Қарашаның 29-ы күні Парламент Сенатының Төрағасы Қ. Мәми бастаған қазақстандық делегация Түркияның көне ескерткіштерге бай Невшехир провинциясына ұшып келді. Невшехир провинциясының губернаторы А.Савашпен болған кездесуде қазақстандық делегацияның басшысы түркиялық бауырлардың қонақжайлықтары үшін алғыс білдіре келіп, ежелгі өркениеттің отаны саналатын өңірдегі мәдени жауһарлардың қай-қайсысы да адамзат баласы үшін баға жетпес байлық болып табылатынын жеткізді.
Тарихы, тілі мен діні, мәдениеті мен өнері ортақ бауырлас түрік елі біз үшін дәйім ыстық болып қала береді. Қазақ елі егемендік алғаннан кейін қысқа уақыт ішінде Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып Түркияның тануы қазақ пен түрік жұртының бір-біріне деген достық пейілі мен адалдығының тағы бір көрінісі еді. Ал бүгінде екі елдің арасындағы сан-салалы байланыстарымыз қарқынды дамып, стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеріліп отыр.
Қ.Мәми өзінің сөзінде мұндай оң үрдіске тарихы көне дәуірден бастау алатын Невшехир өңірінің де қосып жатқан өзіндік үлесі мол екенін атап өтті. Түркияда бірінші болып қаланың орталық көшелерінің біріне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімінің берілуі – осының айқын айғағы болып табылады. Өз кезегінде еліміздің рухани орталығы – Алматы көшелерінің бірі Түркияның 90-шы жылдардағы Президенті Тұрғыт Өзалдың есімін иеленді. Қазақстан Түрік Республикасын экономикалық әлеуеті зор, әлемдік сахнада беделі жоғары, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет деп таниды. Бұл жетістікке жетуде туристік әлеуеті жөнінен Түркияның жетекші аймақтарының бірі – Невшехирдің де маңызды орын алатыны сөзсіз.
Бұл ретте А.Саваш басқарып отырған өңірдің туристерді тарту мен оларға барынша қолайлы жағдай жасаудағы, осында орналасқан тарихи ескерткіштерді сақтаудағы бай тәжірибесімен танысып, үйрену қазақстандық тарап үшін қашанда қызықты екені атап көрсетілді. Сондай-ақ Невшехирдің Қазақстан қалаларының бірімен бауырластық байланыстарын орнатуға барлық мүмкіндіктер бар екені де айтылды. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – мәдени-гуманитарлық саладағы қатынастар екені назардан тыс қалмады.
Мәселен, айтар болсақ, бүгінгі күнге дейін түрік тіліне 35-тен астам қазақ тіліндегі туындылардың аударылуы шығармашылық байланыстардың мұнан кейін де үйлесімді жалғаса беретініне сендіреді. Олардың ішінде Абай мен Жамбылдың, Мағжан мен Мұхтардың, сондай-ақ қазақ әдебиетінің қазіргі өкілдерінен Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов сияқты қаламгерлердің еңбектері ерекше орын алады. Сонымен қатар, Елбасы кітаптарының түрік оқырмандарына жетуі осы салада жемісті жұмыстың жалғасын тауып жатқанын айғақтайды.
Тек қана аударма саласы ғана емес, тараптар ортақ тарих, әдет-ғұрып, мәдениет пен тіл біртұтастығын қамтитын гуманитарлық салаларда да көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Бұл игі дәстүрді жалғастыру мақсатында бүгінде ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Ақсақалдар кеңесі тәрізді заманауи жобалар аясында да жемісті ынтымақтастық дамып келеді. Соның бір дәлелі ретінде жақында Астанада ТүркПА-ның Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясының отырысы өтіп, «Білге-Қорқыт» бағдарламасының жобасы қарастырылғаны тілге тиек етілді. Бұл түркі тілдес елдер азаматтарының келешекте мәдени, білім, ғылым, технология салаларында жан-жақты білім алуына, сондай-ақ бауырлас халықтарды жақындастырып, ортақ тарих, тіл мен мәдениетті жандандыруға жасалған бірегей жоба болып отыр.
Кездесуден кейін қазақстандық өкілдер өңірдің тарихи-мәдени орындары мен көрікті жерлерін аралады. Невшехирдің ежелгі тарихы оның Нисса, Мушкара атауларын алға тартады. Көне заманда негізін хеттер қалаған шаһардың Рим мен Византия қол астында мың жылдан астам болғанын айғақтайтын таңбалармен қатар, 1071 жылы селжұқтар иелігіне өткенін, одан кейін 1308 жылы моңғол ильхандары иемденгенін тарқататын тарихтың өткен іздерінен Қараманоғұллары мен Дхулқадыроғұллары басқарған кезеңнің де кескіндері кертілмей жеткен. Қаланы ХVІ ғасырдың басында осман түріктері жаулап алғаны, XVII ғасырда Мушкара атауының Невшехир болып өзгергені сияқты деректер тарихтың тылсым сырында әлі де аршылмаған жаһұттар молынан кезігетініне иландырады.
Қаланың қасындағы Каппадокия сынды әйгілі жерасты шаһарын көруге Жер шарының түкпір-түкпірінен жыл сайын сандаған туристер ағылып келіп жататын көрінеді. Селжұқ заманының бірегей сәулет туындысы Кайя мешіті мен қала цитаделі, XVIII ғ. салынған Дамат Ибраһим Паша кешені, тағы сол сияқты көптеген тарихи құндылықтар Невшехирдің мәдени дәулетіне әлем қызығушылығын оятып отырғаны тағы шындық. Зерттеуші-ғалымдар қала аумағынан бір мезгілде 6 мың адам сыятын 30-ға жуық лабиринт тауып, түрік өркениетінің өрісін кеңейтіп тастапты. Бір ғажабы, сол лабиринттердің бүгінде жұртшылық алтауына кіріп, тамашалай алатын болған. Ендеше, тарихи ескерткіштерін түгендеп жатқан Қазақ елі үшін де бұл жақтан үйренер үлгілер аз емес сияқты. Тарихтың тағылымын табан асты етпей, талай ұрпаққа табыстап келе жатқан осы шаһардағы бір көшенің Қазақ елі басшысы есімімен аталуы да тегін болмаса керек.
Қ.Мәмидің Түркияға ресми сапары барысында Невшехирдің Ортақисар ауданындағы туристер өте көп өтетін қиылыста «Қазақстан» бульварының тұсаукесер рәсімі өтті. «Қазақстан» бульварының лентасын қияр тұста Төраға: «Бұл – символикалық жағдай», екі елдің қарым-қатынасында мұндай тарихи оқиғалардың болуы заңды да, өйткені біз туысқан елдерміз. Осындай шешім қабылдаған түрік азаматтарына ризашылығымызды білдіреміз», деді. «Қазақстан» аты берілген бульвардың ұзындығы 8,5 шақырым. «Бұл – біз үшін үлкен қуанышты жәйт. Қазақ-түрік ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлкен үлесіміз болып табылады», деді тұсаукесерде Ортақисар ауданының мэрі Әли Ихсан.
Осы күні кешкісін Анкарада Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Түрік Республикасының Президенті Абдолла Гүлмен кездесті. Оның соңы Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған қабылдаумен, «Мэриот» қонақ үйінде қазақстандық өнер шеберлерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ – Түркиядан.