«Астана ЭКСПО-2017» компаниясына республикалық бюджеттен 13 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» ҚР заңының жобасын таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Майра Айсина 13 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ына қандай мақсатта бөлінгенін сұраған еді. «Астана ЭКСПО-2017» компаниясына мақсатты аударымдар ең алдымен қазіргі уақытта бар инфрақұрылымның жұмысын қайта пішімдеумен байланысты. Яғни, көрме форматы ол жерге «Астана» халықаралық қаржы орталығының келуіне байланысты стартап-хаб форматына көшіріледі. Бұл сома ұлттық компанияға бөлінеді. Өйткені, ол аталған орын-жайлардың иесі саналады. Ол тек АХҚО-ға жалға береді. Бұл көрме форматын бизнес орталық, стартап-хаб сынды форматқа ауыстыру үшін қажетті шаралар», - деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.