Мұнай мен газға, уран мен көмірге бай Қазақстанның әлем елдерінің алдыңғы легінде «жасыл экономикаға» өтуге деген ұмтылысы сүйсінтпей қоймайды. Мұның дұрыс қадам екендігі жыл өткен сайын қуаттала түсуде.
«Тас дәуірі тастың таусылғандығынан аяқталған жоқ» деген қанатты сөзде айтылғанындай, бұл жерде мәселе біздің елде көмірсутегі қорларының аздығы мен көптігіне байланысты ғана емес екендігін, «жасыл экономиканың» адамзаттың ендігі жүрер жолына айналатындығын осы салада күнделікті ашылып жатқан жаңалықтарға қарап та аңғаруға болады.
Қазіргі кезде қоғамда «жасыл экономика» сөзінің мәнісін әркім әртүрлі түсінеді. Бірі мұны табиғатты сауықтырып, жақсартатын экономиканың жаңа саласы деп қабылдаса, енді бірі бұл сөзді жаңа технологиялардың негізінде табиғатқа көмектесуге және пайда келтіруге бағытталған экожүйенің өзіндік түрі деп есептейді. Үшінші біреулер экологиялық таза өнімдер өндірісін жаппай қалыптастыра отырып, адамзат дамуының жаңа кезеңіне өту деп ұғады.
Әрине осы түсініктердің барлығы «жасыл экономика» мағынасына өте жақын.
«Жасыл экономика» – бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ пайдаланылған өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл экономика» бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған ресурстарды (мұнай мен газ секілді пайдалы қазбаларды) үнемді тұтынуға және күн мен жел қуаты секілді сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға қызмет етеді» деп жазылған бұл жайында Электронды мемлекеттік қызметтер мен Жасыл коалиция сайттарында.
Сонымен «жасыл экономика» таза өнімдер шығаруға негізделген «жасыл» технологияларға арқа тірейді. Қазақстандық мамандардың пікірінше, «жасыл экономиканы» дамыту, көптеген индустриялық дамыған елдер бастан кешкен экологиялық дағдарысты біздің елде болдырмауға мүмкіндік береді.
Біз әлем халықтары тұтынатын қуаттың 85 пайызы мұнай мен газ және көмір арқылы алынатындығын білеміз. Сондықтан Жер шарында олардың аса зор өндірістері қалыптасқан. Бұл өндірістер оларды үдемелі түрде өндіруге қол жеткізе алды. Дегенмен, сарапшылардың мәлімдеуінше, адамзаттың ендігі жүретін жолы бұл емес. Өйткені егер біз осы жолмен жүре берсек, олардың негізгі қорлары 40-100 жылдың арасында таусылатындығы белгілі болып отыр. Мәселен, мұнай қорлары 40-50 жылда, газ қорлары 80 жылда, уран қорлары 80-100 жылда, көмір 400-500 жылда таусылуы мүмкін. Ал Қазақстан өзінде бар көмірсутегі қорларын тек бір өзі пайдаланатын болса, олардың ғұмыры бұдан да ұзақ мерзімге жетпек. Бірақ біз оларды тұтынып отырған кезде әлем елдері басқа қуат көздеріне толықтай көшіп үлгіретін болады.
Біз қазіргі күні қуаттың 42 пайызын көмірден, 39 пайызын газдан, 17 пайызын мұнайдан алудамыз. Ал жел, күн, биомасса секілді жаңғырмалы энергия түрінен алатын үлесіміз әзірге 1 пайызға да жетпейді. Демек, адамзат қазірдің өзінде күн мен жел, биомасса қуатын пайдалануға, сол үшін олардың өндірісін жолға қоюға үлкен ұмтылыс танытып отырғанда, бізге қолдағы барды малданып, қарап отыра беруге болмайды. Өйткені күллі дүние өзгергелі тұр.
Әлемде қазіргі күні үстемдік құрып тұрған үдемелі өндірістік даму экономикасының болашағы жоқ екендігін басқа да көптеген факторларды ауызға ала отырып дәлелдей беруге болады. Өйткені бұл экономика, көптеген сарапшылардың мәлімдеуінше, адамзаттың табиғатпен үйлесімді дамуын бұзды. Соның салдарынан жер бетінде табиғи шикізат тапшылығы туындағандығы өз алдына, әуеге улы газдар тарап, қоршаған ортаға едәуір зиян келді, өзендер мен көлдер ластанды, адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін көптеген аурулар бас көтерді. Демек, әлемге қожайындық жүргізіп келе жатқан қазіргі экономика енді алысқа бара алмайды.
Сонымен алдағы уақытта бұл экономиканың орнын тіршіліктің қандай түрі басуы тиіс?
Бұл сұрақ қазір саясаткерлер, экономистер мен сарапшылар және қоғам арасында жиі талқылануда. Дегенмен адамзат қауымы, өкінішке қарай, бұл мәселе жөнінде ортақ бір ұйғарымға келіп қалғанымен нақты іс барысында алауыздықтан арыла алмай отыр. АҚШ-тың Климат жөніндегі Париж келісімінен (бұрынғы Киото хаттамасы) шығып кетуі соның бір дәлелі.
Көптеген экономистер мен сарапшылардың мәлімдеуінше, адамзаттың ендігі болашағы «жасыл экономика» арқылы өрістеуі тиіс. Мәселен, 2012 жылдың маусым айында Рио-де-Жанейро қаласында өткен халықаралық конференцияда «Біз көргіміз келетін болашақ» атты декларация қабылданып, онда жаһандық дамудың жаңа бағыты ретінде адамзат қауымына «жасыл экономикаға» көшу ұсынылды. Өйткені оның қалыптасу және даму қағидаттары да адамзаттың ендігі таңдауына сәйкес келетіні айқындала түсуде. Ол қандай қағидаттар?
«Жасыл экономика» теориясы төмендегідей үш қағидатқа табан тірейтін көрінеді. Бірінші, шектеулі кеңістікке шексіз әсер етуге болмайды. Екінші, ресурстардың шектеулілігі жағдайында тұтынудың шексіз өсуін өтеу мүмкін емес. Үшінші, жер бетіндегі барлық заттар мен әрекеттер бір-бірімен өзара байланыста болады.
Сонымен «жасыл экономика» дегеніміз, бұл – қазіргі экономикалық ғылымның бір саласы. Оның ғылым ретінде қалыптасқанына жиырма жылдай ғана уақыт өткен екен. Бірақ соған қарамастан ол қазіргі күні теориядан практикалық кезеңге жедел өту үдерісін бастан кешуде. Әлемде жасыл технологиялардың пайда болуы уақыт өткен сайын жиілеп, ол технологиялар тіршілік пен тұрмысқа енгізіліп, жылдан-жылға қарқын ала түсуде. Соның ішінде, әсіресе, күн мен жел, биомасса қуаттарын өндіруге ерекше екпін берілуде. Мәселен, 2015 жылы әлемде 51 ГВт күн қуатын өндіретін қондырғылар орнатылса, мұның 15 ГВт-ын бір ғана Қытай орнатқан. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, нақ осы жылы Қытай күн қуатын игеру жағынан әлемде бірінші орынға шығып отыр. Ал 2016 жылы әлемде 76 ГВт-лық күн қондырғылары орнатылды деген дерек бар. Салыстыру үшін айта кетейік, Ресейдің жарты ғасыр бойы орнатқан атом стансаларының қуаты 26 ГВт электр қуатын өндіруге ғана жетеді екен.
Сондай-ақ қазіргі күні адамзат өзіне қажетті электр қуатының 6-7 пайызын желден алуда. 2020 жылы оның көлемін 1,4 мың тереватт-сағатқа (1 тереватт-сағат 1 миллиард киловатт-сағатқа тең), жеткізу жоспарланса, 2030 жылға таман 2,4 мың тереватт-сағатқа немесе жаһандық тұтыну мөлшерінің 9 пайызына дейін жеткізу көзделіп отыр. Ал енді бір дерек бойынша, атап айтқанда Жел энергиясы жөніндегі әлемдік кеңестің мәліметі бойынша 2030 жылға таман жаһандық энергетикалық өндірісте жел энергиясының үлесі 20 пайызға жетпек.
Жел қуатын өндіруге, әсіресе, Еуропа мемлекеттері барынша мән беруде. Мәселен, Дания қазірдің өзінде жел генераторларының көмегімен барлық электр қуатының 40 пайызын, Португалия – 23, Испания – 16, Ирландия – 14, Германия 8 пайызын өндірсе, біздің елімізде бұл көрсеткіш 0,5 пайыз деңгейінде ғана болып отыр.
Сөйтіп жасыл құрлық елдерін жел энергиясы бойынша басқа өңірлерден оқ бойы озық келеді деуге де болады. Мұны деректер де қуаттайды. Жел энергиясы жөніндегі әлемдік кеңестің сарапшылары жел электр стансаларының 44 пайызы Еуропада, 31 пайызы Азияда, 22 пайызы Солтүстік Америкада шоғырланғандығын келтірген.
Жасыл технологиялардың әлемдік нарығындағы көшбасшылардың бірі Германия болатындығы қазірдің өзінде белгілі бола түскендей. Өйткені оның үлесіне әлемдегі барлық патенттелген экологиялық технологиялардың 20 пайызға жуығы және жаңғырмалы энергетика саласындағы технологиялардың 30 пайыздан астамы тиіп отыр.
Міне, осындай жағдайларды ескере келе біздің елдің басшылығы осыдан бес жылдай уақыт бұрын «жасыл экономикаға» өту жөнінде шешім қабылдап, оның тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдама 2050 жылға дейінгі уақытты қамтитын үш кезеңнен тұрады. Соның ішінде 2020 жылға дейінгі уақытты қамтитын бірінші кезеңнің міндеті қорларды пайдалануды оңтайландыру және табиғат пайдалану қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру болып отыр. Тұжырымдама су ресурстарын орнықты пайдалану; орнықты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту; энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру; электр энергетикасын дамыту; қалдықтарды басқару жүйесін енгізу; ауаның ластануын азайту; экожүйелерді сақтап қалу және тиімді басқару секілді жеті бағыттан тұрады. Міне, осыларға қарап-ақ болашақтың экономикасы қайда бағыт ұстайтындығын аңғаруға болады. Болашақта қазір ысырап болып, далаға төгіліп жатқан қалдықтардың өзі үлкен шикізат көзіне айналып, экономика мен тұрмыс қалдықсыз негізде жұмыс істеуге кіріседі. Мұның экологиялық жағдайдың жақсаруына үлкен әсері болады.
Ал енді жасыл технологияларды енгізуде нақты қандай практикалық қадамдар бар дегенде, Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін, онда қойылған отандық өнертабыстар легін, сондай-ақ еліміздің әр өңірлерінде орнатылып жатқан жел диірмендері мен күн табақшаларын айтуға болады. Әзірге, біздің елімізде жасыл технологияларды енгізіп, адамдарды оқытып-үйретуде жұмысы біршама жүйеге қойылып, көзге түсіп отырған ұйым – Салтанат Рахымбекова басшылық жасайтын «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» ұжымы. БҰҰ-ның осы бағыттағы қызметтерімен ынтымақтастық орнату негізінде бұл ұйым қарапайым халықтың пайдалануына негізделген жасыл технологиялардың елімізге келуіне ықпал етіп қана қоймай, өз коалицияларын құру нәтижесінде ел өңірлерінде оларды қолдануды үйрететін жеті орталық ашты. Оларға халықаралық ұйымның шағын инвестицияларын да тарта білді. Мәселен, Астана маңайындағы Арнасай ауылындағы технологиялық орталықта 35 технология игерілген. Олар үйдің шатыры секілді жабық шағын орынжай ішінде арнаулы шамдар орнатып, оларды күн орнына пайдалана отырып, көкөністер өсіруге қол жеткізу, биогаздан қуат алу, күн, жел қондырғыларын орнату арқылы қуат өндіру әдістерін үйретеді. Қазіргі уақытта бұл технологиялар ауылдағы кооперативтер мен жеке тұрғындардың ықыласын оятып, қолданылу үстінде.
Міне, бұл қоғамдық негіздегі ұйымның елімізде «жасыл» технологияларды таратуда жасап жатқан тірлігі. Енді Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуіне орай шағын несие алушылар саны биылғы жылдың өзінде екі есе өсетіндігіне байланысты бұл коалицияның жұмысы одан әрі жандана түседі деген ойдамыз.
Міне, осындай жағдайда күш-қуаты қоғамдық негіздегі ұйымға қарағанда әлдеқайда мол еліміздегі іргелі өндірістік құрылымдар қандай жұмыстар тындыруда? Мәселен, бізде мемлекеттің толық билігінде жұмыс істейтін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бар. Бүкіл отандық ірі компаниялар мен кәсіпорындардың кілті осы қордың қолында деп айтуға болады. Бұл қор соңғы жылдары менеджментті жақсартуға негізделген трансформация бағдарламасымен белсене шұғылданып келеді. Бұл істе жеткен біршама жетістіктері де бар секілді. Білуімізше, қор құрамындағы компаниялар білікті кадрлармен қамтыла бастаған. Оларды жұмысқа қабылдау, іріктеу, қызметте жоғарылату үдерісі ашық және конкурстық негізде жүргізілетін болған. Қаржы қызметін жүргізу ісі әлемдік озық стандарттарға негізделген. Шығынды азайта отырып, пайда кіргізуге ұмтылыс танытылуда. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз.
Бүкіл әлем жедел өзгеріп келе жатқан қазіргі заманда менеджменттік трансформациямен ғана үздіксіз шұғылдана беруге болмайды. Бұл енді қор қызметіндегі түбегейлі жолға қойылған қалыпты жай үдеріске айналуы керек те, қордың стратегиясы әлем экономикасында жүріп жатқан өзгерістерге қарай бағытталуы керек. Мәселен, қордың бүкіл әлемде шапшаң қарқынмен дамып келе жатқан жасыл технологияларды енгізуде қандай жаңалықтары бар? Қор басшылығының қолында «жасыл» технологияларды енгізуге, «жасыл экономиканы» орнықтыруға негізделген белгілі бір тұжырымдамалық немесе бағдарламалық құжат бар ма? Үкімет әзірлеген «жасыл» экономиканы дамыту тұжырымдамасына қосар үлесі қандай болмақ? Бізді міне, осы сұрақтар қызықтырады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»