Кітапханашы – жай ғана кітапханаға келгендерге қызмет көрсетуші емес. Ол – парасаттың шырақшысы. Ой-өрісі кең, білім қазынасын мол жиған жан ғана руханият ордасына тұрақтап қалады. Көркем әдебиет арқылы қоғамдық сананы қалыптастыруға болады.
Бұл ретте кітапханашыларға артылатын міндеттің жүгі ауыр. Атырауда өткен «Кітапханадан – ағарту орталықтарына: жаңғырудың жаңа мүмкіндіктері» республикалық форумында кітапхана ісін кемелдендіру жайы айтылды.
Кітапхана мен оқырман арасындағы алтын көпір
Форумға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген 100-ден астам кітапханашы мен Ұлттық академиялық кітапхана басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жолдыбалинов қатысты. Соңғы жылдары әлемнің 20 елінде қазақ әдебиеті орталығы ашылды. Қазір кітапханалардың алдында бірыңғай электронды кітап қорын құру және барлық қазақстандыққа қолжетімді ету міндеті тұр.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ұлттық академиялық кітапхана қазақ халқының тарихына, мәдениетіне қатысты шетелдік кітапханалар қорындағы құжаттарды зерттеп, жинақтау ісін қолға алды. 3D-кітапхана құру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ұлыбритания, Өзбекстан, Франция, Татарстан, Түркия, Башқұртстан, басқа да елдердегі кітапханалардан құжаттар алынды. Ұлттық академиялық кітапханада атаулы залдар ашыла бастады, – дейді Н. Жолдыбалинов.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы кітапханаларда да жүзеге асады. 2020 жылға дейін барлық қазақстандық кітаптар цифрлы форматқа ауыстырылады. Қазір еліміздегі барлық кітапханалар осы мақсатта жұмыс істеуде. Бірыңғай қазақстандық электронды қор құру міндеті де аталған бағдарлама аясында жоспарланған.
– Ұлттық академиялық кітапхананың алдында кітапханашының имиджін, беделі мен кәсіби біліктілігін көтеру міндеті тұр. Кітапхана мен оқырманның арасындағы алтын көпір – кітапханашылар, – деп атап өтті Н.Жолдыбалинов.
Міндет – жаңа заман талабына сай болу
Шарада аймақтардан келген кітапханашылар тәжірибе алмасты. Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапхана басшысы С.Ізмұхамбетова барлық кітапхана қоры цифрлы жүйеге өтуі тиіс деген Үкімет тапсырмасы лайықты жүзеге асып жатқанын айтты. «Кітапхана қорындағы сирек әдебиеттерді сақтау және оқырманға қолжетімді ету мақсатында ғасырлар қойнауынан сыр шертетін 700-ге жуық әдебиеттің «Сирек басылымдар» атты деректер базасы жасақталып жатыр», дейді Сара Салахатдинқызы. – Цифрлы форматқа 1137 дерек көшірілді. Дәстүрлі жұмыс түрлерімен қатар оқырман-пайдаланушылар үшін «Құжаттарды электронды жеткізу», «Виртуалды анықтама қызметі» іске қосылды». Атырау облыстық кітапханасы Ұлттық кітапхана құрастырған автоматтандырылған ақпараттық Web-РАБИС жүйесін алғашқылардың бірі болып пайдаланып отыр».
– Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің кітапхана меңгерушісі А.Демішова жас оқырмандар және ата-аналар клубтары құрылғанын айтады. «Кітапхананы оқу залы, мультимедия залы және зерттеу залы деп үшке бөлдік. Қазір қорымызда 28 000 кітап бар. Үш тілде көркем әдебиет жинақталған, оқытушыларға арналған әдістемелік материалдар да жеткілікті», дейді ол.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Қ.Райымбаева «Кітапханаларды жаңғырту: өркениетке енудің жаңа белесі» тақырыбында жасаған баяндамасында облыс бойынша жалпы кітап қоры 3 млн 830,6 мың данаға жеткенін айтты. Аймақтағы ауылдық кітапханаларды көпфункциялы мекемеге айналдыру, соның ішінде ауыл кітапханасы мен коворкинг орталықтарын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан шаралар қатары аз емес. Биыл Алға ауданы Есет батыр модельді ауылдық кітапханасын, Темір ауданындағы Кеңқияқ модельді ауылдық кітапханасын, Ырғыз ауданындағы Қызылжар модельді ауылдық кітапханасын жаңғырту жоспарланған. С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Деректі мұраны цифрландыру» жобасы аясында цифрландыру бойынша электронды цифрлы форматқа көшіру үшін Эларскан кітап терминалын қолдана отырып, өңір тарихына қатысты 41 536 құжатты өңдепті. «Кітап – тауар ғана емес, халықтың рухани қазынасы, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақталған ақыл-ойының сақталып тұрар алтын қоймасы, осы қойманы тек оқырманға қажетті кітаппен толтыру керек. Сонда ғана кітапханаға келушілердің санын көбейте аламыз», дейді Қ.Райымбаева.
Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі А.Түгелова «Кітапханалар мәдениет және бос уақыт өткізу орталығы ретінде» тақырыбында, Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы өлкетану бөлімінің жетекшісі С.Сағынтайқызы жаңа жобалар туралы баяндама жасады.
Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында өткен жылы «Фариза Оңғарсынова» кабинеті ашылған еді. Атыраулық жас қаламгерлердің басын қосқан «Фариза жұлдыздары» клубының жетекшісі, ақын Ә.Дәулетбаева шара аясында шеберлік сыныбын өткізді.
Форум жұмысына Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы С.Сабыр қатысып, қоғамдағы кітапханашылар рөлінің жылдан жылға маңызға ие болып келе жатқанына тоқталды. Кітапханалар жұмысын жаңғыртудың өзекті мәселелері, мамандардың кәсіби деңгейі мен заманауи келбеті, кітапханалық ресурстарды цифрлы форматқа көшіру, ауыл кітапханаларын жаңғырту мақсатында жасалуы тиіс жұмыстар туралы ойлар қозғалып, пікірлер айтылған шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылды. Онлайн тәртібінде өткен форум жұмысында шет аймақтардың да кітапханашылары өзара тәжірибе алмасып, сұрақ қоюға мүмкіндік алды.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ