• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Сәуір, 2018

Елдің намысы (ғибратнама)

655 рет
көрсетілді

Бірде қазақ этнологиясының білгірі Ақселеу Сейдімбек мар­құм «бала кезімде Башар ақсақалдан естідім» деп мы­на бір әңгімені айтып еді. 

Қай­ран Ахаң қазақтың көне салтын сарша тамыздың сары қымы­зындай аңсаушы еді. Әр сөзі селеулі даланың ақ бұйра тол­қынындай құлаққа күй бо­лып еніп, еңселі тұлғасы мен құймалы күміс шақшасы, қи­ырды шолып қарайтын қы­ран қабағы, кере қарыс жа­зық маң­дайы, көненің көсем са­лын­дай маңғаз жүрісі қандай еді...

Хош сонымен... қазақтың басынан бағы тайып, бодан­дыққа бас иген ХІХ ғасырдың орта тұсында Сарысу-Түгескен бойын жайлап жатқан бес мей­рамның бірі қуандық елінде Құтжан деген қажы өтіпті.

Бірде Құтжекең елдің екін­ші бір ірі шонжары Бақа батырмен болымсыз оқиға үшін шарпысып қалып, кикілжің созылмалы дерттей жазыла қоймапты.

Сол жылдары елде болыс­тық сайлау өтіп, Құтжекең өз атын ұсынады. Қызық бол­ғанда бұл кісінің кандидатурасын Ақмо­ладағы ояз бекітпей тас­тапты. Тек­теп көрсе, бір қулар ара­ға адам салып, тілмаш ар­қылы ояз­дың жемсауын толты­рып тастаған.

Жағдайға қаныққан Бақа батыр беліне қанжарын байлап, бес қаруын асынып ояз­дың кеңсесіне басып кіріп: «Бунт будет... бунт будет» деп ағаш еденді найзаның дүмімен соқылайды. Оязға да жан керек оның үстіне «бунт» деген жақсы дүние емес. Дереу мәселені жаймашуақ талқылап, ана алаяқты шақырып алып, парасын өзіне беріп, Құтжанның жолын ашады.

Сөйтіп көңілі жайланған жұрт жау түсіргендей жайраң­дап елдеріне қайтады. Сөздің реті келгенде бір азамат Бақа ба­тырға «Уа, батыр, бізге мы­наны түсіндіріңізші. Сіз Құт­жанмен араз емессіз бе? Енді міне, сол бақ­таласыңыз үшін ата жау оязды тоқ­пақ­тадыңыз? Не себептен Құт­жан­ның жыртысын жырта қалдыңыз?».

Сонда батыр қатуланып: «Өй, шірік неме, Құтжанмен мен аразбын, бірақ намысым араз емес, соны да түсінбейсіңдер ме! Бұл жерде елдің намысы кетіп бара жатқан жоқ па?» деп, қасындағы қаптаған атқос­шыларына алайып бір қарап, сонау көз ұшында мұнарланып тұрған Иманақ тауын бетке алып тартып отырыпты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»