• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 09 Сәуір, 2018

Сегіз серінің туғанына – 200 жыл: «Ажарың ашық екен атқан таңдай»

1115 рет
көрсетілді

1958 жылы Қазақ телевизиясы жарыққа шықты. Теледидардан күнде 20 минуттық бір-ақ концерт көр­се­тетін. Күнде тың­да­ған соң, әрине, сол концертті толайым жатқа білетінбіз. Сол бейнематериалдағы ән-би ансамблінің ерлер тобы тізерлеп отырып «Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін» деп ән салғаны әлі көз алдымда. Кейін музыка мектебінің бастауыш класында оқып жүргенде папам Латиф Хамиди нотаға түсірген «Илигай» мен «Ақбақайды» сыйлады. Үйге келген қонақтар «Ғайни», «Қарғаш», «Алқоңыр» әндерін қосылып айтатын. Тек қана «Гауһартасты» Бибігүл апайдан басқаның айтқанын жаратпайтынмын. Барлық қазақ білетін бұл әндердің авторы бір жарым ғасыр бойы жалпы жұртшылыққа беймәлім еді, ал нақтылы білетіндер үндемеді. Неге екенін уақыт өте түсіндік.

1979 жыл. Мәскеуде Ком­по­зиторлар одағының съе­зі өтіп жатыр. Кешкі ас үс­тінде Еркеғали Рахмадиев мені шақырып алып «Гауһар­тасты» кім шығарды, білесің бе?», деді. Тыңдаған кон­церт­­терге, жалпы съезге бұл сұрақтың қандай қа­ты­­сы барын түсінбедім. «Гауһар­тастың» авторы Сегіз сері. Алматыға барған соң сұра, іздестір», деді. «Мен музыка зерттеуші емеспін ғой, со­ларға неге айтпайсыз?» деп едім, «Олар не білуші еді» деп қолын бір сілтеді. Әрине ха­лық әні делініп жүрген әр шығарманың негізінде нақтылы автор тұрғаны түсі­нікті, бірақ Еркеғали әкей неге бұл аманатты маған жүк­тегенін түсінбедім. Деген­мен Сегіз сері туралы мәлі­мет іздей бастадым.

Арада біраз уақыт өтті. Тәуел­сіздік туы тігілді, жасырын сырлар ашыла бас­тал­ды, Алашорда ақталды. «Гауһартас» Сегіз серінің әні деп айтыла бастады, бірақ бәрі сонымен-ақ шектелді. 1998 жылы «Қазақ энциклопедиясын» шығару туралы Үкімет қаулысы шықты. Энциклопедияның бас редакторы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Қазыбек бек Тауасарұлы мен Сегіз сері сияқты жұмбақтар» басылымға кірмейді деп кесіп айтты. Қайран Сегіз бабам! Бар­лық қазақ әнін салатын Сегіз аты қоғам өмірінде атал­майтындай соншама не іс­теп еді деген ой маза бермей та­рихқа үңілтті.

Тәуелсіздік алған соң қа­зақтың XVII-XVIII ғасыр­дағы өмірінің шымылдығы ашылып, қазақ-қалмақ со­ғысындағы батырлар аты, ер­лігі бүгінгі ұрпақпен қауыша бастады. Ал келесі ХІХ ғасыр туралы не айтуға болады? Келімсектер кекетіп айтатын «қазақтың көп батыры» сарқылып қалған ба?

Қазақ тарихы бір-ақ мақ­сатқа толы, ол – тәуелсіз ел болу. ХІХ ғасырда ұлт-­азаттық қозғалыстың ор­та­лығы елдің батысына ауы­сады. Сырым Датұлы бас­таған қозғалыстан бастап ХХ ғасырдың 16-жылғы дүрбелеңіне дейін қазақ жерінде талай толқу өткен. Есет Көтібарұлы басқарған соғыс, Бөкей төңкерісі, Адай қозғалысы, Кенесары жо­рықтары – бәрі бізге айтылмай жасырын қалған. Жасыра ал­маған Исатай-Махамбет кө­терілісінің өзі ұлт-азаттық қозғалыс делінбей, біз оқыған тарихта «шаруа соғысы» деп қана сипай қамшыланды. ХІХ ғасыр шайқастары да, оған қатысқан батырлар есімі де жасырын қалған. Мұхамед-Қанапия Бахрамұлы Шақ­шақов­тың (Сегіз сері) аты атал­мауы да бодан елдің бір қа­сіреті еді. Сөйтіп Сегіз се­рі бір жарым ғасыр бойы саясат құр­баны болып келді.

Ежелден қазақ музыка­сы екі жолмен дамыды.­ Аспап­та орын­далатын дүние­ні «күй»­ деді, дауыспен айта­тын­ды­ «ән» деді. Бүгінде де сол үрдіс жалғасып жатыр. Қорқыт, Кетбұға күй­ле­­рі біз­­дің оркестрлік туынды­лар­­дың негізі десек, романс, хор, кантата Майқи би за­ма­­нынан келе жатқан ән жалғасы. Қазақ жерінде музыка өнерінің ең шарықтаған кезеңі ХІХ ғасыр болды. Күй атасы Құрманғазы десек, ән атасы Сегіз сері деп санау керек. Сегіз сері шығарған дү­ние­лер Ақан сері, Жаяу Мұ­салардан бастап бүгінгі бізге дейін бүкіл кейінгі ұр­паққа көрсеткен бағыт, салып кеткен даңғыл жол болды. Әйгілі 16 әнді қазақ музыка өнеріндегі 16 шың дейміз.

Бүгінгі күнде сал-сері де­генде көз алдыңа үкілі бө­рік киген, қолына домбыра ұс­таған бейне келе қалады. Ал ХІХ ғасырдың ортасына дейін сал-серілердің негізгі аспабы қобыз болған. Сегіз сері де әнін қобыз сүйемелдеуімен айтқан. ХІХ ғасыр соңына қа­рай әншілік домбыра сүйе­мелдеуіне қарай көшіп, ал қо­быз жеке орындаушылыққа шық­қан. Себебі қобыз ас­­­па­бын жасау қиын, қо­быз­ды меңгеру де қиын. Ком­­по­зитор дүниелеріндегі әуеннің қиылған иірімдері, мажорлық мақамы сияқты музыкалық элементтер Сегіз серінің қобыз орындаушылық дәстү­рін жалғастырған Ықы­лас Дүкенұлы шығарма­шылы­ғының да негізі болып келеді.

Композитор ретінде Се­гіз серіні классикалық қа­зақ әнінің негізін қалаушы ре­тінде санаймыз. Олай дей­тініміз, бүгінгі бізге жеткен қазақ әнінің музыкалық пішіні толайым Сегіз шығарма­шылығында қалыптасып, тұрақталған. Әлемдік музыка теориясына сүйене айтсақ, мұны екі бөлімді қарапайым форма дейді. 11 буынмен жазылған, екі мәрте қайталанатын музы­калық сөй­лемнен тұратын бас­ты шумақ және мүлдем ұқ­са­майтын, 5-6-7 буынмен шыға­рылған қайырмасы. Қа­зір бұл схема өз-өзінен түсі­нікті көргенімен, кезінде ән жанрына жаңашылдық болып кірген. Сегізден бұрын мұн­дай көлемді қайырма қол­данылмаған.

Барлық синкретті өнер иел­ері сияқты, Сегіз әндерінің алғашқы орындаушысы өзі болды. Шығармаларын талдап отырып байқайтынымыз: сері атаның дауыс диапазоны мейлінше кең болған драмалық баритоннан дра­малық тенорға дейін. Дем алу барысы да ауқымды. Мә­селен, бейтаныс әншінің орын­дауында «Гауһартасты» тың­даған кезде, әсіресе «сәу­лем-ау» деп ән әуені кө­те­рілген кезде «әншінің демі жетпей қала ма, әлде дауы­сы жетпей қала ма» деген қа­уіп өз-өзінен пайда болып тұ­рады. Осы қасиеттер кейін шә­кірттері Біржан сал, Жаяу Мұса шығармашылығында жал­ғасын тапқан.

Ел есінде тек өзіне тән ерек­шелігі бар, шынайы дарын иелері сақталып, ел мақ­танышы атанады.

Қазір не көп – ән көп, ән шы­ғарушылар да көп, орындаушылар да көп. Айтылып ұмы­тылған ән, айтылмай жа­­тып ұмытылған ән, оны орын­даған ұмыт болған әнші, жан­бай жатып сөніп қалған жұл­дыздар... «Осындай да ән бола ма!?» деп ренжіген ата-апайларға айтарым «шыдай тұр, әрі кетсе бес жыл­ ішінде біржола жоққа шығады». Бұл жағдайдың себебі, авторлардың 99 па­йы­зы техника жетістігін пай­даланған, білімі жоқ әуесқой. Әр әуесқой өз-өзіне деген сүйіс­пеншілігі мол, мүлдем сын көтермейтін өркөкірек.

Бүгінгі «қазақ әні» дегеннің бә­рін қазақша қылып тұрған мә­тіні. Әуенін басқа тілдегі мә­тінмен айтса, сол елдің әні болып шыға келеді. Сүйе­мелдеу гармониясының да қа­заққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қазақ әуезінің гармониясы домбыра-қобыз бұрауынан шығады, негізі кварта-квинта. Ал біз күнде естіп, құлақты жеп жүргеннің бәрі еуропалық минор аккордтарымен сүйемелденген, оның үстіне басым көпшілігі үш буынды вальс екпінімен жасалған әрі бір-бірінен су­дың екі тамшысындай айнымайды.

Бүгінгі секіріп, билеп ай­ты­латын әннің бәрі эстрада сүйемелдеуінде жасалып, тек қана эстрада екпінімен тың­дала алады. Ал нағыз ән түр­лі – эстрадалық, класси­ка­лық мәнерде болсын, оркес­трлік әлде домбыра-қо­быз сүйемелдеуінде, тіпті сүйе­мелдеусіз құр дауыспен айт­қан­да да өз құндылығын жо­ғалт­пайды. Сегіз сері, Ақан се­рі, Біржан сал, Жаяу Мұ­са шы­­ғар­маларының дені сондай.

Мәселенің мән-жайын те­рең зерттемей, білмей, шолақ пікір айтатындар қатары да бар­шылық. Маған «Ақерке» Сегіз серінің әні дегендер де болды. Мұхамед-Қанафия Кіші жүздің жиеншары екенін, талай жыл елдің батысында жүргенін бәріміз білеміз. Исатай-Махамбет кө­т­ерілісіне қатысқаны да жасырын емес. Сол тұста, бәлкім, за­мандастары Құрманғазы, Дәу­леткерейлермен де қарым-қа­тынаста болған шығар. Ба­тыс Қазақстан музыкасына қа­нық болғаны анық. Бірақ «Ақерке» де, «Жылы ой» да, «Япур-ай» да Сегіз серінің әні емес. Бұларда әуен құрылысы басқа, метро-ритмикасы өз­геше. Сегіз тек өзіне тән сти­лі нақтылы, мәнері анық автор. Әрине композитордың та­лай туындысы қолды болып кетті, бірақ оларды өзін­дік авторлық стиліне сәй­кес келген жерден іздеу керек. Бұл тиянақтылықты, та­бандылықты тілейтін ғалымдардың жұмысы. Ал бүгінгі күнде Қазақстанда өнер­тану ғылымы кенжелеп қалды деуге де келмейді, өнертану ғылымы мүлдем жоқ. «Олар не білуші еді» деп Рах­ма­диевтің қол сілте­генінен бері 40 жыл өтті. Еш­теңе өзгерген жоқ. Өзгелерді былай қойғанда, дипломын­да мамандығы «музыка зерт­теу­ші» дегендердің өзі де композитор Сегіз серіден бей­­хабар.

«Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дейді қазақ. ХХ ғасырда дүниеге келген қазақ академиялық музыкасы үшін Сегіз сері нағыз жақсы әке болды. Сегіз әндерінің не­гізінде опералық ариялар, кон­церттік хорлар жазылды, Сегіз әуендері симфониялық, ка­мералық шығармалардың бас­ты тақырыбы болып алынды. Кейде «сегіз қырлы, бір сырлы» деген мақал, бәл­кім, Сегіз серінің атынан туын­даған шығар деп те ойлаймын.

«Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» мақаласында Н.Назарбаев былай деген: «Әр­бір жер атауының төркіні ту­ралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өл­кенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есім­дері ел есінде сақталған бір­туар перзенттері бар». Алай ормандарында туып-өскен сондай перзенттің бірі – Сегіз сері. Сондықтан да ұлы композитордың 200 жылдық мерейтойын қа­сиетті Солтүстік Қазақстан же­рінде бастап отырмыз. Бірақ Сегіз сері бүкіл қазақ мақтанышы, ұлттық асыл мұра. Кезінде Мұхамед-Қа­напия Бахрамұлы өз бабасы Қожаберген Толыбайұлы, нағашысы Сырым Датұлынан қалған аманатты толық орындады, бар өмірін, жан-тәнін Қазақ елінің, Қазақ жерінің тәуелсіз мемлекет болуына арнады. Бабалар армандаған тәуелсіз мемлекетте өмір сүру бізге бұйырыпты, Сегіз серінің ән аманатын бүгінгі Алаш ұрпағына жеткізу – парызымыз.

Балнұр ҚЫДЫРБЕК,

композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Қазақстан Композиторлар қауымдастығының төрайымы