• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Сәуір, 2018

Елімізде ажырасу деректері жылдан-жылға өсіп келеді

2107 рет
көрсетілді

Дәстүрлі қазақ қоғамында ерлі-зайыптылардың ажырасу деректері сирек кездескенін әлеуметтанушы ғалымдар жоққа шығармайды. Ата-бабаларымыздың өмірге үлкен жауапкершілікпен қарай білгені, соның арқасында өзіне лайықты жар таңдай алғаны осындай жағымды жайтты қалыптастырды десек, қателесе қоймаспыз.

Сонымен бірге халқымыздың тұрмыстық дағдысына о бастан сіңіскен «бесік құда», яғни алдын ала атастырып қою дәстүрі де ажырасу дерегінің мейлінше аз болуына әсерін тигізген секілді. Отбасын бұзу дәстүрлі қазақ ортасында күнә саналған. Бұған жол берілмеуіне некесін қидыртқандардың өздері де, ауыл ақсақалдары да мүдделі болған.

 Бүгін ше? «Бұл ән бұрын­ғы әннен өзгерек» дегендей, қазіргі кезде елімізде ажырасу деректері жылдан-жылға өсіп келе жатқаны ешкімге де құпия емес. От­басы – шағын мемлекет деп жатамыз. Отау құрып, жас шаңырақтың уығын көтер­ген жастардың некелері не­ғұрлым берік, мықты болса, жүздеген, мыңдаған «шағын мемлекеттерден» тұратын мемлекетіміздің мерейі де соғұрлым биік, асқақ болмас па?! Рас, өмірдің аты өмір. Келісу де, керісу де, та­ту­лық та, ажырасу да, көз­дің жасы да, жақсы кө­ру­дің жалғандығы мен ма­хаббатың баянсыздығы да кездесіп тұратындығы өмір­дің жазылмаған заңы іспеттес. Бұдан ешкім бас сау­ғалай алмайды.

Әлемдегі бар­лық елдердің тұрғындарына тән шаңырақтың шайқалуы мен некенің бұзылуына да осындай шынайы көзқарас тұрғысынан ой жүгірткеніміз жөн. Дегенмен отбасын құр­ған жастар мен ерлі-зайып­тылардың арасында айырылысу деректерінің жиі кездесуі қынжылтпай қоймайды. Осындай жағымсыз жайт жиі орын алып жүрген өңір­лердің бірі – Ақтөбе облысы. Мемлекеттік мекемелерден алынған кейбір деректерге сүйенсек, 2016 жылы өңірде 6761 жұп заңды некеге тіркелсе, 2017 жылы 6693 жұп отбасын құрып, ер­лі-зайыпты болуға ықылас таныт­қан. Сөз жоқ, бұл – игі нышан. Бас қосуға ниет біл­дірген жастардың өздеріне де, ата-аналарына да көл-көсір қуаныш сыйлайтын құтты қадам.

Осылай деп көңілдегі кө­рік­ті ойды әрі қарай жал­ғас­тыр­ғың келеді-ақ. Әйтсе де олардың ажырасу көрсеткіші алдыңғы жағдайда – 2455, кейінгі жағдайда 2603-ті құрап отырғанын ескерсек, қайран көңіл су сепкендей басылады. Яғни бұл деректің өзі өңірдегі отбасын құруға ниет еткен әрбір үшінші жұп аз уақыт өтпей-ақ айырылысып үлгергенін көрсетеді. Мұның өзі айтуға да, жазуға да өте ауыр, көзге жас, көңіл­ге мұң келтіретін статистика. Осы арада олардың дәм-тұз­дарының жараспауына жас отаудың іргесі бекімей жатып, жалп етіп құлап түсуіне әсер еткен басты себептер­ қандай деген сауалдар көлденеңдей береді.

Батыс Қазақстан медиа­ция орталығының кәсіби медиа­торлары мен психолог мамандардың және судья­лардың пікірінше, бүгін­гі жастардың арасында отбасын құру жөніндегі жауапкершілік сезімі төмен. Адамның ғұмыры оның дүниеге келуі, отбасын құруы және өмірден өтуі делінетін ең басты үш кезеңнен тұ­рады. Соның алдыңғысы мен соңғысы адамның өз ер­кінен тыс, табиғат-ананың құ­ді­ретінен болатын үрдіс. Тек бір жағдайда ғана жас адам еркін таңдау алады. Бұл оның жар таңдап, отбасын құру мәселесі. Өкінішке қарай бүгінгі жастар көп жағдайларда осы жалғыз мүмкіндіктің өзін жіберіп алады. Тіпті мұның өзі де ештеңе емес-ау, бірқатар жұп­тардың түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ажырасып кеткенін көргенде жүрегің қан жылайды. Сонда олар үшін ажыраса салу ойыншық болғаны ма, неке үшін күресу әрі оны сақтап қалу керек емес пе дейді кәсіби медиатор Елена Козлова.

«Жаңылмайтын жақ, сүрін­­­бейтін тұяқ жоқ» дей­ді­ хал­қымыз. Жаңылысу да,­ қателесу де, кей кезде аяқ­­ты шалыс басу да адамзат баласының бәріне тән нәр­се болса керек. Мәселе сол қателіктерді дер кезінде ұғынып, сезіне білуде, өз қателігінен тиісті сабақ ала алуында емес пе?! Әлеумет­танушылар қазіргі жастардың бір бөлігінің бойында осындай қасиеттердің кемшін түсіп жүргенін алға тартады. Екінші бір дүниетанымдық көз­қарас тұрғысынан қарас­тырсақ, отбасын құру үшін үйленетін немесе тұрмысқа шығатын жұптарды қателесті деп кінә тағудың өзі қисынсыз секілді көрінеді.

Бүгінде қоғамда өмір сү­ріп жатқан әйел адамдардың ара­сында эгоцентристік, яғни қазақы түсінікке салғанда менмендік көзқарас басым түсіп бара жатқанын бай­қауға болады. Мұндай көрініс ер адамдардың басында да болады. БАҚ-тағы жария­ланымдарға көз салсақ, қазір­гі қоғамда әйелдер құқығы бір­шама нығайған. Бұрын отбасы, бала-шағасы үшін қан­дай қиындыққа да көніп, қан­дай азапқа да төзіп, күйеу­лерінен айырылысып кетуді қош көрмейтін әйел бұл за­ман­да өзі үшін де өмір сү­руге болатынын түйсінген сыңайлы.

Бұл жағдайды дұрыс емес деп кешіп-пішіп айтуға бола ма? Өйткені ерлі-зайыптылардың белгілі бір уақыт өте келе бір-бірімен тү­­сінісе алмау себептерін бас­қаша бір қырынан алып қарасақ, олардың ажырасуы – көзқарастары бір-бірімен сәйкес келмейтін, бір-бірімен тоғыспайтын екі адам­ға еркіндік беру, жандарына тыныштық сыйлау болып шықпай ма? Бірқатар ажырасқан жұптардың сөз­­деріне сүйенсек, олар ажы­расқаннан кейін өкпе-реніш пен айқай-шудан құ­тылғандарын айтады. Жұп­тары жараспады деп сірә осындайда айтылса керек. Ке­рісінше өмірде алғаш­қы некеде бір-бірімен дәм-тұздары жараспаған жұптардың екінші қайтара отбасын құрған кезде тәп-тәуір үйлесіп кететіні де белгілі болып отыр. Бұдан шығатын түйін, ажырасудың басты себебі екі жақтың бірін-бірі жете білмеуінен әрі түсінбеуінен, соның салдарынан асығыс шешім қабылдауынан болатынын болжай аламыз.

Талас жоқ, бүгінгі жастар­дың отбасын құруға әзір бо­луы өте қажетті мәселе. Олар үйленіп, тұрмысқа шық­­пас бұрын жақсылап ой­лануы қажет. Солай дей тұрсақ та қыз-ғұмыр қыз­ғал­дақтың ғұмырындай өте қысқа екені де белгілі. Сон­дай-ақ «жігіттің жаманы жиырма бесінде тақасын қисайтады» деген сөз бар. Оның мағынасы жиырма бес жастан асқан соң бойдақтық дәурен алдан шығады деген ұғымға келеді. Сонымен бірге үйлену мен тұрмыс құрудың, ерлі-зайыпты атанудың әзір тұрған үлгісі жоқ екені де кей жағдайларда сәтсіздікке ұшыратуы әбден мүмкін.

Сонда не істеу керек? Отбасын құру – өмір заң­дылығы. Соған бас иіп ерлі-зайыпты атанғандардың үштен бірі айырылысып кетіп жатса, оған қарсы қоятын қандай амал, қандай тосқауыл бар? Біз оны таба аламыз ба? Көрнекті жазушы, драма­тург Рахымжан Отарбаев ру­хани ағасы, сырлас, сыйлас серігі, жазушы Несіпбек Дәутайұлына төмендегідей аманат айтыпты.

«...Қоштасар сәтте: «Аға –деген Рахымжан, – сізге бір аманат. Ол мынандай. Ер­лі-зайыптылар ажырасады, араларында бір ақ күшік бар. Ажырасқандардың арасында әрлі-берлі жүгіреді де жүреді. Соны жазып көресіз бе, мен алып шыға алмадым. Қолайыма келмеді білем». Жаздым «Ақ күшікті», по­весті. Көңілі ояу, көзі қарақ­тылар жабылып оқып жатыр. Классик жазушымыз Тө­лен Әбдіков айтса, бүгін­гі әде­биетіміздегі үздік шығар­ма­ның бірі. Рахымжан болмаса оны мен қайдан алатын едім», дей­ді Н.Дәутайұлы.

Бәлкім, ажыраспақ немесе қайта қосылмақ ойлары бар ерлі-зайыптылар да «Ақ кү­шік­ті» оқып шыққаны жөн шы­ғар.

Осы орайда ерлі-зайыпты­лардың ажырасуынан да қо­ғамға ауыр тиетін тағы бір әлеу­меттік мәселе бар. Дү­ниеге келген бейкүнә сәбилер мен балалардың тағдыры, болашағы не болмақ? Тәжіри­белі психолог Дильяра Темір­баеваның айтуынша, мұндай жағдайда ең ауыр зардап шегетін, ең ауыр соққы алатын сәбилер мен балалар көрінеді. Ол ажырасу туралы шешім қабылдау кезін­де ерлі-зайыптылардың бала­ларының алдағы өмірі мен болашағы туралы ойлана бермейтінін қынжыла отырып жеткізді. Бұл ретте ер-азаматтардың өзінің кіндігінен өмірге келген перзенттерге алимент төлеуден бас тартуы әрі әйелдердің көп жағдайда психологиялық көмекке жүгінуге мәжбүр болуы – тағы бір тақырыптың еншісі.

Жалпы алғанда ажырасу көрсеткіштері мен де­рек­те­рінің өсуі бірқатар фак­тор­ларға байланысты еке­нін бағамдауға болады. Оның кейбір мысалдары жоғарыда айтылды да. Бұ­ған қосарымыз ажырасу көрі­ністері белгілі бір елдің әлеуметтік-экономикалық да­­му деңгейіне байланысты екені де талас туғыза алмайды. Отбасын құрған жастар бірінші кезекте дербес бас­панадан қиындық көретіні белгілі. Отағасы немесе ша­ңы­рақ иесі – отбасының асыраушысы. Ол уақытында белгілі бір жұмысқа орнала­суға қол жеткізе алмаса, бұл жағдайдың өзі де шаңырақтың шайқалуына соқтыруы әб­ден мүмкін. Әйтсе де соң­ғы уақытта тұрғын үй құрылы­сына кең тыныс берілгені белгілі. Тұтастай ел аумағы алып құрылыс алаңына ай­нал­ғаны аталған мәселенің оң шешілуіне үлкен сенім туғызады. Президенттің Үн­деуінде қойылған бес бас­тама жас отбасылардың дер­бес баспанаға ие болуына, олардың арасында жұмыссыздық деңгейі әжептәуір төмендеуіне септі­гін тигізері анық.

Соның ішінде ажырасу дерегі көбірек тіркеліп отыр­ған Ақтөбе аймағында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тоғыз жүз мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл шамамен 8000 пәтер деген сөз. Оның басты бөлігі жас отбасылардың үлесіне тиесілі болатынына сенім артқымыз келеді. Сонда өңірдегі ажырасу деректері де азая түсері хақ.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ