Жуырда ғана өзінің туған күнін тойлаған украиналық танымал боксшы кейбір спортшылар мансабының соңында да жете алмайтын биіктерді 30 жасына дейін бағындырып үлгерді. Бүгінге дейін екі рет Олимпиада және әлем біріншілігінің жеңімпазы атанған Василий Ломаченконың жеңіске жолы тынбай еңбектенген адамның бәріне қол жеткізе алатынына дәлел болады.
Василий Ломаченко 1988 жылы Украинаның Одесса облысына қарасты Белгород-Днестровский қаласында дүниеге келген. Әкесі – Анатолий Ломаченко бокс клубының жаттықтырушысы, анасы – Татьяна Ломаченко кәсіби акробат, спорт шебері. Спортшылар отбасында дүниеге келген бала да спорттан алысқа ұзамайтыны белгілі. Сол себепті кіші Ломаченко бокс әліппесін үйренуді әкесінің қатаң қадағалауымен бастады. Әуелде Анатолий Ломаченко ұлының кәсіби боксшы болғанын қаламаған, тек нағыз ер-азамат тәрбиелеуді көздеген.
Кіші Ломаченко 10 жасына дейін тек рингке шығып қоймай, ескек есу, футбол және самбо спортымен шұғылданған. Кейіннен оны әкесі бокс үйірмесінен шығарып, биге береді. Ол би үйірмесіне барғысы келмейтінін, биді жаны қаламайтынын әкесіне қанша айтқанымен, онысынан түк шықпады. Әкесі оған «Егер биге бармайтын болсаң, бокс үйірмесіне мүлде қатыспайсың» деп қорқытқан. Василий өзінің сүйікті спортынан айырылып қалмас үшін, әкесінің дегеніне көніп 3 жыл бойы биге қатысады.
Анатолий Ломаченко баласын не үшін биге бергенін былай түсіндіреді. «Мен ұлымның боксқа икемі бар екенін, болашақта үлкен додаларда топ жаратынына көзім жетіп тұрды. Бірақ ол үшін аяқта жұмыс істеуді меңгеру керек екенін түсіндім. Сол үшін мен оны биге бердім», дейді әкесі. Расымен, Ломаченко бидің арқасында рингте аяқпен еркін қимылдап, шаршы алаңда билеп жүргендей жылдам әрі епті әрекет жасайды. Қарсыластарының көбі Ломаченконың қимылын болжай алмай, жеңіліп жататын.
Ұлының аяқпен қимылдауында мәселе жоқ екенін, енді қайта бокспен шұғылдануға болатынын ескерген әкесі Василийді 13 жасында қайта бокс залына әкеледі. Тынбай ізденіс үстінде жүрген әкесі күн сайын жаңа жаттығу ойлап, ұлын ерекше әдістермен дайындай бастайды. Бір күні жазық далада, екінші күні теңіз жағасында жүгіртеді. Ал үшінші күні судың ішінде жаттығу жасатқызады. Онысымен қоймай, маңызды жарыс алдында баласына теңіз ішінде толқынға қарсы 9 шақырым жүзуді тапсырады. Ол жаттығу кезінде баласына ешқашан жанашырлық танытқан емес. Ломаченко әкесіне «Әке, шаршадым, аз ғана демалайықшы» дегенде, әкесі ұлына күліп қарап, «Балам, біз демалыссыз жаттығамыз» деп дайындығын әрі қарай жалғастыра береді.
Әкесі айтады: «Жер шарында бізден де басқа адамдар өмір сүріп жатқанын түсінуіміз керек. Сол адамдардың ішінде біз сияқты Олимпиада, әлем чемпио- ны болу үшін тынбай еңбек етіп жатқан бір адам болуы мүмкін. Тіпті олар жаттығу кезінде бізден екі есе көп машықтанып жатуы да ықтимал. Мысалы, сен бүгін өзіңді аяп 10 жаттығу орындасаң, ол 12 жаттығу істейді. Ертең сен 12 жаттығу істесең, ол 15 рет машықтануы ғажап емес. Міне, сен жарысқа бармай-ақ, ол адамнан жеңіліп жатырсың. Сон- дықтан алдыңа биік мақсат қойған екенсің, ол жолда ештеңеден аянбау және өзіңді аямауың керек», дейді.
Ал Ломаченконың өзі әкесінің күнде жаңа жаттығу ойлап табатыны соншалықты, кейде жаттығуды неден бастарымды білмей қаламын дейді. «Менің бокспен шұғылданып жүргеніме 20 жылдан асса да, жалғыз қалғанда әлі күнге дейін жаттығуды неден бастарымды білмеймін. Былай қарасаңыз, мен Олимпиада, әлем чемпионымын. Бірақ жаттығуға келгенде әкем болмаса мен ешкім емес екенмін. Әкеммен жүрсем жаттығуға да, жекпе-жекке де алаңдамаймын», дейді чемпион.
Әкесі баласының рингте өзін еркін сезініп, аяқта шапшаң қимылдай алатынына көзі жетіп, ұлына жеңістің бәрі тек тынымсыз еңбектің, жаттығудың арқасында келетінін осылайша ұқтырды. Енді Ломаченкоға осы екеуін біріктіретін, дегеніне жету үшін білім керек деп ойлайды. Сөйтті де, баласымен әрбір жаман сөз айтқаны үшін атақты жазушылардың, ақындардың шығармасын оқып, өлеңдерін жаттауға келісті.
Василий айтады: «Украина спортшыларының тарихында сабақты таңғы беске дейін оқыған мен шығар. Кешкі жаттығудан шаршап келіп, сабақ орындауға ерінетінмін. Әкем «Сабағыңды орындадың ба?» деп сұраса «иә» деп жауап беретінмін. Ал шын мәнінде мен кітаптың бетін де ашпаған едім. Сабақ оқымағанымды білген әкем таңға дейін маған сабақ оқытатын».
«Адам кім болғанына қарамастан, оған ең алдымен білім керек. Егер спортшы сабағын дұрыс оқи алмаса, одан тәуір спортшы шыға қоюы екіталай. Кез келген спорт түрі адамнан жоғары білімді талап етеді. Егер сен шынымен білімсіз болсаң, онда саған үлкен спортта орын жоқ. Орын болғанымен, сен тек спорт шебері деген атаққа дейін жетуің мүмкін. Ал әрі қарайғы жетістікке тек білімің арқылы жетесің», дейді Ломаченконың үлкені.
Тіпті Анатолий Ломаченко ұлын сабақ оқымаған үшін ел ішілік және халықаралық жарыстарға қатыстырмайтын. Василиймен қатар балалар жеңіске жетіп, чемпион атанып жатқанда чемпион бала үйінде сабақ оқып отыратын. Кейін Василийдің өзі жарысқа қатыса алмай қалған кездері өзіне қосымша күш сыйлап, жеңіске деген жігерін арттыра түскенін айтады. Сөйтіп ол 2004 жылы Украинаның жастар құрамасына қабылданып, сол жылы Еуропа чемпионы және үздік боксшы атанды. Ал 2007 жылы 19 жасында бірінші рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, Олимпиадаға жолдама алғанымен, финалда жеңіліп қалды. Бұл Ломаченконың әуесқой бокстағы жалғыз жеңілісі болатын. Оның түйсігінде екінші немесе үшінші орын алу деген мүлдем болмайтын. Арадан бір жыл өткенде ол Олимпиада чемпионы атанды. Онда ол бір жыл бұрын әлем чемпионатында жеңілген ресейлік Альберт Селимовпен алғашқы айналымда жолығып, еш қиындықсыз жеңіске жетті. Бейжің Олимпиадасынан кейін Василий Ломаченко Украинаға жұлдыз болып оралды, ал Белгород-Днестровск тек тарихи қала ғана емес, сонымен қатар атақты боксшыны тәрбиелеген қала ретінде танымал болды. Себебі Бейжіңде ол техникасы ең мықты боксшы марапатталатын «Вел Баркер» кубогының иегері атанған-ды.
Арадан төрт жыл өткенде Василий Ломаченко Лондонда өткен Олимпиадаға қатысып, екінші рет Олимпиада чемпионы болды. Бұған дейін ол 2009 және 2011 жылы Милан мен Бакуде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болып, Украина боксы тарихында әлем чемпионаты мен Олимпиаданы жеңген тұңғыш боксшы ретінде қалды.
Міне, осындай үлкен жаттығу мен еңбектің, тәртіп пен білімнің арқасында Василий Ломаченко тек Украинаның емес әлемнің ең атақты боксшысына айналды. Сондай-ақ боксты енді бастаған спортшылардың кумиріне айналды. Оның бүгінге дейін жүріп өткен жеңіс жолы жас спортшыларға қосымша күш, қосымша серпін беретіні анық.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»