Қазақта «санасына берсін» деген сөз бар. Дана халқымыздың осы бір ауыз сөзінің төркінінде адам баласының ойы ашық, көкірегі зерек,өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілеті мен сезім түйсігі болғаны жөн деген ой жатқандай. Енді біз айтып отырған осы ой ашықтығы, көкірек зеректігі, өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілетін жаңғыртудың жаңа кезеңі келгендей.
Әр ұлттың өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан асыл ойлары мен ізгі амалдарын және де жақсы кісілік бітім-болмысын, салты мен дәстүр, ғұрпын сақтау бүгінгі күні жалпы адамзаттық үлкен мәселеге айналып отыр.
Елбасымыздың «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген қағидасы біздің ұлттық жаңғыруымыздың басты әрі мақсатты міндетімізге айналуы қажет. Бұл жағдай біздің ұлттық санамыздың кемелдене түсуіне, көкжиегінің кеңеюіне, бүгінгі және келер замандардың талабына сай болуымыздың алғышарттарының бірі екендігін ұғына түскеніміз абзал.
Ұлттық жаңғыру заңға бағынудан басталады. Өз елінің Ата заңына бағынбаған ұлттың болашақта барар жолы да алыс болмайды. Сондықтан еліміздің сот билігі де ұлттық жаңғыру мәселелеріне мән беруде.
Шын мәнінде, қоғам жаңғыруы үшін – оны белсенділікпен атқаратын адамның санасы жаңғыруы керек. Қоғамдық сана жаңғырмай, адамның болмыс-бітімі өзгермейді, рухани тұрғыда түлей алмайды. Оның бастау-бұлағында халқымызға тән ұлттық салт-дәстүрлер тұрғаны анық. Елбасы да рухани түлеудің тамырын тап басып, бағыт-бағдарын айқындап, даму жолдарын нақтылап берді. Мысалы, ол өз еңбегінде «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп тұжырымдады. Қазақстанның әрбір азаматының санасында жаңа серпіліс болу үшін, ол өзі еңбек ететін салада рухани жаңғыруды бастан өткеруі тиіс. Мәселен, сот жүйесінің рухани өрлеуінің алтын арқауы, өміршең өзегі – билердің әділ төрелігінде, шешендік өнерінде жатыр. Бала жастан адал тұрып, ақ сөйлеуді ар-ұяттың өлшемі деп білген бала билер сақа билердің өнегесін алып, әділ биліктің әліппесін ерте жастан-ақ терең меңгерген. Бүкіл бір елдің дауын бір ауыз сөзбен әділ шеше білген, туғанына тартпай, турашыл дана шешім шығарған сұңғыла билер ел ішінде аз болмаған. Сонау Майқы би заманынан халыққа кең тараған әділ билердің өнегелі билік шешімдері ғасырлар бойы үлгіге айналып келді.
Замана көшімен ілесіп бізге жеткен әділ қазы, адал билер жүргізген сот шешімдері әлі күнге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Олар ұстанған имандылық, адалдық, әділдік, турашылдық принципін бүгінгі судьялар да мықтап ұстанғаны абзал.
Шешендік өнер мен әділ билеріміздің бай тәжірибелері туралы жастарға неғұрлым терең ұғындырған жөн. Әсіресе болашақта заңгер боламын, құқық қорғау органдарында еңбек етемін деп алдына үлкен мақсат қойған жас буынға билердің өнегелі жолын оқытып, шешендік өнерге баулып, арнайы курстар оқытылуы қажет.
Тегінде, қазақтың шешендік өнерін барынша меңгеріп, билер сотының бай дәстүріне сай, ар мен адамгершілік өлшемінен аттамау абзал. Екі тарап та әділ биліктің шешімін мойындауы керек. Осыған қоғам барынша дайын болғаны жөн. Бұл біздің дәстүрімізде бұрыннан бар үрдіс. Ата-баба қанымен бойымызға сіңген құндылықтардың бірінен саналады. Өйткені бұрынғылар билер сөзін тыңдап, айтқанын екі етпеген. Бүгін де екі жақ психологиялық жағынан дайын болып, әділ сот шешімін мүлтіксіз орындауы тиіс. Осылайша сотқа жүгінген адамдардың құқықтық мәдениеті артқан сайын, сот жүйесіне деген сенімі де нығаяды, заңды сыйлауға машықтанады. Осы үрдіс Елбасы айтқандай, әділ сот жүйесіне деген ел-жұрттың құрметін арттыра түспесе, кемітпейді. Сондықтан біртұтас ұлтты қалыптастыру аясында тарих тереңіне көз жіберіп, өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізде мызғымастай сақталған билер сотының әділ төрелігінен таусылмас тағылым алғанымыз дұрыс болар еді. Яғни бүгінде төл тарихымызға, сан ғасыр жалғасын тапқан ұлттық әдет-ғұрпымызға барынша ден қою арқылы жас буынды, біртұтас өнегелі ұлт өкілдерін тәрбиелеу қажеттігі күн тәртібінен түспеуі керек. Елбасымыз айтып отырған қазақстандық бірегейлік, болашақтың біртұтас ұлтын қалыптастыру қағидасы сонда ғана түпкілікті шешімін табады деп білеміз.
Әр ұлттың өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан асыл ойлары мен ізгі амалдарын және де жақсы кісілік бітім-болмысын, салты мен дәстүр, ғұрпын сақтау бүгінгі күні жалпы адамзаттық үлкен мәселеге айналып отыр. Адамзат өмірі мен тұрмысына ғылым мен техника жетістіктері және ақпараттар ағыны араласқалы кез келген ұлттың санасына ауыр салмақ түсе бастады. Ол салмақ ұлттың санасына идеологиялық және саяси жүк болып артылғанын да бағамдар едік.
Әрине біз бейбіт өмірді де, кез келген халықтың өзіне тән ары мен ұятын, бітім-болмысын, халықтық сипатын сақтап қалуды қарулы қақтығыстар арқылы шеше де алмасымыз анық. Бұл орайда біздің Елбасының ұстанымы, кез келген даулы мәселені келіссөздер арқылы бейбіт жағдайда шешу және ендігі дүниені революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен өркендету мәселесін тағы да алға тартып, айтып отырғандығы бүгінгі жаһандану заманының әлемдік ұстанымына айналуы керек.
Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Еліміздің іргелі мемлекеттермен иық теңестіру үшін, рухани жаңару бізге аса қажет!
Салтанат АБЫЗБАЕВА, Ақтөбе қалалық сотының судьясы