• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Сәуір, 2018

Жаңғыруға бастайтын жаңа жобалар

896 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Нұр Отан» партиясының жаңғыру аясындағы жаңа жобалары туралы баспасөз мәслихаты өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысты.

Елбасы, «Нұр Отан» пар­тиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде партия қызметін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы бағытта бірқатар нақты стратегиялық жобалар қолға алынып, оларды жүзеге асырудың тиімді тетіктері де қарастырылған. Аталған жобалардың мәні мен маңызы туралы айтқан Мәулен Әшімбаев олардың ел дамуына тигізер оң әсерін де атап өтті.

«Партия қолға алған жаңа жобалардың қатарында цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған тың бастамалар бар. Бұл жобалар алдымызда тұрған ең басты мақсат – ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға және қазақстандықтардың әлемдік бә­секеге қабілеттіліктерін арт­ты­руға өз септігін тигізеді», – деді «Нұр Отан» партиясы Төра­ға­сының бірінші орынбасары.

М.Әшімбаевтың айтуынша, партиялық жаңғыру аясын­да алдағы уақытта елімізде ба­ла­ларға арналған 1000 IT-сынып ашылып, онда жылына 150 мың мек­теп оқушысы бағдарламалау және робот-техниканың негіз­дері жайында тереңдетілген білім алмақ. Сондай-ақ пар­тия­ның бастамасымен жұмыс беруші ІТ-компаниялар мен ірі жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ-орталық ашылады. Онда жылына 35 мың қазақстандық ІТ-индустрияның қыр-сырын үйренетін болады. Осылайша «Нұр Отан» партиясы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бір­лесіп қазақстандықтардың цифр­лы сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың әлем­дік ірі жобаларға қатысатын бәсе­кеге қабілетті маман болып қалып­та­суына жағдай жасамақ.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Нұр Отан» пар­тиясы «Ата­мекенмен» бір­лесіп кәсіпкерлерге арналған Бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын портал құруды жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлік саладағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің ең үздік үлгілерін енгізу және бизнестегі шығындарды азайту. Партия тарапынан өңірлерде мемлекет-жекеменшік әріптестігін одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізілмек. Сол арқылы мектеп асханаларының жұмысы жанданып, спорт алаңдары қайта қалпына келтіріледі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да партия бірқатар басым бағыттарды қолға алған. Бұл ретте ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйренуге қолайлы орта қалыптастыруға және елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға басымдық беріліп отыр. Соған байланысты ағылшын тілін еркін меңгерген 500 қазақстандық және шетелдік жас ерікті ауылдық мектептерге жіберіліп, олар арнайы құрылған клубтарда жергілікті жастарға тіл үйрететін болады. Осы бағытта партияның бастамасымен отандық кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру ісі де қолға алынбақ. Соның нәтижесінде бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі қалыптасып, еліміздегі барлық кітап қоры электронды форматқа көшіріледі. Кітапханаларда жастарға арналған қызықты лекциялар ұйымдастырылып, пікірталас алаңдары және тағы басқа игі бастамалар да жұмыс істейтін болады.

– Қазір бүкіл әлем қарқынды дамып қана қоймай, жедел өзгеру үстінде. Сондықтан біз де бүгінгі заман талаптарына сай бейімделуіміз керек. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясы нақты жобаларды қолға алып, жұмысты бастап кетті. Бұл жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты сарапталып, тиімді тетіктері алдын ала мұқият зерттелді. Партия осындай нақты жобалар арқылы Елбасы айқындап берген мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырып, стратегиялық бастамаларға белсене қатысатын болады, – деген Мәулен Әшімбаев мұндай ауқымды жұмысты партия мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп атқаратынын атап өтті.

Сонымен қатар жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев Елбасы тапсырмасына сәйкес «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бекітіліп, 5 нақты бағыт анықталғанын тілге тиек етті.

«Олардың ішінде, адами капитал, цифр­лы үкімет, цифрлы экономика, инновация­лы экожүйе және цифрлы Жібек жолы немесе инфрақұрылымды дамыту бар. Олар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Олардың ең маңыздысы адами капитал. Адами капиталдың көмегі арқылы барлық бағыт жүзеге асырылады. Балаларға арналған тегін IT-сыныптардың көтерер жүгі салмақты болмақ. Бұл жоба аясында еліміз бойынша 1000 ІТ-сыныптың, жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ-орталық ашылатыны қуанышты. Біз мұндай бастамаларды қолдауға әзірміз», деді Асқар Жұмағалиев.

Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов те партиялық бастамалардың әлеуетіне назар аударып, осы жолда бизнес-қауымдастық тарапынан мейлінше қолдау көрсетілетінін айтты.

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»