Зейнолла Қабдолов, академик, Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты:
– Сөз өнерiн сүюшi қауым қазақ әдебиетiндегi фантастика жанрында Мархабаевтың қаншалықты еңбек сiңiрiп жүргенiнен хабардар болар. Ол өткен ғасырдың 60-шы жылдарында әдебиетiмiзге екпiндi жас қиялгер-жазушылар легiнiң ең алдыңғы шебiнен табылған-ды. Және тек қана көркем шығармалар жазумен шектелiп қоймай, бiз үшiн «тұмса жанр» – фантастиканың тарихы мен теориясын қарастыра бастады.
Өмір деген осы. Қара сөздің қаламдозы, қиял-ғажайыптың шабандозы, талпынып ұшқан талай жас таланттың ұлағатты ұстазы көзімізден бұл-бұл ұшып кете барды, бірақ жүрегімізде ғажайып баяны қалды.
Ағымдағы жылы қазақ қиялтану жанры мен әдебиеттану, яғни фантастикатану салаларында өзiнiң көркем туындылары және зерделі зерттеулерiмен жұртшылыққа бек мәлiм Абдул-Хамит Мархабаев 80 жасқа толар еді. Жүздеген қарымды қаламгердің қаламына қанат бiтiруге үлес қосқан ұлағатты ұстаз, филология ғылымының докторы, журналистика профессоры жайлы жүрегімде жазылып қалған бiр үзiк сыр бар.
Галактиканың да, күн жүйесiнiң де, жер планетасының да физикалық, химиялық, биологиялық және басқа ғылыми-жаратылыстың қыр-сырларының фантастикалық моделiн жасау арқылы шығармашылық шыңына шыққан қазақ қиялының қыраны Хамағаң тектi тұлға болатын.
Хамаң айдынды Арал теңiзiнiң Көкарал аралында қоныс тепкен Ауан ауылында дүниеге келген. Әкесi Файзулла Жұбанышбайұлы ауыл наубайшысы болса, анасы Сәби Сұлтанқызы соғысқа дейiн үй шаруасымен айналысып, күйеуi майданға аттанғанда сол кәсіпті жалғастырып қала берген. Хамаң – Сыр сүлейi Нұртуғанның жиенi.
Абдул-Хамит Мархабаев 1956 жылы Арал қаласындағы №13 қазақ орта мектебiн ойдағыдай бiтiрiп, еңбек жолын пионерлердiң аға жетекшiсi болудан бастайды. 1959-1964 жылдары Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiнде (журналистика бөлiмi) дәрiс алып, 1964-1967 жылдары республикалық «Бiлiм және еңбек» ғылыми-көпшiлiк журналында әдеби қызметкер, бөлiм меңгерушiсi қызметтерiн атқарады. 1967 жылдың қазан айынан Қазақ мемлекеттiк университетi журналистика факультетiнiң қазақ журналистикасы кафедрасында алдымен ассистент, бертiн келе оқытушы, доцент болды. Ол университетте қаламгерлер қауымына дәрiс беруден қол үзбей жүрiп 1975-1980 жылдары республикалық «Бiлiм және еңбек» ғылыми-көпшiлiк журналының бас редакторы қызметiн атқарады.
Өзi қиялгер-жазушы болғандықтан қазақ фантастикасына да, әдебиетiне де айрықша көңiл бөлiп, қазақтың салт-дәстүрi, әдет-ғұрпы мен өнерiн де өгейсiткен жоқ. Осынау пайымдарыма сол кездегi «Лениншiл жас» газетiнiң бас редакторы, жазушы, марқұм Сейдахмет Бердiқұловтың мына бiр сөзi айқын айғақ болса керек.
– «Абдул-Хамит «Бiлiм және еңбек» журналын өзiң қолға алғалы оқырман назарын қатты аудардың. Сенiң журналың халықтың тыныс-тiршiлiгiн жан-жақты қамтитын кең ауқымды, зиялылар ордасының журналы болды. Ғылымның барлық саласын қамтып келесiң. Сол тәрiздi, техника мен ғылым журналы бола тұра, әдебиет пен қазақ тарихын ақсатпай алып та келесiң. Осы шабысыңнан шаршамай, қарқыныңнан қайтпай өрге ұмтыл. Менiң айтпағым, редактордың да редакторы болады, мына сен – нағыз редактордың өзiсiң».
Хамағаңнан бес жас үлкендiгi бар Сәкеңнiң осынау жүрекжарды пiкiрiн айтуы тектен-тек емес. Айтса айтқандай, Хамаң – бiлiмдi де бiлiктi, iзденiмпаз, «тура биде туған жоқ» деп дана қазағымыз айтқандай, ақ жолдан адаспай жүретiн тектi тұлға.
Хамаңның айтуынша, жүрегiндегi жазуды қағазға түсiруге қолына сығымдай қалам ұстаған сол бiр жылдың көктемi тым жаңбырлы болған. Күндiз-түнi ақ жаңбыр толас таппаған. Жаңбырлы күн мен түн Хамаңның көңiлiн толқында туып, толқында өскен Арал теңiзiнiң көктемгi сеңiндей астан-кестен етпесi бар ма? Ойы толқындай тулап, шағаладай шарқ ұрды. Ойын ғажап қиял билеп алған. Оған көнбеске лажы тағы жоқ. Хамаңның тұла бойын буып тастаған бұл алып күш «Ғарыштағы қымыз» атты алғашқы кiтабының толғағы едi. Абдул-Хамит Мархабаевтың осынау тұңғыш туындысы қиялгер қауымды елең еткiздi. Осыдан бастап Хамағаң әдебиеттанудың тағы бiр тыңы – фантастикатанудың туын қазақ әдебиетiнде тұңғыш көтерген тұлға болды. Бертiн келе қиялгер-қаламгердiң жүрек жазбаларынан туындаған «Арал әуендерi», «Балалардың аман қалғанын айт», «Жарылқаушы», «Тосын ғарышхат», «Шаян планетасы, сен кiнәлiсiң», «СП соқты!» атты қиял-ғажайып және детективтi-криминалды оқиғаларға қанық әдеби-көркем дүниелерi оқырман қауым жүрегiнен орын алды.
* * *
Хамаңның Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетiнiң хатшысымен тiкелей сөйлесетiн қызыл телефоны безек қағып қоя берсiн. Телефон тұтқасын көтердi.
– Жақында Мәскеуде «Молодая гвардия» баспасы ұйымдастырған Одақ аумағындағы қиялгер-жазушылардың мәжiлiсi өтедi. Қазақ фантастикасының бүгiнгi хал-ахуалы жайлы баяндама жасауыңыз керек.
...Мәскеудегi КСРО Жазушылар одағының Әдебиетшiлер үйiнiң мәжiлiс залы жазушылар мен әдебиет зерттеушiлерiне, сыншыларға лық толыпты. Кеңестер Одағының әр тарабынан жиналған қиялгер-жазушылар ғана емес, шетелдерден келген қиялгерлер де баршылық екен. «Қазақ әдебиетiнiң фантастика жанрының хал-ахуалы жайында қиялгер-жазушы, ғалым Абдул-Хамит Мархабаевқа сөз берiледi» деген хабарламадан соң Хамағаң мiнбеге көтерiлген.
Хамағаң баяндамасын байыппен бастап, асықпай, аптықпай қазақ қиялы жайы бүге-шүгесiз баян етедi. Қазақ халқының бай ауыз әдебиетiнiң таңғажайып аңыз-ертегiлерiнен бастау алған бүгiнгi қазақ фантастикасының жағдайына жан-жақты тоқталып, тыңдаушыларын баурап-ақ алды. Баяндама барысында орыс қиялгерлерi А.Толстойдың, А.Беляевтiң, А.Казанцевтiң фантастикалық шығармалары мен әлемдiк фантастика үлгiлерiн жасаған Р.Шеклидiң, А.Азимовтың, Р.Бредберидiң салған жолы қайталанбас мектеп екенiн де ашық айтты.
Осы сапарында Хамаң әлемге әйгiлi қиялгер Александр Казанцевпен бетпе-бет дидарласып, ашық әңгiмелеседi.
– Мен – қазақстандықпын, туған жерiм – Ақмола, – деп әңгiмесiн бастаған А.Казанцев А.Мархабаевтың баяндамасына өте жоғары баға бередi.
Әңгiме ендi қыза түскенде жандарына ағылшын қиялгерi Герберт Уэлстiң туындыларын зерттеушi Юлий Кагарлицкий келмес пе?
– Хамит мырза, мәжiлiс аяқталысымен бiздiң үйге келесiз. Мен сiздi есiк алдында күтемiн, – дедi де профессор мырза залға беттедi. Ал А.Казанцев болса:
– Сiз бақытты жансыз. Профессор мәскеулiк қиялгерлердi үйiне шақырмақ түгiлi, сөйлеспейдi де, – деп Хамаңның иығынан қағып-қағып қойды.
Хамаң осы сапарында мәскеулiк қиялгер Юрий Медведевпен де етене танысып, ерекше жақын тартты. Өйткенi Юрийдiң өзi Алматы облысының Шарын ауылында дүниеге келген. Хамаңның жерлесi, әрi әрiптесi. Осы кездесуде Хамаң Юрий Медведевке «Шоқ жұлдыз» атты фантастикалық повесiн сыйлаған болатын. Юрий оны орыс тiлiнде жарыққа шығарды.
Хамаңның қияли шығармаларымен Ресей, Украина, Молдова елдерiндегi қиялсүйер қауымдар да етене таныс. Орыс фантастикасының классигi А.Беляев «Фантаст-жазушы – квадрат дәрежесiндегi жазушы» дей келе А.Мархабаев шығармашылығы хақында жылы лебіз білдіргенін айтсақ артықшылық етпес.
Хамағаң әлемдiк фантастика жауһарларымен қазақ оқырмандарын таныстыруда да тәржiмешi мәртебесiнде ауыз толтырып айтарлықтай еңбек жасады. Осының айнақатесiз бiр айғағы, орыс фантастикасында өзiндiк орны бар В.Михановскийдiң қазақша сөйлеген романы – «Шексiздiкке шеру» («Шаги в бесконечности»). Сол сияқты, Америка фантастикасының маңдайалды 16 қиялгерiнiң басын бiрiктiрген жинақ – «Фантастикалық Америка әфсанасы» да Хамаңның ұтымды дүниесi.
Сөз орайы келгенде айта кетейiк, Абдул-Хамит Мархабаев – қазақ әдебиетiндегi фантастика жанрының тарихы мен теориясын зерттеушi тұңғыш, оны айтасыз, бiрден-бiр ғалым. Ол 1971 жылы «Қазақ фантастикасының қалыптасу жолдары мен даму тенденциялары» тақырыбында филология ғылымының кандидаттығын қорғаса, 2006 жылы «Қазақ әдебиетiндегi фантастика поэтикасы» тақырыбында филология ғылымының докторы атағына диссертация қорғады. Зерттеушiлік қоржынында «Қолыңды әкел, келешек», «Қазақ фантастикасы: кеше, бүгiн және...», «Қазақ фантастикалық әдебиетi», «Қиялгер қисындары-1», «Қисынды қазақ қиялы» атты көлемдi монографиялары бар. Әдiскер-ұстаз ретiнде Хамаңның қарымды қаламынан «Ислам – Ғылым, Журналистика», «Ислам iлiмi – ғылым алгоритмi» (Соңғысы А.Құрманбаевамен бiрiгiп жазылған) оқулық кiтаптары дүниеге келiп, олардан жоғары оқу орындарының студенттерi тұшымды дәрiс алуда.
...Осыдан шамасы алты жыл бұрын ұлағатты ұстазыммен ашық әңгiмелескенiм бар. Сонда Хамаңның айтқаны:
_– Фантастика жөнiндегi материалдарды осыдан тұп-тура жарты ғасыр, яғни 50 жыл бұрын жинай бастаппын. 1958 жылғы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналындағы Ақжан Машановтың «Қисынды қиял да – әдеби жанр» мақаласы әлi қолымда. Одан соң мен үшiн ерекше қымбат жазушы Виктор Шкловскийдiң ертеректе «Қиял баспалдағы жарға апарып тiрейдi» дегенi құлақ түбiмде әлi күнге дейiн күмбiр қағумен келедi. Содан болар, жетпiс бес жастың желкесiне мiнсем де осы бiр ақ жолдан адаспай келемiн, – деген еді.
Өкінішке қарай, өткен жылдың сәуір айында қазақ әдебиеті қарымды қаламгерінің бірінен айрылды. Асыл ағамыз ғұмырының соңғы жылдары алапат аурумен алысумен өтті. Соның өзінде қолынан қаламын түсірмеген еді. Жас талапкерлердің жазбаларын оқып, өңдеп, бағыт-бағдар берді. Мұны ерлікке тән еңбек десе де болады.
Абдул-Хамит ағамыз ағайынға адал, кімге болса да қызмет етуге дайын, жүзінен мейлінше жылы шуақ, мейірім төгіліп тұратын, азаматтықтың заңғары, сара сөздің сардары еді. Осы қаламгерлік мұратының мұзарт шыңына шықса да аспайтын, тасымайтын. Осындай асыл ағамыздың абыройына семіріп, марқайып жүретін журналистер жүздеп саналады. Апыр-ай, көбіміз соңынан қалмай қуалап жүретін «абырой» деген шіркініңіз Хамағаңның ауылына атын байлап, есігіне еңкейіп кіріп, қона жатуға бейімді екен-ау деп таңғалатынбыз. Оның қалам қайратына, шынайы шыншылдығына, әдеби әмбебаптығына қайран қалатынбыз. Қиялтану жанрындағы шығармаларын оқығанда, ел мен жер тарихының тағы бір құпиясын ашқандай күйге түсетінбіз. Содан да оның жарқын бейнесі әркез жүрегімізде.
Еркiн ӘБIЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
ҚЫЗЫЛОРДА