• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 27 Сәуір, 2024

Азаматтар зейнетақысын сақтап қалудың жолы қандай?

416 рет
көрсетілді

Зейнетақы жүйесі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қалыптастырып отырған активтерді басқару саясаты жөнінде экономика ғылымдарының докторы Аманжан Жамаловпен сұхбат құрдық.

– Соңғы жылдары зей­нет­ақы жүйесі сарапшылар тарапынан жиі сынға ұшы­рай бастады. Сіз қандай бас­ты кемшіліктерді атап айтар едіңіз?

– Қазіргі зейнетақы жүйе­сінің басты кемшілігі зей­нетақы жинағы мен оның кіріс­тілігінің жеткіліксіз дең­гейі. Салдарынан көптеген аза­мат­тың жинақтау зейнет­ақы­­сы ойдағыдай мөлшерде қалыптаспайды. Негізінен, Бі­р­ыңғай жинақтаушы зей­нетақы қоры (БЖЗҚ) салым­шыларының 93 пайыз­дан астамында тіпті минималды зейнетақыға да жетпейтін жинақ бар. 60 пайыз салым­шының зейнетақысы 1 млн теңгеден аз. Өте төмен көр­сеткіш. Бұл сандар ха­лықтың төмен қамту және зейнетақы жарналарын төлеуден жалтару мәселесін көрсетеді. Мұның бәрі адамдардың БЖЗҚ жұ­мысына сенбеуімен байланысты, өйткені активтердің басым бөлігі кірістілігі жеткі­ліксіз және тәуекелді активтерге инвестицияланады. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жақында ғана ел тұрғындарының зейнетақы жинағынан 184 млрд теңге теміржол вагондарын сатып алуға инвестицияланды.

– Осы проблемалардың фонында зейнетақы жи­на­ғынан қаражатты мер­зімінен бұрын шешіп алу бастамасы қаншалықты дұрыс болды деп есептейсіз?

– Президент бастамасымен зейнетақы жинағынан мерзімінен бұрын ақша алу шешімі халықты қолдау үшін қиын экономикалық және әлеуметтік жағдайда қабылданды. Бұл шара көп­теген азаматтың тығырықтан шығуына көмектесті. Яғни баспана сатып алды, ипотека бойынша қарызын азайтты не болмаса ем-домға жұмсады. Осы мүмкіндікті 700 мыңнан аса ел тұрғыны пайдаланып, жалпы жиынтығы 3,3 млрд теңге алыпты. Шешімнің зейнетақы жүйесіне деген сенімді арттыруға әсер етке­нін айтуымыз керек, себебі мемлекет қиын-қыстау кезең­де өз аза­маттарын қолдау мақ­сатын­да стандартты емес қадам­дарға да бара алатынын көрсетті.

Иә, ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алудың бола­шақ зейнетақы мөлшері тұрғы­сынан ұзақмерзімді сал­дары бар. Алайда бұл тек 7 пайыз салымшыға қатысты. Яғни жинақтаудың жоғарғы деңгейін қалыптастырған салым­шыларға. Жалпы, салым­шылардың басым көбі­нің жинағы өте төмен деңгей­де. Олардың 90 пайыздан көбі жинақтарын мерзімінен бұрын ала алмайды.

– Жұмыс берушінің мін­детті зейнетақы жарнасын енгізу бастамасы қан­шалықты тиімді? Бұл бас­тама қордаланған мәсе­ле­нің түйінін тарқатуға көмектесе ме?

– Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу белгілі бір деңгей­де зейнетақы жүйесінің қаржылық орнықтылығын көтереді, бірақ бұл бар болға­ны үлкен жараға таңылған дәке ғана. Ол жинақтаудың негізгі түйткілдерін, басқару және инвестициялау қиын­дық­тарын шешіп тастай алмайды. Ал жұмыс берушілердің мойнына үлкен жүктеме ілінеді. Олар қазірдің өзінде әр жалақыдан 7 бағыт бойынша төлем жасауға міндеттелген. Жалпы жүктеме 36 пайыздан асып кетеді.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесіне кешенді реформа жүргізудің орнына жүктемені ұлғайту дейтін тым қарапайым нұсқаны таңдады. Мен мұны жинақ­тал­ған жүйе­лік мәселелер­ді шеше ал­майтын уақытша шара деп санаймын. Бізге зей­нет­ақы жүйесін тұрақты және ұзақмерзімді дамыту­ға бағыт­талған тереңірек және ойластырылған реформа қажет.

– Депутат кезіңізде сіз зей­нетақы активтерін бас­қа­ру тиімсіздігіне байла­ныс­ты БЖЗҚ-ны жиі сынға алдыңыз. Позицияңыз өзгермеді ме?

– Менің БЖЗҚ-ға қатысты көзқарасым өзекті болып қана қалған жоқ, сонымен бірге жыл сайын күшейіп те келе жатыр. БЖЗҚ жұмы­сын қарап отырып, актив­тер­ді басқаруға қатысты жұмыс­тың жақсарғанын еш бай­қай алмадым. Қор азамат­тардың күткеніне сәйкес кел­мейтін төмен кірістілік алу­ды жал­ғастырып жатыр. БЖЗҚ құрылғалы бері жинақ­талған инфляция кірістілік­тен асып кетті. Бұл – жинақ­таушы зейнетақы жүйесіне шығарылған үкім. 2023 жылы қор кірістілігі 10 пайыз деңге­йінде болды, бірақ инфляция 9,8 пайызды құрады. Яғни нөлдік нақты табысқа куә болып отырмыз. 2022 жылы ол тіпті теріс аймақта болған еді.

Қорда тиімді инвестиция­лық стратегия болмай тұр. Қор активтерінің 60 пайыздан астамы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың бағалы қағаздарына инвести­цияланған. Сонда БЖЗҚ-ның негізгі табысы бюджет есебінен қамтамасыз етіліп тұр деген сөз. Бұл ретте Мемлекет басшысының зейнетақы жинағын инвестициялық компанияларға басқаруға беру туралы тапсырмасы­ның орындалуы елеусіз қа­лып тұр. Зейнетақы активі­нің жалпы көлемі 18,5 трлн теңгеден асады. Ал жеке бас­қарушыларға небәрі 42 млрд теңге немесе 0,2 пайызы ғана берілген. Сондай-ақ қабылданатын шешімдер­ге қатысты ішкі, сырт­қы және қоғамдық бақы­­лау, сыртқы аудит жүр­гізілмей­ді. Салдарынан жағ­дайды теріс мақсатта пайдаланып кету белең алады. 

Менің ойымша, азаматтарымыз тиімді және ашық зейнетақы жүйесінің тұтынушысы болуға лайық. Ондай тиімді және ашық жүйе азаматтардың тұрақты болашағын қамтамасыз етеді және тиімсіз басқару ар­қы­лы жинақтарын тәуекелге ұшырат­пайды.

– Яғни қорды бақылау және ашықтық саясаты тұрғысынан түзетілуге тиіс мәселелер бар болып тұр ғой?

– Дәл солай. Миллиард­таған кірістер мен шығыстар бюджеттік рәсімдер мен жоғары аудиторлық пала­та­ның бақылауынан шыға­рылды. 2023 жылы қордың әкімшілік шығындары 14,9 млрд теңге болды. БЖЗҚ қызметкерлерінің жалақысын төлеудің өзіне 8,6 млрд теңге жұмсалды. Қор құрылымында 1,5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Ал қор өз ақшасын қалай тауып жатыр? Сіз бен біздің есебімізден. БЖЗҚ әр салымшының инвестициялық табысы мен зейнетақы активі­нен комиссия ұстап қалады. 2023 жылы БЖЗҚ комиссиясы 17 млрд теңгеден асып кетті.

– Зейнетақымен қамсыз­дан­дыруды жақсарту үшін не ұсынар едіңіз?

– Бірінші кезекте күрделі емес, жүйелі шешімдер кешені қажет. Бәрінен бұрын БЖЗҚ қызметіне толықтай аудиторлық тексеріс жүргіз­ген жөн болады. Бұл қор басқаруындағы әлсіз тұстарды анықтауға көмектеседі. Екінші маңызды аспект – қордың инвестициялық стратегиясын қайта қарау. Біз халықаралық нарықтағы кірістілігі жоғары активтерге инвестиция жасап және жеке басқарушы компаниялар үлесін арттыра отырып инвестициялық портфельді әртараптандыруға ұмтылуымыз керек. Ең бастысы – азаматтарды өз жалақы­сының қызығын көруге ынталандыру үшін еңбек­ақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайту қажет. Кем дегенде жүктеме қазір жоспарланып отырғандай деңгейде ұлғай­мауға тиіс. Адамдар зейнетақы жинағының маңызын түсініп, ақшасының сақталатынына және көбейетініне сенім артуға тиіс. Бұл сенімді қал­пы­на келтіру өте маңызды.

 

Әңгімелескен –

Абай Аймағамбет,

«Egemen Qazaqstan»