Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған бес әлеуметтік бастамасы атап көрсетілген Үндеу қазақстандықтарды бір серпілтіп тастаған болатын. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді орындауда бұл Үндеудің алатын орны ерекше деп ойлаймын.
Себебі осы Жолдауда атап көрсетілгендей, тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы адам капиталы екені рас. Яғни, Жолдауда белгіленген ел экономикасы дамуының 10 стратегиялық міндетін жүзеге асыратын Қазақстан азаматтары екендігін ескерсек, республика тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуді жеңілдетуге бағытталған бұл Үндеудің маңызы еселеп арта түсері анық.
Сондай-ақ Үндеуде «Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан мен «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады», деп нақтылануын балаларымыз үшін, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан үлкен әкелік қамқорлық, теңдессіз тарту деп түсінген абзал. Төменгі пайызбен берілетін ипотекалық тұрғын үйлер ел жастарының баспана мәселесін біржола шешуге бағытталған маңызды бетбұрыс деп есептеймін.
Үндеудегі «Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салуды ұсынамын. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет», деген жолдар тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсартуға, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған оң шешім. Меніңше, дер кезінде қабылданған осы бағдарлама қазақстандықтардың тұрмысын жақсартумен бірге, елдегі кейбір әлеуметтік топтардың арасында орын алып жатқан теріс түсініктердің алдын алуға септесетіндігі анық.
Ең бастысы, студенттерге арнап 75 мың орындық жатақханалар салу туралы бастама бұқара халық пен жастарымыздың үлкен ризашылық сезімін туғызды. Үндеуде айтылған ұсыныстар жастардың еліміздің және шетелдердің ЖОО-да толыққанды және тегін білім алуына жаңа көкжиектер ашып отыр деп түсінемін.
Бүгінде Қазақстан халқының едәуір бөлігі орта және шағын кәсіппен айналысуда. Нарық заңдылығы да осыны талап етеді. Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында тұрғындардың өзін-өзі еңбекпен қамтуы үшін бұл да аса маңызды мәселе. Осы орайда Мемлекет басшысының «2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын», деген бастамасын дер кезінде көтерілген өте бағалы шешім ретінде бағалаймын.
Үндеудегі «Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды –Теміртау – Астана бағытында магистральды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек», – деген жолдарды оқығанда кеудемізді мақтаныш кернеді. Осы орайда біз, қызылордалықтар еліміздің жүрегі – Астанаға көптен бері жетпей тұрған көгілдір отынның Қызылорда облысының территориясынан тартылатындығына шын жүректен қуанғанымызды жеткізгіміз келеді. Міне, Президенттің бастамасымен «Сыр – Алаштың анасы» деген сөз шындыққа айналды.
Серікбай ҚОСАН,
Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі