«Жасампаз жандар өнер туындыларын жасаудан ләззат алса, өмірінің мәнін махаббат деп білетіндер сол өнерді тамашалаудан бақыт табады» дейді адам өмірінің мәнін зерттейтін психолог мамандар. Расында, жасампаздың жан дүниесі мен өнерге салған энергиясын сезіну үшін көрерменнің көкірек көзі ояу, жүрегі махаббатқа толы болуы керек.
Теоман Хос шығармашылығының бір ерекшелігі, оның ғажайып еңбектеріне бойлау үшін ішкі әлемің дархан даланың кеңдігімен үндесіп, жүрегіңде табиғатқа, тіршілікке деген сүйіспеншілік жатса болғаны. Суретшінің негізгі мақсаты, принципінің өзі осындай. «Туған өлкемнің пейзажын салғанда, Отаныма деген бар махаббатымды беремін», дейді ол.
Еліміздегі бейнелеу өнерінің майталмандарымен бірге түрлі мәдени шараларға қатысып, заманауи қазақстандық суретшілердің арасында өз орнын алған Теоман Хос Есік қаласында дүниеге келген. Есіктегі педагогикалық колледжге оқуға түсіп, оны 2007 жылы бітірген.
Өте жақсы педагогтардан тәлім алдым. Гүлнәр Базарбайқызы, Бұхарбай Бөгенбайұлы тәрізді ұстаздарым болашақ өміріме мықты іргетас қалады, – дейтін Теоман колледжді аяқтағаннан кейін-ақ суретші ретінде таныла бастапты. Қазақ ұлттық өнер академиясының станокты графика бөліміне оқуға түскеннен кейін бірер сәт шығармашылық жолы өзге арнаға бұрылып, режиссерлерден фильмге түсуге шақырту алған. 2012 жылы «Где-то на том конце линии» фильміндегі басты рөлі үшін арнайы жүлдеге ие болған өнерпаз, осы уақытқа дейін 31 фильмге түсіпті. Академияны бітірген соң Түркияның «Ak deniz» университетінің арнайы шақыруымен екі жыл бойы университеттің көркемөнер факультетінде бейнелеу өнерінен дәріс оқиды. 2014 жылы Қазақстанға оралып, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына жұмысқа орналасқан.
Суреттерді көбіне пейзаж жанрында қарындашпен және қылқаламмен салатын Теоманның жұмыстары табиғаттың өзіндей тірі, шынайы көрінеді. Афорт және литографияда да шеберлігін сынап көрген суретшінің жанына жақыны – қарындаш.
– Маған туған өңірімнің қарапайым табиғаты ұнайды. Мен салған суреттер көрерменге біздің ғажайып өлкеміздің сұлулығын көріп, сезінуді, сүюді, тамаша табиғатпен үйлесімде өмір сүруді үйретсе екен деймін. Қазіргі уақытта отандық суретшілермен бірге еліміздің түпкір-түпкірінде өзімнің еңбектерімді ұсынып жүрмін, – дейді суретші.
2015 жылы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі атанған Теоман Хос Қазақ хандығының 550 жылдығына орай елордада өткен көрмеге қатысқан. Ә.Қастеев музейінде өткен «Біздің дәуір» көрмесінде төрт бірдей туындысы ұсынылып, жоғары баға алды. Елімізде және Түркияда ұйымдастырылатын шараларға белсене қатысады. Шетелдерде де жеке көрмелерін өткізіп жүрген суретшінің көз тартар картиналарына қызығушылар – көбіне шетелдік коллекционерлер. Саф өнерді сүйетін қазақстандықтар да оның еңбектерін лайықты бағаға сатып алады.
Жақсы картина алдымен эстетикалық талғамның сұранысын өтеуі керек. Табиғат көріністері қарапайым халықтың қызығушылығына қарай дүниеге келген туынды дейтін де көзқарас жоқ емес. Алайда Теоманның қылқаламынан шыққан майда толқындар шексіздікке ұласып, қарындашының ұшынан туған қыстақтан сағыныштың лебі ескенде, оның талантына еріксіз тамсанасыз.
Нұрбану КАМАЛ,
журналист
Алматы облысы