• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Сәуір, 2018

Қоғамдық орындар және өрт қауіпсіздігі. Жылына бір рет тексеру аздық етпей ме?

1240 рет
көрсетілді

Ресейдің Кемерово қаласында 64 адам, оның ішінде 41 бала қайтыс болған өрттен кейін Қазақстан белсенділері сауда ойын-сауық кешендеріндегі өрт қауіпсіздігін күшейтуді талап ете бастады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде мұндай кешендердің саны 1150-ден асады.      

2017 жылы жүргізілген дүниежүзілік өрт статистикасының мәліметтеріне сенсек, Қазақстанда былтыр мың адамға шаққанда өрттен 26,7 адам (бір жылда 386 адам) қайтыс болыпты. Сондай-ақ республикамыз 172 мемлекеттің ішінде өрт қаупі жоғары мемлекеттер арасында 68-орынға жайғасыпты. Айта кету керек, еліміз өрт қаупі ең жоғары екінші топқа кірген.

ІІМ ТЖ комитеті өкілдерінің айтуын­ша, былтыр Қазақстанда 27 мың объект тек­серіліп, 469 млн теңгеге айыппұл салынған. Сондай-ақ төтенше жағдайлар депар­таменті Астанадағы 3 сауда ойын-сауық орталығынан  қауіпсіздік ережесі бұ­зылған 32 жағдайды анықтады. Депар­таменттің хабарлауынша, елордада 117 сауда объектісі қаупі жоғары деңгей бойынша есепте тұр. Оның ішінде 83 сауда үйі, 9 сауда ойын-сауық кешені, 25 базар бар. Ал былтыр тө­тенше жағдай департаментінің қызмет­кер­лері 46 тексеріс жүргізіп, 9 сауда ойын-сауық кешенінің алтауын тексер­ген. Оның үшеуінен 32 ереже бұзу жағ­дайы анықталып, үш адамға айып­пұл салынған. Биыл Астанада 50 орта­лық­та өрт қауіпсіздігі ережелері тексеріл­мек. Алматы әкімі Бауыржан Байбек те Алматыдағы сауда ойын-сауық ор­та­лықтарын тексеруді тапсырды. Бұл қа­лада 128 сауда ойын-сауық орта­лығы, 46 базар, 170 қонақ үй, хостел­дер мен 2 мыңнан астам қоғамдық тамақ­тану орындары, 300-ден астам денсау­лық сақтау нысаны, 700-ден астам  бала­бақ­ша, 200-ге жуық орта мектеп бар. Пре­мьер-Министр Бақытжан Сағынтаев та елі­міздегі барлық сауда ойын-сауық ор­та­лықтарын тексеруді тапсырған болатын.

Тексеру тек жоспарлы болуы керек

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божконың айтуынша, халық көп баратын барлық нысандар өртке қарсы қауіпсіздік қадағаланатын нысандардың бірінші категориясына жатады. Ондай нысандар жыл сайын тексеріледі. Бұл тәртіп жеті жыл бұрын енгізілген.  Кемероводағы оқиғадан кейін де халық көп жүретін сауда ойын-сауық кешендеріндегі өрт қауіпсіздігін тексеру туралы тапсырма беріліп жатыр. Бірақ оның орындалуына қатысты бір мәселе бар екенін де айта кеткен жөн.

ТЖ комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Битановтың айтуынша, заң бойынша сауда ойын-сауық орталықтарында тексеріс жылына бір рет жүргізіледі. Сондай-ақ «негізсіз және жоспардан тыс» тексерулер жүргізілмейді. Ал бұл тәртіп оған алдын-ала дайындалуға мүмкіндік беріп отыр. Себебі кезекті тексеру уақыты туралы кәсіпкер алдын-ала біліп отырады. «Жарты жылдық тексеру кестесі Бас прокуратураның сайтында жарияланады. Ал тексеру болмай тұрып 30 күннен бұрын субъектіге алдағы жоспарлы тексеріс туралы міндетті түрде ескертіледі», дейді ІІМ ТЖК өкілдері. Олардың айтуынша, тексеруге барған инспектор тексеру парағын көрсетеді және сол параққа енген талаптар ғана тексеріледі.

ІІМ ТЖ комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, комитет қызметкерлері сауда ойын-сауық орталықтарын жылына бір рет қана тексере алады. «Маңызы аз объектілер жылына 3-4 рет тексеріледі немесе мораторий бойынша мүлдем тексеріс болмауы мүмкін», деді ол. Ресми мәліметтерге сүйенсек, сауда ойын-сауық кешендеріндегі соңғы жоспарлы тексерістер былтыр жүргізілген.

Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин еліміздегі сауда ойын-сауық орталықтарында қайғылы оқиғаларды болдырмас үшін алдын-ала жоспарлы түрде тексеріс жүргізілетінін айта келе, мұндай тәртіппен кейбір келеңсіздіктер реттеліп қоюы мүмкін екенін жасырмады. Бізде мораторий халық көп баратын нысандарға қатысты емес. Сол себепті жоспарлы тексерістер тұрақты түрде жүргізіледі. Ереже бұзғандар анықталған жағдайда оларды жауапкершілікке тарту үшін сот органдарына береміз. Бұл жерде бизнестің жауапкершілігінің маңызы зор. Біз бизнесті тексеріс болатыны туралы алдын-ала құлақтандыруға міндеттіміз. Олар болса тексерушілер келгенге дейін кейбір кемшіліктерді жоюға тырысады. Тексеруші кеткеннен кейін күзет фирмаларының қызметкерлерін азайту арқылы қаржы үнемдеу үшін эвакуациялық есіктерді жауып қоятындар бар, деді Ю.Ильин.

Тексерулер барысында өрт қауіпсіздігі бойынша ереже бұзушылық анықталса, мәліметтер сотқа жіберіледі. Қажетті талаптардың орындалмағаны үшін басшылық қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қайта тексеру барысында ереже бұзушылық анықталса 50 АЕК, яғни 120-250 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Халық өзі «тексеріс» жүргізе бастады

Интернет қолданушылар халық көп жиналатын жерлердегі өрт қауіпсіздігін өздігінен тексеруді бастап кетті. Бір ай бұрын Алматыдағы Мега орталығының бірінде есіктердің тарс жабулы екенін жазған адвокат Джохар Утебеков әлеуметтік желілердің бірінде Астанадағы Mega Silk Way орталығында да сондай жағдайдың бар екенін айтты. Бұл сыннан кейін Астана мен Алматыдағы Мега орталығының директоры Нұрлан Смағұлов Алматыдағы орталықтардың бірінде өрт қауіпсіздігі бойынша оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді. Журналистердің айтуынша, жаттығу кезінде балалар ойнайтын алаңдағы музыканың қатты қосылып тұрғанынан ғимаратты босату туралы хабарландыру естілмеген. Сондай-ақ ғимараттағы өрт сөндіру жүйесі толығымен автоматтандырылған. Өрт шықса, бірден есік ашылып, дабыл қосылып, өртті сөндіру басталады екен. 

Нұрлан Смағұловтың айтуынша, бір ғана Мега орталығына күніне 20-25 мың, демалыс күндері 50 мың адам барады. Барлық Мега орталығына жылына келушілер шамамен 36 млн-ды құрайды екен. Сол себепті ол Алматы ТЖД-мен жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы меморандумға қол қоюға дайын екенін айтты.

Министрлік жазбаша өтініш пен фактілерге дәлел болса, халықтың өрт қауіпсіздігінің сақталмағаны туралы мәліметтеріне құлақ асуға дайын екенін айтып отыр. Дегенмен, ІІМ қызметкерлері жоспардан тыс тексеріске тыйым салынғанын алға тартты. Яғни, сауда ойын-сауық орталықтарындағы келеңсіздіктер туралы халықтың шағымдарына жылдам жауап беру қиынға соғады екен. Себебі мұндай тексеріс үшін ресми сауал жолданып, Бас прокуратура арқылы жүзеге асырылуы керек.

Бас прокуратура елдегі барлық сауда нысандарын тексеруді тапсырды

Өткен аптада Бас прокуратура өртке қарсы қызмет органдарына республика бойынша барлық сауда нысандарын 2 сәуірден бастап жоспардан тыс тексеруді тапсырды. Үш айға созылатын тексеру барысында аумағы 1,5 мың шаршы метр және одан үлкен 1151 нысан қамтылмақ. Бас прокуратураның талабы бойынша сауда нысандарынан басқа мектепке дейінгі тәрбие мен оқуды жүзеге асыратын жеке мекемелер, сондай-ақ жалпы білім беретін оқу орындары тексеріледі.

ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мәселелері жөнінде өткен брифинг барысында Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Жасұлан Ақтаев ІІМ Бас прокуратураға хат жазғанын айтты. «Шаруашылық нысандарына өрт қауіпсіздігі бойынша бақылау жүргізілетінін айта кеткіміз келеді. Ресейдің Кемерево қаласында өткен соңғы қайғылы жағдайға байланысты біздің елде де біршама әлеуметтік дүмпу болғанын айта кету керек. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі Бас прокуратураға хат жазып, нысандарды, атап айтқанда ойын-сауық орталықтарын, сауда үйлерін жоспардан тыс тексеруді сұраған еді. Қазіргі таңда тиісті тапсырма беріліп, осы қатардағы нысандарды тексеру жұмыстары жүргізілгелі жатыр», деді Ж.Ақтаев. Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігі бойынша келесі санаттағы нысандар тексерілетін болады. Олар: өртке қауіпті өндірісі бар кәсіпорындар, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету нысандары, мұнай базалары мен мұнай өнімдерінің қоймалары, элеваторлар, білім беру нысандары, бір уақытта 200-ден көп адам баратын мәдени-ағарту, діни нысандар, спорттық кешендер, әуежайлар, темір жол, автокөлік вокзалдары, автожанармай құю бекеттері және газ қоймалары стансалары және сол секілді өзге де нысандар.

Брифингте Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бөлім бастығы Рамазан Бейсенғазинов ІІМ ТЖК еліміздегі ойын-сауық орталықтарында кинотеатрлар мен балаларды ойнатуға арналған орындарды 3-қабаттан жоғары ашуға тыйым салуды ұсынғанын атап өтті.  «Сауда орталықтарында кинотеатрлардың, балалардың демалуына арналған аумақтар туралы талаптардың бәрі сәулет, құрылыс және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік нормативтермен реттеледі. Демек, сауда орталықтарындағы ондай аумақтардың бірінші немесе екінші қабатта орналасуы жобалау сатысында шешіледі. Кәсіпкер төртінші қабаттағы аумақты бірінші қабатқа ауыстыра алмауы мүмкін. Бұның бәрі жобалау сатысында шешіліп қояды. Бірақ, көршілес елдегі қайғылы жағдайды ескере отырып, біз сәулет, құрылыс және қала құрылысына жауапты органға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, жұмыс тобын құру туралы бастама, яғни ұсыныс білдіріп отырмыз», дейді Р.Бейсенғазинов. Оның айтуынша, дәл сол ойын-сауық орталықтарында ережелерді қатайту бағыты ұсынылған. Комитет бұл ұсынысты құрылыс нормаларына енгізуге тырыспақ. Яғни, комитет ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлар мен балалар ойнайтын аумақтарды 3-4-қабаттан, 1- қабатқа ауыстыру туралы ұсыныс білдіріп жатыр. «Осы жайларды ескере отырып біз жауапты орган ретінде осы ұсынысты білдіріп отырмыз. Аталған норма қазіргі күні білім беру мекемелерінде, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде бар. Мысалы, бастауыш сыныптарды үшінші қабаттан жоғары оқытуға тыйым салынған. Осы талаптардың ізінше жаңа қызметтік ғимараттарды жеке категорияға бөлінетін болады», дейді ТЖК өкілі.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»