• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2018

Тіл сауаттылығына сақ болайық

711 рет
көрсетілді

Білім және ғылым ми­нистр­лігінің басшылығымен мектептерде жүзеге асырылу үстіндегі реформаны алдымыздағы заманға бүкіл ел болып дайындалудың үлкен бір шарасы ретінде атап көрсетуге болады. Алдымыздағы заман қандай заман? Мәймөңкелемей ашығын айтайық, ол – жұмыссыздық заманы.

Қазіргі күні әлемде күнделікті түрде ашылып жатқан жаңалықтар, шығарылып жатқан жаңа технологиялар бүкіл өндірісті, қызмет көрсету салаларын автоматтандыру мен роботтандыруға әкеліп тіреді. Осының екпінімен жер бетінде жұмыссыз адамдар қатары жылдан-жылға ұлғайып барады. Демек әрбір жұмыс орны үшін адамдар арасындағы бәсеке мен тартыс та жылдан-жылға күшейе бермек. Ендігі кезекте жұмыс іздеген адамдардың бір кәсіптен екінші кәсіпке, бір мамандықтан екінші мамандыққа ауысып отыруы дағдылы жағдайға айналмақ. Бұл, адамдарды өмір бойы оқып үйренуге, заман мен жеке өміріндегі өзгерістерге әркез даяр болуға итермелейді.

Министрліктің қазіргі қолға алып жатқан реформаларының, пәндерді бі­рін біріне кіріктіре отырып оқытуды қолға алуының, осының негізінде мектеп бағдар­ламасына заман талабынан туындайтын жаңа пәндерді (соның ішінде әлемнің ор­тақ тілі – ағылшын тілі де бар) енгізуінің жал­пы бағыты дұрыс деп есептейміз. Бұл бағ­дарламаның мәнісін көпшілік қазір түсін­бегенімен кейін түсінетін болады.

Бірақ бұл реформада қазіргі қоғамның жанайқайын тудырып отырған кілтипан бар. Ол – мектептердегі қазақ тілінің мәсе­лесі. Қазір байқасаңыз, мектептерде ағыл­шын тілін енгізуге ешкім қарсы емес. Тек ағыл­шын тілі мен орыс тілі қазақ тілінің еңсесін баспауын, ол үшін, ең алдымен, қазақ тілі мен әдебиетін дұрыстап оқытуды, баланың қазақ тілінде еркін сөйлеп, жазуын қамтамасыз етуді, содан кейін барып басқа тілдерді бірте-бірте баланың басын қатырмайтындай жағдайда енгізуді талап етуде.

Қазақ тілі – біздің ұлтымыздың басты құндылығы. Бірі емес, бірегейі. Кавказдағы грузин халқы таудың басындағылары төмендегілерінің тілін айқын ұға алмайтындай деңгейге түскенде, біздің ата-бабаларымыз осынау ұшы қиырына көз жетпейтін алып далада тілдің тазалығын, анда-санда кездесетін диалектілері болмаса, бөлінбес бірегейлігін, тұтастығын қалай сақтап қала алды?! Қарасаңыз, біздің әр өңіріміздің халқының ырым-тыйымдарында, тіпті ойлау жүйелері мен мінез-құлықтарында аздап та болсын ерекшеліктер кездеседі. Бірақ тілге, оның ұғымды беруіне келгенде бұлай деп айта алмайсыз. Демек қазақ тілі, бұл – қазақ халқын біріктіруші ең үлкен күштің бірі. Қоғамның біртұтастығының басты кепілі.

Жалпы кез келген дамыған, тәжірибесі толысқан, кемеліне келген елдің өмірлік ұстанымына қарасаңыз, онда ұлттық құндылықтардың ерекше орынға қойы­латындығын байқайсыз. Неге? Себебі тұр­­мыс та өзгереді, тіршілік жолдары да өзге­реді, экономика да өзгереді, керек десе­ңіз, мемлекеттің идеологиясы да өзге­реді. Өзгер­мейтін бір мәселе, ол – елдің бас­ты ұлт­тық құндылықтары. Өйткені сол ар­қылы ол – дара, сол арқылы ол – басқа халықтарға ұқ­самайды, сол арқылы ол – ұлт. Егер ол өзінің ұлттық құндылықтарын сақтай алмаса, онда жер бетінен ұлт ретінде жойылады. 

Міне осы шындыққа Білім және ғылым министрлігі, оның білім реформасын жүр­гізіп жатқан азаматтары жете мән берсе дей­міз. 

Егер мұғалімдер мен педагогика маман­дарының пікірлеріне сүйенсек, қазақ мектеп­теріндегі «Қазақ тілі» пәнінің жаңа оқу бағдарламасында әлемдік тәжірибеде толық орныққан, осы саладағы барлық елдің озық ойлы әдіскерлері негіздеген пәнді оқытудың ең басты 5 канонының (оқыту мақсаты, білім мазмұны, оқыту формалары, оқыту әдіс-тәсілдері, оқыту нәтижелері) жүйесі бұзылып отыр. Заман қалай өзгерсе де, қоғам қалай дамыса да сақталуы тиіс осы аталған канондардың ең басты ұйытқысы – Білім мазмұны. Қалғандары уақыт талабына сай үнемі дамып, жетіліп, өзгеріп отырады да, сол мазмұнды игертуге қызмет етеді. Егер мазмұн дұрыс болмаса, онда қалғандарын қанша түрлендірсе де, оның нәтижесі болмайды. Мазмұн жоқ жерде форма әлжуаздық танытады. Бір сөзбен айтқанда, қазақ мекте­біндегі қазақ тілінің реформаланған (жаңар­тылған) бағдарламасы еліміз латын әліпбиіне көшкен кезде, жалпыға тән сауаттылықты қалыптастыруда бұрынғы бағ­дарламаға қарағанда әлдеқайда әлсіздік танытады. Оның үстіне қазақ мектептерінде қазақ тілі сағат сандары да қысқартылған. Бұрын 5-7-сыныптарда қазақ тілі пәні 4 сағаттан оқы­тылса, қазір 3 сағаттан оқытылатын болған. Жаңа бағдарламаның басқа да еске­ретін тұстары бар екен. Біз бұл жолдарды мектеп мұғалімдері, қазақ тілі жөніндегі ғалым­дар, әдіскерлермен сөйлескеннен кейін ба­рып жазып отырмыз.

Демек Қазақстан мектептерінде (мейлі ол қазақ, мейлі орыс, мейлі ағылшын тіліндегі мектеп болсын) қазақ тілін дұрыстап оқытуды мықтап отырып шегелеу керек. Бұл, әсіресе, қазақ тілін білмейтін қазақтары көп біз секілді ел үшін қажет. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»