• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Сәуір, 2018

БҚО-да қағазбастылық азайып келеді

330 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы аумағында 461 мемлекеттік органда 4427 мемлекеттік қызметші штаты бар. Бұл қызметтерде 4166 адам еңбек етіп жүр. Олардың 17-сі «Болашақ» бағ­дар­ламасымен шетелде оқыса, тағы 17-сі – Қазақстан Респуб­ликасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясынан түлеп ұшқан.

Осы және басқа мәселелерді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша де­партаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов өңірлік коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте журналистерге айтып берді. Баспасөз мәслихатында департаменттің биылғы 3 айдағы жұмысы қоры­тындыланды.

Жыл басынан бері өңірде әкімшілік мемлекеттік бос лауа­зымдарға 413 конкурс өткі­зілген екен. Алайда сынаққа қатыс­­қан 439 үміткердің 225-і ғана жеңім­паз болған. Осы уақытта заң­ды­­лықты білу бағытындағы тес­т­ілеуге 502 адам қатысып, тесті­леуден 213 кандидат өтіпті.

– Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың қолданылуын және қызметтік әдептің сақтауын тексеру кезінде 209 заң бұзушылық анықталды, – дейді Болат Исақов.

Өңірдегі әдеп жөніндегі кеңес ай сайын отырыс өткізеді. Жыл басынан бері өткен 3 кеңесте 17 мәселе қаралыпты. Оның алтауы – тәртіптік істер. Нәтиже­сінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіпсіздік теріс қылыққа жол бергені үшін және Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін 4 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану ұсынылған.

Әдеп жөніндегі кеңестің ал­дағы отырысында Ұлттық эко­но­мика министрлігі Табиғи мо­но­­­­по­лияларды реттеу және бәсе­­келестікті қорғау комитеті Батыс Қазақстан облысы бойын­ша департаментінің басшысы М.Оспановтың ісі қаралатын бол­ды. Жақында YouTube арнасында Мұрат Оспановты Орал қала­сын­дағы түнгі клубтардың бірі­нен көтеріп шығарып алып бара жат­қандығын бейнелеген бейнеролик жарық көрген еді. 

– Кеше мен бұл мәселеге қатыс­ты тәртіптік іс қозғау туралы бұй­рыққа қол қойдым. М.Ос­пановтың өзінен оқиғаға қатысты түсініктеме алынды. Біз алдағы уақытта департамент басшысының ісін БҚО әдеп жөніндегі кеңес отырысында қарайтын боламыз, – деді Б.Исақов.

Батыс Қазақстан облысында 2018 жылдың алғашқы үш айында тұрғындарға 1007705 мәрте мемлекеттік қызмет көр­сетіл­ген екен. Жыл өткен сайын қағазбен жұмыс азайып келеді. Бұл саладағы қағаз айналымы былтырғы 24%-дан 18,7%-ға төмендеген. Ал электронды фор­маттағы қызмет барлық қыз­меттің 44,3%-ын құрап отыр.

Аймақта жыл басынан бері тұрғындардың өзіне-өзі қызмет көрсететін 104 пункт және сту­денттерге қызмет көрсету орта­лығы ашылған.

2018 жылдың І тоқсанын­да өңірдегі 8 мемлекеттік орган­да сыбайлас жемқорлық жасау­ға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау үшін сырт­тай талдау жүргізілген. Нәти­жесінде сыбайлас жемқор­лыққа апаруы мүмкін 35 фактор анықталған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы