Құрылыс қарқынды жүруде
Ақтаудағы «Каспий Битум» зауытының құрылысы еліміздің үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы аясындағы аса маңызды серпінді жобалардың бірі саналады. Қазір зауыттың құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарын қазақстандық «ҚазСтройСервис» акционерлік қоғамы және қытайлық CITIC Construction Co., Ltd компанияларынан құралған консорциум атқаруда.
Аталмыш жобаның жалпы құны 290 млн. АҚШ долларын құрайды. Жобаның 80 пайыз қаржысын «CITIC Group» компаниясының кепілдік беруі арқылы Bank of China қамтамасыз етсе, қалған қаржы «Caspi Bitum» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тең үлес салуы арқылы құралады. Зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары 2010-2012 жылдар аралығында жүргізіліп, құрылыс 2012 жылдың аяғында пайдалануға беріледі. Сол кезде зауыттың жылдық өнімі 406,5 мың тонна жоғары сапалы, еліміздің климатына сай келетін жол битумдары болмақшы.
Жобаның құрылыс жұмыстары шартты түрде екі бөлімге бөлінген. Олар жалпы зауыт қожалығы және технологиялық нысандар. Жалпы зауыт қожалығының құрылысын қазақстандық «ҚазСтройСервис» АҚ технологиялық нысандар құрылысын Қытай Халық Республикасында жасалынған технология және өндірістік құрал-жабдықтардың негізінде қытайлық CITIC Construction Co., Ltd серіктестіктері жүргізуде.
Жалпы, зауыт қожалығында қазіргі таңда 24 резервуарларда және олардың айдау қондырғыларында, 14 қатты битум сақтайтын қоймаларда, зауыттың жеңіл фракциялары мен вакуумдық газойльдерін құятын темір жол мен темір жол эстакадаларында, автокөлікке сұйық битумды құятын стансасында, өртке қарсы объектілерінде және тағы да басқа нысандарда қызу құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың механикалық аяқталуын осы жылдың соңына дейін жүзеге асыру көзделген. Технология бөлімінде жердің нөлдік жұмыстары мен іргетасын құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, зауыт қожалығындағы ішкі инженерлік жүйелер және автоматтандырылу, электрлендірілу жүйелері, басқа да инфрақұрылымдық жұмыстары және де технологиялық бөлімдері келесі жылдың үшінші тоқсанында жүзеге асырылмақшы.
Бүгінгі күнгі атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, 22 резервуардың 80 пайызға жуық жұмысы атқарылды. Жыл аяғында оларға гидравликалық байқаулар өткізіліп, келесі жылы күн жылына іші-сыртын бояу жұмыстары жүргізіледі. 14 қойманың қабырғалары биіктеп, жұмыстары жартылай бітсе, 8-інің іргетасы қалануда.
Жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс жұмыстарына жалпы саны 1000-нан аса жұмысшылар тартылып отыр, жоба іске қосылған соң 500-ге жуық инженер-техник мамандар мен жұмысшылар тұрақты түрде жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Ол жұмысшылардың 90 пайызынан астамы жергілікті мамандардан құралады. Зауыттың құрылыс жұмыстары сатысында қытай мамандары тек қана монтаждау жұмысын басқарушылар (шеф-монтаж) ретінде қатысады. Өйткені негізгі қондырғылар мен құрал-жабдықтар әлемге белгілі қытай қондырғылар дайындау зауыттарында жасалынатын өнімдер болып келеді.
Сонымен қатар жобаның тапсырысшысы «Caspi Bitum» БК» серіктестігі тарапынан тауарлар, жұмыстар және қызмет көрсету барысында қазақстандық үлестің мөлшерін ұлғайтуға баса мән беріліп отырғандығын айтқымыз келеді.
Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметі бойынша, 2011-2015 жылдары Қазақстан Республикасының битум өніміне жалпы мұқтаждығы 600 мың тонна болса, оның 400 мың тоннасы Ақтау битум зауытында өндіріледі. Сондықтан да бұл зауыттың келешегі зор, мәртебесі биік деуге болады.
Қорыта айтсақ, мемлекеттік үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан битум зауытының құрылысы мен іске қосылуы еліміздің жол-көлік саласының дамуына, өлкедегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына үлкен үлес қосатыны анық.
Аслан МЫҢБАЕВ, «Caspi Bitum» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры.
Дерек пен дәйек
Каспий битум зауыты жобасының жалпы құны 290 млн АҚШ доллары мөлшерінде.
* * *
Аталмыш зауыт 2012 жылы іске қосылып, өнім шығара бастайды.
* * *
Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметі бойынша, еліміздің битум өніміне мұқтаждығы 600 мың тонна болса, аталмыш зауыт жылына 400 мың тонна сапалы битум шығарады.
* * *
Зауыттың негізгі шикізаты Қаражанбас кен орнынан шығатын ерекше сапалы мұнай. Және де ол өнім құбырмен зауыт құрылысы жүріп жатқан жер арқылы өтуде.
* * *
Бұл күндері зауыт құрылысына 1000-ға жуық жұмысшы тартылған, ал жоба іске қосылғанда 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
* * *
Қазыналы түбекте алғаш салынудағы зауыттың болашақ мамандары мен жұмысшыларының 90 пайызынан астамы жергілікті тұрғындар болмақшы.
Тойға тартуымыз – еселі еңбек
Қазыналы түбек соңғы жылдары алып құрылыстар алаңына айналып келеді. Әсем Ақтау мен ауыл, елдегі құрылыстарды көргенде көңіл қуанады. Қала ішіндегі автокөлік жолдары қандай тегіс, үнемі таза ұсталады. Оның бәрі тұрғындарға ғана емес, қала қонақтарына да игі әсер етеді екен. Сайып келгенде мұның бәрі егемен еліміздің Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алып қадамы, биік асулары. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тынымсыз ерен еңбегі, сарабдал саясатының жемісі екендігін халық жақсы біледі. Солардың бірі мен өзімнің еліміздегі халық үшін аса қажетті зауыттарды салуға үлес қосып жүргенімді мақтан етемін. Қуанамын. Олай дейтінім осыған дейін Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ газ өңдеу зауыты құрылысында жұмыс жасап, оның салтанатты түрде пайдалануға тапсырылғандағы халықтың қуанышы әлі есімде. Өйткені ол «көгілдір отынды» халық игілігіне қажетінше жаратуға жол ашты. Ал бүгіндері жұмысы қарқынды жүрудегі Каспий битум зауыты өнімі өңіріміздің көлік жолдарын жаңалап, жаңа жолдарды төсеуге бағытталған бағалы байлық. Яғни, ауыл-ел арасында жүздеген шақырым асфальт жол төселеді. Алыс жақындай түседі. Барыс-келіс көбейеді. Үлкен қуаныш емес пе? Сол үшін біздің бригада уақытпен санаспай жұмыс жасап, зауыт құрылысы келесі жылы ойдағыдай аяқталуы үшін бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз. Мұнда еңбек етуге де, демалуға да жақсы жағдай жасалған. Қажетті құрал-жабдықтар да уақытында жеткізіліп отырады. Сондықтан біз қолға алған зауытішілік темір жол құрылысы мерзімінен бұрын орындалғалы отыр. Бұл құрылысшы әріптестерімнің ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына деген еңбек тартуы болмақшы.
Айболат МҰСАҒАЛИЕВ, прораб.
Заман талабына сай зауыт
Ақтау қаласында битум зауыты салынады деген хабарды естіп қуанғандардың біріміз. Өйткені біздің күнделікті жұмысымыз көлік жолдарын салу және жөндеу. Ал оған қажетті битумды Маңғыстау жол материалдары комбинаты мен Ақтау жол құрылысы зауыты арқылы Ресейден алып жүрміз. «Кісідегінің кілті – аспанда» дегендей, кейде тапсырысымыз уақытында орындалмай қиналатын кездеріміз де жоқ емес. Біздің кәсіпорын жалпы ұзындығы 150-160 шақырымға созылатын қалаішілік, шағын аудандар аралық және қала сыртындағы да мекемелер мен кәсіпорындарға баратын көлік жолдарына күтім жасайды. Күзгі жауын-шашын, қыста түскен қардан соң жыл басынан-ақ жөндеу, қалпына келтіру қажет болып жатады. Яғни жолдардағы мыңдаған шаршы метр жарамсыз жерлерге мыңдаған тонна битум қажет болады. Нарық заманы, алыстан әкелінетін өнім бағасы да жыл сайын көтеріліп, бұл күндері 1 тоннасы 150 мың теңгеге жеткен-ді. Бірақ қиын да болса жергілікті биліктің көмегімен қажетті битум алынып, жолдар бірқалыпты күтіліп келеді. Ал облыстағы Каспий битум зауыты іске қосылып өнім бере бастағанда біраз қиыншылықтардан құтылып, жұмысымызда соны қарқын болатындығына орай қуанып отырмыз. Тәуелсіздік нәтижесінде қол жетіп, көз көріп отырған жетістіктеріміз баянды бола берсін.
Қылышбек СҮЛЕЙМЕНОВ, Ақтау қала жолдары МКК-ның директоры.
Үлкен іске үлес қосудамын
Біраз жылдан бері айтылғанмен қағаз жүзінде қалып келген битум зауытының Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қолға алынуы қуанышты жағдай. Олай дейтініміз, жолдар тіршілік тамырлары екендігі белгілі. Енді осы зауыт өнім бере бастағанда аудан, қалааралық жолдар жүйелі жөнделіп, ауылдар мен елді мекендер арасында қатқыл табанды көлік жолдары көптеп салынады. Ауыл адамдары жол қиындығын жеңіп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жақсара түседі. Екінші жағынан жүздеген жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт құрылысы келесі жылдың аяғында аяқталады. Олай деуге анық негіз бар. Қазір жоспарланған жұмыстар кестесі дәлме-дәл орындалып келеді. Әрқайсысына 5 мың, 1 мың текше метр мұнай сыятын алып 24 резервуардың құрылыстары 80 пайызға жуық, дайын өнімдер үшін салынатын 14 қойманың 8-і жартылай бітуге жақын. Осы жыл аяғында олар түгелге жуық салынып бітеді. Келесі жылы құрал-жабдықтарды монтаждау жүзеге асады. Аталған жұмыстардың ойдағыдай жүруі үшін жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Еңбекақы уақтылы беріліп келеді.
Өзім туралы айтсам, мен құрылысшы, инженер-механикпін, маусым айында жұмысқа қабылдандым. Құрылыстағы 1 мыңға жуық адамның бірімін. Ел еңсесін көтеріп, жүздеген әріптестерімнің болашаққа деген сенімін нығайта түскен зауыт құрылысынан күтеріміз көп. Сәтін салса, келешекте қазыналы түбектегі ерекше кәсіпорын болып есептелетін битум зауытында жұмысымды жалғастырамын деген ойым бар. Сөйтіп, өлкеміздің өркендеп, абыройымыздың өрлей беруіне үлес қоспақпын. Ел тәуелсіздігінің арқасында қол жетіп, салынып жатқан Каспий битум зауыты түлеген түбекті әлемге таныта түсетін келешегі зор кәсіпорын болатындығына сенемін және де оның құрылысына үлес қосып жүргеніме қуаныштымын деп айта аламын.
Балтабек ЖАЙЛЫБАЕВ, құрылысшы, инженер-механик.
Айқарма беттегі материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстанның» Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жоламан БОШАЛАҚ, суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.