1829 жылы Бөкейліктегі байбақты руының биі Шеркеш Жақсыбайұлын халық толқуына қатысқаны үшін Жәңгір хан тұтқындатып Текеге айдатқанда, Лашын атты тазысы бірге еріп, қанша қуса да қалмапты. Шеркеш би Орал түрмесінде бір жыл жатқанда «Қырықтұрбаның» алдында иесін күтіп, ақыры Сібірге бірге кетіпті деген аңыз бар. Бұл әңгімені Бірәлі Мергенов, Әйіп Бектасов қариялардың айтуынан белгілі тарихшы Исатай Кенжәлиев жазып қалдырған. Жапондық Хатикодан бір ғасыр бұрын иесіне адалдықтың ғажайып үлгісін көрсеткен Лашынға ескерткіш қойылмақ түгілі, естен шығып та кетті...
«Ит – жеті қазынаның бірі» дегенде қазақ иттің бәрін қазына демеген, тек қазақы құмай тазы ғана осындай құрметке лайық!» дейді оралдық Рауан Сатыбалдиев. Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала ауданында жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығын басқаратын Рауан бірнеше жылдан бері қазақы тазы тұқымын сақтау, өсіру, насихаттау ісімен айналысып келеді.
Ұлтымыздың басынан талай зобалаң өтті ғой. Байтал түгіл бас қайғы болған сол кездерде қазақы салт-дәстүріміз түгел жойыла жаздаған. Ал тазы жүгірту, құс салу – ақсүйектік өнер, серілік салт екені рас қой. Оның үстіне отызыншы жылдардағы репрессия адамның адал досын да айналып өтпепті. «Тері өңдейтін фабрикаға ит терісі керек!» деген ерекше тапсырмамен Қызылорда өңірінде ел ішінен 500 итті жинатқан екен. Сол байғұстардың 90 пайызы – таза қазақы төбет пен жарғаққұлақ тазы болыпты. Бір күнде қан-жоса болып сойылып, терісі «орталыққа» жөнелтілген сол қазақы иттердің тұқымы бұл күнде де жойылуға жақын. Өйткені жеті қазынаның бірі дегенімізбен, қазақы тазы мен төбетті сақтау, оны көбейту, тұқымын асылдандырып, ресми құжаттау әлі күнге бір ізге түскен жоқ. Сондықтан да болар, халықаралық кинология қауымдастығы реестрінде «қазақы төбет», «қазақы құмай тазы» деген ит тұқымы тіркелмеген. Құжаты болмаған соң асыл текті тазы не, көшедегі бұралқы ит не, бірдей ғой...
– Бұл саланың кем-кетігін санап айта бастасам, өзім итше ұлып кеткім келеді, – дейді Рауан. Өйткені тәуелсіздік алып, шекара ашылғанда тіл мен дінге келген нәубет тазы тағдырын да айналып өтпеді. Кеңес дәуірінен әупірімдеп аман жеткен текті иттің біразы шет асып кетті. Оның үстіне шетелден келген еуропалық салюкки, грейхаунд, хорты сынды ұшқыр иттер жергілікті итбегілерге жетісімен, байырғы тазылармен қосылып, онсыз да аз тазының қаны бұзылды. Ит ұстап, ұлттық дәстүрді жаңғыртады деген жігіттердің көбінің де ой-ниеті басқа. «Мынау қазақы төбет еді, жарғаққұлақ тазы еді, атамыздан қалған тұқымды сақтап, көбейтейін деп жүрмін» дегенді айтпайды. Қалай да төбелестен басқа итті жеңіп, жүлде алсам дейді. «Қазіргі байлардың араб аттарын, ағылшын аттарын әкеліп, бәйгеге қосқаны сияқты тірлік қой», деп күйінеді Рауан. Тек Рауан секілді санаулы азаматтар ғана таза қанды тазы тұқымын сақтап қалуға еңбек етіп, халықаралық кинологиялық қауымдастыққа мойындату үшін тер төгіп жүр.
Халықаралық кинологиялық қауымдастыққа қазақы ит тұқымын мойындату үшін не қажет? Обалы не керек, қазақ тазысын ғылыми зерттеп, санағын жүргізген биология ғылымдарының докторы, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері Аркадий Слудский сынды ғалымдар болған. Ол кісіден кейін Константин Плахов деген ғалым да бұл жұмысты жалғастырып, таза қанды қазақы тазылардың стандартын анықтауға көп еңбек еткен. Бүгінде қазақы тазының стандарты бекітіліп, Халықаралық кинологиялық қауымдастыққа тіркеу басталғанымен, отандық итбегілердің өз ішінде алауыздық көп. Қазақстанның әр облысы өз тазысын қазақы құмайдың эталоны ретінде қарап, бір ымыраға келер емес.
– Әлемдік тәжірибе бойынша жеке-дара тұқым болып бекітілуі үшін иттің түр-түсі, дене мүшелерінің өлшемі біркелкі болып, қатаң есептелуі тиіс. Барлық жанды мақұлық сияқты, иттің де селекциясы – ондаған жылға созылатын ғылыми жұмыс. Бұл істі шынында жекелеген волонтерлер атқара алмайды. Түрікменстандағы, араб елдеріндегі сияқты мемлекеттік қамқорлық керек бұл іске, – дейді Рауан Сатыбалдиев.
Иә, қазақ жеріндегі тазылардың стандарты бекітілгенімен, оны халықаралық қауымдастыққа мойындату үшін таза тұқымды тазылар санын 1 000-ға жеткізіп, арнайы реестрге тіркеу қажет. Рауанның есебінше, қазірдің өзінде қазақ даласындағы тазылар саны мыңнан кем емес. Бірақ әркім көрпені өзіне тартып, қалайда өз тазысын биік қою үшін қызылкеңірдек болып жүрер болса, бұл даудың жуық маңда бітпесі анық.
Оқырман «Жұрттың бәрін сынап отырған бұл жігіттің өзі не бітірді?» дейтін шығар. Рауан бастаған батысқазақстандық итбегілер 2014 жылы Орал қаласында тазылар көрмесін ұйымдастырған. Ол көрмеге Лидия Львовна Костюнина есімді итбегі маманды арнайы шақыртыпты. Ауыл-ауылда тазы ұстап жүрген жігіттерді де көрмеге алдыртып, олардың тазыларын маманға сынатыпты. Сол жерде тазыларды арнайы реестрге тіркеу, төлқұжат беру ісі басталған.
– Әттең, керемет бастама аяқсыз қалды. Қазір сол құжат алған тазылардың көпшілігі өліп қалған. Бар тазылардың құжаты жоқ. Асыл тұқымды иттерді тіркеу, сұрыптау ісімен айналысатын бірегей ұйым да жоқ, Қазақстан кинологтер одағы, «Қансонар» аңшылар бірлестігі, толып жатқан қоғамдық ұйымдар жұмысында бірізділік байқалмайды, дейді Рауан.
2017 жылы Рауан Сатыбалдиевтің бастамасымен Тасқалада тазылардың дала сынағы ұйымдастырылды. Жалпы, «дала сынағы» – асыл тұқымды иттерді сұрыптау, іріктеу, анықтау үшін аса қажетті шараның бірі. Көршілес Ресей Федерациясында, өзге өркениетті елдерде бұл іс әлдеқашан жолға қойылған.
Рауанның пікірінше, асыл тұқымды тазыны анықтау үшін екі сатылы сынақ шарасы өтуі керек. Оның біріншісі – ит көрмесі. Мұнда тазының дене бітімі, барлық өлшемдерінің стандартқа сәйкестігі сарапталады. Сынақтың екінші бөлігі – дала сайысында тазының алымдылығына, ұшқырлығына баға беріледі. Содан кейін ғана «мына иттен тұқым алуға болады» деген шешім шығуы тиіс. Өйткені түр-тұлғасы келіп тұрғанымен, аңға шабуға ешқандай құлқы жоқ иттер болады. Бұл да білімсіздіктен, теріс селекцияның әсерінен туындайтын жағдай.
Қазақы тазылар жарғаққұлақ және шашаққұлақ болып екіге бөлінеді. Аты айтып тұрғандай, шашаққұлақтың құлағында және құйрығының астында да шашағы болады. «Шашақ алар алмас, жарғақтан жан қалмас» дейді итбегілер. Яғни жарғаққұлақ тазы ерекше бағаланады. Өкінішке қарай, дәл осы жарғаққұлақ тазы жойылып бітуге жақын.
«Жүйелі жұмыс болса, жарғаққұлақ тазыны да қалпына келтіруге болар еді. Бірақ ол өте қиын!» деп басын шайқайды Рауан. Бірнеше жыл бұрын Ақтөбедегі итбегі досы Асылан Қаленов сыйға тартқан күшік Құндыз қазір қоян да ала бастапты. Қаншықтың ұйығатын уақыты жақындаған сайын Рауаннан маза кетіпті. Барынша таза қанды тұқым алу үшін жарғаққұлақ арлан іздеп, айнала сұрау салған. Он екі ауданды Оралдан ондай «күйеу» табылмады. Ақтөбеде Басар атты «жігіт» бар дегенді есітті. Уатсаптан суретін көрді, әріптестерімен ақылдасты. Ақыры Рауан жұмысынан бір апталық демалыс алып, Құндызын ертіп жолға шықты.
– Ақтөбеде тазы ұстайтын жігіттерді аралап, иттерін көрдім. Сосын біреуіне тоқтап, Құндызды Асылбекке қалдырдым. «Итімнің күйін келтіріп, ұйықтырып беру саған аманат!» деп кейін қайттым, – дейді Рауан.
Күнделікті ішіп-жемнің соңында жүрген талай адам біздің кейіпкеріміздің бұл тірлігін түсінбейтін де шығар-ау. Бірақ Рауанның қиялы жүйрік. «Ата-бабамыз жеті қазынаның біріне балаған тазыны Қазақстан Республикасының билігі ұлттық құндылық ретінде бағалап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекет қорғауына алса!» деп армандайды итбегі жігіт. Несі бар, ит жылы ескеруге тұратын ұсыныс емес пе?!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы