• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Өнер 05 Сәуір, 2018

Қа­зақ ұлттық консерваториясында халықаралық заманауи музыка фестивалі өтті

1411 рет
көрсетілді

Құрманғазы атындағы Қа­зақ ұлттық консерваториясында халықаралық заманауи музыка фестивалі болып өтті. Бұл фес­тиваль әзірге Қазақстандағы заманауи музыканың бірден-бір мәртебелі мерекесі болып табылады. 

Алматыға еуропалық тыңдармандар арасында аты кеңінен танымал Сальваторе Шаррино және Тосио Хосокава, белгілі қазақстандық композитор Ақтоты Райымқұлова және Санжар Бәйтерековтер мейман ретінде шақырылған фестивальдің дәрежесі ең озық, соны бағыттағы музыканың орындалуымен айқындалды. Консерваторияның залдары мен оқу аудиторияларында қазіргі заманның жетекші музыканттары, музыкатанушылар мен ән-күй білгірлері XXI ғасырдағы му­зыка тілінде пікірталас жүр­гізіп, музыка әлемінің ең бас­ты мәліметтерімен, жаңал­ық­тарымен таныстырып, оның ең өзекті бағыттарын айқындап көрсету үшін жиналды. Жалпы мақсаты – жаңа академиялық музыканы дамыту, шығармашылық байланысты жандандыру, өнерді ой мен өмірдің құралы ретінде жетілдіре түсу, қазіргі заманғы музыкалық шығармаларды насихаттайтын бастамаларға қатысу.

 Фестивальдің концерттік бағдарламасы кең ауқымда жос­парланды. Оның аясында 12 қазақстандық және 4 шет­елдік премьера, сондай-ақ дә­рістер, тұсаукесерлер, ша­қы­рылған қонақтар мен қа­зақ­стандық музыканттардың шеберлік сағаттары өткізілді. Мәселен, Тристан Мюрай өз дәрі­сінде «Дыбыстан музыкалық композицияға» қалай өту ке­рек­тігін айтса, Клаус Лэнг тың­даушыларына «Махаббат және нота» тақырыбын ұсынды.

Заманауи музыка бағыт­та­рын қадағалап, бұл өнерді жа­ңаша же­тілдіру жолында із­деніп жүрген аты әлемге әйгілі ком­позиторлар Тристан Мюрай (Франция) және Клаус Ланг (Австрия), флейташы Марио Кароли (Италия), скрипкашы Владислав Песин (Ресей), «Nikel» (Израиль), дирижер Федор Леднев (Ресей), «Игеру» (Қазақстан) және Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік академиялық сим­фониялық оркестрі төрт күн бойы қаты­сушы­лар­дың қабілетін саралап, кө­рермендер алдында өздері де өнер көрсетті.

Заманауи музыка фестивалі Ал­матыда ғана өткізіледі. Фес­ти­вальдің нақты нәтижесі ретінде өздерін танытудың бірегей жолын іздеуден жалықпайтын музыканттар санының артуын, қазіргі заман музыкасы орындалатын концерттерден жаңа идеялар тапқысы келетін тыңдаушылар қатарының толыға түскенін атауға болады. Ендігі жерде заманауи музыка фестивалін ұлттық деңгейдегі мәдени іс-шараға айналдыру көзделіп отыр.

Айгүл Аханбайқызы, 

«Егемен Қазақстан»

Алматы