Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы 2009 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол негізінен ауылдық елді мекендердегі кадр жетіспеушілігін жоюға бағытталған.
Республика тұрғындары, әсіресе жастар қауымы бұл бастаманы ерекше ықыласпен қабылдаған болатын. Аталған жоба аясында ауылдық елдi мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға 70 айлық есептік көрсеткішке тең көтерме жәрдемақы (ол бүгінгі күні 168 мың теңгені құрайды) және 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада (ол 3,6 млн теңгені құрайды) тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие түрiнде әлеуметтiк қолдау шаралары көзделген.
Жобаның іске асырылуы мамандардың ауылға көптеп баруын ұлғайтуға мүмкіндік беруде. Мысал үшін айтар болсақ, осы жоба қолға алына бастаған алғашқы кезеңде ауылдық елді мекендерге шамамен 3300 маман барса, қазір бұл көрсеткіш жылына 6000 маманға дейін өсіп отыр.
Дегенмен ауылдық елді мекендердің тұрғындарымен кездесу барысында қабылданып жатқан қолдау шараларына қарамастан, ауылдық аймақтарда әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешендерінің мамандарына тапшылық бар екенін байқадық. Бюджеттік несиелердің жыл сайын жеткіліксіз бөлінуі салдарынан ауылға келіп жатқан мамандар уақтылы кезекте тұрып, әлеуметтік қолдау ала алмауда, бұл өз кезегінде контингенттің белгілі бір бөлігінде тіпті шиеленіс туғызуда.
Біздің ойымызша бұл мәселе бюджеттік несиеге қажеттілікті барынша қамту арқылы ғана шешіледі. Өкінішке қарай, 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік өтінімдеріне сәйкес 2018 жылға арналған бюджеттік несиелерге нақты қажеттілік 19 млрд теңге бола тұра, ол тек 13,7 млрд теңге көлемінде бекітілді. Осындай шалалық кімге керек?
Бүгінгі күні ауылдық аймақтарда кадр жетіспеушілігі мәселесі бар екені баршамызға аян. Өйткені білікті жас мамандар тұрмыстық жағдайдың жоқтығынан ауылға барғысы келмейді, ал жасы жеткен кадрлар зейнеткерлікке шығуда. Жалпы, еліміздің аймақтары қазір 2006 маманға зәру, оның ішінде білім саласына – 860, денсаулық сақтауға – 768, мәдениетке – 101, спортқа – 67 және агроөнеркәсіп кешеніне 153 маман керек. Бір ғана Қарағанды облысы 98 маманға зәру.
Жақында Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде ел игілігіне арналған ұтымды жобалар ұсынды. Соның ішінде басым бағыт – ел ертеңі саналатын жастарға бағытталған. Осыған орай, «Дипломмен – ауылға» жобасының аясында жас мамандарды ауылға тарту арқылы шалғай елді мекендердің тамырына қан жүгіртуге арналған осы бағдарламаны жетілдіру мақсатында: 1.тиісті сарапшылардың қатысуымен мониторинг жүргізіп, бүгінгі таңда ауыл мұқтаж болып отырған мамандықтардың тізімін жасау; 2. ауылдық жерлерге білікті кадрларды тарту мақсатында көтерме төлемақының 70 айлық есептік көрсеткішін 150 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру; 3. аталған жобаға республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыны барынша арттыру қажет деп санаймыз. Осы мәселелер Үкімет басшысының атына депутаттық сауал ретінде жолданды.
Рысқали ӘБДІКЕРОВ,
Сенат депутаты