• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Сәуір, 2018

Сөз сойыл №58

632 рет
көрсетілді

Сейіт пен Көпен

2008 жылы жазушы-сатирик Сейіт Кенжеахметұлы ұлы Жасұланмен Қытайға іссапармен кетіп бара жатып, Алматыда Көпен Әмірбек інісінің үйіне тоқтайды. Қонақасы дайын боп, Көпен ет турап тұрып әңгімеге араласа береді.  Мұны көріп отырған Көпеннің жары: «Әкел, мен турайын, сен ас үйден пышақ алып кел» деп Көпенді жұмсап жібереді. Көпен ас үйден пышағын алып келіп ет турауға кірісіп, Сейіт ағасына «бұл қалай болды?» дегенде, Сейіт:  – Елуден асқан соң әйелің шешең секілді болып кетеді, ол бір жерге жұмсағанда жүгіріп барып орындап келгің келіп тұрады, – деген екен. 

Ақ пен арақ – Секең бір жылдары Жамбыл облысындағы Шу ауданы Калинин атындағы колхозға Ыдырыс деген қарттың үйіне құда болып барады. Үй иесі, ауыл азаматтары ақынды барынша сыйлап, ішімдіктің түр-түрін ұсынады. Ішімдікпен, шылыммен жаны қас ақын бейтаныс жерде «ішпейтін едім» демейді. Дәл сол күні яғни жұма болса, жұма күні, сенбі болса, «сенбі күні ішпейтін едім» дейтін сылтауын айтып, коньякқа қол созбайды. Сол кезде біреу:  – Құда, мүмкін ақ ішетін шығарсыз? – деп қалыпты.  – Оны маған кім беріп отыр? – депті ақын.  Дастарқан басшысы дереу ақ арақ құйып ұсынады.  – Бұл не? – депті Секең.  – Ақ қой.  – Жігіттер, түрлерің қазақ сияқты, істерің орыс сияқты. Мұны қазақ «ақ» демейді, «арақ» дейді. «Ақ» деп біз қымызды, шұбатты, айранды айтамыз. Ал мен «ақ» дегенге қымыз береді екен деп дәметіп қалып едім, – депті семсер тілді ақын. 

Төкенге төте өлең

– Сейіт тығыз шаруасы болып театр директоры Төкен Елтебаевты іздейді. Театрдағылар «мәдениет басқармасына кетті» дейді. Ондағылар «музейге кетті» дейді. Онда барса, музей бастығы бір әйелмен кетті дейді. Бұған ыза болған Секең:  – Таптырмайсың іздесе,  Қуып жүрмін із кесе.  Дос-жаранды ұмыттың  Не пәлең бар қыз десе? – деп қағаз жазып жіберіпті. 

Төбеге отыру Арқалықта жаңа үй беріліп, одан Сейітке жоғары, Сабыржанға бір қабат төменнен пәтер тиіпті.  – Екеуіңіз неге бір қабаттан алмағансыңдар? – деп сұрапты Жұмағали.  – Мен Сабыржанның төбесінде отыруым керек қой, – депті Сейіт. 

Жасұлан СЕЙІТҰЛЫ АСТАНА

*****

«Айға ұшпасам жер жоқ...»

Жер телімін ала алмадым, Құр сандалып алаңдадым. Қайда барсам бірдеме дәметкендей, Әр есікті күзетіп аялдадым. Сылтау сырғып оңар емес, Заң шеңбері толар емес. Жері тегін деседі ғой, Айға ұшпасам болар емес.

Бір күндік «ән»

«Елу-алпыс ән жазамын әр жылы, Көзін ашып махаббатың таң нұры. Ең алдымен келіншегім тыңдаса, Балқып-шалқып «әлди»  болып қалғыды. Сазым қандай ұл-қызымды баурайды, Жүректерін әлде бір күш жаулайды. Дейді біреу жазғанымды жазғырып, «Қырғыз, татар әндерінен аумайды». «Күншілдік» деп сезінемін оны мен, Ән сапарым келе жатыр оңымен. Қараңдаршы «хитке» айналдым  өзім де, Нұрғиса мен Шәмшілердің  жолымен...» – Деп мақтанды «композитор»  жар салып, Теріс қарап «қол соғады» барша жұрт. Ән-күйінің бір-ақ күндік өмірі, Өзін-өзі жарнамалар қаншалық?!.  

«АИ-95»

«АИ-95» бензині, Айға шапшып құтырып тұр. Бағасы удай болса да, Басын бермей соншама, «Келсең кел» деп жұтынып тұр. Арзан бензин «жыламсақ» Бірде бар да, бірде жоқ, Кейбір кезде мүлде жоқ, Мұнай өңдеу зауыттары «Ремонт» деп сытылып тұр, Қара халық ұтылып тұр.

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы *****

Сұрақ – жауап

– Бес банкіден кредит алыпсыз. Төлеуі қиын емес пе? – Оп-оңай. Алғашқы алғанымды соңғы алғаныммен жауып тастаймын.  – Кінәлімін, мырзам! – Нені бүлдірдің? – Машинаңызды аударып алдым.  – Тракторды өртегенде де осылай қиналмаған болатынсың?.. – Шетелдің киносынан көргендерім ғой, кәдеге жарап жатқан...

– Пара бермей жұ­мысқа тұрған адамды есті­дің бе? – Құлағым керең болсын. – Көшеде мың доллар тауып алған адамның оны егесіне қайтарғанын көрдің бе? – Көзім шықсын. – Жақын жылдарда керең де болмайсың, көзің де шықпайды, уайымдамай өмір сүре бер. 

Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ Қызылорда облысы

*****

Енді не қыл дейсіңдер?.. (Шақпа тілді Шақарбектің монологы)

Жұрт мені сыртымнан «тілі ащы, бет­албаты сөйлейтін адам» деп сөгетін көрінеді. Неге олай дейтіндерін түсін­беймін, өйткені менің тілімнен жаман­дық көріп, зардап шеккен ешкімді көр­ген емеспін. Ендеше олар неге орынсыз жала жауып, адамның жүйкесіне ши жүгіртеді? Жасыратыны жоқ, мен өзім әжептәуір қалжыңбас адаммын. Кейде, әсіресе «бірер жүзді» қағып алған уақытта төңі­рек­тегі жұртты көңілдендірейін деген оймен аздап әзіл айтатыным бар. Бүгінгі халық көп оқыған сайын топастанып, доғалданып кеткен сыңайлы. Олай дей­ті­нім, қалжыңды тура мағынасында түсініп, езу тартатындардың саны күн­нен-күнге азайып бара жатқандай. Бір сөзіңді көтермей жағаласа кететін «нерв­ный­ларға» не дерсің? Оның үстіне әйелім де аттаған сайын ақыл айтып: – Аузыңа ие бол, жөнсіз сөйлеме! Қалжың сенің не теңің?! – деп қыжыртады да отырады. Жә, әңгіменің тура мазмұнына кө­шейін. Бір күні аялдамада аяғын әрең басып сенделектеген бір қатты қызу жігіт жолықты. Бетіне біраз қарап тұрдым да:  – Бауырым, жаңа жылда неге мас кісі болып киінбейсің? Түрің қатты ұқсайды екен, – дегенім сол, әлгі неменің тіріліп кетіп, маған қона түскені. Мен өзім орта бойлы ғана қағылез адаммын, сол арада тұрған азаматтар арашаламаса әлгінің қолынан ажал табуым да мүмкін еді. «Соншалықты шамданатындай не айттым оған?» – деп әлі күнге басым қатып жүр. Өткен Наурыз мейрамында наурыз көже ішуге Өмеш деген досымның үйіне бардық. Ел жиылғанша екеуміз әйел­дерге байқатпай моншаға кіріп бір жартыны «жәукемдеп» тастадық. Дастарқан басына келгенде әжептәуір көңілді болатынмын. Дәл алдымда отырған түйенің жарты етіндей бейтаныс бәйбішенің «көжелерің дәмді екен» деп бірінің артынан бірін қылғытқаны ұнамай қалды да, әзіл айтпақ ниетпен: – Санап отырмын, осымен жетінші кесені жөнелттіңіз. Абайлаңыз, андағы тырсылдап әрең сыйып отырған көйле­гіңіз тігіс-тігісінен сетіней жөнелмесін, – деп ыржидым. Әлгі пақырың да «юмор» деген түсінік атымен жоқ екен, «Мені асырап жүрген сен бе едің, не оттап отырсың, сұмырай?!» – деп айғайға бас­сын келіп. Әйелім дырылдатқан күйі сыртқа сүйреп алып шықпағанда аюдай неменің мені түтіп тастауы әбден мүмкін еді. Үйге келген соң бәйбішемнің зіркілі мен ойбайын біраз уақыт тыңдауға тура келгенін несіне жасырайын... Тағы бірде мәслихатқа депутат болғалы жүрген кандидат ағамызбен кездесу болып, соған қатысқан едік. Өзім қасқайып ең алда отырғанмын. Көптен таныс ағамыз егер депутат болып сайланған жағдайда бар жақсылықты басымызға үйіп-төгетінін айтып, біраз жерге көсілді. «Кімде сұрақ бар?» – дегенде ойыма елден естіген бір жайдың сап ете қалғаны бар емес пе. Қол көтеріп едім, басқарушы сөзді бере қойды. – Аға, – дедім мен, – осы сіз райпоны бас­қарғанда мойныңызға бәлен жүз метр кездеме мініп, шығып қалғаныңыз рас па? Жұрт ду күлді. Ағамыздың реңі өрт сөндіргендей қабарып, одан соң бозарып, бір кезде шиқандай қызарды. Сол кезде ол орнынан атып тұрып: – Мына ақымақты кім шақырған, мұнда? Мен сені сотқа беремін, әлгі айт­қа­ныңды дәлелдеп мойныма қоймасаң, түрме­де шірисің, иттің баласы! – деп шарт кетті. Танысы көп, сүйеуі мықты неме деуші еді, «қайдан ғана айттым әлгі сөзді?» деп маңайдан бездім. Содан бері ішкенім бойыма сіңбей қатты уайымдап жүрмін. Жыл айналып Наурыз мерекесі тағы келіп қалыпты. «Іргедегі көршінің үйі наурызкөжеге шақырып жатыр. Біраз адам жиылатын сияқты. Пәтшағар, аузыңа ие болып, жыланның тіліндей тіліңді тістеп отыр. Әйтпесе, тағы бір әңгіме тауып аларсың», – деп бәйбішем таң атпай ескертіп қойған. Мен айтайын деп айтпаймын ғой, қапыда аузымнан шығып кетеді кейбір сөздер. Мінезім солай болса не істейін? Әлде ішкенді қойғаным жөн бе? Не қыл дейсіздер маған, халайық?!

Хасен ЗАКАРИЯ

Шығыс Қазақстан облысы

*****

Әке-бала әжің-гүжіңі

Әкесі баласына: – Неге бүгін мектепке бармадың? – Апайыма сыйлық жасадым. – Қандай сыйлық? – Бүгін – апайдың туған күні. фсын дедім. *  *  * Кешке жұмыстан келген ата-анасы баласына: – Мына кітаптардың барлығын неге ашып-шашып қойғансың? – Енді өздеріңіз ғой, «өмірі кітаптың бетін ашпайсың» дейтін... *  *  * Әкесі баласына: – Сабағың дұрыс па? – Бәрі жақсы. – Сонда да ертең мектебіңе барамын. – Қайдағы мектеп, мен студентпін ғой, әке... *  *  * Ержетіп қалған ұл әкесінен сұрапты: – Кездесіп жүрген қызымның шын мәнінде мен туралы не ойлайтынын қалай білсем екен? – Оған үйлен, – депті әкесі күрсініп.

*****

Ауылдың айтқыштары

Тепе-теңдікті сақтау

Мал бордақылау алаңында жұмыс істейтін Тұрсымат күніге кешке үйіне жарты қап жем арқалап қайтатын көрінеді. Оған басшы, қосшылардың да көзі үйренген, ештеңе дей қоймайды, тура бір солай болуы тиіс секілді. Бір күні совхозға жаңадан бас зоотехник болып тағайындалған Ердалы Оразов жұмысшының мына қылығын байқап, ескерту жасайды. Сонда сөзден тосылмайтын Тұрсекең;  – Е, бұл менің парсаңым ғой, – депті де қабын арқалап кете беріпті. Зоотехник аң-таң тұрып қалады, «парсаң» дегені не пәле?! Сөйтсе, онысы таразыны теңестіріп тұратын тетік екен, яғни, тепе-теңдігімді сақтап, ауытқымай жүруім үшін жарты қап жем керек дегенді түсіндіргені. 

Градусы «күшті» вино

 Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы болса керек. Қаржы тапшылығы, ірі шаруашылықтар тараған, өндіріс жоқ... Бір жиында Жаңақорған ауданының әкімі ауданның алдағы жоспарларын ортаға салып: «Кеңес ауылынан пәлен гектар жүзім егеміз, ұзатпай вино жасайтын зауыт іске қосылады, сол кезде конвейер үстінде вино бөтелкелері был-лай жылжып кетіп бара жатады...» деп қолымен көлбеу бағытты көрсете керемет әсерлі айтса керек. «Был-ай...» деп әкімнің көрсеткен қолының бағытына көзімен ере еліткен алдыңғы жақта отырған қария кісі жантая қисайып бара жатады. Сонда оның жанында отырған Қанжарбек:   – Байқаңыз, виномыздың градусы да күшті көрінеді, алдымыз масая бастадық, – дейтін көрінеді қуақыланып.       Ахау керім, ойбай белім...

 Өткен ғасырдың елуінші жылдары Жаңақорғандағы Әбдікерім шалдың баласы келін түсіреді. Ауыл адамдарының колхоз жұмысынан босамайтын кезі. Бір күні есік алдындағы құдықты тазаламаққа атасы ішіне түседі де, келіні сыртта қауға тартып тұрады. Шелекке лай толтырғанша жас келіншек сыртта ыңылдап өлең айтатын көрінеді. Қанша дегенмен жас адам ғой: «Ахау керім, бұраң белім...» дейді атасының есімі қапелімде аузына ілініп.   Сонда шал құдық ішінде тұрып жөткірініп:  – Ойбай, белім! – деп қоятын көрінеді өзінің бар екендігін білдіріп.

Нұрмахан ЕЛТАЙ

Қызылорда облысы

Мүйісті жүргізетін  Берік САДЫР