Еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту бедерінде Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында «Қазақстан және еуразиялық интеграция идеясы» деген тақырыппен Қазақстан саясаттанушыларының конгресі болып өтті. Онда Еуразиялық интеграция идеясынан туындайтын үдерістер барысы талқыға салынды.
Аталған шараға Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Парламент Сенатының депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен отандық және шетелдік сарапшылар қатысты. Соның ішінде Ыстамбұл университеті Еуразия институтының директоры, Түркі әлемі әлеуметтанушылары одағының президенті Хаяти Түфекчиоғлы (Түркия), БҰҰ Нәсілдік кемсітушілікпен күрес комитетінің мүшесі Алексей Автономов, НАТО Маршалл бағдарламасы орталығының ғылыми қызметкері Грегори Глиссен, Ұлттық стратегиялық институттың халықаралық бағдарламалар жөніндегі директоры Юрий Солозобов (Ресей), ММУ Ақпараттық-зерттеу орталығы директорының орынбасары Алексей Власов (Ресей), Орталық Азия университеті Зерттеулер институтының вице-президенті Енхун Хангук Сон (Оңтүстік Корея), Еуропалық интеграция мәселелері орталығының директоры Юрий Шевцов (Беларусь), София университетінің профессоры Татьяна Дронзина (Болгария) және Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан сарапшылары шақырылған екен.
Соңғы жиырма жылдықта Қазақстан – Еуразия кеңістігіндегі жұмылдырушы үдерістердің белсенді қатысушысы ғана емес, ол бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға ерекше үлес қосып келе жатқан мемлекет. Сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі орны да айтарлықтай. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу, ШЫҰ, АӨСШК және ҰҚШҰ құру ісіндегі белсенді рөлі, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі сияқты маңызды міндеттерді ойдағыдай атқарғанын да атап өтуге болады. Осы ретте саяси ғылымдар докторы, пленарлық отырыстың үйлестірушісі Камал Бұрханов еліміз еуразиялық интеграцияны жүзеге асыруда белсенді әрекет етіп отырғандығын тілге тиек етті.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев еліміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бірқатар жаһандық ауқымдағы интеграциялық үрдістерге бастамашы болғандығына ерекше тоқталды. Әйтсе де, еуразиялық идеясы көпке дейін көлеңкеде қалып қойды. Н.Назарбаевтың осыдан 17 жыл бұрын көтерген еуразиялық идеясы Мәскеуде «Еуразиялық интеграция туралы» декларация мен «Еуразиялық экономикалық комиссия туралы» келісімге қол қойылғаннан кейін ғана ғылыми қауымдастық ортасында талқыға түсе бастады. Өкінішке қарай, еуразиялық интеграция жөніндегі ойларды топтастыратын арнайы институт немесе тіпті портал жоқ. Сондықтан ЕурАзЭҚ пен Кеден одағы тәжірибелерін мұқият зерттеп, салыстырмалы түрде саралау қажет.
Осы орайда Бағлан Асаубайұлы еуразиялық интеграция елдердің тәуелсіздігіне қайшы болмауы, тиісінше ұлттық мемлекеттерді нығайтуы тиістігіне ерекше тоқталды. Сондықтан да заманауи еуразиялық интеграция тең құқықтық, ерікті және экономикалық негізде болуы уақыт талабына айналып отыр. Қоғам Біртұтас экономикалық кеңістіктің артықшылықтары жөнінде жан-жақты хабардар болуы шарт. Кеден одағы құрылғалы бері Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 20 миллиард доллардан асып отыр. Қазақстандықтардың 85 пайызы еуразиялық идеясының оң нәтиже беретініне бек сенімді.
Интеграциялық үдерістерді заңнамалық қаматамысз ету жөніндегі баяндамасында Сенат Төрағасының орынбасары Александр Судьин еуразиялық идеясын Президент Нұрсұлтан Назарбаев ММУ қабырғасында 1994 жылы айтқандығын қаперге салды. Осыдан 17 жыл бұрын айтылған бастамасында Елбасы Еуразия кеңістігіндегі елдердің одағы туралы бастама көтерген-ді. Тарих еуразиялық халықаралық және өңірлік интеграциялық бірлестіктің өміршеңдігін дәлелдеді. Үш елдің белсенді әрекетінің арқасында Кеден одағы бір жыл бұрын өмірге келіп, еуразиялық идеяның жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін көрсетті. Оның құрылуымен байланыстар нығайып, сенімсіздіктер сырылып, көңіл-күйлердің жақсаруына өзіндік оң ықпалын тигізді.
Парламентаралық ынтымақтастық органдары тарапынан көптеген модельдік заңдар әзірленді. Бұл өз кезегінде мемлекетаралық және үкіметаралық келісімдердің жедел жүзеге асуына мүмкіндік берді. Қазіргі таңда Біртұтас экономикалық кеңістікке қажетті 17 келісімге қол қойылса, осы жылдың аяғына дейін тағы 8-і бекітіледі деп күтілуде. Бұдан өзге де құжаттар қабылданады деп жоспарланған. Оның барлығы да тауарлардың, адамдардың және капитал мен еңбек мигранттарының еркін қозғалуына септігін тигізетін болады.
Еліміздің еуразиялық интеграция идеясын басынан бастап үзіліссіз жүргізіп келе жатқандығын тілге тиек еткен БҰҰ Нәсілдік кемсітушілікпен күрес комитетінің мүшесі Алексей Автономов еуразиялық идеясының әрбір ел өз ішінде тұйықталып, бір-бірінен қол үзіп қалған жағдайда айтылғанына ерекше назар аудартты. Ұлттық мемлекеттер үстінен құрылған органдардың елдер тәуелсіздігін жоюы тұрғысында саясаттанушылар мен заңгерлер жиі айтып жүр. Егер тарихқа көз жүгіртсек, 1995 жылы Ресей мен Беларусь Кеден одағын құру туралы келісімге келді. Артынша осы екіжақты келісімге Қазақстан және өзге де елдер келіп қосылды. Бұл одақ Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының артуына оң ықпал етті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда айналымы бес есеге дейін ұлғайды.
Кеден одағының тиімділігін осылайша сипаттаған А.Автономов мемлекеттілік жайын да ауызға алды. Мұндай кезде мемлекеттілік қайда қалады, деген заңды сұрақ туындайды, деді ол. Барлық тарапқа ашық, ықпалдастықта болған елдер ғана табысқа жетеді. Сондықтан өзінің тәуелсіздігін нығайтқысы келетін кез келген мемлекет жаһандық үрдістерден алшақтамауы тиіс. Шағын ғана Мальтаның Еуропа Одағына қосылуы туралы мәселе талқыланып жатқанда, нендей пайдасы бар деген сұрақ қойыпты әлдекім. Оның құртақандай елге еш зияны жоқ, деп жауап берілген екен. Сондықтан үлкен одақтарға кіріп, әлемдік саясатта маңызды деген проблемаларды шешуге атсалысқан жөн. Қазақстан, Беларусь және Ресей кішкентай елдер емес. Үш ел бір-бірінің тәуелсіздіктеріне нұқсан келтірмей, өзара келісім негізінде өкілеттіктерін бір орталыққа бағындыруы мемлекеттердің нығаюына серпін береді. Мемлекеттер ешқашан толық тәуелсіз болған емес. Кез келген ел халықаралық байланыстарға барып, ұйымдарға кіруімен де өз мойнына міндеттемелер қабылдайды.
Камал Бұрханов өз кезегінде жаһандану елдердің ішкі саясатына, экономикасына, тіпті мәдениетіне өзіндік ықпал етерін баса айтып кетті. Еліміз 1992 жылы-ақ тәуелсіз ел ретінде өзінің дамуы мен қалыптасуының стратегиясын қабылдады. Аталған құжатта еліміз ұлтаралық және дінаралық тұрақтылықты сақтай отырып, нарықтық экономика құратынын белгіледі. Ал 1997 жылы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Шешен осы ретте Н.Назарбаевтың еуразиялық саяси философиясы негізінде өзінің өміршең екендігін дәлелдеген және уақыт сынынан өткен қазіргі заманға сай мемлекет құрылғандығын ерекше атады. Қазақстандық үлгі атанып кеткен тәжірибені әлі толықтай пайымдаудан өткізу қажет екенін уақыт көрсетіп отыр, деді К.Бұрханов осы ретте.
Сонымен қатар, пленарлық отырыста шетелдік сарапшылар да сөз алып, Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің барысына бағдар жасады. Біртұтас экономикалық кеңістіктегі интеграцияның перспективалары мен проблемаларын, болып жатқан үдерістердің барынша ашық та объективті болуы қажеттігін, ақпараттық жағынан қамтамасыз етілуін ортаға салды. Осы ретте Орталық Азия университеті зерттеулер институтының вице-президенті Енхун Хангук Сон (Оңтүстік Корея) өз баяндамасын таза қазақ тілінде жасағандығын да бөле-жара айта кеткен орынды.
Түскі үзілістен кейін талқылау секциялық отырыстарда жалғасын тапты. Оларда «Еуразиялық идея посткеңістік елдердегі интеграциялар мен халықаралық ынтымақтастық негізі», «Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстырушы көпір» және «Интеграциялық үдерістердегі халықаралық тәжірибе» тақырыптары жан-жақты қозғалды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.