• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Футбол 08 Сәуір, 2018

«Астана» «Ертісті» ойсырата жеңді

426 рет
көрсетілді

Өткен сенбі күні премьер-лига командалары Қазақстан чемпионатының төртінші тур ойындарын өткізді. Алдыңғы турларға қарағанда футболшылардың бабына келе бастағаны, техникалық мүмкіндіктері арта түскені байқалады. Төртінші турдың алты ойынында командалар голдан жаңбыр жауғызды. 23 гол! Əр ойынға шаққанда орташа есеппен 4 голдан соғылған екен! Әрине, өткен турмен салыстырғанда гол саны екі есеге көбейген.

Төртінші турдың орталық ойыны Павлодарда өтті. Жергілікті «Ертіс» командасы былтырғы ел чемпиондары «Астананы» өз алаңында қабылдап, жанкүйерлерінің алдында 1:6 есебімен тас-талқан болып жеңілді. Аталған кездесуде елорда командасының жас футболшысы Бақтиер Зайнутдинов хет-трик жасаса, 65-минутта Роман Мұртазаев есепті еселеді. «Астананың» тағы бір жас таланты Юрий Перцух 70-минутта командасының бесінші голын салды. Премьер-лига бойынша наурыз айының ең үздік футболшысы Марин Томасов ойындағы алтыншы голды қақпаға тоғытты. Ал алаң иелерінен Габриэль Эрнандес 90-минутта қонақтарға бір голмен жауап берді.

Бұл турдың ең тартысты ойыны Қостанайда «Тобыл» мен əлі жеңіс дəмін татпаған «Атырау» арасында өткен болатын. Матчқа дейін футбол мамандары «Тобыл» клубына үш ұпайды оңай бере салған еді. Алайда мұнайлы өлкенің футболшылары Қостанайға жеңіліс үшін келмегенін байқатты. Тіпті, бірінші тайм қорытындысы бойынша «Атырау» 1:2 есебімен жеңіп тұрған. Дегенмен, ойынның екінші бөлігінде алаң иелері басымдықты арттырып, қарсыластарының қақпасына 2 гол соқты. Қорытынды есеп – 3:2.

 Өткен турда «Ақтөбемен» тең ойнаған алматының «Қайраты» бұл турда «Ақжайықты» 3:0 есебімен жеңді. Əзірге Алматының командасы үшінші орында келеді. Ал Шымкенттің «Ордабасы» осы турда да жеңіске жетіп, 12 ұпаймен көш басындағы «Астанамен» иық тіресіп келеді. «Ордабасы» – «Ақтөбе» 3:1.

Көш соңында келе жатқан «Қызылжарды» өз алаңында 2:1 есебімен жеңген қарағандының «Шахтері» турнир кестесінде бесінші орынға көтеріліп алды. Ал Талдықорғанда өткен мачта «Жетісу» Қызылорданың «Қайсарын» 1:0 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайына қол жеткізді.

Төртінші турдың ойындары мынадай нəтижелермен аяқталды:

«Жетісу» – «Қайсар» – 1:0 (1:0), Джалилов Рауль, 24 (1:0). «Ертіс» – «Астана» – 1:6 (0:1). Бақтиер Зайнутдинов, 39 (0:1), Бақтиер Зайнутдинов 50 (0:2), Бақтиер Зайнутдинов 61 (0:3), Роман Мұртазаев 65 (0:4), Юрий Перцух 70 (0:5), Марин Томасов 88 (0:6), Габриэль Эрнандес – 90 (1:6). «Тобыл» – «Атырау» – 3:2 (1:2). Антон Шиндер, 22 (1:0), Марат Хайруллин, 27 (1:1), Нейн Джозеф, 40 (1:2), Антон Шиндер, 64 (2:2), Джаба Канкава, 68 (3:2). «Шахтер – «Қызылжар» – 2:1 (2:0). Дамир Кояшевич, 5 (1:0), Александр Мигунов, 9 (2:0), Братислав Пуношевац, 90+1 (2:1). «Қайрат» – «Ақжайық» – 3:0 (2:0). Исаэль Барбоса, 19 (1:0), Уго Сильвейра, 33 (2:0), Георгий Жуков, 81 (3:0). «Ордабасы» – «Ақтөбе» – 3:1 (2:1). Темірлан Ерланов, 14 (1:0), Тимур Досмағамбетов, 17 (2:0), Хрвое Милишевич, 44 (2:1), Иван Нагаев, 66 (3:1).

Төртінші турдың қысқаша статистикалық нәтижелері мынадай:

Төртінші турдың алты ойынын тамашалауға – 20 100 көрермен келді. Үшінші турда 14 900 жанкүйер келген-ді. Ең көп жанкүйер «Қайрат» – «Ақжайық» матчында жиналды. 7 100 жанкүйер. Ал ең аз жанкүйер «Жетісу» – «Қайсар» ойынына келді. 800 адам.

Төртінші турдың алты ойынында – 23 гол соғылды. Ең көп гол «Ертіс» – «Астана» матчында соғылды. 7 гол. Ең аз гол «Жетісу» – «Қайсар» ойынында соғылды. 1 гол. Бұл турда тең есеп тіркелмеді.

Төртінші турдың алты ойынында футболшыларға – 18 сары қағаз көрсетілді. Ең көп сары қағаз – «Қызылжар» клубының футболшыларына берілді – 4.

Төртінші турда премьер-лигадағы ең бірінші хет-трик (бір ойыншы 3 гол соқты) тіркелді. Авторы – Бақтиер Зайнутдинов («Астана»).

Төртінші турдан кейін – екі футболшы 3 голмен мергендер көшін бастады. Олар: Исаэль Да Силва Барбоса («Қайрат») және Бақтиер Зайнутдинов («Астана»).

Сəуірдің 14-і күні өтетін бесінші турда мына командалар өзара ойнайды: «Ақжайық» – «Ордабасы», «Ақтөбе» – «Тобыл», «Астана» – Қайрат», «Атырау» – «Шахтер», «Қайсар» – «Ертіс», «Қызылжар» – «Жетісу».

Турнир кестесі

(14 сәуірге дейінгі жағдай)

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»