Дәл осы күндері елге инвестиция салуда көшбасшылықтың күміс жолын жүріп өткен «Теңізшевройл» ЖШС өзінің 25 жылдығын атап өтеді. Ауқымды шаралар компания қызметіне ғана емес, аймақтың да өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Қазақстанға осы саланың халықаралық стандарттары келді. Мұнай-газ кәсіпшілігінің мықты мамандары пайда болды. Өндіріске озық технологиялар әкелінді. Отандық экономикаға өркениетті әлеуметтік еңбек қатынастары енді. «Шеврон» компаниясы өзінің Қазақстан Үкіметіне берген уәделерінің үдесінен шықты.
Ал «Теңізшевройл» БК шежіресі 1993 жылдың 6 сәуірінен бастау алады. Алматы қаласындағы талай тарихи оқиғаларға куә болып келе жатқан Достық үйіндегі дөңгелек үстел айналасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы Кеннет Дерр бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды. Ол кезде бұл құжаттың құдіреті мен өлкенің дамуына үлесі өлшеусіз екендігін ешкім де анық елестете алмағаны даусыз.
Бұл әлі аяғынан тұрмаған жас тәуелсіз мемлекетке салынған тұңғыш ірі инвестиция болатын. Әлемдік саяси картада Қазақстан деген елдің пайда болғанына да 1,5 жыл ғана өткен-ді. Және америкалық алпауыт корпорация осы қадамы арқылы әлемдік қауымдастыққа екіұдай емес белгі берді: корпорация жаңа мемлекетпен жұмыс істеуге болады дегенді анық меңзеді.
Әрі Атыраудағы кен орны кешегі Кеңес Одағының мұнай-газ саласы тәжінің жауһары болатын. Және мұнай қоры көлемі жағынан әлемдегі ондықтан ойып орын алатын.
Каспий жағалауынан табылған Теңіз кеніші 1979 жылы ашылып, айналасы 2-3 жылдың ішінде жылына 3 миллион тоннадай мұнай алынса да, оның көлемін өсіруге, жаңа технологиялар сатып алуға аса қомақты қаражат керек еді. Және ондай ірі инвестиция құюға Кеңес өкіметінің қауқары келмеді. Ал мұндай алып жобаны еңсеруге «Шевронның» әлеуеті жететін.
Тарих дөңгелегін кері айналдыратын болсақ, 1988 жылы одақтың орталықтағы мұнай-газға қатысты министрліктері мен «Шеврон» корпорациясы арасында «Совшевройл» БК құруға қатысты хаттамаға қол қойылған. Өкінішке қарай, Теңіз кеніші Қазақстан аумағында орналасқандығына қарамастан, Мәскеудегі мәмілеге Қазақстан жағы қатыстырылмады... Тек Қазақстан Республикасы Президентінің тегеурінді талап етуімен ғана келіссөздер барысына қазақстандық мамандар қосыла бастайды. КСРО күйрегеннен кейін ғана Қазақстан келіссөздердің толыққанды келесі тарапына айналды. Нәтижесінде келешектік құжаттың өлшемдері, америкалық мұнай-газ алпауыты мен жаңа республикаға бірдей тиімді келісімшарттарға қол жеткізіледі.
Көп жылдар өткеннен кейін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол келіссөздерді еске ала отырып, былай деді: «Жиырма бір жыл бұрын мен бірінші рет Қазақстанға осы компанияны шақыра отырып, «Шевронмен» келіссөздер жүргіздім. Осы корпорацияның сол кездегі президенті Кеннет Дерр мырзаға қарама-қарсы отырып, салықтарға қатысты және оның қаншасы Қазақстанға тиесілі болатыны және кеніш аумағы туралы сауал қойдым». Ол маған: «Президент мырза, сіздерде заңдар да, мамандар да, технологиялар да жоқ. Біз неге үміт арта аламыз? Сіз бізді неге сендіресіз?». Мен оларды жерге қаратқан жоқпын деп есептеймін. Олар осы жерде, осы Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр... ».
Дағдарыс: бірақ бас тартуға болмайтын жобаРасында бүгінде Теңіз бен Королев кеніштерінен алынатын шикі мұнайдың көлемі бүкіл елде өндіріліп жатқан мұнайдың 34 пайызын құрайды. Өткен жылдың ортасында компания тарихи межесінен аттап, 3 миллиард баррель мұнай өндірді. Компания өзінің алғашқы миллиардына 13 жылдан кейін, яғни 2006 жылы-ақ қол жеткізіп қойған-ды.
Екінші миллиардтық межеге жетуге екі есе аз уақыт кетті. Бұл 6 жылдан кейін, 2012 жылы екінші буын зауытының (ЕБЗ) арқасында жүзеге асты. ЕБЗ 2010 жылы толық қуатпен жұмыс істей бастаған-ды. 2007 жылы шикі газды жоғары қысыммен жер қойнауына кері айдау зауытының (ШГА) құрылысы басталды. Шын мәнінде, бұл екі нысан да әлемде баламасы жоқ қондырғылар еді.
2017 жыл ТШО үшін белесті болды. Мұнай өндіру көлемі рекордтық 28,7 млн тоннаға жетті. Былтыр ТШО сұйытылған газ сату көлемін шамамен 1,38 млн тоннадан асырып, құрғақ газ сату көлемін 7,45 млрд текше метрге жеткізді. Ал күкірт сату көлемі 2,49 млн тоннаға көтерілді.
Осы арада мына бір маңызды мәселеге айрықша тоқтала кеткен жөн. 2013 жылы Қазақстан Үкіметі мен «Теңізшевройл» ЖШС өзара түсіністік туралы мәмілеге қол қойып, онда Теңіз кенішіндегі мұнай өндіру көлемін арттыруға қатысты екіжақты міндеттемелер көрсетілген болатын. Бұл меже Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының аясында жүзеге асуы тиіс еді. Алайда әлемдік қаржы дағдарысы бұл жоспарларды кейінге жылжытты. Іс жүзінде әлемнің барлық мұнай компаниялары өздерінің инвестициялық бағдарламаларын өзгертуге мәжбүр болды. Жалпылай алғанда, инвестициялық қаражаттың көлемі 1 триллионға дейін қысқарды. Өз кезегінде «Шеврон» да 2015 жылы бүкіл әлемдегі барлау, бұрғылау мен жаңа жобаларға жұмсалатын қаржысын 24 пайызға азайтты. Алайда компанияның Директорлар кеңесі Қазақстандағы Үшінші зауыт – Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасынан бас тартқан жоқ. Бұл күндері Теңізде әлемдегі ең алып құрылыс кестеге сай жүруде.
Үшінші буын зауыты – 2016 жылы ТШО серіктестерінің «Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын» (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыру туралы ақырғы шешіммен мақұлданды. Бұл 37 миллиард АҚШ доллары – 2016 жылғы мұнай-газ саласына салынған әлемдегі ең ірі инвестиция болды. Жоба Теңіз кенішіндегі жаңа ірі зауытты көтеріп қана қоймай, шикі газды тауарлық сапаға дейін өңдеп, ілеспе газды кері жер қойнауына қайтаруды да қарастырады. Мұнда мұнай-газ саласының ең озық технологиялары пайдаланатындығын баяндап отырудың өзі артық. Жоспар бойынша 2022 жылы ККЖ-ҰЕҚБЖ құрылысы аяқталады.
Жоба дүние жүзінің 11 елінде орналасқан 19 орталық арқылы жүзеге асады. Бұл зауыт мұнай өндіру көлемін жылына 12 млн тонна немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттыра отырып, мұнай өндірісінің жылдық көлемін шамамен 39 млн тоннаға немесе тәулігіне 850 мың баррельге жеткізуді көздейді. Әрі қолданыстағы нысандардың толы қуатпен жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етеді.
Егер технологиялық тұрғыдан Үшінші буын зауытының тиімділігі мен өндірістік пайдасын тізбектеп шығатын болсақ, оны газет көлемі көтермейді. Бірақ ККЖ-ҰЕҚБЖ оның алдындағы ЕБЗ мен ШГА нысандарына қарағанда инновациялық жоба. Оның құрал-жабдықтары мен қондырғылары бір ғана данадан және тек Теңіз кенішінің қажеттілігі үшін ғана жасалынады.
ККЖ-ҰЕҚБЖ құрал-жабдықтарының басым бөлігі Қазақстанда (Маңғыстау облысындағы «Ерсай» өндіріс алаңындағы құбыр эстакадалары), Оңтүстік Корея мен Италияда дайындалуда. Модульдер алдын ала құрастырылып болғаннан кейін теңіз жолымен кен орнына түпкілікті орналастыру үшін жеткізіледі.
Қазақстанның үлесіҚазір ККЖ-ҰЕҚБЖ нысандарында 30 мыңнан астам отандасымыз еңбек етуде. Бұл жобаның жалпы штаттық көлемінің 92 пайызы. Бұл мәліметті Алматыдағы баспасөз мәслихатында «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тед Этчисон да қуаттай келе: «Біз өз тарапымыздан жергілікті кадрлардың компанияға келуіне, бізбен әріптес бола отырып, өз стандарттарын көтеруге қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Біздер жергілікті қамтамасыз етушілердің тамаша мүмкіндіктері мен оның тамаша келешегін көріп отырмыз», деген болатын.
Келешек кеңею жобасы директорының қазақстандық тарабы жағынан орынбасары Айдар Досбаев ТШО-да компаниялардың кең базасы бар екендігін айтады. Яғни бұл сайтқа ТШО-ның талаптары мен өлшемдеріне сай келетін кез келген компания жазыла алады. Базада қазақстандық компаниялардың саны артып келе жатқан көрінеді. Тек қана Теңіз жобасы бойынша бұл тізімде 2 мыңнан астам қазақстандық компания бар. Қазірдің өзінде 1400-дей компания алдын ала квалификациялық іріктеуден өткен. 2022 жылға қарай ККЖ жобасы аяқталғанша бұл тізім тағы 400-дей компаниямен толығады деп күтілуде. Егер нақты әрекет етіп отырған компаниялар туралы сөз қозғайтын болсақ, тек ККЖ бойынша қазақстандық компаниялармен 500-ден астам келісімшарт жасалынған. 2010-2017 жылдар аралығында тек ККЖ бойынша қазақстандық қамтуға 3 млрд 527 млн қаражат жұмсалған.
Өз кезегінде ТШО консорциумдар мен шетелдік және қазақстандық бірлескен кәсіпорындардың білімі мен машығын көтеруге де көп мән беріп отыр. Мысал ретінде техникалық жобалау, бұрғылау, модульдер дайындау мен өндірістік үдерістерді автоматтандыру жөніндегі бірлескен кәсіпорындарды келтіруге болады. Жергілікті компанияларға мердігерлік алуға кедергі келтіретін әлсіз тұстары бар екенін де жасырмау керек. Нарық тұрақсыздығы кезінде құрылған компанияларға аяғынан тұрып кету оңай емес. Мәселен, Қашаған жобасы бойынша құрылған, өскен, кейін басқа жобаларға тартылмаған компанияларға тарауға тура келді. Осы аралықта олардың көбісі кадрларынан да, машығынан да айырылып қалды. Ендігі жерде қазақстандық компанияларға бұрынғы кәсіпқойлығын қалпына келтіру үшін көп жұмыс істеуге тура келуде.
Ал біз Атырау өңіріндегі журналистік сапарымызда ақпанның аязына қарамастан, алып құрылыстың қарқынын көріп, зауыттың астында қалатын, коммуникациялық, электр-желілік жер асты жұмыстарына куә болдық. Бұл бөлік алдағы күндері 3 миллион текше метр құм астында мәңгіге көрінбей қалады және зауыт тіреуіштерінің өзі 33 мыңға жетеді. Бұл айтуға ғана оңай. Түрлі жер асты, жер үсті озық техникалары жұмыс істеуде. Қысқасы, құрылыс кестеге сай, қатаң сапалық бақылау тұрғысында жүріп жатты.
Табыс керек, бірақ табиғат тазалығы мен қауіпсіздік көкейкестірекЖиырма бес жыл бойы Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатқан ТШО үшін екі мәселе аса маңызды. Біріншіден – өндіріс қауіпсіздігі қашанда өзекті болса, екіншіден оның табиғатқа зиянын мүмкіндігінше төмендету.
Қоршаған ортаны қорғау – компания үшін бірінші күннен бастап басымдыққа ие. Оның айналасында қаншама құжаттарға қол қойылды. Мәселен, ТШО-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтың «Біз меморандумдарға жай қол қоя салатын қағаз деп қарамаймыз» дейтін мәлімдемесінің астарында көп мән-мәселе, атқарылып жатқан ересен жұмыстар жатыр. Жұмысты қауіпсіз атқару – ТШО-ның басты құндылығы ғана емес әрі әрбір қызметкердің міндеті.
Дегенмен алып өндіріс орнында күрделі сәттер де жоқ емес. Өткен жылы 4 адам зардап шегіп, яғни ТШО мен оның мердігер ұйымдарының қызметкерлерін жоғалтқан төрт теріс оқиғаға қарамастан 94,6 миллион адам-сағаттан астам жұмыс атқарылған. Бұл әлемдік деңгейдегі үздік көрсеткіш болса да, ТШО барлық кезде ешбір оқиғасыз және жарақатсыз жұмыс ортасын қалыптастыруға бірінші кезекте мән береді. Және осы мақсат жолында үздіксіз жұмыстар тоқтамақ емес. Мәселен, ТШО-ның өзінде немесе оның мердігер ұйымдарында жұмыс істейтін кез келген адам бір жерден техникалық ақауды байқаса өндірістік процесті кідірте тұруға құқылы. Егер ол өз әрекетін дәйектей алса, ол қызметкерге ешбір жаза қолданылмайды. Керісінше қауіпті жағдаят негізделсе, тікелей бас директор тарапынан қолдау табады.
Сол сияқты қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауға қатысты Тед Этчисон мырза 2000 жылдан бері мұнай өндірісінің табиғатқа кері әсерін азайтуға бағытталған жобаларға 3 миллиард АҚШ доллары бөлінгенін атады. Осы аралықта өндірілген мұнайдың 1 тоннасына шаққанда ауаға жіберілген шығарындылар 70 пайызға азайған. 2000 жылдан бері газды алауда жағудың жалпы көлемі 99 пайызға азайып, газды кәдеге жарату үлесі 98 пайыздан асып түсті.
Не десек те, әлеуметтік жауапкершілікті әріптес болып табылатын әрі ел экономикасындағы ірі салық төлеуші санатындағы ТШО күміс тойына үлкен табыстармен жетті. Қазақстан Үкіметіне берілген уәделер үдесінен шықты. Жиырма бес жылдың ішінде қазақстандық қызметкерлерге төленген жалақы, қазақстандық қамту, отандық тауарлар сатып алу, тарифтер, тағысын тағы.., қысқасы мемлекеттік бюджетке бағытталған қаражат көлемі 8,5 миллиард АҚШ долларынан асты. 1993-2017 жылдар аралығындағы компанияның Қазақстан экономикасына қосқан үлесі 125 миллиард болды.
Ең бастысы, «Теңізшевройл» өркениетті еңбек қарым-қатынасын әкелді, мықты мамандардың легін өсірді. Қазірге баламасы жоқ мұнайды шын мәнінде адам баласының игілігіне қызмет еткізіп келеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы – Атырау – Теңіз – Алматы