үкіметімен бекітілетіні көзделген. Заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен, Премьер-Министр Кеңсесімен және Президент Әкімшілігімен келісілген. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ бірлесіп дайындалған заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді әрі кері әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкелмейді, деді Қ.Келімбетов.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.