Таяуда еліміздегі балалар хирургиясы мен травматологиясының негізін қалаған танымал дәрігер, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камал ОРМАНТАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Камал Сәруарұлы, бірде «қорқа-қорқа батыр болған адаммын» деп көпшілікті бір күлдірген едіңіз. Ащы пікіріңізді айналаңыз қалай қабылдайды?
– 1980 жылы Алматыдағы Педиатрия институтының директоры болып тағайындалдым. Ол кезде «Ана мен баланы қорғау институты» деп аталатын. Жасым 44-те. Жігіт үшін қылшылдап, құлшынып тұратын шақ емес пе? 1932 жылы құрылған, Орманов көшесінде кілең жатаған үйлердің ортасында орналасқан Педиатрия институтының ғимараты ескі, маңайы мазасыз болатын. Абалап ит үреді, сықырлап арба жүреді. Республикалық дәрежедегі мекеме болғандықтан, түрлі ғылыми конференциялар өтіп тұратын, шетелден қонақтар көп келетін. Содан 1982 жылы Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Д.Қонаевқа кіріп, мекемені жаңадан салынып жатқан облыстық аурухананың ғимаратына көшіруді сұрадым. Көп ұзамай жаңа ғимаратқа қоныс аудардық. Сол жылдары институтқа «Достық» ордені берілді. Мені сыртымнан ғана білетін адамдар: «Ормантаев армансыз өмір сүрген адам ғой, жастайынан танылды, сүйген ісімен айналысты, бар марапатты иеленді, ұлттық медицинадағы ең танымал тұлғалардың біріне айналды» деп ойлауы мүмкін. Алайда көпшілік жалған жаланың, қиянаттың құрбаны болғанымды, арыз бен өсектен аяқ алып жүре алмай қиналған кездерімді біле бермейді. Кең қазақ бәрін кешіреді екен. Бірақ өзінен білімі, таланты асқанды еш кешіре алмайтынына көзім жетті. Білімі артып бара жатса, еңбегіне қарай құрметке бөлене бастаса, аяқтан шалуды, құрдымға кетіруді ойлайды екен. Талант өнерде, әдебиетте ғана болмайды. Сирек те болса медицинада кездесетін оқшау қабілеттің көрінісі – С.Жошыбаев, С.Балмұханов, Б.Атшабаров, Т.Шарманов сияқты біртуар азаматтар дер едім. Бір айдан кейін Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы шақырып: «Сізді жұмыстан негізсіз босатқан екен. Ешқандай кінәңіз жоқ. Жұмысыңызды қайта жалғастырсаңыз қайтеді?» деді. «Мен ғылымға берілген адаммын. Білмей істеген қателіктерім болуы мүмкін. Бірақ әдейі істеген қылмыс, қиянатым жоқ. Медицинаға еңбегі сіңген көп адамдарды даярлағаным да сондықтан» деп жауап бердім. 1993 жылы 18 ақпанда Н.Назарбаевтың Жарлығымен үшінші рет Педиатрия институтының директоры болып тағайындалып, 2001 жылға дейін басқардым. Кейін зейнеткерлікке жеткен бірталай адам қызметінен босаған кезде, мен де институттың құрметті директоры атанып, кафедра жұмысымен айналысуға көштім.
– Педиатрия факультеттерінің жабылғанына қарсылық білдіріп, дабыл қаққаныңызға он жылдан асты. Аталған факультет қайта ашылады деген сүйінші хабар жетіп жатыр...
– Денсаулық саласында 60 жылға жуық еңбек етіп келе жатсам, дәл осынша уақыт педагогикалық бағыттағы білім беру ісіне де араласып келемін. Педиатрия факультетіне екі рет декан болдым. Ғұмырымды балалар денсаулығына арнадым. Бала ағзасы – үлкендерден айырмашылығы бар, тіпті мүлде ұқсамайтын айрықша ағза. Ана құрсағында 9 ай, 9 күн жатып, он екі мүшесі сау, алпыс екі тамыры аман туған баланың адам болып қалыптасу үдерісі кем дегенде 13-15 жыл жүреді. Қаперіңізде ұстаңыз, әңгіме жатырдан кінәратсыз жаралған бала туралы. Ал қазір дүниеге келген балалардың көпшілігі патологиялық диагнозбен туылады. Тіпті аса ауыр диагнозбен туатындар көбейіп келеді. Созылмалы ауруға шалдыққан адамдарды емдейтін дәрігер жоқтың қасы. Жай ғана жөтелінің соңы созылмалы бронхитке ұласып кеткендерде есеп жоқ қазір. 2016 жылы Премьер-Министр Б.Сағынтаев пен И.Тасмағамбетов педиатрия факультеттері қайта ашылатынын айтып, сүйінші хабар таратқан еді. Бірақ әлі ашылған жоқ.
Қайтадан ашылады» деген қуанышты хабар жеткенімен, әлі «болады-мыс» деңгейіндегі әңгіме болып отырғаны жаныма батады. «Халықты алдарқатып отыр ма» деп қорқамын. 2006 жылдары денсаулық сақтау ісінен хабары жоқ министрліктің екі басшысы еліміздегі барлық педиатрия факультеттерін жапты. Әлеуметтік-экономикалық ахуалының қарайлас екеніне қарамастан, ТМД аумағы бойынша Қазақстанда ғана жабылды. Неге? Медицинамен қоян-қолтық араластығы жоқ «ғажайып» идея авторларының кесірінен енді нәтижесін көрсете бастаған педиатрияның қабырғасы қақырай сөгіліп, ешкімге керегі жоқ екінші деңгейдегі сала секілді шетке ысырылды. Бұл – факультетті емес, баланы шетке ысыру деген сөз. «Шетелде бір өзі гинеколог, уролог, терапевт, педиатр, несін айтасыз, үлкенді де, баланы да емдей беретін әмбебап дәрігерлер бар көрінеді. Бізге неге солай жасамасқа?» десіп, ересектер мен балалар емханасын бір-біріне қосып жіберді. Дереу «отбасылық дәрігер» аталатын, әйел, еркек, бала деместен оңды-солды емдей беретін жаңа штат ашылды. Медицинада бүгінде шамамен 14 мың ауру бар делінеді. Кей отбасылық дәрігердің бұдан хабары жоқ, кейбірі аурудың атын да білмейді. Мұндай маман ауырып тұрғанын шырылдап жылап қана білдіре алатын, тілі шықпаған нәрестенің сырқатын қалай анықтап, қалай емдемек? Әрине бүгінде балаларды қарап жүрген терапевт дәрігерлер теориялық тұрғыдан жалпылама білгенімен, бала ағзасына ғана тән өзгерісті, ерекшелікті біле бермейді. Педиатрия факультеттерінің жабылғанын ойласам, өзімді балалар алдында қылмысы бар адамдай сезінемін.
– Елімізде жеті медициналық жоғары оқу орны бар. Ал былтыр педиатрия факультеті С.Асфендияров атындағы медицина университетінде ғана ашылатыны белгілі болды. Бір оқу орны даярлайтын мамандар тұтас елді қамтамасыз ете ала ма?
– Әрине қамтамасыз ете алмайды. С.Асфендияров атындағы медицина университеті 150-185 студенттен артық қабылдай алмайтын көрінеді. Қалай тартқыласаң да, аз мөлшердегі маман Қазақстанның төрт бұрышындағы кішкентай тұрғындарды толық қамти алмайды. Сондықтан Алматы медицина университетінің педиатрия факультеті – 300, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Семей медициналық жоғары оқу орындарында да педиатрия факультеті жыл сайын 100 студенттен қабылдаса, мәселе аз-кем шешімін табуы мүмкін. Қабылданатын түлектердің 80-90 пайызы қыздар. Бұл дұрыс, себебі олар болашақ аналар. Ал бұл қалаларда педиатрия факультеттерін қайта ашу туралы ешкім жұмған ауызын ашқысы келмейді. Себебі қомақты қаражат қажет. Сонда Үкімет қаражатты баланың есебінен үнемдемек пе? Қазір бала денсаулығына жауапты мамандар жетіспейтіні байқалады. 5-10 жылдан кейінгі жағдай қалай болмақ? Ғалымдар жылдар бойы қалыптастырған ғылымды бір күнде тас-талқанын шығарып бүлдіреміз. Ресейде, Өзбекстанда факультеттер ғана емес, тұтас Педиатрия институты жұмыс істейді. Ал біз денсаулығы жоқ баладан ертең қандай данышпан шығады деп отырмыз? Ел капиталы деген өндірістен құйылатын ақша емес. Басты құндылық – адам, интеллектуалды ой-өрісі дамыған білікті маман. Кез келген мемлекет өркендеу жолында интеллектуалды капиталға арқа сүйейді, осы капиталдың тамырына күрек емес, сүймен салып жатқан бізді ұрпақ кешіре ме? Бала денсаулығы – отбасы, мемлекет және қоғамның басты қамқорлығында болуы керек. Әлемдік тәжірибе халық денсаулығына әсер ететін маңызды фактор сырқаттың алдын алу және саламатты өмір салтын ынталандыру екенін көрсетеді. Сол себепті, Ресей балалар хирургиясы мен травматологиясы ҒЗИ директоры, әйгілі балалар дәрігері Леонид Рошаль президентімен кездескен сайын денсаулық сақтау саласына жауапты шенділердің негізсіз жүргізетін саясатын сынға алады, жетістіктері мен жаңалықтарына баға береді, медицинаның қорғаныс саласынан, әскер ісінен еш кем емес екенін, тіпті тең екенін айтады. Себебі дәрігерлер де әскерилер сияқты күн сайын өмір мен өлім ортасында жүреді.
– Көктемде әскер қатарына шақырылатын бозбалалардың тең жартысы жарамсыз болуының себебі сонда жатқан жоқ па?
– Қазіргі бозбалалардың түріне қарашы, құлағынан күн көрінеді. Шілбиген арық не шектен тыс толық, көбінің салмағы жасына лайық емес. Себебі бойындағы сырқатын бала күнінде емдемеген немесе мүлде білмеген. Балалар жеткілікті мөлшерде құнарлы тамақтанбайды. Бұрын қыздардың бедеулігі жиі кездесетін еді, қазір жас жігіттердің арасындағы белсіздік белең алып барады. Болашақта ата-ана атанатын ұл мен қыздың денсаулығын бала кезден қолға алған жөн. Жүйке жүйесінде кінәраты бар балалар есейе келе өзіне қол салып, «суицид» деген сұмдықты өршітіп барады. Компьютердің де кінәсі бар шығар, бірақ о баста, шыр етіп дүниеге келгенде баланың жүйкесі дұрыс болмаған. Көрдіңіз бе, педиатрия саласының проблемасы шаш-етектен, мен тек қоғамда қауіпті қорытындысы анық байқалған бірді-екілісін айтып отырмын. Педиатрияны тұншықтыра беруді жалғастырғысы келетіндерге тосқауыл қою керек! Сондықтан педиатрия факультетін ашу мәселесі қоғам талқысына түсіп, оған биліктегі күмәнмен қарайтындар мен белгілі дәрігерлер, ғалымдар ашық пікірталас жасасын. Біз де, олар да уәжімізді дәлелдейік, ойымызды қорғайық. Өкінішке қарай, бірқатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары, институт директорлары жағдайды жақсы біліп отырса да, мансабынан айырылып қалудан қорқып, басшыларынан қаймығып айта алмайды.
– Денсаулық сақтау министрлігінің бұл шешімі сынға ұшырағанына қарамастан, оның орнына келген «отбасылық дәрігер» жүйесі тиімділігін көрсете алды ма?
– Дәрігер ретінде бұл жүйені мүлде теріске шығармаймын. Бірақ Үкімет оны баланың есебінен ашпауы керек еді. Денсаулық сақтау министрлігінің басында дәрігерлер отырғанда, мұндай бассыздық болар ма еді, болмас па еді? Дәрігерлер тура майдан даласындағыдай әрекет етеді. Адамның қалай ауыратынын, қансырайтынын, тіршілікпен қоштасатынын, кірпігін әрең қимылдатып жатып соңғы сөзін айтқанда қиналатынын немесе айта алмаған күйі үзіліп түсетінін күн сайын көзімен көреді және соған сәйкес іс-қимыл жасайды. Міне, 10-15 жылын аурухана дәрігері болып өткізген адам министр болып тағайындалса ғана жалпы жағдаймен санаспайтын, санасқысы да келмейтін жүгенсіз әрекеттер жасалмаған болар еді. Жалпы, халықтың 30 пайызын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Қазақтай балажан халықты жер бетін екі айналып келсең таба алмайсың. Жанының да, малының да садақасы бала жолында құрбан болуға даяр. Ештеңемен өлшенбейтін қымбат байлығына жауапты педиатрияны жапқаннан кім ұтты? Педиатрия ғылымы балалар ағзасын қарайтын 21 түрлі күрделі саладан тұрады. Мұны педиатрияның ішіндегі 21 мамандық десек болады. Жаңа туған нәрестені қарайтын неонтологтан бастап, балалар кардиологы, педиатры, хирургі, невропатологы, гастроэнтерологы, анестезиологы, эндокринологы бар, ересектерге керек дәрігер балаларға да қажет. Балаларда кездесетін инфекция түрлері кең таралып барады. Кемтар туған нәрестелер өлімі 2-орынға шықты. Бұрын МРТ, КТ, лазер, ультрадыбысты аппарат секілді медицина техникасына қолымыз жетпеді. Ауруды баланың айтуымен, көзге көрініп тұрған айқын белгілері арқылы анықтадық. Ал қазір құрал-жабдық, қол жетпейтін техниканың бәрі самсап тұр. Енді дәл диагноз қойып, дұрыс ем жүргізетін дәрігер тапшы. Осыған байланысты медициналық оқу орындарында оқытылатын мамандыққа тікелей қатысы жоқ пәндерді қысқартып, кәсіпке байланысты арнайы пәндердің сағатын көбейтсе, студент үшін әлдеқайда пайдалы болар еді. Біз медицина институтында 6 жыл оқыдық, алған білімді тәжірибемен ұштастырдық. Қазіргі оқу жүйесінде анатомия, физиология, патофизиология, микробиология, биохимия секілді теориялық сабақтар екі жыл жүреді. Бұл – дұрыс. Үшінші курста оқытылатын философия, Қазақстан тарихы секілді пәндерді алып тастау керек. 3, 4, 5 курста терапия, хирургия секілді жалпы медициналық білім беретін пәндер оқытылса, педиатрия егжей-тегжейлі оқытылуы тиіс. 6 курста терапевт, хирург, акушерлік-гинекология, педиатрия өз алдына бөлек оқытылып, бітірген соң сертификат, диплом алуы керек. Содан кейін түлек учаскелік дәрігер, емхана, ауруханаларда жұмыс істей бастайды. Бұл кезде көпшілігі үйленеді. 60-70 мың айлыққа отбасын асырау қиынға соғады. Сондықтан қосымша табыс көзін іздеп, оқу мен тәжірибені ұштастыруы өте пайдалы шешім болмақ. 7, 8 курста ординатура, резидентура басталып, 9, 10 курстарда нейрохирургия, кардиохирургия секілді күрделі салалар бойынша оқуын жалғастырады. Осы оқыту жүйесі барлық ТМД мемлекеттерінде сақталды. Менің осы ұсынысымды Қазақстан және ТМД елдеріндегі денсаулық сақтау мәселесіне қатысы бар тиісті мекемелер талқыласа деген тілегім бар.
– Соңғы жылдары науқас балаларға қалталы азаматтар қаржысы арқылы көмектесуді ұсынатын талап-тілектерге қоғамның да құлағы үйренді. Сырқат балаларға көмектесіп жатқан жандар көп пе?
– Елдің әлеуметтік жағдайы жақсы болуын армандаймын. Әсіресе болашағымыз – балалардың денсаулығы мықты болғаны қажет. Денсаулығы қуатты ұлт қана аласапыран өмірде өзінің тектік тұрғыда сапалылығына, саламаттылығына иек артып, өміршеңдігін сақтай алады. Қазақстан бұрыннан кедей ел емес еді. Жерінің асты да, үсті де байлық. Қазақстанда аса дәулетті адамдардың қалың шоғыры өсіп шықты. Есепшотындағы қаржысы миллиардты құрайтын олигархтар қара халықтан ұқсастығы да, ұстанымы да бөлек күйінде, бөлек тап болып қалыптасып келеді. Елмен жақындығы да, байланысы да шамалы. Дәрігердің алдына көбіне тұрмыс қажытқан, аурудан қалжырап, өңі де, өмірі де жүдеу тартқан адам келеді. Сонда «шіркін, соншама миллиардтың қажеті бар ма? 5, тіпті 7 миллион доллар да шалқып өмір сүруіне жетеді ғой, қалған миллиондарды елге қайтарса, тұрмысы төмен отбасыларға көмектессе, науқас адамдар денсаулығын түзеп, бала-шағасымен бірге бақытты өмір сүрер еді-ау» деп ойлаймын. Басы ауырмағанның балтыры сыздағанмен жұмысы жоқ. Әйтпесе біз, хирургтер, екі көзі жәудіреп ауыр ота күтіп жатқан, өте қымбат ем жасалса ғана шипасын беретін, тіпті туа сала аурудың құрсауында қалған науқас балаларды күн сайын көреміз. Анадан алып қана тумайды, ауру бала да туып жатыр. Өйткені өзі ауру әйел дені сау баланы өмірге әкеле алмайды. Егер ана пайдалы сусын, жеміс-жидек, құнарлы ас ішіп жүрсе, қажетті дәруменді уақтылы қабылдаса, денсаулығы да, көңіл күйі де жақсы болады. Жарқырап, жайнап тұрған адамға ауру жоламайды. Бұл қаражатты қажет етеді. Мұны дәулеті еселеніп, байлығы бас білдірмей өскен миллиардерлерге ұлт әлі де керек болар деген үмітімді үзбегендіктен айтып отырмын...
– Сізді білетіндер достыққа берік, көпшіл, төңірегіне бауыр жинап жүретін дархан көңіл адам дейді...
– Дәрігердің досы көп болады. Менің ең үлкен бақытым – достарым. Алаштың айтулы азаматтарымен дәмдес-тұздас, ой-пікіріміз ортақ, риясыз иықтасып қатар жүруді жазыпты. Олар қиын-қыстау күнде де, қуанышымда да қамқор, сүйеу болды. Кездескен сайын әрқайсысының көзқарас көкжиегінің кеңдігіне, ақыл-парасатының тереңдігіне, білім-білігінің ұшан-теңіздігіне тәнті боламын. Бүгінге дейін жұбымызды жазбай келе жатқандарды атасам, абайсызда бірін ұмыт қалдырып өкпелетіп алармын. Бірақ бақилық болып кеткен Ә.Тәжібаев, С.Нұрмағамбетов, Ә.Кекілбаев, Ш.Есенов, М.Қаратаев, Б.Әшімов, С.Зиманов, М.Қозыбаев, Ө.Сұлтанғазин, Я.Әубәкіров, С.Балмұханов, Б.Атшабаров сынды қазақтың марғасқа ұлдарымен бақай есепсіз жақын араласып, әр жүздесуден ғибратты сабақ алғанымды баға жетпес бақыт деп білемін. Әрқайсысы туралы таңды таңға ұрып қызықты естелік айтар едім, әттең, әңгімемді тауыса алармын ба?! Еліміздің әдебиетін, тарихын, өнерін, ғылымын асқақтатқан осы азаматтардың қай-қайсысы да еңбекті ту етіп, бойындағы бар асылын еліне беріп, өзіне де, өміріне де адал өмір сүрген жандар.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»