• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2010

Әкім есеп берді. Ел не деді?

1178 рет
көрсетілді

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында облыс әкімі Серік Үмбетов қорытынды есебін өткізіп, өңірдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуы мен Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауынан туындайтын алдағы атқарылуға тиісті міндеттерге жан-жақты тоқталды. КЕЛЕШЕК КЕМЕЛ ІСТЕРМЕН КЕЛІСТІ – Елбасының биылғы Жолдауы – 2020 жылға дейінгі атқарылатын нақты міндеттерді айқындауымен және қоғам өмірінің барлық саласын қамтығанымен ерекшеленді, – деп бастады сөзін Серік Әбікенұлы. Бүгінгі есеп беру жиынында өткен жылғы жұмыстарға кеңінен талдау жасаумен қатар, құнды құжаттан туын­дайтын бағдарлы жұмыстарға және оны жұртшылыққа жеткізудегі міндеттерге назар аудару қажеттігін алға тартты. Жалпы алғанда, республика өңірлері­нің әлеуметтік-экономикалық даму көр­сет­­кіштері бойынша Алматы облысы алдыңғы шептен көрініп келеді. Ол тұтас­тай алғанда жұмыссыздықтың алдын алу, тұрғын үй, тұтыну бағаларының индексі мен бюджет­тік салықтар мен түсім­дер кө­лемі, негізгі капиталға тартыл­ған инвес­ти­ция, иннова­ция­лық бастама­лар мен спортты дамыту, тағы басқа нә­ти­желер бойынша қол жеткен жетістік­тер­мен өлше­неді. Бұған қоса, жыл қоры­тын­дысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 289,8 млрд. теңгені құрап, ағымдағы жылы 293,2 млрд. теңгенің өнімін өндіру жос­парланған. Нәтижесінде салада 60 жаңа өнеркәсіп нысаны пайдалануға беріліп, 16 кәсіпорынды кеңейту есебінен 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, бұл халықтың әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуіне ықпал еткен. Ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнімі есепті кезеңде 219,8 млрд. теңге болып, өңір жұртшы­лығын азық-түлік өнімдерімен жеткілікті қамта­масыз етуге қол жеткізіліпті. Облыс экономикасында шағын және орта кәсіпкерліктің алатын орны ерекше. Салада 235 мың адам еңбек етіп, өндіріл­ген өнім көлемі мен көрсеткен қызмет түрі 180,9 млрд. теңгені құраған. Бюджет­ке тиісінше 12,4 млрд. теңге салық және басқа да төлемдер түсіпті. Аталған салада­ғы жобаларға қомақты қаржы бөлінгені жақсы іске дем берген. Ағымдағы жылы аталған салада 185 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, халыққа сапалы қызмет көрсету болжанса, оның тиянағын келтіру жұмыс­тары бүгіннен қолға алынуда. Қазіргі кез­де өңір халқына сауда, қоғамдық тамақ­тан­дыру және қызмет көрсетуде 12,8 мың нысан қызметін ұсынып, бөлшек сауда көлемі 94,6 млрд. теңгені құрап отыр. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, тұты­ну­шыны сапалы азық-түлік түрлері­мен қамтамасыз ету мәселелері жіті назарда деуге болады. Өңірдің дамуы негізгі капиталға тар­тыл­­ған инвестиция көлемімен өлшенетіні аян. Осыған орай оның көлемі 310 млрд. теңгеге жетіп, бағдарлама бойынша 12,7 млрд. теңге болатын 303 жоба іске асырыл­ған және 20 мың жұмыс орны ашылған. Облыс әкімі мұны нақты деректермен дәйек­­теді. Мем­лекеттік тұрғын үй бағдар­ла­масымен 561,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл аяғына 610 мың шаршы метр көлеміндегі тұрғын үйді сапалы бітіру көзделген. Мұның өзі кезекте тұрғандардың сұранысын қанағат­тан­дыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Бүгінде көпші­лікті алаңдатқан үлескерлер мәселесін шешу мақсатында облыс аума­ғында 3971 үлескерді құрайтын 20 нысан­ның, 13 тұрғын үй кешенінің мәселесі оң шешімін тапқаны жиналғандардан оң бағасын алды. Дағдарыс салдарын еңсерудің тиімді шаралары Елбасының бастамасымен жүзе­ге асырылған “Жол картасында” қаралған. “Ауыз су” аймақтық бағдарламасы бойын­ша 2009 жылы сумен жабдықтау жүйесін­дегі 52 нысанның құрылысы мен қайта жөн­деу жұмыстарына 3,4 млрд. теңге жұм­салыпты. Биыл 62 нысанда жұмыс жүргізі­ліп, оған 3,8 млрд. теңге қарастырылса, оның тең жартысына жуығы осы жылда пайдалануға берілетіні де жүйелі жұмыс нәтижесі екенін көреміз. Қашанда жолаушыны жол сынайтыны анық. Автокөлік жолдарын күтіп ұстау мен жөндеуге 10,0 млрд. теңге бөлініп, 478 ша­қырым жол жөнделсе, 729 елді мекен тұ­рақты автобус қатынасымен қамтылыпты. Елбасының Жолдауында энергетика­лық тәуелділікті азайту күн тәртібіне өткір қойы­лып, нақты тапсырма берілген. Өңір­де су және жел энергетикасы бағдарлама­сы негі­зінде Ескелді ауданында қуаты 4,4 мегаватт Қаратал ГЭС-і іске қосылса, жалпы қуаты 13,4 мегаватт 3 шағын ГЭС биыл салынады деп күтілуде. Ал, 2012 жылы пайдалануға берілетін 300 мегават­тық Мойнақ ГЭС-інің құрылысы қызу қарқын алса, Балқаш жылу электр станса­сы­ның бірінші кезеңі 2014-2016 жылдары іске қосылады деп жоспарланған. Өңір қоржыны салық және басқа да бюджетке түсетін міндетті төлемдер арқы­лы толығады. Өткен жылы ол 118 млрд. тең­гені құрап, байыпты бағдарламалардың толық жүзеге асуына мүмкіндік беріпті. Халық­ты жұмыспен қамту бағытындағы қол­­ға алынған жұмыстар нәтижесінде 2009 жылы 39,2 мың жұмыс орны ашылса, әлеу­меттік көмекке жергілікті бюджеттен бөлін­ген 4,9 млрд. теңге тиімді пайда­ла­нылып, көптеген күрмеуі қиын мәселе­лер­дің тия­на­ғы келтірілгені баяндамада нақты таратылды. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылан­дыруға есепті кезеңде қомақты қаржы қаралып, халыққа көрсетілетін алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем сапасы өскен. Өткен жылы жұмыс істеп тұрған ауруханаларда бөлімшелер, 2 емхана ашы­лып, ауылдық жерлерде 24 медициналық пункт дәрігерлік амбулатория ретінде қайта құрылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген екен. Жолдауда атап көрсетілгендей, бүлдір­шін­дерді мектепке дейінгі білім беру меке­ме­лерімен қамту деңгейі жақсарып, 12 бала­бақша, 83 шағын орталық ашылып, 1260 орындық жаңа 4 мектеп пайдалануға берілген. Соңғы жылдары облыс орталы­ғында аудандардың мәдени күндерін өт­кізу, қала мен жол бойларына қымыз­хана­лар ашу кеңінен өрістетіліп, қоғамдық ұйым­­дардың жұмысына қолдау көр­сетілуде. Қоғамдағы басты бағыт саламатты өмір салты десек, облыс спортшылары 2009 жылы халықаралық және республикалық жарыстарда 644 медаль иемденсе, оның 243-і алтын. Осылайша 515 спортшы спорттың әр түрінен республиканың ұлттық құрама командаларының сапында екенін жеткізген облыс әкімі өткен жылы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында төрт бірдей зілтемірші – Зульфия Чин­шанло, Майя Манеза, Светлана Подо­бедова және Владимир Седов Жетісу жері­нің ғана емес, Қазақстанның абыройын асырып, алтыннан алқа таққанын мақ­танышпен ортаға салды. Жиынға қатысқан Парламент Сенаты­ның депутаты, “Нұр Отан” халықтық-демо­кратиялық партиясы Сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, сенаторлар Нүсіпжан Нұрманбетов, Нұр­лан Сүлей­менов, Мәжіліс депутаттары – Сәт Тоқпақ­баев, Уәлихан Қалижан, Динар Нөкетаева, Керімтай Бижанов, Үсен­гелді Медеуов сияқты халық қалау­лы­ларының араласуымен өңір­дегі электр қуатына тәуел­ділік оң шешіл­се нұр үстіне нұр болар еді, деп жатты жеті­сулықтар. Сонымен қатар, құрылыс саласында жүргізілген тексеру барысында кейбір мерді­гер ұйымдардың тиісті талаптар мен ереже­лерді сақтамау фактілері кездескен. Мұндай келеңсіздікті түбегейлі түзеп, құрылыс сапасына қойылатын талаптарды арттыру қажеттігі де алға тартылды. Құры­лыстың ішкі жұмысына мүмкін­дігінше жергілікті материалдарды пайдалану жөніндегі жұмысты өрістету мәселесі де нақтыланды. Баяндамашы, сонымен бірге аграрлық-индустриялық әртараптандыру арқылы еңбек өнімділігін арттыру мен ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу, жаңа жабдықтар мен технологияларды пайда­лану бүгінгі басты міндеттер қатарында аталып, қоғам­дық тәртіпті сақтау, заңсыздыққа жол бер­меу аталған сала басшыларына міндеттелді. Қоғамның басты байлығы – адамға қамқорлық жасау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау сапасын жақ­сарту жөніндегі тапсырмалардың орын­далуы басты міндет екендігі айтылды. Осылардың қатарында балаларды мектеп­ке дейінгі мекемелермен қамтуға бағыт­тал­­­ған арнайы “Балапан” бағдарламасы, 12 жылдық оқу моделіне көшу, аурудың алдын алу, саламатты өмір салтын наси­хаттау да бар. Бұл әр деңгейдегі әкімдер жұмысының сандық көрсеткіші­мен емес, азаматтардың сенімімен айқындалатыны алға тартылды. Жиында баяндама бойынша жарыс­сөзге шыққан “Қазақстан-Корея” достық қоғамы облыстық ұйымының төрайымы Клара Хан мемлекеттік тілде майын тамыза сөйлеп, ойын “Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле”, деген тәмсілмен өрбітті: – Мен қарапайым кәріс қызымын. Қазақстанда туып, білім алып, елім үшін еңбек еттім,– деді ол өз сөзінде. – Қазір еңбек демалысында болсам да халқыммен бірге болуды қалаймын. Кімнің болса да жүрегінде туған жерге, Отанға деген сезім болады. Сол сезіммен облысымның табы­сы­на, экономикасының өркендегеніне қуана­мын. Мұның бәрі – тәуелсіздіктің арқасы, ел бірлігінің нәтижесі. Елбасы жыл сайынғы Жолдауында осы құнды­лықтарға ерекше мән береді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы –ел мүддесін мұрат тұтқан білгір көшбасшы. Облыстың әкімі Серік Үмбетов қоғамдық ұйымдар мен биліктің бірлесе жұмыс жасауына әрдайым көңіл бөледі. Нәти­жесінде Жетісу жері бірлігі мен ынтымағы жарасқан өлке ретінде танылып отыр. Іле ауданы Қарой ауылдық округінің әкімі Виктор Поротиков ширек ғасырлық қызметінде ауылдың өркендеуі бағытын­дағы жұмысын жүйелегенін ортаға салды: –Көпшілігіміз ауылдан шықтық. Кеңес­­тік кезеңде ауылдық кеңестің төр­ағасы болсам, тәуелсіздік жылдарында ауыл әкімімін. Ауылда халыққа 18 түрлі қызмет көрсетіледі. Интернет, депутат­тардың, “Нұр Отан” партиясының қабыл­дау бөлмелері, халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған. Ауылға “көгілдір отынды” жеткізу үшін бюджеттен қаржы бөлініп, бұл жұмыс басталып кетті. Мәдениет үйінде әртүрлі үйірмелер жұмыс істеп тұр. Ауданда ауыз су, жылу жүйелері күрделі жөндеуден өткізіліп, 11 ауылды көріктендіру мәселелері шешімін тапты. Мұның бәрі Елбасының дағдарысқа қарсы байыпты бағдарламасының нәтижесі екенін атап айтқым келеді. Серік Әбікен­ұлы өткен жылы округте болып, халықпен кездескен кезінде елді мекендегі өзге де мәселелерге мән берілуі керектігін айтқан болатын. Осы бағыттарда жұмыстанып жатырмыз, – деді. Бұдан кейін жарыссөзге Еңбекшіқазақ ауданындағы “Адал” акционерлік қоғамы­ның атқарушы директоры Сейсехан Сма­ғұлов, “Хильниченко и К” коман­диттік серік­тестігінің төрағасы, облыстық мәсли­хаттың депутаты Виктор Хильни­ченко, Ақсу аудан­дық ардагерлер ұйымы­ның төрағасы Нұрбек Қасымбеков, Пан­филов ауданы Б.Назым атындағы орта мектеп директоры Саниям Зульярова, облыстық “Жетісу” теле­арна­сының қызметкері Айзада Жақсы­бекова, тағы басқалар сөйлеп, есепті кезең­дегі өңірдегі қолға алынған жұмыстарға тоқталды және облыс әкімінің есепті кезең­дегі жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Облыс әкімі Серік Үмбетов жиынға қатысқандардан түскен жол жөндеу, ауыз су, тұрғын үй мәселесіне байланысты қо­йыл­ған сұрақтарға нақты жауап қайтарды. Тіпті, көптеген сауалдар жиын үстінде шешімін тауып жатты. Есеп беру басқосуына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуатжан Уәлиев қатысты. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ӨҢІР АХУАЛЫ ОҢАЛЫП КЕЛЕДІ “Сыр – Алаштың анасы” деп Елбасы айдар таққан өңірдің бүгінгі бет-бейнесі айтарлықтай өзгерді десек, асыра айтқандығымыз болмас. Біздің бұлай пайымдауымызға облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында облыс жұртшылығы алдында берген есебі мен шығып сөйлеушілер, ұсыныс-пікір айтушылар мен сауал тастаушылардың айтқандары айқын айғақ болса керек. – Елбасының өткен жылғы тарихи Жолдауындағы қағидаттарды жүзеге асыруды басты мақсат тұтқан Сыр өңіріндегі қоғамдық өмірдің барлық салаларында оң өзгерістер болды, – деп баяндама желісін бастаған облыс әкімі Сыр аймағында атқарылған ауқымды шараларды егжей-тегжейлі баян етті. Әкім баяндамасының негізіне назар салар болсақ, “Жол картасы” бағдар­лама­сына орай республикалық және жергілікті бюджеттен 8,4 млрд.теңге қаржы қаралып, 231 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Осының нәтижесінде 11 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, 3 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан. Ал, жастар тәжірибесі бойынша 2 мыңға жуық адам жұмысқа тартылса, мамандарды кәсіби даярлау және қайта даярлау бойынша 4 мыңнан астам жұмыспен адам қамтылған. Қызылорда облысының негізгі саласы – өнеркәсіп өткен жылы 587 млрд. теңгенің өнімін өндірсе, осының 93 пайызы тау-кен өнеркәсібі үлесіне тиеді. Жалпы құны 30 млрд.теңгені құрайтын 9 жаңа өндіріс орны іске қосылып, 775 жұмыс орны ашылған. Барлық қаржы көздері арқылы шағын кәсіпкерлік субъектілері 9,1 млрд. теңгеге қаржылан­дырылған. Айта кету керек, Елбасының тікелей қолдауы мен бақылауында тұрған маңызды жоба–“Қызылорда қаласының жылу-энергия көздері және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру” жобасының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі тоқтаусыз жүргізілуде. Сыр – ауыл шаруашылықты аймақ. Содан да өткен жылы ауыл шаруашы­лығы дақылдарының егіс көлемі 156 мың гектарға жеткізіліп, 33,0 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Ал, Сыр жерінің басты дақылы – күріш егісінің көлемі 10 мың гектарға ұлғайып, оның әрбір гектары­нан 42,9 центнерден күріш жиналған. Бұл көрсеткіш еліміздің күріш дақыл­дарына деген сұраныстарын толық қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда аймақтың ауыл шаруашылы­ғындағы мәшине-трактор паркі 30 пайыз­ға жаңаланса, өткен жылы 232 ауыл шаруашылығы техникалары алынған. Облыс әкімінің айтуынша, төрт түлік мал басы да жыл санап өсіп келеді. Есепті кезеңде республикалық және жергілікті бюджет қаржылары есебінен 48 білім беру ғимараттарының құрылыс­тары жүргізілуде. Өткен жылы респуб­ликалық бюджет қаржысы есебінен құрылысы жүргізілген 11 мектептің 6-уы іске қосылса, жергілікті бюджет есебінен 25 мектептің, 11 балабақшаның, Жаңа­қорған ауданы, Талап ауылындағы 300 орындық балалардың жазғы тынығу лагері салына бастады. 2009 жылы жо­ғарыда айтқан мектептердің 5-уі, бала­бақшалардың 11-і іске қосылып, қалған құрылыстар қарқынды жүргізілу­де. Сондай-ақ, Арал қаласында респуб­ли­калық бюджет есебінен салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің құры­лысы таяу уақытта аяқталмақ. Қызыл­орда қаласында жергілікті бюджет есебі­нен 400 мың дана кітап қоры бар облыс­тық кітапхана пайдалануға беріліп отыр. Сыр аймағында көлік инфрақұры­лымын дамытуда да соны серпіліс бары байқалады. Нақтылай айтар болсақ, өткен жылы жергілікті маңыздағы жолдар­дың 1480 шақырымына ағымдағы, 316 шақырымына орташа, 90 шақыры­мына күрделі жөндеу жүргізілген. Сон­дай-ақ, Жаңақорған ауданынан Түркістан қаласына баратын төте ішкі жол жөндеу­ден өтіп, пайдалануға берілді. Қызыл­орда қаласы тұрғындары 129 көшенің күрделі және орташа жөндеуден өткізілгеніне дән ризашылықтарын білдіруде. Аймақ тұрғындарын аяқ су және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде де көш ілгерілеушілік бар. Өткен жылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатында 57 жоба іске асырылса, тұрғын­дарды аяқ сумен қамтамасыз ету мақ­сатында 167 шақырымды құрайтын 27 канал мен 7 шақырымдық 2 су қашыртқы­ларына тазалау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, көлемі 2,6 мың гектарды құрайтын 19 мыңға жуық отбасының үйіргелік жерлеріне аяқ су жеткізілген. Облыс әкімі Б.Қуандықов өзінің ел алдындағы есепті баяндамасында аймақтағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында атқарылған ауқымды жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді де егжей-тегжейлі баян етті. Сыр жерінде “Мәдени мұра” бағдар­ламасы аясында өткен жылы тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге баса мән берілді. Соның нәтижесінде Бүкілдүниежүзілік туристік ұйымының Бас ассамблеясы атқару кеңесі мүшелері мен 70 шақты мемлекет министрлерінің Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне келуі Сыр аймағының абыройын асқақтатып, Үкімет тарапынан жоғары баға алды. Осы бір игілікті іс-шара арқа­сында Испанияның Мадрид қаласында 35 жыл бойы тағайындалып келген “Туризм, қонақ үй бизнесі және гастроно­мия” номинациясы бойынша алтын жүлдені Қызылорда облысы иеленді. Арал теңізінің келешегі Елбасы назарында екені баршаңызға мәлім болса керек. Елбасының тікелей қолдауымен “САРАТС” жобасының 1-ші кезеңі аяқталып, Кіші Арал қайта оралып келе жатыр. “Ақлақ” су тоспасы іске қосылып, 30 мың гектарға жуық жерді алып жатқан көлдер суға толып, шалғындық, жайылымдық жерлер аясы кеңейіп-ақ келеді. Бүгінгі таңда көлдерді түгендеу жұмыстары жүргізіліп, аймақта балық шаруашылығын өркендетудің 2010-2020 жылдар аралығын қамтитын бағдарлама әзірленуде. Облыс әкімі есепті баяндамасында қай сала жұмысы болса да жан-жақты баян етті. Оның есебінен аймақтың экологиялық ахуалы, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс, құқық қорғау органдарының қызметі, мемлекеттік тіл мен бұқаралық саясат туралы деректер де қағыс қалған жоқ. –             “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дейді халық даналығы. Елбасының Жолдауын жүзеге асыру, экономикалық дағдарыстарды еңсеру кезінде нарға жүк болар ауыр салмақты бірге көтерісіп, қиындықтарды бірге бөлісіп, халықтың сенімінен шыға білген облыстың бүкіл еңбеккерлеріне алғысым мен құрметімді білдіргім келеді, – деген облыс әкімі Сыр аймағында ағымдағы жылы атқарылар шаралар да шашетектен екенін бүкпесіз айтты. Қай жылдан болса да үлкен үміт күте­тін Қазақстан халқы биылғы жылы да тарихи оқиғаның куәсі болды. Ел­басы­­ның “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауы жария етілді. Жолдау­да ин­дустриялық даму – жаңа онжыл­дық­тағы мүмкіндік, еліміздің дамуы үшін жаңа мүмкіншілік екені тайға таңба басқандай атап көрсетілді. Осы бағытқа орай Сыр елінде аймақтың индустрия­ландыру картасына инвестициялық жобаларды енгізу шұғыл түрде қолға алынбақ, яғни алдағы бесжылдықта 300,0 млрд.теңгені құрайтын 90-ға жуық жоба іске асырылмақ. Елбасының Жолдауында әртараптан­дырудың ең маңызды сегментінің бірі – агроөнеркәсіп кешені екені айтылды. Оның дамуы үш бағытта – еңбек өнім­ділігінің өсуі, елдің азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету, экспорттық мүмкін­діктерді бірінші кезекте дамыту бағыттарында өрбуі тиіс. Осыған бай­­ланысты агроөнеркәсіп кешені саласын­да еңбек өнімділігін екі есеге ұлғайту басты назарға алынып отыр. Бүгінгі күні аймақтың өңірлік ин­дустрия­ландыру картасына ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы құны 14,7 млрд.теңгені құрайтын 39 жоба ұсынылған. Бұл жобалардың ішінде 2010 жылы 15 жоба, оның ішінде ел Үкіметінің назарында тұрған жалпы құны 3,2 млрд.теңгені құрайтын 3 ірі жоба іске асырылмақ. Барлық балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылуы қажеттігі жөніндегі Елбасы тапсырма­сына сәйкес ағымдағы жылы 8 мемле­кеттік, 15 жеке меншік балабақша, 28 мектеп жанындағы шағын орталық ашу жоспарға еніп отыр. Сонымен қатар, биылғы жылдың 1 қыркүйегіне Қазалы, Сырдария, Жаңақорған аудандары мен Байқоңыр, Қызылорда қалаларындағы жаңа үлгідегі 1200-1248 орындық мек­тептер пайдалануға берілмек. Биылғы жылы “Қазатом­өнеркәсіп” Ұлттық ком­паниясының қолдауымен Қызылор­да­да қалалық перзентхана құрылысы бастау алмақ. Мұнан соң облыс әкімі Елбасы Жол­дауында айтылған бұқаралық денешы­нық­тыру, туризмді дамыту, “Мәдени мұра” бағдарламаларына, халықты әлеу­меттік қорғау, “Жол картасы” бағдар­ламасы мен Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтуге, елді мекендерді абаттан­дыруға баса мән берілетінін көлденең тартып, бұл бағыттарда атқарылатын басқа да шараларды санамалап берді. – Өткен жылы Елбасы Сыр аймағына келген сапарында “Бүгінгі Сыр бойында серпіліс бар”, деп аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруі баршамызға үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктейді. Елбасының бізге артып отырған үлкен сенімін сырбойылықтар мінсіз ақтайды деген ойдамын, – деген әкім есебін орнықты пайыммен тұжырымдады. Парламент Сенатының депутаты Б.Доспамбетов Сыр аймағында соңғы жылдары атқарылып жатқан жұмыс­тардың аса ауқымды екенін айтып, өңір халқын Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді бір кісідей бірлікпен орын­дауға шақырды. Парламент Мәжілісінің депутаты С.Әйімбетов бүгінде ауыл тұрғын­дары­ның ахуалы әлдеқайда жақсарғанын тілге тиек етсе, еңбек ардагері Ы.Қалиев облыс әкімінің есебіне оң баға беріп, өзінің ойындағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімінің есепті жиынында сондай-ақ облыстық мәслихат хатшысы Н.Құдайбергенов, облыстық мәслихат депутаты И.Тілепов, ғалым Н.Мың­жасаров шығып сөйлеп, әкім қызметін оң бағалады. Жиын соңында Б.Қуандықов облыс тұрғындары мен жергілікті мәслихат депутаттары тарапынан түскен сұрақ­тарға жауап берді. Облыс әкімінің есепті жиынына Қазақстан Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы А.Дүйсебаев, Парламент депутаттары Қ.Баймаханов, Ж.Асанов, Ж.Сүлейменов қатысты. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.