Елбасы Жарлығымен Алматы облысының Райымбек ауданының әкімшілік құрылысына өзгеріс енгізіліп, орталығы Кеген ауылы болатын Кеген ауданы және орталығы Нарынқол ауылы болатын Райымбек ауданы болып қайта құрылған болатын. Қазір жаңа аудандағы ұйымдастыру жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталып, Райымбек ауданының әкімдігі Нарынқол ауылына көшіп, жұмысын бастады.
Өткен сенбіде облыс әкімі Амандық Баталов Кеген және Райымбек аудандарына жұмыс сапарымен барып, өңір тұрғындарына екі ауданның жаңадан тағайындалған әкімдерін таныстырды. Тиісінше, жаңадан ашылған Райымбек ауданының әкімі болып Жолан Омаров тағайындалса, Кеген ауданын басқару міндеті Талғат Баеділовке жүктелді. Сондай-ақ облыс басшысы Нарынқол ауылындағы әкімшілік басқару орталығы мен қызмет көрсету орындары орналасатын ғимараттардағы жөндеу жұмыстарымен танысып, бірқатар ескертпелер айтты. Ал аудан әкімінің аппараты уақытша ғимаратқа қоныстанып, жұмысын бастады. Осылайша облыстағы он жетінші ауданның орталығында тіршілік көрігі қызды.
– «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, Президент Жарлығы шыққан күннен бергі санаулы уақыт ішінде аудан орталығын көшіруге қатысты қыруар жұмыс атқарылды. Ең бастысы шекараның шебіне аудан орталығы қоныстанды. Жас, іскер әкім тағайындадық. Енді өңірдің тынысы ашылып, ауыл көркеюі керек. Облыс әкімдігі тарапынан барлық көмек, қолдау жасалады. Жаңа аудан ауылға жастардың қайтып келуіне ұйытқы болуы тиіс. Енді Нарынқолда бизнес дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді аудан тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Амандық Баталов.
Шекаралық ауданды дамытуға қатысты жоспарды жүзеге асыру өңірдегі ауыл шаруашылығының өрісін кеңейтеді. Негізінен мал өсіріп, картоп егумен даңқы шыққан Нарынқол аймағының еңбеккерлері үшін жарқын болашақ жақын. Әсіресе картоп шаруашылығын демеп, қолдау жасау Нарынқол топырағында өнген өнімнің облыс, қала берді еліміздің сұранысын өтейтіндей мүмкіндікке жол ашады. Биылғы жылы картоп егістігінің көлемін арттырып, 110 мың гектарға жеткізу міндеті тұр.
Жалпы, жаңадан ашылған ауданда жасалатын жұмыс ауқымы үлкен. Нарынқолдағы ғимараттар мен нысандардың барлығы дерлік күрделі жөндеуді қажет етеді. Ауылдың жолдары да сын көтермейді. Жастар мен тұрғындардың туған ауылына оралуына да жағдай жасау керек. Ол үшін баспана мен басқа да мәдени-спорт нысандарының есігі ашық болуы тиіс. Мұнсыз шекарадағы ауылдың шамы самаладай жарқырамайтыны аян. Ел келешектен үмітті. Нарынқолдың нағыз дәуірлеу кезеңі туады деп сенеді.
Айтпақшы, осы сапарында Амандық Баталов Нарынқол ауылында жаңадан 50 үй салынатынын айтты. Баспана қызметкерлерге арнап тұрғызылады. Бұл – ауданға жастарды, білікті мамандарды тартудың бірегей жолы.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы