2000 жылы бокстан Сидней Олимпиадасының ақтық сынына төрт қазақ жігіті шықты. Гүрзі жұдырықтар гүрсілінен жер шайқалғандай сұрапыл айқаста екеуі жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді.
Алып мұхит әлдилеген Аустралия жерінде өткен әлемдік дода қазақ бокс тарихын дүниежүзілік жылнамаға алтын әріптермен жазғызды. Көкөрім Бекзаттың жеңісі тарихи оқиға болды. Күтпеген сый десеңіз де болады. Сол 2000 жылдары мемлекеттік жаттықтырушы болған Серік Әбденәлиев ағамыз «Бапкерлер кеңесі Ермахан, Мұхтархан және Болат жүлдеге таласады деп үміт артты. Ал құрамаға жаңадан қосылған Бекзат Саттарханов пен Олжас Оразалиев бір-екі жекпе-жек өткізіп, тәжірибе жинақтаса болады» деп шешті» дейді.
Айтқандай, Ибрайымов, Ділдәбеков және Жұмаділов финалға дейін тізгін тартқан жоқ. Олардың қатарына қабырғадан ат ойнатып Бекзат қосылды. Қалғанын жұрт біледі. Мың жазылды. Мың айтылды. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Бекзат қапияда мынау әлемді тәрк етіп тастап кетті. Бекзат көзі тірісінде «неге қазақ жігіттерінен екі, үш Олимпия ойындарының жеңімпазы жоқ. Бұл белестен мен өтемін. Құдай бұйыртса, мен үш дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы боламын» деп бірнеше рет сұхбат берді.
Көпшілік «мұның қалай, артық айттың-ау» деген жоқ. Іштей тілектес болғанымен «Жас бала ғой әлі. Бұларға ірі сөйлеу жарасады. Олимпиаданың алтындары жолда шашылып жатқан жоқ» деп қоятын. Расында, шетелдіктер өнеріне «фантастика» деп таңдай қаққан Серік Қонақбаевтың өзі алтын ала алмаған Олимпиаданың жолы қаншалықты ауыр екендігін дүйім жұрт біледі.
Бекзаттың әкесі Сейілхан ағамызбен жақсы сыйласпыз. Әр сөзіне жауапкершілікпен қарайтын Бекзат жел сөздің адамы емес еді. Үш рет Олимп биігін бағындырамын дегенді неге сүйеніп айтты. Бір кездескенде соның себебін сұрадық.
– Бекзаттың Олимпиададан кейін уақыты болмай кетті. Жаңағы ойын біз де естіп жүрдік. Біз де оңашада ұлымыздан Сиднейде «қай жекпе-жек аса ауыр тиді?» деп сұрадық, – дейді Сейілхан аға.
Ширек финалдағы Рамаз Палианимен өткізген жекпе-жегін айтты.
– Әке, Рамаз Палиани – Еуропаның чемпионы. Халықаралық жарыстардан шаппай бәйге алып жүрген жігіт. Жасы жиырма жетіден асқан сақа боксшы. Қолдары балғадай. Екі-үш таза соққы өткізіп алғанда байқадым, тиген жерін уатып жібере жаздайды. Шынымды айтсам, балаңыздың шыбын жанын көзіне көрсетті. Жылдамдығымның арқасында ғана шалдырмай кеттім. Әке, сондай боксшыны жеңген сіздің ұлыңыз да жай жігіт емес қой. Ал үш дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы туралы айтқан сөзіме жауап берейін.
Сиднейде менің жасым жиырмада болды. Дене мүшелерім әлі толық жетілмеген. Отызға жақындаған Рамаздың бұлшық еттері білеудей, күші сыймай сыртқа ұрып тұр. Соққылары тиген заматта опырып жібере жаздайды. Ал менің білегім онымен салыстырғанда тым жіңішке. Көресіз, келесі Олимпиада да менің де білегім, бұлшық етім толады. Физикалық жағынан мықты боламын. Алла берген жылдамдығыма толысқан күшті қоссаңыз неге мен үш дүркін жеңімпаз бола алмаймын. Мен мұны көкірек керген мақтаныш, елдің көңілін аудару үшін айтқан жоқпын. Көзім жетіп тұр. Ойланып барып айттым, деді. Ұлының аз ғана уақытта тез есейіп, халықтың баласына айналып үлгергеніне сүйсінген Сейілхан әке пайымына көңілі толып, құшағына тартып мейірлене маңдайынан иіскеген екен.
Алайда арманы асқақ ұлды ажалдан арашалап қала алмағанына іші оттай жанады. Бәрі де күндізгідей көз алдында. 2001 жылдың жаңа күніне санаулы-ақ сағаттар қалған. Түркістан алаңы. Бекзат Саттарханов «Жыл адамы». Қарақұрым халық. Сәкең биік сахнада тұрған ұлына жете алмай жүр. Жастар Бекзатты қоршап алған, қолтаңба алуда. Сәкең сахна түбіндегі басқышқа жақындады. «Осы жерден күтіп аламын. Үйге алып кетемін. Жаңа жылды бірге тойлаймыз. Енді бос жүрісті доғар, боксқа орал деп айтамын», деп ойлаған.
Бекзатты ақыры таба алмады. Жұрт алдын бөгей берген соң сахнаның арт жағынан секіріп кетіпті. Барып шешесін, бауырларын құттықтаған. Шымкентке жол жүруі керек. Достары күтіп отыр. Қой-қойға қарамай шығып кеткен. Желден жүйрік машина сынаптай сырғып, жұлдыздай ағып келеді. Алыстан Шымкенттің оттары жымыңдаған. Таспа жолдың қоянжонданған жерінде машинаның руліне ие бола алмай қалыпты... Боздақ Бекзат осылайша бүкіл халықты опынтып кетті. Ойлы жігіт еді. «Үш дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы боламын» деп еді-ау. «Ел намысы – менің намысым» деді. Финалға ырым көріп Ермахан ағасының майкасын арт жағынан бір буып, киіп шыққан бозбаланың асқақ армандары орындалмай қалды. Әттең, опасыз дүние...
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»