Астана қаласындағы Ұлттық музей шығармашылық адамдардың еңбегін насихаттауға бағытталған «Қазақстан заманауи өнері тарихындағы тұлғалар» жобасы аясында «Еркіндік» қорымен бірлесіп, белгілі өнер қайраткері, танымал мүсінші Еркін Мергеновтің туындыларына арнап «Еркін Мергенов. Уақытты сезіну» атты көрме ұйымдастырды.
Еркін Тілекұлы – қазақ мүсіндеу өнерінің модернистік бағытын қалаған тұлға. Шығармалары Мәскеудегі Третьяков галереясында, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінде, АҚШ, Германия сияқты елдердің көркемсурет қорының коллекцияларында сақталған. Е.Мергеновтің шығармашылық таланты жайлы ресейлік өнертанушы Ю.Королев: «Бұл адамның ойлау, сезіну, түйсіну қабілетінің тереңдігі, заманауи құбылыстарды аңғара білуі, тек хас шеберлерге ғана тән көріпкелдік дарыны, оны әлемдік деңгейге көтерді» десе, осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің докторы, славян тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Н.Скаков, Мергеновтің туындылары: тарих, дін, философия, әдебиетте соны шығармалар жазуға ықпалын тигізді, депті.
Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі және В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтының түлегі Еркін Мергеновтің әр жылдары қолынан шыққан ғұмырлы еңбектері – «Неке», «Таң», «Шеңбер», «Махамбет», «Сезімталдық», «Ағаш үні», «Кеш», «Жамал», «Сәби жылы», «Даладағы талтүс», «Екеу. Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қуаныш», «Бөбектер жылы», «Бәйтерек даусы», т.б мүсін-кескіндемелері расында қазақ бейнелеу өнеріндегі тың бағыт. Онда – дала мәдениеті, Шығыс өркениетінің композициясы көрініс тапқан.
Талантты мүсіншінің басты қасиеті ол ғалам таныған мүсіншілер – Кремер, Барлах, Манцу, Джакометти, Майоля, Роден сияқты тарландардың туындыларына тереңінен бойлау арқылы, олардың стилдік ерекшелігі мен реалистік көзқарасынан сабақ ала отырып, өзінің бағытын қалыптастыра алуында.
Үш жыл бұрын өмірден өткен шығармашылық иесі Еркін Тілекұлын еске түсіру үрдісі бойынша ұйымдастырылған шара кезінде сөз алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Л.Кочетов, Мергеновтің туындылары ұлт мәдениетін шетелге танытудың үлгісі деді. Сонымен қатар жиынға мүсіншінің ұлы Әлібек Мергенов, өнертанушы Камила Ли бастаған суретшілер және басқа да танымал тұлғалар қатысып, арнайы өткізілген конференция барысында өз ойларымен бөлісті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»