• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2011

Алматы Универсиада астанасы атанды!

359 рет
көрсетілді

Кешкі қалалық газеттерде болмаса, таңертең жарық көретін күнделікті басылымдарда «бүгін...» деп сөйлеу салты қабылданбаған. Өйткені, таңертеңгілік газеттер әдетте ең жедел дегенде кешегі күннің кешкі оқиғалары жайында жазады. Ал бұл жолы біз бүгін, яғни 30 қарашада жеткен хабарды жариялағалы отырмыз. Түнгі сағат 1-ге жақын қал­ғанда,  «Егемен Қазақ­стан­ның» беттеріне қол қойыл­ға­лы жатқан шақта Бельгия астанасы Брюссельден сүйін­ші хабар алдық. Қазақстанның әлемге ке­ңі­рек танылуына септігін тигізетін, еліміздің даңқын асы­ра­тын тағы бір жақсы жаңалық келіп жетті: Университеттік спорттың халықаралық феде­ра­циясы (FISU) 2017 жылғы Универсиаданы Алматы қала­сында өткізу жөнінде шешім қабылданғанын жария етті. Бұл оқиға Еуропа уақытымен кешкі 19-да, Астана уақы­ты­мен түнгі 12-де болды.  Сол кезде FISU президенті Клод-Луи Гальен Алматы қала­сы­ның әкімі Ахметжан Есімовке 2017 жылғы Универсиаданы өткізу құқын жеңіп алған қа­ланың сертификатын табыс етті. Маңызы мен ауқымы жө­нінен Олимпиялық ойын­дар­дан кейінгі екінші орында тұ­ратын бұл жаһандық жарысты өткізуге таласушылардың соң­ғы мәресіне екі қала шыққан еді. Оның бірі Алматы, екіншісі Италияның Тренто қала­сы болатын. Кеше Алматының анық артықшылығына және елдегі экономикалық дағда­рыс­қа байланысты Италия үкіметі Универсиадаға Тренто кандидатурасын алып тастау жөнінде шешім қабылдағаны хабарланды. Сондықтан Ал­ма­тының 2017 жылғы Универсиада астанасы атануы авто­мат­ты түрде жүзеге асты. Ахметжан Есімов Брюссельде Алматының өтінім ко­митетінің тұсаукесері кезінде бұл шешімге байланысты қала басшылығы Универсиаданы ең жоғары деңгейде өткізуге бар күшін салатынын айтты. «Бұл үшін бізде барлық жағ­дай бар. Біріншіден, Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан қол­дау көріп отырмыз. Әлемдегі дағдарысқа қарамастан, біздің еліміз қарқынды дамып келеді. Біз Азиадаға барлық ха­лық­аралық стандарттарға сай келетін жаңа спорт нысан­дарын тұрғыздық. Оған FISU комиссиясы жоғары баға берді. Бұған қоса біз 2017 жылғы ойындарға дейін жаңа мұз са­райын саламыз», деді Ахметжан Смағұлұлы тұсаукесерде. FISU президенті Клод-Луи Гальеннің Қазақстанға, Алма­тыға қатысты айтқан сөздері әрбір отандасымызды мерейлендіреді деп ойлаймыз. «Мен Алматы Универ­сиа­дасы тамаша өтетіндігіне сенімдімін. Өз тарапымнан бұ­ған барлық қолдауымды көр­се­темін. Енді сіздің еліңіз Уни­версиададан кейін не бо­ла­тынын ойлай бастауы керек. Сіздердің Қысқы Олимпия­лық ойындарды өткізуге өті­нім беруге толық мүмкін­дік­теріңіз бар деп ойлаймын», деді кеше FISU президенті. Айтқаны келсін! Тәуелсіздігіміздің жаңа та­бысы құтты болсын, ардақты ағайын!