Ресейдің халық әртісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратовамен сұхбат.
Паң өнердің падишасындай ару Алтынайды алыстан аялап, асқақтаған абырой-беделіне сырттай сүйсінгенімізбен, жақынырақ танысып, тілдесудің сәті түспей-ақ қойған.
Ашық аспан астындағы музейдей әр тасында тарих таңбаланған Санкт-Петербург қаласындағы атақты Мария театрының прима балеринасы атанып қана қоймай, Анна Павлова, Галина Уланова сияқты аттары аңызға айналған сахна саңлақтары түлеп ұшқан А.Ваганова атындағы Орыс балет академиясының көркемдік жетекшісі ретінде көп іс тындырған қандасымыз, Ресейдің халық әртісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Асылмұратова айдынына қайта қонған аққудай атамекеніне оралғаны мәлім. Бүгінде ол ел мәдениетінің еңселі ордасы іспетті «Астана Опера» театрының балет труппасына басшылық жасайды. Асқан талантымен айдай әлемге танылған қазақтың қадірлі қызын Елбасының өзі елеп-ескеріп, екі рет Ақордада қабылдады. Қазақстан өнерінің өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосатынына сенгендіктен елорда төрінде есік ашқан Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры етіп тағайындады.
Біз таяуда екі тізгінді еркін ұстап, ерекше құлшыныспен еңбек етіп жатқан ерек тұлғамен жүздесіп, емен-жарқын сұхбат құрған едік.
– Алтынай Әбдуахимқызы, тарихи отаныңызға табан тірегелі де біраз болды. Көңіл күйіңіз қалай, алған әсерлеріңіз ше?
– Туған жеріне туын тіккен жанның жайнаң қағып жүрмеске қақысы жоқ. Өзімді өте жақсы сезінемін. Астананың аумалы-төкпелі ауа райына да үйреніп қалғандаймын. Алғашында арқыраған аязы мен ақтүтек боранын көріп аздап абыржығаным рас. Ұлықтауға лайық ұлтымыздың ұлағатты қасиеттерімен қайта қауышып жатқаныма қуаныштымын. Мұндағы мамыражай ахуал, айналамдағы адамдардың ақжарқын мінезі ұнайды. Басқа жақтардағыдай бірін-бірі баса-көктеу көріністері байқалмайды. Кісіліктері кіршіксіз, пейілдері кең. Осының бәрі – халқымыздың рухы биіктігінің, тамыры тереңдігінің, сан ықылымдық салт-дәстүрін сақтай білгендігінің арқасы. Тегінде қайырымдылық, мейірімділік жайлаған жерге жамандық жоламайды.
Әсіресе отбасылық құндылықтардың әспеттелетіндігіне тәнтімін. Демографиялық дүмпу деңгейі жоғары екен. Дағдарыс дендеп, даму тежелген тоқсаныншы жылдары Ресейде жүкті әйелдерді көшеде сирек көретінбіз. Сіздерде бәрі басқаша. Сүйкімді сәбилерін айналып-толғанған ерлі-зайыптыларды ертелі-кеш жиі кездестіресіз.
Сөздің шыны керек, Санкт-Петербургте туып-өскен қызым Астанаға бауыр баса қояр ма екен деп ептеп қобалжыған едім. Обалы нешік, Анастасия жаңа ортаға тез-ақ бейімделді.
– Жә, жиеннің жайы белгілі болды. Қанша айтқанмен, нағашы жұрты емес пе, жатсына қоймас. Ал енді күйеуіңіз қайтті?
– Ол да «бөтендігін» білдірген жоқ. Біздің театрда репетитор. Жастарға бидің қыр-сырын үйретеді. Аты-жөні – Константин Заклинский. Ресейдің еңбек сіңірген әртісі. Жақсы жар, сүйікті әке. Оның қолдауы болмаса, мен осындай дәрежеге жетпес едім.
– Кім болса да іргелі іске кірісер алдында белгілі бір жоспарлар құрады. Ендеше айтыңызшы, ойға алған мақсатыңыз орындалды ма?
– Әрине мен мұнда құралақан келгенім жоқ. Балеттің ұңғыл-шұңғылын бір кісідей білемін. Кәдеге жаратар кәсіби тәжірибем бар. Жүзеге асырмақ жоспарым жеткілікті. Солардың ең бастысы – балет әлемінің кейінгі екі ғасырдағы іліп алар інжу-маржандарын іріктеп, көкірегі ояу көрерменнің олжасына айналдыру. Классика, неоклассика дейсіз бе, бәрін. Әлемнің әйгілі хореографтарын шақырып, сүбелі спектакльдер қойсақ, тасымыздың өрге домалағаны емей немене?! Бірақ бұл тым қымбатқа түсетін ләззат.
Осы ойымды алғаш театр басшыларына айтқанымда көңілді ептеген күдік күптеген. Өйткені кез келген мәселенің шешілуі қашанда қаржыға келіп тірелетіні әмбеге аян. Оның үстіне «анау жоқ, мынау жетіспейдінің» заманы...
Әйтеуір әзірге айымыз оңынан туып тұр. Бірсыпыра жобаның басы қайырылды. Дүниежүзілік деңгейдегі дүлдүл шығармалар репертуарымыздан ойып орын алуда. Алдымен Минкустың «Баядеркасын» қойдық. Сахна сәнімен италиялық сценография сүлейлері айналысты. «Оскар» сыйлығының лауреаты, костюмдер жөніндегі суретші Франка Скуарчапино үздік киім үлгілерін ұсынды. Одан соң осы үрдіспен «Париж Тәңіранасының соборын», «Манонды» сахналадық. Бұлардың премьерасына кезінде осы дүниелерді қойған әйгілі Кеннет Макмилланның жесірі Дебора ханым қатысты. Ол осынау орны бөлек туындыларды қоюға ниет танытушылардың бәріне бірдей рұқсатын бере бермейді. Ал біздің жұмысымызға ағынан жарылып, алғысын жаудырды. Тіпті «Мен дәл мұндай керемет көркемдікті ешқайдан көрмедім» деп төбемізді көкке жеткізгенін қайтерсіз. Одан артық қандай баға керек.
Алдағы уақытта алқалаған әлеуметке «Жизель» мен «Корсарды» ұсынбақпыз. Қазір соған қызу дайындық үстіндеміз. Іле-шала неміс маманының жетекшілігімен заманауи хореография кешін өткізудің әзірлігіне кірісеміз. Ұлттық нақыштағы балет жасауға талап қылмақпыз. Қасиетті қазақ топырағында көрермен көңілін көншітер музыка жазатын композитор жеткілікті екендігіне күмәнім жоқ. Режиссерлер де табылатынына сенімдімін. Әртүрлі стильдегі балеттерді меңгеруге мейлінше ден қоймақпыз. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
– Тфә, тфә, тіл-көзіміз тасқа. Шаңырақ көтергеніне көп уақыт болмағанымен, «Астана Опера» жалпақ жаһанға танылып үлгергеніне таңданбасқа шарамыз жоқ.
– Бұл ретте қазақстандық өнерсүйер қауымнан сүйінші сұрарлық жағымды жаңалықтарымыз аз емес. Жалпы, біздің міндетіміз төл мәдениетімізді төрге сүйреу ғой. Ендеше мерейлі миссиямызды межелі жеріне жеткізуден неге аянайық. Барымызды салып бақтық. Төгілген тердің төлеуі қайтты. Шетелдік гастрольдерге шығып, репертуарымыздағы сүбелі шығармаларды талғамы биік жұртшылыққа тарту еттік. Былтыр Қытай, Италия, Омандағы сапарларымыз сәтті аяқталды. Талай шедеврді тамашалап, таңдай тақылдатқан тақуа көрерменнің жоғары бағасын алдық. Мақтау естігенді кім жек көрсін. Кәдімгідей қанаттанып қайттық. Өз қазанымызда қайнай бермей, өзгелердің тезіне де түсіп тұрған жөн. Онсыз өреміз өсіп, өрісіміз кеңеймейді.
Жекелеген әртістеріміз де дарын, қабілетімен дараланып таланттарды жазбай танитын білікті балет мамандарының ыстық ықыласына бөленді. Мәселен, биыл болашағынан үлкен үміт күттіретін жетекші солистеріміз Бақтияр Адамжан мен Мәдина Баспаева Мәскеудегі кіл жұлдыздар жиналатын Кремль галасына шақырылды. Алғашқы аяқ алысынан-ақ «болар баланың» болмысын байқатқан Бақтиярымыз күні кеше ғана Санкт-Петербургте топ жарып, мәртебелі «Dance open балет» сыйлығының лауреаты болып оралды. Сондай-ақ Серік Нақысбеков Пермьдегі «Арабеск-2018» байқауының жеңімпаздары қатарынан көрінді.
Әртістеріміздің әрбір жетістігі мерейімізді өсіріп, мәртебемізді көтереді. Олар арқылы жан-жаққа «Астана Опера» театрының жақсы аты жайылады. Маңдайымызға басқан мақтаныштарымыздың халықаралық аренада мойындалуы абыройымызды асқақтатады. Қыз-жігіттеріміз шақырған жерлерге барсын, бақтарын сынап байқасын. Тек мұндағы негізгі жұмысына зияны тимесе болғаны.
– Театр сыншыларының өздеріңіз туралы жазғандарын оқып, айтқан ой-пікірлеріне құлақ асасыз ба?
– Қалай түсінсеңіз де еркіңіз білсін. Әдетте белгілі бір премьерадан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын рецензияларды оқуға әуестігім шамалы. Орынды сын-ескертпелерді әрине ойда ұстаймын. Одан тиісті қорытынды шығаруға тырысамын. Біле білсек, ең әділ сыншы – көрермен. Өйткені олардың ықыласын сатып ала алмайсың. Көрсеткеніңді ұнатқан-ұнатпағаны жүздерінде тұрады.
– Жөн. Енді өзіңіз басқаратын жаңа оқу ордасының жай-жапсарына тоқталсаңыз. Бір жағынан – театр, бір жағынан – академия. Екіге жарылып, есіңіз шығып жүрген жоқ па?
– Қалай болғанда да артылған сенімді ақтауға тиіспін. Балет маған қаршадайымнан тәртіпке бағынуға, жауапкершілікті сезінуге үйретті. Бір істі бастасам, аяғына жеткізбей жаным жай таппайды. Кейде тәулікте 24 сағат қана барына өкінемін. Өзіңіз айтқандай, амалсыз екіге жарылғанда кейде уақыт құрғыр жетпей жатады. Дегенмен де бойымдағы қажыр-қайратымды игі идеяларды жүзеге асыру үшін тиімді жұмсауға тырысамын. Жас академиямыз аяғын апыл-тапыл басып, әйдік өнер әлеміне беттеп барады. Шаруа шаш етектен. Біздің академия – Орталық Азиядағы балет кадрларын даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны. Сыртымыздан қызыға қараушылар көп. Шәкірттерімізге дос сүйініп, дұшпан күйінердей керемет жағдай жасалған. Бұл үшін Президентімізге алғысымыз шексіз. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейін, Қазақстанда халықтың әл-ауқатын арттыру, рухани жаңғыру, бақуатты тірлік кешу бағытындағы Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе мәдениеттің өркениет талаптарына сай дамуына даңғыл жол ашылған. Олай болса, ондай қамқорлықты бағалай білгеніміз дұрыс. Біз Астананың 20 жылдығына байланысты шаралар легін бастап жібердік. Кәсіби балет мектептері арасында фестиваль ұйымдастырмақшымыз. Оған жан-жақтан танымал тарландарды тартпақпыз. Солардың қатысуымен шеберлік сабақтарын өткізсек балаларға үлгі-өнеге болары даусыз. Қадірлі қонақтар да еліміздің еңсесі қалай көтерілгенін көрсін. Ең сүйсінерлігі сол, академиямызға келушілер таңданыстан тамсанып, бастарын шайқайды. Сондай сәттерде кеудемізді мақтаныш кернейді. Айналдырған екі жыл ішінде өрендеріміз Бейжіңге, Уфаға, Бакуге барып, өнерлерін көрсетіп қайтты.
Енді ғана егілген ағаш ертегілердегідей едел-жедел жеміс беретіндей жағдайға жеткізетін сиқырлы таяқша жоқ. Еңбектің өнбегін көрмекке уақыт керек. Бұйырса, ол күндерге де жетерміз. Қазақстан балеті әлемдік рыноктан лайықты орнын алу үшін қолдан келгенді жасауға ұмтылып жатырмыз. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бес құрлықтың беделді педагогтерін алдыртамыз. Таяуда Ресейден Ульяна Лопаткина, Ирек Мұхамедов сынды саңлақтар келіп, оқушылармен кездеспек.
– Әнеубір кезде әңгімелескенімізде, кіндік қаныңыз тамған Алматыны армансыз аралағыңыз келетінін айтқаныңыз есімде қалып қойыпты.
– Арада жылдар айналғанда асқар Алатаумен амандасудың сәті түсті-ау ақыры. Көптен жолым түспей сағынып жүруші едім. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаспын. Алматы тіптен ажарлана түсіпті. Сәулетті құрылыстар сән-салтанаты жанар арбайды. Ғажап! Аспанға мойын созған зәулім ғимараттардың арасынан өзімнің екі қабатты ескі үйімді іздедім. Алып-ұшып Төлебаев пен Киров көшелерінің қиылысына жеттім. Құдай-ау, құйтақандай ғана болып үйіміз орнында тұр екен! Бұзылмапты. Көзімнен жас шығып кетті. Бала кезімізде асыр салып ойнаған ашық алаңқай мүлдем тарылып кетіпті. Өнебойымды өзгеше сезім билеп, өткен-кеткен есіме түсті.
Ал әке-шешемнің ізі қалған Абай атындағы опера және балет театрына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Соған қарамастан өзіме кішкентай кезімнен таныс бөлмелерді қиналмай таптым. Театр іргесіндегі гүлзарларда үй-ішімізбен үнемі қыдыратынбыз. Жолдың қарсы бетіндегі «Алматы» қонақүйі де көзіме оттай басылды.
Білесіз бе, мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Отбасымыз тату-тәтті тірлік кешті. Ата-анам мені алақандарына салып аялап өсірді. Әкем Әбдуахим Ленинградтағы хореография училищесін бітірген, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі болатын. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан мәдениетінің онкүндігіне қатысып, «Халықтар достығы» орденімен марапатталған. Қолынан кітап түспейтін. Білмейтіні кемде-кем. Кез келген тақырыпта кеңінен көсіліп сөйлейтін. Орысша өлең жазатын. Мен оны мектептегі сыныптастарыма оқып беретінмін. Ал анам Галина Николаевна Нева жағалауының қызы. Нағашы атам Николай Сидоров та балет маманы болатын. Тағдырдың бұралаң жолдарымен талай жердің дәмін татып, ақыры Алматыға тұрақтаған. Жалғыз қызының қамын жеп, жанынан екі елі қалмапты. Бала жасынан балетпен «ауырыпты». Алайда ата-анасы ұлдарының ұшып-қонып билеп жүргенін қаламапты. Олардың ойынша, бұл еркектің айналысатын кәсібі емес. Содан тауы шағылса да талабы қайтпаған өршіл өрен Петербургтегі үйінен қашып, арманына апарар жолды Мәскеуден іздейді. Ақыры аңсаған мақсатына жетіп тынады. Қазақстан мәдениетінің өркендеуіне әжептәуір еңбек сіңірді. Дастарқан басындағы әңгімелерде ылғи балет жайлы, Семенова мен Уланова және басқа жайсаңдар жайында шежіре шертетін.
– Көзкөргендердің бәрі әкеңіздің жігіттің сұлтаны, шешеңіздің әйел біткеннің әдемісі болғанын айтып, ауыздарының суы құриды...
– Иә, екеуі тым жарасымды жұп еді. Өнердің егіз өріміндей сахнада қатар самғады. Әттең, жалғанның жарығымен ертерек қоштасты. Жазмыш солай болған соң, шараң қайсы?!.
Қос ғашықтың отау құруын әуеліде әжем құп көрмепті. Мен ол кісіні түсінемін. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ұлы күйеуімен ажырасқан, оның үстіне бір баласы бар орыстың келіншегіне үйленгелі жатса қайдан жақтыртсын. Қабағынан қар жауып, түсін бермей түксиіп, қатты қапаланыпты. Тек мен туғанда әдейілеп перзентханаға барып, немеремді әкеліңдер деп әлек салыпты. Содан қызыл шақа мені иіскеп, қатқан көңілінің көңін жібіткен көрінеді. Кейін тіл табысып кетті. Жарықтық, ауруы әбден асқынып, жақын-жуықтарымен бақұлдасқанында келінінің басынан сипап, баяғы мінезі үшін кешірім сұрапты. Бикен «апашкам» бір ауыз орысша білмейді, мен болсам қазақша қақпаймын. Соған қарамастан екеуіміз үнсіз ұғынысатынбыз. Ажарлы бейнесі арада қанша уақыт өтсе де әлі көз алдымда тұр.
– Өзіңіздің асылдың сынығы, алтынның үздігі екеніңізді білетін шығарсыз?
– Елден ертерек кетіп, өмірімнің басым бөлігі Ресейде өткендіктен ағайыннан ажырап қалғаныма қамығамын. Сондықтан көп нәрсені біліңкіремеймін. Дегенмен тегін жердің қызы еместігімді әлдебір ішкі түйсікпен сезетінмін.
– Ендеше тыңдаңыз, Сіздің Жезқазған жақтағы ағайын-туыстарыңыздан естіп-білгендерімді баяндап берейін. Атамекеніңіз – Қарағанды облысындағы Ақтоғай өңірі. Арғы аталарыңыздан батыр да, бағлан да, би де шыққан. Бабаңыз Асылмұрат мыңғырған бай болыпты. Кеңестік кәмпескеге ұшырап, артынан қызыл өкімет Қарқаралыда атып тастапты. Ал оның немере бауыры Нарманбет Орманбетұлы – Алашқа аты мәшһүр ақын. Орыс отаршылдығына қарсы отты жырлар жазған. Сірә, кейінгі үрім-бұтағынан сіз секілді аса танымал өнерпаз шығып, Ресейдің даңқын дүрілдететінін болжай алмаса керек. Ал атаңыз Әбілбек дәулескер домбырашылар сапында Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінде ойнаған. Өкінішке қарай 1942 жылы соғыста опат болған.
– Солай деңіз... Рахмет! Жасырып қайтейін, жас кезімізде ештеңенің қадірін білмедік. Ал қазір алтын бастауларымды аңсаймын. Сіз маған ата-тегімнің шежіресін тауып берсеңіз тамаша болар еді.
– Хош. Қанына тартқан қарындастың ақ ниетінен айналдық. Байқауымызша, екі жұртыңыз да өнерге таласы бар әулеттер екен. Ендеше әртіс болмасқа амалыңыз қалмаған сияқты ғой өзі.
– Көзімді ашқаннан көргенім – театр. Ес білгеннен естігенім – балет жайындағы әңгімелер. Отбасымыздың достары да – сол саланың өкілдері. Тіпті балеттен басқа әлем барынан бейхабар болғанмын-ау, осы. Жалпы, балет – қаршадайымнан қаныма сіңген өнер.
Бірақ үйдегілер балет үйірмесіне баруымды қоштай қоймады. Сірә, қызығынан қиындығы басым бишілік тағдырдың өзіне тән ерекшеліктерін ескергендіктен періштеге балаған перзенттерін алдағы шығармашылық азаптарға қимаған тәрізді. Қолымнан жетектеп апарып музыка мектебінің пианино класына кіргізіп жіберсе де, бәрібір балетке аңсарым ауа берді.
Алған бетімнен қайтпайтынымды аңдаған ата-анам ары-бері ақылдасып мені Ленинградтағы хореография мектебіне апаратын болып шешті. Тамыз айында артынып-тартынып ақ түндер қаласының қақпасын қақтық. Келсек қабылдау емтихандары бітіпті. Соңынан білгенімдей мамам әдейі солай істепті. Амалдың жоқтығын алға тартып, Алматыға алып қайтпақшы болған ғой. Құжаттарымызды құшақтап сыртқа қарай беттегенімізде қарсы алдымыздан жылы жүзді бір тәтей жолығып, жөнімізді сұрады. Мәселенің мәнісін ұққан соң бізді бірден мектеп директорына ертіп апарды. Арғы жағы айтса нанғысыз оқиға. Қысқасы, сол күні оқуға қабылдандым. Бақытыма қарай, пешенеме балериналық «тәтті тамұқ» бұйырыпты.
– Хореография училищесін бітіре сала С.Киров атындағы опера және балет театрына қабылдандыңыз. Ондағылар қалай қарсы алды?
– Бағым жанып, өңім түгіл түсіме кірмеген киелі шаңырақтың босағасын аттағанымда бақыттан басым айналғандай керемет күй кештім. Бірінен бірі өтетін Колпакова, Комлевадай корифейлердің тұғырдан түспеген кезі. Сондай-ақ Терехова, Кунакова, Ченчикова, Мезенцевалардың дәуірлеген тұсы. Солардай мықты солистер тұрғанда жетекші партиялардан дәмету құлашың жетпесті құшақтауға ұмтылғанмен бірдей-тін. Көптің бірі болып кордебалетте жүрген жерімнен белгілі педагог Ольга Моисееваның назарына іліксем керек, бауырына тартып, баули бастады. Жанкешті жаттығулардың жемісі көп күттірмеді. Есімімді елге танытқан тұңғыш рөлім – «Аққу көліндегі» Одетта мен Одиллия. Ең қызығы мен оны бірінші рет Париж төрінде ойнадым. Сәттілікті қойсаңшы бұл, труппамыздағы тісқаққан әртіс аяқ астынан ауырып қалып, сценаға сарыауыз балапандай менің шығуыма тура келгенін әркез еске аламын. Тұсауымды кесіп, тұғырымды биіктеткен Марийнкада қойылған классикалық туындылардағы басты бейнелердің барлығына жуығын сомдағанымды мақтан тұтамын.
– Әріптесіңіз Фарух Рузиматов екеуіңіз кеңестік балет бишілері ішінен келісімшарт бойынша шетелге барып өнер көрсеткен алғашқы қарлығаштар екендіктеріңізден хабардармыз.
– Қайта құру тұсында қоғамды тұмшалаған «темір шымылдық» түрілгенін пайдаланып, мұхит асқанымыз сол уақыт үшін шынымен айды аспанға бір-ақ шығарғандай үлкен жаңалық-тұғын. КСРО-дан «қашып» кеткен Михаил Барышников басқаратын Нью-Йорктің Эй-Би-Ти труппасына қабылданғанымызды, Лондонның Корольдік «Ковент-Гарден» және Марсельдегі Ролан Пети театрларында келісімшарт бойынша жұмыс істегенімді мәртебе санаймын. Атақ-даңқтары аспандаған Ролан Пети, Кеннет Макмиллан, Морис Бежар, Наталья Макарова, Рудольф Нуреевтей майталмандардың алдын көріп, тәрбиесін алғаным бүкіл өміріме бағыт сілтер темірқазық болғаны талас тудырмайды.
– Өнердегі, өмірдегі ұстанатын қағидаңызды білсек...
– Оны бір ауыз сөзбен түйіндеу қиындау. Асылында, өнер атаулымен іңкәр жүрекпен, ізгі ниетпен, кіршіксіз аппақ ар-ұятпен айналысқан абзал. Себебі ол ақша табудың, мансап қуудың құралы емес. Оның басты талабы – адалдық. Сен өнерді сүйесің бе, әлде өнердегі өзіңді сүйесің бе? Алдымен осыны айқындап алуың керек. Екеуі екі түрлі дүние. Өнерсүйер қауымға рухани ләззат сыйлауға міндеттісің. Үнемі ізденіс үстінде болмасаң, тоқырауға түсесің. Болдым-толдым деген күні зейнеткерлік демалысқа кеткенің жөн. Мен өзімнің ізбасарларыма осы ойды қайталаудан ешқашан жалыққан емеспін.
Әңгімелескен Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»
Астана