Панфилов ауданының шаруалары ала жаздай жүгерінің жайына үңіледі. Олардың тұрмысының түзу болуы сол дәнді дақылға байланысты. Биыл әр гектардан орташа есеппен 70 центнерден өнім жиналған. Қазір ауыл қырмандарына 163 мың тоннадан астам жүгері әкелініп, жергілікті тұрғындардың қатысуымен сұрыптау, кептіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қырман іші «дала аруының» қызыл дәніне толы.
Қазан айының алғашқы аптасынан алқаптарына орақ салған жаркенттік жүгерішілер далалық науқанды қарашаның басында белуардан асырып, қырмандарын «дала аруының» қызыл дәніне толтырды. Қырмандарға 800 тонна жүгері дәні, соның 110 мың тоннасы сатылды. Оның 87 мың тоннасы Жаркент крахмал-сірне зауытына, 22800 тоннасы жем тартатын кәсіпорындарға өткізілді. Әзірге 32800 тонна дән мен собықты жүгері шаруалардың өз қоймаларында мал азығына қалдырылды. Бұл көрсеткіш науқан толық аяқталғанға дейін тағы өсуі мүмкін.
«Жаркент өңірінде қараша айының екінші жартысына дейін жалпы өсірілген 23400 гектар жүгері алқабының 23290 гектары орылып болды. Қалған 100 гектардан аса алқаптағы «дала аруының» дәні ай соңына дейін тұтас жиналмақ. Өңірдегі жүгері жинау науқаны Көктал, Пенжім, Бірлік, Шолақай, Үлкеншыған ауылдық округтерінде қарқынды жүргізілді. «Көктал Агро» ЖШС мен «Оразбай Б.З.», «Айкерім», «Ернар» жеке шаруа қожалықтары егістігін тамшылатып суару арқылы гектар өнімділігін арттырды.
Біраз жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен Жәнібек Оханов бүгінде жүгерінің әр гектарынан 50 центнер өнім жинаған. Панфиловтық жүгеріші дала аруын өсірудің жаңа әдістерін қолдануда көшбасшы саналады. Аграршы биылғы егін шығымына дән риза. Ол 18 жыл бойы осындай жетістікке жетіп келеді. Мамандығы экономист болса да ауыл шаруашылығына ден қойған. Биіктерді бағындыру үшін алдымен саланы зерттеп, жүгеріден мол өнім алу жолдарын іздеген. Нәтижесі жаман емес. Бүгінде алқаптан гектар берекелігін арттырып, жаңа белестен көрініп отыр. Өндіріс үдерісі де оң жолға қойылған. Сондай-ақ ол алдымен құнарсыз жердегі өнімділікті арттыру үшін жаңа тәсілдерді іздестірудің және тамшылатып суару технологиясын игерудің маңызы зор екенін айтады.
«Су тапшылығына қатысты мәселе бізде осыдан біраз жыл бұрын көтерілген еді. Оған су тапшылығы себеп болды. Сөйтіп, бірден шешім қабылдап, тамшылатып суаруға көшу қажет деп шештік. Бұл бағытта маңдай терлетіп, жұмыс жүргіздік. Нәтижесі жемісін жегізді. Суару жабдықтарын жеткізу үшін бес жыл кетті. Өйткені бұл туралы бізге ешкім кеңес айтпады. Соған қарамастан, талаптанып, қолымыздан іс келетінін дәлелдедік. Қазір бәрі жақсы. Егін шығымдылығы ойдан шығады. Қазір біздің ісімізді көріп, тәжірибемен бөліскісі келетіндер көп», дейді шаруа иесі.
Оның айтуынша, дала аруын өсірудегі жетістік жаңа ойлардың туындауына жол ашқан. Қазір кәсіпкердің жеке жем-шөп базасы бар. Онда сауын сиырға арналған шағын сүт фермасын салынған. Осы уақыт аралығында аналық табын ұстаудың еуропалық технологиясы игеріліпті. Мұнда тәулігіне 15 тонна сүт өндіріледі. Қазір бұл облыстағы озық кәсіпорындардың бірі саналады. Онда 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Бәрі жергілікті тұрғындар.
Ауыл ақсақалдары да жүгерішінің еңбеккерлерге қамқорлық жасауды бір сәтке де естен шығармайтынын және ауыл өмірін жақсартуға барынша тырысып жүретінін айтады. Алдағы уақытта кәсіпорынды кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын құруды мақсат тұтады. Бастысы, жаңа істі жүзеге асыруда қолдау көрсететін ынталандыру мен сенімді серіктестердің болуы маңызды деп есептейді. Сонда ғана ойға алғанның бәрі жемісін беріп, жеңіске жеткізетініне сенімділігі мол.
Жалпы, биыл жүгерінің «Марко», «Пионер» және «Тұлпар» сұрыптарын 6620 гектар жерге өсірген Пенжім ауылдық округінің диқандары қазір астық жинауды барынша жедел атқарып жатыр. Округтегі «Беширов», «Райысов», «Бейсебеков», «Қожамбердиев» ЖШҚ жүгері алқаптарындағы ору жұмысын аяқтап, бірнеше комбайн тасымалдаушы жүк көлігі мен тіркемелі трактор кезектегі қожалықтардың жүгерісін орып жатыр.Техникалардың күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс атқаруына бар жағдай жасалған.
Жетісу облысы