Алаштың аймаңдай ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Халықаралық Түркі академиясы оның таңдамалы шығармалар жинағының алғаш рет өзбек тілінде жарық көруіне мұрындық болды. Мағжан Жұмабаев өлеңдерін өзбек тіліне талантты ақын, білікті аудармашы, Қарақалпақстанның халық ақыны Мұзаффар Ахмад тәржімалады. Оның Мағжан шығармашылығынан жасаған аудармалары екі халықтың мәңгілік бірлігін нығайтуға, бір ананың қос перзенті секілді туысқан екі халықтың ынтымақтастығын дәлелдеуге қызмет ететіні даусыз. Бұл кітаптың тұсау-кесері 25 сәуірде Астанадағы ІІІ Еуразия халықаралық көрме-жәрмеңкесі аясында өтті.
Өткен ғасырдың 30-жылдары түркі әлемінің тарихында ең ауыр кезеңдер, елін сүйген ерлердің басына қауіп-қатер төндірген қаралы күндер ретінде мөрленіп қалды. Өзбектің асыл да ардақты азаматтары: Абдулла Қадыри, Чулпан, Усман Насыр, Абдурауф Фитраттардың; қазақтың найзағайдай жарқ етіп көзге түскен біртуар арыстары: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев және тағы басқа көптеген шығармашыл, ағартушы, азаттықсүйгіш халық күрескерлерінің қайғылы да аянышты тағдырларын көз алдымызға келтірейікші. Аталмыш қос халықтың осынау өкілдерінің мақсат-армандары, дүниетанымдары мен өмірлік ұстанымдары бір нүктеде тоғысып, ортақ ниет-тілектері өз ұлты шеңберінен шығып, жалпы Күншығыс мүддесі жолындағы күреске айналған ұлы тұлғалар еді. Солардың арасындағы көрнекті күрескерлердің бірі Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен қызметі туралы деректерді оқығанымызда, сол 30-жылдар соншалықты қатыгез заман болған екен-ау, өз ұлтын, халқын сүйген, азаттықты арман еткен бір зиялының бірге туған аға-інілерін, әпке-қарындастарын үрім-бұтағымен жоймақ болған ондай зар заманды ешқашан ақтауға болмайды ғой деген ойға келетініміз заңды, әрине.
Кез келген сүргін заман әрқашан да халықты зар қақсатты, ұлтының құлпырған гүлдері – зиялы қауымның жегіқұрты болып келді. Негізінде кез келген дәрменсіздік, рухани азғындық қашан да ерлікті, ұлттың алға ұмтылысын өзінің жауы деп санаған. Бұның көне тарихтың өзі-ақ айғақтайды. Мағжан да өзінің тұла бойына мұң тұнған бір өлеңінде былай дейді:
Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.
Қамаған қалың жаудың ортасында,
Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.
Алдыңды ауыр қайғы жапқан бауырым,
Өміріңше жапа көрген жаттан бауырым.
Түксиген, жүрегі тас жауыз жандар,
Тірідей терің тонап жатқан бауырым.
Мағжан өз шығармашылығынан басынан-ақ ұлтының біртұтастығы, тағдыры, оның болашағы үшін әрқашан алаңдап, жан күйдірген ақын болатын. Ұлттың біртұтастығы, ең алдымен, оның ана тіліне байланысты. Сондықтан Мағжан да қазақ ұлтының біртұтастығы мен алдағы болашағын ана тілінің дамуынан көреді. Ол өзінің ана тілін тек мадақтаумен ғана шектелмейді, ол ана тілі кез келген ұлтты сақтап қалады деген тұжырым жасайды. «Қазақ тілі» деген өлеңінде ақын «ұзақ уақыт бойы жарық көрмей жатқан таза, терең, күшті тілге» – ана тіліне көп үміт артады, «тарап кеткен түрік балаларын бауырыңа ақ қолыңмен тарта аласың сен, тілім» деп, миләттің бірігіп, жұдырық болып түйілуі жолында ана тіліне көп міндет жүктеп, қазақ тілінен үлкен үміт күтеді. Мағжан балалық шағынан-ақ араб, парсы, түрік және орыс тілдерін жете үйренген, өз өмірі барысында бұл тілдерден көп мүдде тапқанмен, түптеп келгенде, ана тілінде ұлттық болмыс бар екенін бір сәт те ұмытпайды, ұлтжандылық ана тіліне деген сүйіспеншіліктен басталатынына сенеді.
Десек те ұлтжандылардың өмірлері әрқашан бірқалыпты, жайлы өте бермеген. Өз ұлтын азаттыққа шығару жолында күрес жүргізген ақындарға әрқашан «ұлтшыл» деген таңба қойылған. Сондықтан да Мағжан өлеңдерінде ұлтжандылық пен уайым-мұң қатар жүреді. Мағжан үшін ұлт тағдыры қаншалықты маңызды болса, ана тілінің тағдыры да соншалықты маңызды. Ана тілінен айырылу – ұлттың рухани жұтаңдыққа бет бұруы. Мағжан сол өлеңінде: «Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ, Батыр, хандар, не даналар ұмытылды», – деп өксіген көңілмен мұңаяды да, мәңгүрттіктің қазақ ұлтына қаншалықты қымбатқа түскенін ашына баяндайды. Сол себепті ол ана тілінің, ұлттың трагедиясын өзінің трагедиясы деп санайды. Түптеп келгенде, өз ұлтының тағдыры жөнінде толғанбайтын ақын ақын емес. Қазақ халқының Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов секілді бірқатар ұлтжанды тұлғаларының алғашқы кезектегі мақсат-мүдделері де ұлттың құдіреті мен ұлылығын паш ету, оны ағартушылыққа қарай жетелеу болды. Өз кезегінде Мағжан сол ұлы тұлғалардың идеяларын одан әрі жалғастырды. Ол бұл міндетті өз шығармашылығының әу басынан-ақ терең ұғынып, ойдағыдай көрсете алды. Сол қызметі үшін де Мұхтар Әуезов Мағжанды Абайдан кейінгі ағартушы, ұлы шығармагер ретінде жоғары бағалаған болатын. Бұл – Мағжанның мәртебесін көтеру үшін ғана айтылған сөз емес, Мағжан өлеңдері мен дастандарының, оқулықтарының, жалпы барлық шығармаларының, сонымен қатар оның педагогикалық қызметінің қазақ мәдениетінде және Орталық Азия халықтарының мәдениетінде иелейтін орнын көрсетудің жарқын дәлелі болып табылады.
Мағжан қазақ әдебиетіне жаңа ағым әкелген ақын ретінде де танымал. Ол түркітілді ақындар арасында орыс және Еуропа әдебиетінен қазақ поэзиясына символизмді енгізген алдыңғы қатарлы алғашқы ақындардың бірі болды. Символизм – орыс және Еуропа поэзиясына жай ғана еліктеу емес, поэзияда түркілік көркем ой-сананың жаңаруы, «ағаштың ар жағындағы орманды көре білу» қабілетінің белгісі еді. Орыстың философ ақыны Вячеслав Ивановтың тілімен айтқанда, Мағжан өзінің символдық образдары арқылы «айтылмаған сырлы хатқа» меңзейді. Меңзеулер – Мағжанды символист ақын ретінде тани білуге мүмкіндік беріп қана қалмастан, оның қазақ әдебиетін орыс және Еуропа әдебиеттерімен байланыстырған білікті символист ақын екенін дәлелдейді.
Еуропа поэзиясында символист ақындар шығармашылығы нәтижесінде поэзияға философиялық мазмұн енгізу қозғалысы басталды. Өйткені олар сөзге философиялық мазмұн жүктеу арқылы шығарманың мән-маңызын күшейтуге болатынын байқады. Өлеңнің философиялық мазмұны сөзге басы бүтін бір тарихты жүктеуден пайда болады. Андрей Белыйдың символист ақындардың философиялық көзқарастары жөніндегі «Символизм – әлемді ұғыну» атты кітабында символдың пайда болу үдерісі метафораның пайда болуымен үндесіп жатқаны айтылып: «Сөз образды символды – метафораны туғызды, ал метафора шын мәнінде бар дегенді білдірген; сөз – мифті туындатты; миф – дінді, дін – философияны, ал философия терминдерді дүниеге әкелді» деген тұжырым жасалады да, сөздің астарындағы философиялық мазмұнға дейінгі тарихи-танымдық үдеріске сипаттама беріледі. Бірнеше сатыдан тұратын осынау танымдық үдерісте өлеңнің пішіні, мазмұны мен құны артады. Ақын өз пікірінің тұжырымын айтпайды, оны түйіндеуді оқырманның өзіне қалдырады. Өлеңнің мәні де ақынның өз пікірін «соңына дейін айтпауында», оқырманды өлеңнің «астарлы мазмұнын» ұғынуға шақыруында жатыр. Пікіріміздің айғағы ретінде Мағжанның «Ұлан» атты өлеңіне назар аударайық. Ана жүрек өзінің бірден-бір сүйеніші болған ұлын еш көзінен таса қалдырғысы келмейді. Әлденеге көңілі алаңдап жүрген ұлына жастықтың ең әсем, қайталанбас сәттерін көрсетеді.
Шерің болса, домбыраңды ал,
Домбыраңды ал, ән шырқап сал.
Даусыңды естіп, жас сұлулар
Талып жұтсын тәтті улы бал, –
деп зарлайды. Бірақ ұланның дерті басқа – ол «аңға» кетуге бел байлаған, «Кетпекшімін аңға! Аңға!» деп өзінің жанын жай таптырмай, тыныштық бермей жатқан дертін айтады. Ана жүрек «қанеки, ұлым түсінсе екен» деген ниетпен оны жанынан алыстатпау үшін бар дертін жайып салады. Дегенмен ұлдың шешімі берік! Ақыры ана жүрек барша түркі аналарға тән ең соңғы өтінішін айтады: ұл – ананың бірден-бір тірегі, қартайғанда медет болар сүйеніші, көзінің ағы мен қарасы. Әйтсе де ана жүрек «Жанымнан кетпеші!» деп ұлына қанша жалынса да, өтініші жауапсыз қалды. «Кетпекшімін аңға! Аңға!» Ұланның қатаң шешімі ананың жалынып-жалбарынуынан үстем келді. Егер жайбарақат ойлап, тәуелсіз көзқарас тұрғысынан талдасақ, бұлай болмауға тиіс еді. Өйткені ана – ұлдың бірден-бір әулиесі, оны жарық дүниеге әкелген ұлы жан ғой! Солай десек те, ұланның «аң аулау» шешімі ананың жалынып-жалбарынуларынан жоғары тұрды. Ұлан үшін «аңға шығумен» салыстырғанда мал-мүлік те, жар мен туыс та ешқандай рөл ойнамайтын еді. Нағыз түркілік ерлік осы емес пе!..
Кетіп бара жатқанында,
Жау кез келді жалғыз жанға.
Найзаласты, қылыштасты,-
Ұлан өлді батып қанға,
Тыныштық тапты асау жан да.
Мағжанның бұл өлеңді жазудағы мақсаты «аң» символы арқылы жауға қарсы күресу, қас дұшпанның соққысын тойтару, қарсыластың арам пиғылды жоспарларын жою болатын. Ол символдық «аң» образын пайдалана отырып, үлкен әлеуметтік мақсатты көздеді. Негізгі мақсатқа қол жеткізу ақынның символдық «аң» образы астарындағы философиялық ұғымын нақтыландырады.
Мағжанның орыс және Еуропа поэзиясындағы символизмді өз шығармашылығына дарытуы кездейсоқтық яки дәстүрлерге еліктеу емес, ескі дүниетанымда кең орын алған қалыптардан (стереотиптерден) бас тартудың нәтижесі еді. Шығармагерлер үшін жаңалық жасауды қалаудың жалғыз өзі жеткіліксіз, сонымен қатар терең білім, бірінші кезекте ерінбей іздену өте-мөте қажет. Орыстың символист ақыны В.Бирюсов басқарған Мәскеу әдебиет институтында оқыған жылдарында (1923 – 1926) Мағжан шығармашылығында шұғыл өзгерістер орын алды. Ол қазақ әдебиетінің жаңа арнаға түсуіне салмақты үлес қосты. Бұл оның сол кезеңде жазған өлеңдерінен айқын көрініп тұр. Символист ақындардың түсінігі бойынша, шығармашылық – астарлы мазмұнды интуициялы түрде ұғыну. Астарлы мазмұн тек шығармагердің өзіне, оның жеке шығармашылығына ғана тән. Мағжанның «Мешіт пен абақты» өлеңі бұған жарқын мысал бола алады. Ақынның айтуына орай, адам баласын абақтыға жабуға, қинау мен азаптауларға салу мүмкін. Бірақ ой-сананы ешқашан қамай алмайсың, оны қинап, азаптау да мүмкін емес. Оның құдіреттілігі соншалық, ол ұшы-қиырсыз өлкелерді аралап, көкке бойлап ұшып жүре береді, ал абақтыда жатқан тұтқын адамзатқа азаттық күйін арнайды, бүкіл адамзатқа арнап тәуелсіздік әнін салады...
Есалаң! Қиял қайда?.. Қиял кезбек,
Жиһанда ақ қанатпен ылғи жүзбек.
Жердегі жары - «жанды» жұбатуға,
Тоқтаусыз Көк үнінен әндер тізбек.
Мағжанның бұндай символизмі тек қазақ әдебиетінде ғана емес, бүкіл түркі халықтары әдебиетінде өзіне тән, қайталанбас құбылыс болды. Барлық кезеңдердің өзіндік поэзиясы болғаны сияқты, Мағжан Жұмабаев 20-30 жылдардың поэзиясына жалынды іргетас қалады десек, жаңылыспайтын шығармыз. Мағжан өз заманының жалындап тұрған от жүректі ақыны еді десек те, бұның ақиқаттығына шек келтірмейміз. Мағжан өмір сүрген заманда кең тараған «Еуропаның дағдарысы» атты шығарманың авторы Освальд Шпенглер былай деп жазған болатын: «Біртуар тұлғалар ұрпақтан-ұрпаққа жеткенше жалындап барып сөнетін жеке өмірдің шығармашылық құдіретін, қасиетті ұшқынды өз бойына дарытып отырады да, ғасырлар өткенде бірден лап етеді.»
Мағжан Жұмабаев 1922 жылдың қараша айында Түркістан Республикасының Халық комиссары Тұрар Рысқұловтың ұсынысымен Ташкентке көшіп келді. Бұл кезде Ташкентте «Алашорда» партиясының бұрынғы мүшелері, Орта Азия республикаларының көптеген зиялылары бар еді. Олар бұл жерде, бір жағынан, қуғын-сүргіннен жан сақтаса, екінші жағынан, олардың шығармашылық және рухани тұрғыдан кемелденуіне мүмкіндіктер жеткілікті болатын. Жастайынан-ақ араб, парсы, түрік және орыс тілдерін жете үйренген Мағжанның Ташкенттегі екі жылдық өмірі айтарлықтай жемісті өтті, ол бұл жерде тынымсыз ізденумен болды.
Мағжан Ташкенттегі қазақ-қырғыз ағарту институтында сабақ берді, сонымен қатар «Ақ жол» газетімен және «Сана», «Шолпан» журналдарымен тұрақты қарым-қатынас жасады. Ол Орта Азияның, соның ішінде Түркістанның тарихымен тереңірек танысты, әсіресе Сайыпқыран Әмір Темірдің өмірі оның қатты қызығушылығын оятты. Сайыпқыранның тегеурінді әрі ерлік пен батырлыққа толы өмірі, жиһанкездігі ақынды ерекше шабыттандырып, қиялына қанат бітірді. Мағжан Әмір Темір бейнесінен нағыз түркі отаншылдығын көрді, сол себепті оған арнап өлең жазды. Ол өзінің «Сайыпқыранның сөзі» атты өлеңінде Әмір Темірді тек мадақтап қана қойған жоқ, ізденімпаз ақын ретінде өткенмен байланысты бүтіндей үзбей, өткеннің ең үздік дәстүрлерін жаңа мазмұнмен тіктегені, өткенді тозып кетуден сақтағаны, шығыстық рухтағы өлеңіне батыс және орыс поэзиясының символизмін дарытқаны, Әмір Темір образын оқырманға жаңа сипатпен жеткізгені, өткеннің дәстүрлеріне жаңаша түр беріп, тың мазмұнмен байытқаны – Мағжанның асқан шеберлігі, ірі ұтысы болды. Ол бұл өлеңінде де символист ақындарша «арғы дүниеге» назар салды, нағыз шыншыл идеяларды сол дүниеден іздеді. «Алақандай жердің Тәңірлерінің көптігі – үлкен қайғы» келтіретінін ашына айтады ақын. Тәңірдің символдық образы мысалында Жер бетін бөлшектеп бөліп алуға ұмтылып жатқан әлемдік билеушілерді сипаттайды. Ежелгі түркілердің Тәңірге табынуын, барша тіршілік иелерінің жаратушысы әрі билеушісі Тәңір екендігін Мағжан өз оқырманына жеткізе біледі. Түптеп келгенде, Мағжанның басқа үлкен мақсаты бар болатын, ол өте тамаша салыстыру арқылы өз мақсатын баршаға аян етеді: көк жүзінде бір Тәңір билеуші болса, жер бетіндегі дара билеуші – Әмір Темір. Басқа ешкім де емес! Міне, бұл – Мағжанның дүниетанымынан туған тұжырым. Сонымен қатар Мағжан Әмір Темірдің басқа билеушілерден ерек абзал жақтарын да тілге алады. Яғни:
Көк Тәңірісі – Тәңірінің
Тұқымы жоқ, заты жоқ.
Жер Тәңірісі Темірдің
Тұқымы – түрік, заты – от!
Мағжан бұл өлең жолдары арқылы Сайыпқыранның құдіреті мен ұлылығына шек келтірмейтінін білдіреді. Ақынның бұл салыстыруы – тек Әмір Темірді көкке көтеріп, мадақтау үшін ғана айтылмаған, бұл түркі билеушілердің тарихтағы ұлы рөліне берілген шынайы баға еді.
Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығындағы өзіне тән ерекше сипаттардың тағы бірі – Шығыс және Батыс халықтарының рухани дамуындағы екі ағымды өз бойына дарыта алуы. Осы тұрғыдан алғанда, Орта Азия мен Қазақстанның Мағжанмен замандас ақындарының шығармашылығынан Батыстың ықпалын айқын көруге болады. Мағжан шығармашылығынан батыстық тақырыптар, идеялар мен образдар жүйесі анық байқалады. Қазақ әдебиет зерттеушілері Мағжан шығармашылығы мысалында орыс және Еуропа поэзиясы арқылы кіріп келген символдық образдардан басқа рәміздік белгілер жөнінде бірқатар жұмыстарды жүзеге асырған. Біздің бақылауларымызға қарағанда, Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын тек қазақ әдебиеті шеңберінде ғана емес, Орта Азия поэзиясы контексінде зерттеп-үйрену қажет сияқты. Бұны оның шығармашылығындағы тақырыптар мен идеялар, образдар жүйесінің өзбек поэзиясымен үндестігі де дәлелдеп тұр. Осы орайда Мағжанның орыс әдебиетін ұтымды пайдаланғанын «Заманымыз ақыны» өлеңінен аңғаруға болады:
Терезеге қараймын,
Қарындашты жалаймын.
Келтірем деп өлшеуге,
Сөздерді іштен санаймын.
Басқаға мойын бұрмаймын,
Бітірмей жазып, тұрмаймын.
He керек, жұрт сезбейді,-
Ақырын Феттен ұрлаймын...
Мағжан бұл өлеңінде орыс ақыны Афанасий Афанасьевич Феттің (1820-1892) шығармашылығындағы сол кезеңнің жаңа философиялық ағымы – прагматизмнен шабыт алғанын нұсқап отыр. А.Феттің жеке басы мен шығармашылығын бар болмысымен білдіріп тұратын психологиясы, соның ішінде ой-сезімдері, мақсаттары Мағжанға қалай әсер еткенін, жалпы Феттің өмірден тура жолды табу үшін өлеңдерінде ишара жасаған прагматизмі, яғни іс-әрекеттері Мағжан үшін де жолбасшы болғанын білу қиын емес.
Мағжан – түрколог ғалым. Оның Ташкентте өткізген екі жылы түркология саласында көптеген мақалалар жазумен қатар, көне Түркістанды және түркі елін бүкіл болмысымен көрсеткен өлеңдер жазумен де өтті. Оның «Түркістан», «Алыстағы бауырыма», «Сайыпқыранның сөзі», «Орал тауы», «Тез жетем» секілді өлеңдерінен, мақалалар тобынан құралған шығармашылығына куә бола отырып, Орта Азияда түркологияның іргетасын қалағандардың бірі – Мағжан Жұмабаев еді деуге толық құқылымыз. Фузулидің: «Өлең ғылымның негізіне құрылады», – деген айшықты сөзін Мағжанның жоғарыда тілге алынған өлеңдері мысалынан айқын көруге болады. Тек бастан кешкендерді жалаң баяндау ақынға үлкен ақындар қатарынан көрінуге мүмкіндік бермейді. Мағжан ежелгі түркілер мемлекетінің тарихын, бұл халықтардың басынан өткен талай тауқыметтер мен бұралаң жолдарды жақсы біледі. Ол тек қаламы қарымды, тынысы кең ақын ғана емес, сонымен қатар терең білімді тарихшы ғалым екендігін өз өлеңдері арқылы көрсете алған. Ақын шығармашылығындағы қайталанбас образдар, Отанның жарқын бейнесі, кезеңнің анық та айқын келбеті және басқа бірқатар өзіндік ерекшеліктер тек қазақ әдебиетінде ғана емес, жалпы түркі халықтарының әдебиетінде Мағжан Жұмабаевтың салмақты орны бар екенін айқындап берді. Мағжанның әрбір өлеңі сөзсіз бірер детальға, тарихи оқиғаға, тарихи тұлғаға сүйенеді. Оның өлеңдерінен көрініп тұрғанындай, ол түркілер тағдырынан, езілген, қаналған елдің аянышты трагедиясынан азап шегеді. Ақынның үндеуге толы өлең жолдарынан екі полюстің – Күншығыс пен Күнбатыстың бейнесі түркі тайпалары мен түркі елдерінің өткені мен келешегінің рәмізі болып жарқылдайды. Сан ғасырлар бойы әр түрлі басқын мен шапқыншылық Күншығысқа ауыр зардабын қалдырғаны Мағжанның іші-бауырын өртейді. Қысық көзді Күншығыс бейнесінде бүкіл түркі халықтарының аянышты да қайғылы кейпін суреттейді. Ақын бұндай ішкі қынжылыс пен өкініштерді жамылып, қаға берісте қалып кетуді өзіне еп көрмейді! Зар мен мұң – адамды табандылықтан тайдыратынын Мағжан жақсы біледі. Сондықтан да ол Күншығысты Күнбатыстың тарих бетіне жазылып қалған зұлымдығына қарсы тұрып, кек алуға емес, керісінше Күнбатысқа ағартушылық пен ізгілік нұрын апарып себуге шақырады. Күншығыс елдерінің Күнбатыстың сан қилы азап-қиындықтарынан қаншалықты зардап шексе де, Күнбатысқа жорық жасап, олардың қала-қыстақтарын күлге емес – гүлге, ал перзенттерін құлға емес – ұлға айналдыруға, түркілік бауырмалдыққа үндейді. Бұл – Мағжанның сонау қиырдағыны көздеген басты мақсаты, жүзеге асыруға берік бел буған ұраны болатын. Бүгінгі таңда жүріп жатқан Еуропамен жақындасу үдерісін, Шығыстың руханиятымен және бауырмалдығымен Еуропаны таныстыруды Мағжан ақын бұдан бір ғасыр бұрын-ақ біліп, сезінген еді.
Ежелгі Тұран тарихы көптеген шығармагерлердің көңілдерін елден ерек алаңдатып, қайран қалдырып келген. Осы тұрғыдан алғанда, Мағжанның шығармашылығында «Түркістан» өлеңінің айрықша маңызы бар. Өз басым бұл өлеңді түркі халықтарының абырой-даңқын мәңгілік етуге қызмет ететін туынды деп бағалаймын. Өлеңді оқығанымызда, өзбектің ұлы ақыны, Өзбекстан Қаһарманы Эркин Вохидовтың «Өзбегім» атты өлеңі еске түседі. Екі халықтың біртуар қос ақынының мақсаттары бір, дүниетанымдары ұқсас, туған елдің тарихына, ұлтына деген сүйіспеншіліктері шексіз. Мағжанның бұл өлеңі 1922 жылы Ташкентте жазылған. Ақын Тұранның басып өткен тарихи жолы, ежелгі түркі билеушісі Афрасиябтан бастап, Алаштың арыстаны Абылай ханға дейінгі барлық көсемдердің мемлекетті басқару ісіндегі тарихи рөлін біріндеп атап көрсетеді. Мағжан Түркістан тарихын және оның тарих сахнасындағы орнын жай ғана мадақтаумен шектелмей, әрбір билеушінің Тұран тарихында қалдырған ізін шабыттана жырлайды. Жырдың кіріспесіндегі:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан –ер түріктің бесігі ғой, –
деген жолдар эпиграфты еске салады. Түркістан қос әлемді – Шығыс пен Батысты тұтастырып тұрған қасиетті өлке. Шекарасының шегі жоқ, желпіп өткен керімсалдай тарихы бар көне Түркістан жаны жомарт, жауынгер түркілерімен аты шығып, тарих сахнасынан лайықты орын алды. Мағжан түркі халықтары тарихының әрбір парағын шұқшия зерттеген ғалым секілді ден қойып оқығаны аталмыш өлеңнің әрбір жолынан-ақ көрініп тұрады. Ол тарихты жыр жолдарына жай ғана көшіріп қоя салмайды, керісінше қасида жанрының барлық талаптарын сақтай отырып, Түркістан образының көркем көрінісін оқырманның көз алдына әп-әдемі етіп сызып береді.
Мағжанның “Түркістан” өлеңі біздің алдымызда шешуін таппай, кесе-көлденең тұрған талай мәселелерге айқындық енгізеді. Ежелгі түркі халықтарының мифологиясы да – әлі біз үйренуіміз шарт болып табылатын сондай салалардың бірі. Міне, көрдіңіз бе, Мағжан ақын осыдан шамамен жүз жылдай бұрын-ақ түркологиядағы бүгінгі көкейтесті проблемалардан жақсы хабардар болған, сондай-ақ бұл салада талай тер төгіп, ізденген де екен. Ертедегі түркілердің тотемдік рәміздерін бастап берген Көк бөрі, Хантәңірі, Тарбағатай рәуішті мифологиялық образдардан Мағжан түркілер тарихының мәңгі өлмес көркем беттерін жазды, мифологиялық образдарды түркілердің әлеуметтік және этникалық тарихына негіз етіп, оқырманды ойлауға, жан-жақты пікір түюге үндеді. Қысқасы, Мағжан осындай қызметтерімен бүгінгі таңдағы өзбек және қазақ тарихшы ғалымдары үшін терең зерттелуге тиісті Тұран тарихын жасауға өзінің сүбелі үлесін қосты. Иә, Мағжан Жұмабаев дүниетанымы кең, білімі терең, тұла бойында бұла қайраты тасқындаған ірі ғалым да болған екен. Оның “Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!” деген өлең жолдарында Мағжанның өз бейнесі де суреттелген деп батыл айта аламыз. Мағжан өзінің замандастарынан жоғарыда айтылғанындай өткір ақылы, жалынды қайраты, жүйрік қиялымен әжептәуір озып кеткен болатын.
Өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап таяу уақытқа – осыдан он-он бес жылдай бұрынға дейін “түрік”, “Тұран” тақылеттес сөздерді қолдануға шығармагерлердің батылы бара бермейтін. Өйткені әрқашан “сақ тұратын” саясаткерлердің санасында “бұл сөздер қолданыла берсе, барлығы түркіленіп, Түркияға табынатын болып қалады” дейтін батыстық көзқарас басым болды. Түптеп келгенде, 20-ғасырдың басына дейін “түркі” сөзі “өзбек” сөзінің орнында қолданылғанын олар білмейтін еді. Мағжанның ерлігі сол, ол “Түркістан” өлеңінде Тұран рәмізін түркі халықтарын бірлестіруге үндейтін жігерлендіруші күш ретінде пайдаланды.
Шер батса кім іздемес туған елін,
Тұлпар да көксемей ме туған жерін?
Арқанын ардагері – қалың алаш,
Тұран да, біле білсең, сенің жерің!
Өздігін ұмытуға шақ қалған түркі елдеріне бұндай ұран тастау өте-мөте қажет еді. Десек те барлық халықтардан “біртұтас совет халқын” жасау саясаты талай жылдардан бері үстемдік еткендіктен, Мағжанның бұл өлеңінде көтерілген идея да лажсыздан тыныштық сақтауға мәжбүр болды. Иә, идея тыныштық сақтады. Өткен ғасырдың соңына қарай – Кеңес мемлекеті ыдырап, түркі тілді мемлекеттер өздігін аңдай бастаған кезеңде ғана Мағжанның бұл өлеңінде болашақтың дұрыс болжалданғаны айқындалады.
Мағжан – жалындап тұрған ақын. Оның кейіпкері махаббаттан, жарынан айырылудан азап шеккенде тек күйіп-пісумен, тағдырға налумен ғана шектелмейді. Жары сүйгенінің үздігуіне жайбарақат қарайды, көбінесе өзін алшақтау ұстайды. Ақыр соңында ғашық жан сүйіктісін тастап кетуге бел буады. Поэзияда сүйікті қосағынан бас тартып, басқа адаммен көңіл қосу опасыздық ретінде қараланады. Нақ солайша Мағжанның кейіпкері де ғашығының назы мен еркеліктеріне төзе алмай, одан бас тартып, басқа біреумен көңіл қосады. Өлеңсүйер қауым енді ғашық жанды жеңілтектікте, сүйіспеншілікті ардақтамауда айыптай бастайды.
Сен сүймесең, мен де таптым басқа жар,
Керегің жоқ, мейірімсіз, жолыңа бар! –
деген ол сүйгеніне қайырылып та қарамай, жолға түседі. Міне, қызық! Енді ғашық жан жаңадан тапқан жарына оп-оңай ғана қол жеткізсе, махаббаттың қадірі де қалмағаны ғой! Ғашықтың алғашқы сүйгенінен бас тартып, жаңадан көңіл қосқан жары туралы былай дейді:
Қош, сәулем, бермен қара, сорлыңды көр,
Амандас, мен кетейін, қолыңды бер.
Алдымда құшақ жайып қарсы алатын
Сүйген жарым – мейірімді ол қара жер!
Жардың осынау жаңаша бейнесін тек Мағжан ғана ойлап тапты, ғашықтықтың мына жалынды қатарларын тек Мағжан ғана жаза білді. Біз оның “Сүйгеніме” атты өлеңін талдау арқылы осындай ойларымызды ортаға салып отырмыз. Ол бұл өлеңінде нағыз ғашықтың образын сомдай білді. Мағжанның “Cүй,жан сәулем!”, “Сен сұлу”, “Жас сұлуға” сынды бірқатар өлеңдерінде махаббаттың боямасыз, біз үшін күтілмеген қырлары жан-жақты көрсетілді.
Мағжанның жаратылысынан ұлтжанды ақын екенін оның ең алғашқы шығармаларынан-ақ байқауға болады. Оның 1911 жылы жазған “Осы күнгі күй” атты өлеңі бар. Өлеңді оқып шыққанымызда, бүкіл Орта Азия халықтары қатарында қазақ халқының да қараңғылық батпағына батып қалу себептерін көргендей боламыз. Надандық пен білімсіздік – қазақ халқының басына төнген қауіп екенін Мағжан ақын күйіне жырлайды. “Барасың қара түнде шырақ-шамсыз, Жеңді ме білімсіздік, ит надандық?” – деп, халқына кінә арта, ашынып жазады ол. Мағжан осы өлеңінен бір жыл өткен соң жазған “Сорлы қазақ” атты өлеңінде ақартушылыққа қол жеткізу – ұлтты тұйықтан алып шығатын бірден-бір жол екенін тағы да баса айтады. Ұлтын оятуға бел байлаған ақын өз халқын өзге де алдыңғы қатарлы халықтар қатарынан көруді аңсайды, ұлттың бұған тек білім шоқыларын иелеу арқылы ғана қол жеткізе алатынын нұсқап көрсетеді. Қазақ халқының ағарту жолында басқа да халықтармен бірге алға қарай қадам басуын армандаған ақынның өлеңдері бұл жолда бағдаршам ретінде қызмет еткені ақиқат. Өзбек халқының сол жылдардағы тағдыры да нақ осындай болатын. Расында да ағартушылардың тағдырлары бір, ал мақсаттары ортақ...
Мағжан – үздіксіз ізденген ақын. Ол қай тақырыпқа қалам тартса да, өз алдына жалғыз мақсатты – ұлтын оятуды басты міндет етіп қояды. Бұл – Мағжанның өзіндік манифесі болатын. Тіпті абақтыда, өз тағдыры қыл үстінде тұрған кезде жазған өлеңдерінде де осы манифеске сәжде қояды. Шынтуайтында да оның бір топ өлеңдері абақты қабырғасында жазылған. Ол қамау мен түрме азаптары жөнінде жазғанда да, абақты – қазақ халқының зұлмат пен езгіде өмір сүрген кезеңінің рәмізі екенін өлең жолдарына дарытады. Мағжан кез келген образ, яки деталь жөнінде сөз қозғалса да, міндетті түрде оларға рәміздік мағына енгізеді. Ақын осынау аянышты тағдырды «Абақтыдағы түс» деген өлеңінде былайша суреттейді:
Жарық сәуле, айды, күнді көрмеймін,
Жарты өлік, толық өмір сүрмеймін.
Қуанышты, азат жүрген халықтың
He істегенін, не дегенін білмеймін.
Қор болды ғой қалың қайрат, есіл күш,
Абақтыда қолдан келер қандай іс?
Ұйқы тілеп, көзді зорға жұмамын,
Амал қанша, жұбанышым жалғыз түс.
Ақын өзінің жеке өмірін – абақтыда өткізген жылдарын халықтың «шала өліміне» ұқсату арқылы ұлт дертін жарыққа шығарады. Өлеңнің әлеуметтік мазмұны мен мәні де, түптеп келгенде, осыған саяды. Жеке тұлғаның бастан кешкендері – ұлттың бастан кешкендеріне айналған.
Ақынның философиялық көзқарастарына түрткі болған Ай және Күн рәміздері бұл топтағы өлеңдерде ерекше мән мен сипатқа ие. Бұндай рәміздер образдылықты туындатумен қатар, үлкен әлеуметтік мағынаны да аңғартады. Осы тұрғыдан алғанда, Ай мен Күн образдары ежелгі түркілерде зұлматқа қарсы тұратын күштердің рәмізі ретінде пайда болған. Мағжанның «Сарғайдым», «Ел», «Сағындым» секілді өлеңдерінде бұл рәміздердің атқаратын міндеті бұрынғыдан да айқынырақ көрінеді.
Мағжан қай тақырыпқа қалам тартса да, оның пікірлеу, ой өрбіту салты түркілік екені байқалып тұрады. Ол қай тақырыпты көтерсе де, соңында халық шығармашылығы әуенімен суарылған өлеңдер қалдырды.
Туысқан қазақ тілінен өзбек тіліне аударма жасау бір қарағанда оп-оңай сияқты болып көрінеді. Дегенмен кез келген тілден аударма жасаудың өзіне тән нәзік те күрделі жақтары бар, әрине. Түптеп келгенде, өзбек және қазақ тілдерінің негізі бір – көне түркі тілі. Солай болуына қарамастан, ғасырлар барысында түркі тілдері жүйесінде түп негізі бір өзбек және қазақ халықтарының дербес тілдері қалыптасты. Мұзаффар Ахмад та Мағжан ақынның өлеңдерін аудару үдерісінде өзіне тән жолды таңдады. Ол Мағжан өлеңдерінің мәндік, мағыналық сипатын сақтау үшін қазақ тіліндегі түркі сөздеріне жаңаша міндет жүктеп, кейбір сөздерді өз қалпында қалдырды. Біріншіден, сөздер мен грамматикалық тіркестерді аударуда түпнұсқа тілінен алыстап кетпеу керек. Олай болмаса, түпнұсқа тіліне нұқсан келіп, өлеңнің мазмұны мен автордың ойы оқырманға толық жетпей қалуы мүмкін. Екіншіден, лексикалық қабатта да тепе-теңдікті сақтаған жөн. Мұзаффар Ахмад кей сөздерді қазақшадан өзбекшеге аударғанда түпнұсқа тілдегі сөздердің қалпын бұзбады. Мәселен, «Сайыпқыран сөзі» өлеңінде аудармашы «күңірену, билемек» сөздерінің қалпын бұзбай, сол күйінде қалдыруы өте орынды болғанын ерекше атап өту керек. Себебі күңірену – көне түркі сөзі, ол «сөйлемек, күңіренбек» мағыналарын білдіреді де, азырақ кері мағынада қолданылады. Бұл жерде ол «сөйлемек» мағынасында қолданылып тұр; ал билемек сөзінде «билік жүргізу» мағынасынан тыс, «бетпе-бет келу, жанына жақындау» мағыналары да бар.
Жалпы алғанда, аталмыш аударма өзбек әдебиетінде ерекше құбылыс ретінде қабылданып, зерттеледі. Мінеки, сонда Мұзаффар Ахмадтың тәржімешілік шеберлігі бар қырынан танылады деп үміттенеміз.
Мағжан Жұмабаев «Мен кіммін?» атты өлеңінде өзінің суретін де, келбетін де көрсете білген. Ол жер бетінде – Арыстан мен Жолбарыс, сонымен қатар Еркетай; көкте – баршаны нұрына бөлейтін Күн, ожарлығы ұстаса – телегей Теңіз, жүрген жерін күлге айналдыратын От, өзгелерді шаң қаптырып кететін Тұлпар... Мағжан бұл өлеңінде: «Мен өлмеймін, менің жаным өлмейді... Сөзім құтты, табынамын сөзіме», – деп қатаң ұйғарым жасайды. Иә, расында да Мағжан Жұмабаев өлмеген! Оның құтты сөздері қазақ пен өзбек, бүкіл түркі халықтары арасында мәңгі жасай бермек!
Нәсімхан РАХМАНОВ,
Әлішер Науаи атындағы
Ташкент мемлекеттік өзбек тілі
мен әдебиеті университеті профессоры,
филология ғылымдарының докторы