Бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев экономикалық өсім, еңбек өнімділігі, инвестициялар тарту, жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша 2018 жылға арналған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу мәселелері жөніндегі жұмыс кеңестерінің топтамасын бастады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.
Кеңес барысында Алматы қаласының әкімі Б. Байбек және Алматы облысының әкімі А. Баталов АӨК-ті, туризмді, сауданы, көлік және логистиканы, білім беру, денсаулық сақтау салаларын, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, индустрияландыру, технологиялық жаңарту және цифрландыру жұмыстарын жүргізу, инвестицияларды тарту және өнімді жұмыспен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Жиында мәселелерді талқылауға ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, ауыл шаруашылығы вице-министрі Г. Исаева және денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева қатысты. І тоқсан қорытындысы шығарылып, 2018 жылға арналған өсу нүктелері анықталды. Облыс әкімдерінің есептерін тыңдау жұмыстары жалғасуда.