• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Сәуір, 2018

Қандастар көшіне қарқын береді

1102 рет
көрсетілді

Апта басында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан Ре­спу­бликасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыс­пен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өз­геріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қой­ды. Елбасы өткен жылы Дүниежүзі қазақтарының V құрыл­тайында «Елім, жерім деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Біз көшіп келетін ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жері­нен бастауымыз керек» деген болатын. Осыған орай, атал­ған құжат атажұртқа оралған және оралатын қандас­тары­­мыз­дың бірқатар мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етпек.

Құрылтайдағы тапсырмалардың ізімен

Елбасының жоғарыда атал­ған Құрылтайда «Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Ата­ме­кеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті Қа­зақ Елі» деген сөзі тарихи себеп­термен әлемнің түкпір-түк­піріне тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың көкейін­дегі сан сауалдың жауа­бы болатын.

Айтып өткеніміздей, қабыл­данған құжаттың арқасын­да қандастарымызды көптен ойлантып жүрген бірқатар мә­селелер шешімін таппақшы. Оның ішінде қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасында қоныс аудару­шы­лардың отбасылары ғана емес, жекеле­ген, оның ішін­де некеде тұр­маған көшіп келу­шілер де мемле­кет­тік қол­дау шараларымен қамтыл­ған­дығын атап өтуге болады.

Ең бастысы, қандастарымыз оралман мәртебесін үш айдан аспайтын мерзімге бір реттік ұзартуға мүмкіндік алды.

Бұған дейін Президент тапсырмасына байланысты сырттан келген қандастарымыздан талап етілетін қажетті құжаттар тізімінен соттылығы туралы анық­тама алынып тасталған бо­ла­тын.

Сонымен қатар Қазақстан азамат­ты­ғын оралмандар жеңіл­детілген тәртіппен бас-аяғы 3 айдың ішінде алуына болады. 

Оралғандар көп, келуге ниеттілер де аз емес

Шүкір, көш түзеліп, кер­уеннің басы Атажұртқа бұ­рыл­­ғалы 25 жылдан асты, тәуел­сіз­дігіміз миллиондаған қазақ­­тың басын қосуға себепкер бол­­ды. Сыртта әлі де 5 миллиондай қандасымыз ата қонысына қа­райлап отыр.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министр­лігінің деректеріне сүйенсек, өткен жыл­дың қорытындысы бойын­ша республикаға 9 989 отбасы не­месе 18 605 этностық қазақ қо­ныс аударып, оралман мәр­те­бесін алды. 

Оралғандардың көбісі немесе 45,6 пайызы – Өзбекстаннан, 43,6 пайызы – Қытай Халық Республикасынан, 3,2 пайызы – Түрікменстаннан, 2,4 пайызы – Моңғолиядан, 1,8 пайызы – Ресейден және 3,4 пайызы басқа елдерден ат арытып жеткен. 

Ресми мәліметтерге қара­ғанда, оралмандар негізінен Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жам­был, Шығыс Қазақстан, Маңғыс­тау облыста­ры мен Ас­тана қалала­рының аумағына шоғыр­ланған.

Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығының бас хатшысы Ра­хым Айыпұлының деректеріне қар­ағанда, тәуелсіздік жылдары елі­мізге 1 млн астам қандасымыз түпкілікті қоныс аударғанымен, сырттағы қазақтардың табиғи өсімі, демографиялық ахуалы өте жоғары деңгейде сақталған.

Мәселен, 90-шы жылдары Қы­­тайдағы қазақ саны 1 млн 200 мың­ның айналасында болған. Сол уақыттан бері олардың 250 мыңы атажұртқа көшіп кел­гені­мен, аталған көршілес елдегі қа­зақ­тың саны қазір 1 млн 700 мың­ға жуықтайды. Бұл – табиғи өсім. Ресей, Өзбекстан, Моң­ғо­лия, Түркия мен Ирандағы қан­дас­тарымыздың шоғыры әлі де басым. Ал Ауғанстандағы жүздеген от­басы сол елдегі қақты­ғыс­тардың сал­дарынан өзге араб елдеріне ауып, бас сауғалап жүр­генге ұқсайды.           

Ғылым мен білімге қосылған әлеует

Елімізде «Оралман» атауының өзі түпкілікті сіңісіп, сүйкімді терминге айнала қоймағандығын мойындауымыз керек. Әрине қоғам тарапынан бірнеше балама атаулар ұсынылды, бірақ нақты шешім де, кесімді ой да әзірге та­былар емес. Оның үстіне елде орал­мандарға жасалған азғантай жеңіл­діктердің өзін көп көретін ұстаным барын да жоққа шығара алмаймыз. Ал іс жүзінде оралман мен масылдықты қатар қоюға бола ма? Мүмкін емес. Өйткені тек ресми сандарға сүйеніп, тарқата айтып көрелік.  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша оралмандардың 66,4 пайызға жуығы еңбекке қабілетті жаста екен. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі – 27,6 пайыз, ал зейнеткерлер 6 пайыз­ды құрайды. Демек аяқ-қолы балғадай, кез-келген жұмысқа сұранып тұрған апталдай азамат­тар­дың қарасы көп.

Ал Рахым Айыпұлының дерек­теріне қарағанда, сырттан келген қандастарымыздың арасында 74 ғылым докторы, 213 ғылым кандидаты бар. Жоғары білімділері де жеткілікті. Демек ғылыми потенциал жоғары, тек соны пайдалана білу керек.

«Қытайдағы қандастарымыз сауаттылық деңгейі бойынша Қытайдағы 56 ұлттың ішінде бе­сін­ші орында тұр. Бұл – бәсекеге қабілетті, саналы, дарынды ұлт ретінде қалыптасқандықтың белгісі. Осыған қарамастан жас ұрпақтың ұлттық тілінен, ата дінінен, салт-дәстүрден қол үзіп бара жатқандығы ғана алаңдатады. Енді ол жақтағы аға­йынның көші-қон мәселесіне қатысты қиындықтарын тойтарып, елге көшіріп алмасақ, айдың-күннің аманында миллиондаған бауырларымыздан айырылып қалуымыз мүмкін» деп Р.Айыпұлы қынжылысын жасырмайды. 

Сауаттылық пен еңбекқорлыққа келгенде шет елдерден келген қандастарымыздан үйренеріміз де бар. Еуропа қазақтарының білімі жайында толғауға асықпайық, ұлы көштің ішіндегі қытайлық қазақтардың білім деңгейін айттық. Ал Өзбекстаннан оралған оралмандардың қай-қайсысы да еңбекке икемді, төзімді және тоқымдай жерден нәпақа тауып өскен ұрпақ. Моңғолиядағы қазақ отбасылары ең кемі 500-1000 қойдан өргізіп отыр. Игерілмей жатқан жерді, сортаңның өзін қиып берсек, гүлдендіріп, малмен толтыруға оралмандардың қауқары жетеді.

– Қарағанды өңіріне барған сапарымызда квотасыз келген ағайын­дардың ондаған жылдардан бері өз орнын таппағанын көріп қынжылдық. Қазақтың кең даласы баршамызға ортақ, елім деп соққан жүректі кең дала өзекке теппейді. Сондықтан оралман ағайындар онсыз да бос жері аз, жұмыс орны тапшы оңтүстік өңірлерге барудан гөрі, мүмкіндігі мол Қостанай, Қызылжар өңірлеріне барса дұрыс болар еді, – дейді біз әңгімелескен Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман.

Қалай десек те, оралмандардың көптеп келуінен ұтпасақ, ұтылмай­мыз. Алдымен елдің қорғаныс қабі­леті нығаяды, тұтынушы нарығы кеңейе түспек.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»